Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 18870 0 пікір 15 Қыркүйек, 2018 сағат 11:44

"Нұр Отан" партиясының жеткен жетістіктері һәм алға қойған мақсаты

«Нұр Отан» партиясы 1999 жылғы партияның І съезінде қабылданған Бағдарламасында тұжырымдалған міндеттерді ойдағыдай іске асырып келеді. Партияның бағдарламалық ұстанымының дұрыстығын уақыт көрсетіп берді және ол нақты істермен дәлелденді. «Нұр Отан» партиясы барлық сынақтарға дер кезінде назар аударып, өз Бағдарламасын жетілдіріп отырды. Біз бірігіп өзімізді де, елімізді де өзгерте алдық. Бірақ қол жеткенге тоқмейілсіп, тоқтап қалуға болмайды.

«Нұр Отан» өз ұстанымы мен саясатын қалыптастырған кезде центристік көзқарасты ұстанады, оған Президент Нұрсұлтан Назарбаев кең ауқымды әлеуметтік базаға негізделген байыпты және ымырашыл саяси бағыт ретінде негіздеме берді.

Дәл осы центризм саясаты біз дәйектілікпен жақтап, жүзеге асырып отырған мынадай идеологиялық құндылықтарды білдіреді:

– «Нұр Отан» азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын іске асыруды бірінші орынға қоятын, саяси, экономикалық және әлеуметтік тұрақтылықтың кепілі ретіндегі күшті, тиімді мемлекетті қолдайды!

– «Нұр Отан» жеке меншікке қол сұғылмауын, орташа тапты күшейтуді, орынды мемлекеттік реттеу жағдайында нарықтық қатынастардың еркін дамуын қолдайды!

– «Нұр Отан» көппартиялықты, саяси плюрализм мен сөз бостандығын қамтитын саяси жүйенің демократиялық дамуын қолдайды!

– «Нұр Отан» әрбір қазақстандық өзі және айналасындағылар үшін жауапкершілікті сезіне отырып, өзінің жеке қабілеті мен мүмкіндіктерін іске асыра алатындай азаматтардың өзін-өзі көрсетуі үшін одан әрі жағдай жасауды қолдайды!

– «Нұр Отан» Қазақстанның әрбір өкілі жеке тұлға және толық құқылы азамат ретінде бірдей бағаланатын Қазақстан халқының мызғымайтын бірлігін қолдайды!

– «Нұр Отан» мемлекеттік тіл мен басқа тілдердің дамуын, мәдени әралуандық пен рухани құндылықтарды қолдауды, халықтың дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын сақтауды қолдайды!

Сонымен қатар, біз еліміздің тиімді дамуына кедергі келтіретін жағымсыз құбылыстарға қатысты өз ұстанымымызды ашық білдіреміз:

– «Нұр Отан» популизмге, жалған саясатшылдыққа және туындаған түйткілдерді пайдакүнемдік саяси мақсаттар жолында пайдалануға қарсы!

– «Нұр Отан» радикализмге, экстремизмге және елдің тұрақтылығы мен қоғамдық келісімге қауіп төндіретін басқа да құбылыстарға қарсы!

– «Нұр Отан» кәсіпкерлік бастамаға кедергі келтіретін әкімшілік тосқауылдарға қарсы!

– «Нұр Отан» сыбайлас жемқорлыққа қарсы, ол әлеуметтік кесел ғана емес, сонымен бірге елдің дамуына да тежеу болады!

– «Нұр Отан» масылдық пиғылға қарсы, мемлекет көмек пен қолдауға мұқтаж азаматтарға ғана көмектесуге тиіс!

– «Нұр Отан» ұлттық мүдделердің маңызын, рухани құндылықтар мен имандылықты жете бағаламауға, тарихымыз бен мәдениетімізді менсінбеушілікке қарсы!

Мемлекет дамуының биік мақсаттары адамға деген күнделікті қамқорлықпен ұштасқанда ғана алға қойған міндеттерге тиімді қол жеткізуді қамтамасыз етуге болады!

Біз бірігіп Қазақстанды табыстан табысқа жеткіздік, енді оны бірігіп гүлдендіреміз!

Партияның негізін салушы және оның көшбасшысы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Оның асқан беделінің, көрегендігінің және саяси ерік-жігерінің арқасында «Нұр Отан» жалпыұлттық күшті парламенттік типтегі партияға айналды, ол қазақстандықтардың кең әрі тұрақты қолдауына ие.

Бізде атқарылған игі істер мол. Бұл – еліміздің әр азаматының сіңірген еңбегінің нәтижесі.

Қоғам мен мемлекет өмірінің барлық саласында қарқынды және тиімді даму қамтамасыз етілді. Бұған мыналар дәлел болады:

– жалпы ішкі өнім көлемінің екі есе артуы, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы өндірісінің, сондай-ақ экономиканың басқа секторларының өсуі, энергетика және көлік инфрақұрылымының дамуы, инвестиция көлемінің ұлғаюы, даму институттарының құрылуы, Ұлттық қордың қалыптасуы, қажетті резервтердің жинақталуы;

– кәсіпкерліктің дамуы, шағын және орта бизнес субъектілері санының өсуі, салық заңнамасының жетілуі;

– еліміздің бас қаласы – Астананың қарыштап дамуы, оның халқы 10 жыл ішінде 1,8 еседен астам өсті, елдің басқа да өңірлерінің дамуы;

– денсаулық сақтау және білім беру салаларын қаржыландыру көлемінің ұлғаюы, әлеуметтік маңызы бар жаңа объектілер құрылысы: он жыл ішінде 652 мектеп, 463 денсаулық сақтау объектісі пайдалануға берілді;

– ауылда өмір сүрудің тұрақты түрде жақсаруы: «Ауыз су» бағдарламасын іске асыру аясында 13 мың километр су құбыры желісі салынды, бұл 3,4 мыңнан астам ауылдық елді мекенді сумен жабдықтауды жақсартуға мүмкіндік берді; ауыл халқын байланыспен қамтамасыз ету 3 есе артты;

– халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз жіктерін қолдау саясатын дәйектілікпен іске асыру: тағайындалған зейнетақы мен мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының орташа айлық мөлшері 3 есе ұлғайды;

– халықтың, оның ішінде бюджет саласы: білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер табысының тұрақты өсуі, олардың орташа айлық жалақысы 5 есе өсті;

– күтілетін өмір сүру ұзақтығының кемінде 3 есе артуы, демографиялық дамудың оң өсу қарқынына қол жеткізу;

– көлік инфрақұрылымының дамуы: 2001 – 2010 жылдар кезеңінде республикалық автомобиль жолдар желісінің 70 %-ы және жергілікті жолдар желісінің 55%-ы жақсартылды;

– тұрғын үй құрылысы: 10 жыл ішінде көлемі 40 млн. шаршы метрден астам тұрғын үй салынды;

– мемлекеттік басқару жүйесі тиімділігінің артуы, жеке секторға әкімшілік қысым көрсетудің кемуі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, жергілікті өзін-өзі басқару органдары рөлінің күшеюі, мемлекеттік қызмет көрсету сапасының жақсаруы және оның тізбесінің кеңеюі;

– азаматтық қоғам институттары ықпалының өсуі, бұқаралық ақпарат құралдарының, үкіметтік емес ұйымдардың дамуы, партияаралық диалогтың дамуы, этносаралық келісім жүйесінің одан әрі жетілуі, Қазақстан халқы ассамблеясы мен этномәдени бірлестіктер рөлінің күшеюі, мемлекеттік тілдің дамуы, «Үштұғырлы тіл» бағдарламасының іске асырылуы;

– этникалық қазақтардың отанына оралуы жөніндегі көші-қон саясатының табысты іске асырылуы: тәуелсіздік жылдарында 806 мыңнан астам адам тарихи отанына оралды;

– отандық мәдениеттің дамуы, «Мәдени мұра» бағдарламасының іске асырылуы: өткен 10 жыл ішінде жүзге жуық жаңа мәдениет объектісі ашылды, 50-ден астам тарихи және мәдени объект қалпына келтірілді, ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік Мәдени және Табиғи мұра тізіміне екі теңдесі жоқ қолөнер ескерткіші – Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, Тамғалы археологиялық ландшафтының Петроглифтері, сондай-ақ «Сарыарқа – Солтүстік Қазақстанның даласы мен көлдері» табиғат объектісі енгізілді.

– ақпараттық кеңістіктің кеңеюі: Интернет желісіне кіре алатын мектептер саны 2000 жылы жалпы санның бестен бір бөлігі ғана болса, ал 2009 жылы барлық мектептердің 98 %-дан астамы Интернет желісіне қосылды;

– спортты жан-жақты қолдау: 2000 – 2010 жылдар арасындағы кезеңде 125-тен астам спорт кешені пайдалануға берілді;

– мемлекеттік жастар саясатын тиімді іске асыру, жас отбасыларын, жас мамандарды қолдау, жаңа кадрлар даярлау, «Болашақ» бағдарламасын дамыту;

– көпвекторлы сыртқы саясатты іске асыру, халықаралық ынтымақтастықты дамыту, өңірлік қауіпсіздік жүйесін жетілдіру, халықаралық беделдің өсуі, мәдениетаралық және конфессияаралық диалог бастамаларын жүзеге асыру; Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі ұйымға және Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық ету, Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі ұйымның және Азиядағы өзара ықпалдастық және ынтымақ шаралары жөніндегі кеңес саммиттерін, әлемдік және дәстүрлі діндер съездерін өткізу.

Өткен онжылдықта қол жеткен табыстардың арқасында Қазақстанның 2020 жылға дейінгі еліміздің стратегиялық даму жоспарын тиімді іске асыру үшін қажетті барлық ресурстары мен жағдайлары бар.

Қазақстан даму әлеуетін сақтап қана қоймай, жаңғыртудың сапалық жаңа деңгейіне көтерілуге алғышарттар қалыптастыра отырып, әлемдік қаржы және экономикалық дағдарысқа байланысты сынақтан сүрінбей өтті. Сонымен қатар біз шешуін күтіп тұрған проблемалар мен қиындықтарды объективті түрде бағалауға тиіспіз.

Оларға мыналар жатады:

– адами әлеуеттің даму дәрежесінің, білім беру мен денсаулық сақтау сапасының жеткіліксіздігі;

– еліміздің демографиялық көрсеткіштерінің жеткіліксіз өсуі, атап айтқанда, туудың төмендігі, өлім деңгейінің жоғары болуы және өмір сүру ұзақтығының жеткіліксіздігі;

– еліміздің бірқатар өңірлерінде халықтың денсаулығына қауіп төндіретін экологиялық қолайсыз жағдай;

– Қазақстан экономикасының шикізатқа бағдарлануы, сондай-ақ оның бәсекеге қабілеттілік және әртараптандырылу деңгейінің жеткіліксіздігі;

– білім мен экономика арасындағы байланыстың жеткіліксіздігі;

– индустриялық саланың технологиялық жарақтану деңгейінің төмендігі;

– өнеркәсіпте және ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігі деңгейінің төмендігі;

– әкімшілік жүйені реформалау, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын және оларға әкімшілік жасаудың тиімділігін арттыру процесінің аяқталмауы;

– ауылдық аумақтарды дамыту қарқынының кейін қалуы және ауылдар мен селолардағы өмір сүру деңгейінің төмендігі;

– халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз етудің жеткіліксіздігі;

– қоғамдағы құндылықтар жүйесін қалыптастыруға мәдениеттің ықпал ету деңгейінің жеткіліксіздігі;

– қоғамның бір бөлігінің сыбайлас жемқорлыққа және сыбайлас жемқорлық көріністеріне немқұрайды қарауы.

Бұл проблемалар мен қиындықтарды еңсеруге болады және біз оларды шешу жолдарын білеміз. Осы проблемаларды шешу елімізді дамытудың алдағы онжылдықтарға арналған жаңғырту жобаларының негізіне алынған. Сондықтан да «Нұр Отан» партиясы оны жүзеге асырудағы шешуші саяси институттардың бірі болуға бел байлады.

Еліміздің алдында тұрған ғаламдық міндеттерді шешудегі негізгі шарт адами әлеуеттің сапасын жүйелі түрде жақсарту болып табылады. Бұл мақсат біздің экономикалық саясаттағы басымдығымызды айқындап қана қоймайды, алдағы онжылдықтағы бүкіл іс-қимыл стратегиясының негізі болмақ. Адам ресурстарының дамуы еліміздің 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарында жоғарғы басымдық ретінде айқындалады.

Адами әлеуетті дамыту жай ғана экономикалық өсу факторы емес, экономиканы жаңарту жоспарының мақсаты деген түсінікті қалыптастыру қажет.

Негізгі күш-жігерді мына бағыттарға жұмылдыру керек:

– бүкіл білім беру жүйесін жаңғырту: жаңа нысандар жасау және балаларды мектепке дейінгі тәрбие және оқытумен толық қамту, материалдық-техникалық базаны жақсарту, оқытудың жаңа стандарттарын, әдістері мен технологияларын әзірлеу мен енгізу арқылы барлық деңгейде білім беру сапасын арттыру, педагог қызметкерлердің кәсіби даярлығының жоғары сапасын қамтамасыз ету, олардың әлеуметтік мәртебесі мен еңбек ақысын көтеру;

– білім беру жүйесінің ұсынысы мен жұмыс берушілердің колледждер мен жоғары оқу орындарының жоғары білікті бітірушілеріне сұранысы арасындағы теңгерімге қол жеткізу;

– институционалдық реформаларды жүзеге асыру арқылы білім мен бизнестің өзара тиімді ықпалдастығын қамтамасыз ету;

– білім беру жүйесін жаңғырту жоспарының елдің индустриялық-инновациялық даму міндеттерімен байланысын қамтамасыз ету, кадрларды кәсіби даярлаудың сапасын еңбек нарығының қажеттіліктеріне сәйкес арттыру;

– денсаулық сақтау саласын түбегейлі жаңғырту: көрсетілетін медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру және сапасын жақсарту, саланы жоғары білікті мамандармен қамтамасыз ету, медицина қызметкерлерінің мәртебесі мен еңбекақысын көтеру, олардың әлеуметтік құқықтарын қорғау, салауатты өмір салтын белсенді насихаттау, әрбір қазақстандықтың денсаулығы үшін жеке және ортақ жауапкершілік қағидатын енгізу;

– экологиялық саясатты іске асыру: кешенді экологиялық бағдарламаны әзірлеу және жүзеге асыру, экологиялық жағдайды жақсарту, ресурс үнемдейтін технологияларды, қалдықсыз экологиялық таза өндірісті, жаңартылатын энергия көздерін енгізу, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және насихаттау;

– өмір сапасын арттыру жөніндегі шаралар кешенін жүзеге асыру: жеке және қоғамдық қауіпсіздікті сақтау, жұғымды тағаммен және сапалы қызметпен қамтамасыз ету, халықтың тұрғын үй жағдайын жақсарту және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын жаңғырту, қолжетімді тұрғын үй алу тетіктерін одан әрі жетілдіру, сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі жаңа бағдарламаны іске асыру;

– арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін реформалау: әлеуметтік қызмет көрсету саласы әлеуметтік қызметкерлерінің мәртебесін және еңбекақысын көтеру;

– ауылдық жердегі өмір деңгейін арттыру, ауылға жас мамандардың келуін қамтамасыз ету, ауылдағы денсаулық сақтау, білім беру және мәдениет мекемелерінің материалдық-техникалық базасын дамыту және нығайту;

– кешенді демографиялық саясатты жүзеге асыру: халықтың денсаулығын жақсартуға және 2020 жылға қарай күтілетін өмір сүру ұзақтығын 72 жасқа дейін ұзартуға бағытталған бағдарламаларды әзірлеу және жүзеге асыру, ана мен баланы қорғау, ардагерлерге қамқорлық көрсету, қарттар мен мүмкіндіктері шектеулі адамдарды әлеуметтік қорғауды жетілдіру, оралмандардың проблемаларын шешуге жәрдемдесу, 2020 жылға қарай халықтың жалпы өлім-жітімін 30%-ға азайту, бала тууды ынталандыру және отбасы институтын нығайту, атап айтқанда, мұны Ұрпақ қоры сақтандыру депозиттерін құру арқылы жүзеге асыру;

– қоғамның құқықтық мәдениеті мен құқықтық сана-сезімін тәрбиелеу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасты қалыптастыру.

Жаңару стратегиясын іске асырудың түпкі нәтижесі адами әлеуетті сапалы дамыту болмақ, білімді, дені сау, бастамашыл, жауапкершілігі бар, кәсіби біліктілігі мен мәдениеті жоғарғы деңгейдегі адам оның негізі болды және болып қала бермек.

Негізгі әлеуметтік мәселелерді жоспарлы түрде шешуге баса назар аудару қажет, оның қатарына мыналар кіреді: сапалы білімнің қолжетімді болуы, еңбекпен қамту мәселесі және халықты материалдық қамтамасыз ету деңгейін көтеру, ұлт денсаулығының жай-күйі, тұрғын үй мәселесі және әлеуметтік инфрақұрылым жағдайы.

Әлеуметтік саясаттың осы міндеттерін шешу үшін мыналарды жүзеге асыру керек деп ойлаймыз:

–    әлеуметтік қамтамасыз етудің көпдеңгейлі жүйесін жетілдіру: базалық әлеуметтік төлемдерді арттыру, халықты, соның ішінде өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз ететін халықты әлеуметтік қамсыздандырумен қамту ауқымын кеңейту, жинақтаушы зейнетақы жүйесін дамыту, базалық зейнетақы төлемін ұлғайту;

–    өндіргіш жұмыспен қамтушылықты ынталандыруға бағытталған шаралар кешенін іске асыру: еңбекке қабілетті халықты, соның ішінде мүгедектер мен қарт адамдарды жұмыспен қамтудың жалпы деңгейін арттыру, еңбек ресурстарын кәсіптік даярлаудың көпдеңгейлі жүйесін енгізу, жоғары білікті жұмыс күшінің үлес салмағын арттыру, жұмыссыздықты азайту;

–    әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жетілдіру: әлеуметтік сала мекемелері желісін дамыту, олардың материалдық-техникалық базасын нығайту және жаңғырту; арнайы әлеуметтік қызмет көрсетудің стандарттарын енгізу және оның сапасын арттыру; бәсекелес ортаны дамыту;

– ана мен баланы қолдау: болашақ ана үшін, жұмыс істеп жүрген ана үшін, көп балалы ана үшін қолайлы жағдайлар жасау; толық емес және тұрмысы төмен отбасы балаларын, мүгедек балаларды, балалар үйлерінің тәрбиеленушілерін қолдаудың тетіктерін жетілдіру;

–    халықтың әлеуметтік әлсіз жіктеріне әлеуметтік көмек көрсетудің өлшемдерін жетілдіру, мүмкіндіктері шектеулі адамдарды әлеуметтендірудің жаңа нысандарын әзірлеу және енгізу.

Партия Президенттің стратегиялық жоспарларында көрсетілген әлеуметтік бағдарлы мемлекеттің мұраттарын іске асыруға бұдан былай да ұмтыла бермек. Еліміздің басты капиталы – оның азаматтарын сақтау мен дамыту басты мақсат болып табылады.

Мемлекеттік органдардың әлеуметтік саладағы жұмысының сапасына мониторинг жүргізу жөніндегі жұмысты жалғастыруды, атқарушы биліктің шешімдеріне және заңнамаға, мемлекеттік және бюджеттік бағдарламалардың, өңірлерді дамыту бағдарламаларының орындалуына әлеуметтік аудитті жүзеге асыруды Партия өз міндеті деп қарайды.

Осы міндетті шешуде басты күш-жігерді мына бағыттарға жұмылдыру қажет:

–    экономиканың өнімділігін кешенді түрде арттыруға, оны әртараптандыруға және шикізаттық емес басым салаларды дамытуға бағытталған елді жедел индустрияландыру;

–    шикізат өндірісінен қосылған құны неғұрлым жоғары тауарлар өндіруге көшу;

–    ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігін кемінде 4 есе арттыру және агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспортын өсіру;

–    өңірлерді дамыту бағдарламаларының орындалу барысын бақылауды күшейту, қаржылық қамтамасыз ету және бюджеттік шығыстардың тиімділігін арттыру, өңірлерде инвестициялық саясатты іске асыруда республикалық және жергілікті бюджеттердің есебінен жобаларды бірлесіп қаржыландыру қағидаттарын жетілдіру;

–    көлік, өндіріс және энергетика инфрақұрылымын дамыту, транзиттік тасымал көлемін 2 еседен астам арттыру, ішкі өндіріс есебінен электр энергиясымен толық қамтамасыз ету, тұтынушылар топтары бойынша және тұтыну көлеміне қарай сумен жабдықтау қызметінің және тұтыну көлеміне қарай электр энергиясының сараланған тарифтерін барлық жерде қолдану;

–    экономиканың бәсекеге қабілеттігін арттыру: 2020 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінде еңбек өнімділігін кемінде 2 есе арттыру, инновацияны кең ауқымды дамыту және енгізу, инновациялық белсенді кәсіпорындардың үлес салмағын жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар санының 20%-на дейін арттыру, жалпы ішкі өнімнің энергетикалық сыйымдылығын кемінде 25%-ға дейін кеміту, қазіргі бар өндірістерді технологиялық жаңарту;

– макроэкономикалық жағдайлар жасау, қаржы жүйесінің тұрақты жұмыс істеуі мен дамуы;

–    мемлекеттік активтерді (ұлттық басқару холдингтері, ұлттық холдингтер, ұлттық серіктестіктер) басқару тиімділігін арттыру;

–    концессиялар туралы заңнаманы қолдану тиімділігі мен нәтижелілігін арттыру, оны қолдану мен пайдалану ауқымын кеңейту;

–    бизнес-ахуалды жақсарту, бизнеске мемлекеттің қысымын азайту, бизнестің операциялық шығындарын кемінде 50%-ға азайту, рұқсат беру рәсімдерінің санын 30%-ға және бұған қоса жоспарлы тексеріс санын 10%-ға қысқарту;

–    шағын және орта бизнесті дамыту, олардың жалпы ішкі өнімге үлесін ұлғайту, мемлекеттік мекемелер мен ұйымдар, ұлттық холдингтер мен жүйе құраушы компаниялардың тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуда «қазақстандық қамту» үлесін арттыру;

–    қазақстандық экспортты сыртқы нарықтарға ілгерілетуге бағытталған салиқалы сыртқы экономикалық саясатты одан әрі жүргізу, әсіресе Кедендік одақ пен Бірыңғай экономикалық кеңістік шеңберінде экономикалық ықпалдастықты тереңдету.

Осы бағыттарды іске асыру Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін арттырып, экономиканы дамытудың жаңа орнықты деңгейіне шығуына мүмкіндік береді.

Индустриялық-инновациялық даму міндеттеріне, ең алдымен, ғылым дамуының жоғары деңгейі, ғылымды қажет ететін технологиялар әзірлеу және оларды нақты экономикаға уақтылы енгізу, сондай-ақ ғылым мен өндірістің ықпалдасуы жағдайында қол жеткізуге болады.

Технологиялық ілгерілеудің және инновациялық экономиканы қалыптастырудың басты шарттары:

–    елдің ғылыми әлеуетін дамыту: ұлттық инновациялық жүйенің базалық құрамдас бөлігі ретінде іргелі ғылыми зерттеулерге мемлекеттік қолдау көрсетуді айтарлықтай арттыру; бірегей тәжірибе-эксперименттік жабдықтары бар жаңа ірі ғылыми орталықтар құру, жас әрі дарынды ғалымдарға қолдау көрсету, ғылыми қызметкерлердің әлеуметтік мәртебесін көтеру және оларды лайықты еңбекақымен қамтамасыз ету;

–    ғылым мен экономиканың өзара тиімді іс-қимыл жүйесін құру: ғылымды қажет ететін өндіріске мемлекеттік қолдау көрсету, инновациялық инфрақұрылымды дамыту; инновациялық технологиялар саласында халықаралық әріптестікті дамыту; инновацияларға жеке инвестициялар салуды ынталандыру және оны коммерциялық тұрғыда қолдану.

Қалыптасып жатқан ұлттық инновациялық жүйе елдің табысты дамуының маңызды факторына айналады. Ғылыми әлеует пен инновациялық кәсіпкерлікті дамыту экономиканы жаңғыртуға және оның одан әрі орнықты өсуіне белсенді түрде жағдай жасайтын болады.

Елді жаңғыртудың стратегиясы жастардың іскерлігі, бастамашылығы мен қуатына негізделіп іске асырылуға тиіс. Экономикалық тұрғыдан гүлденген мемлекетті дамытудың биік мақсаттарын жастардың табысты болашаққа деген ұмтылыстарымен біріктіруді Партия өз міндеті деп біледі.

Қазіргі жастар зияткерлік жұмылдыруға қабілетті, елдің стратегиялық даму басымдықтары бойынша инновациялық идеялардың, сындарлы жобалар мен ұсыныстардың қайнар көзі болуға тиіс. Әрбір жас адамның әлеуеті мен дарыны аса құнды және олар қоғам игілігіне пайдаланылуға тиіс.

Бұл үшін негізгі күш-жігерді мына бағыттарға жұмылдыру қажет:

–    жастар саясатын одан әрі жетілдіру: жас мамандар мен отбасыларына қолдау жасау, әрбір қазақстандық жас азаматтың қоғамдық және кәсіби қызметке кіруі үшін бірдей бастапқы мүмкіндіктер жасау, ауылдарға жас мамандардың көптеп келуін қамтамасыз ету, отансүйгіштікке, имандылыққа, азаматтық белсенділікке, салауатты өмір салтын ұстануға тәрбиелеу және оларды дамыту;

–    жастардың өз мүмкіндіктерін іске асыруына және инновациялық белсенділігін арттыруына жағдай жасау, жастардың инновациялық жобаларын өндіріске енгізу жүйесін қалыптастыру, жас дарындарға қолдау көрсету;

–    жастарды партияның «Жас Отан» жастар қанаты төңірегіне топтастыру: жастар ұйымдарының өзара ықпалдасу жүйесін нығайту және олардың жұмыс тиімділігін арттыру, жастардың азаматтық және саяси белсенділігін дамыту, отансүйгіштік және ұрпақтар сабақтастығы негізінде құндылықтар жүйесін қалыптастыру, елді кең ауқымды жаңғырту ісіне белсене қатысу үшін жастарды жұмылдыру.

«Нұр Отан» партиясы осы Бағдарламаның мақсаттары қазақстандықтардың жас буынының көңіл-күйі мен ұмтылыстарына үндес екеніне сенімді, олар белсенді және мүдделі қатысқанда ғана осы мақсаттарға қол жеткізу мүмкін болады.

Экономиканы, әлеуметтік саланы, мәдениетті реформалау сияқты алға қойған мақсаттарды жүзеге асыру қоғамда келісім мен тұрақтылықты сақтаған жағдайда ғана іске асады.

Республиканың барлық азаматтарының қазақ халқы төңірегіне одан әрі топтасуы этносаралық келісім мен ұлттық бірліктің негізгі факторы болып табылады, бұл мемлекет тәуелсіздігін нығайтуға, біздің басты байлықтарымыз – тәуелсіздікке, бірлік пен тұрақтылыққа ұқыпты қарауға бағытталған.

Елдегі бірлік пен келісімді сақтау – бұл мемлекеттік органдардың ғана емес, азаматтық қоғам институттарының, Қазақстанның әрбір азаматының міндеті.

Барлық азаматтарға ортақ құндылықтар мен қағидаттар жүйесіне негізделген ұлттық бірлікті нығайту дамудың жаңа кезеңінде біздің стратегиялық басымдығымызға айналады.

Этносаралық келісім мен ұлттық бірлікті қамтамасыз ету саласында мыналар басымдыққа ие болады:

–    бірлік пен ішкі саяси тұрақтылықты сақтаудың шешуші факторларын қамтамасыз ету: жұртшылықты тарта отырып, халықтың нақты қажеттіліктерін шешуге негізделген тиімді әлеуметтік саясат; диалог пен ашықтық арқылы қоғамның өзекті мәселелерін шешу; отансүйгіштік пен толеранттық сияқты құндылықтардың негізінде жалпы азаматтық құқықтық мәдениетті дамыту; қазақ халқы мәдениетінің ықпалдастырушылық рөлі жағдайында мәдени сан алуандықты одан әрі қамтамасыз ету.

–    елдегі этносаралық өзара іс-қимыл жүйесін жетілдіру: нормативтік құқықтық базаны жетілдіру, этносаралық қатынастарды реттейтін мемлекеттік және қоғамдық институттар қызметінің тиімділігін одан әрі арттыру; теңгерімді ұлттық саясатты іске асыратын орталық институт ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлін нығайту; этномәдени бірлестіктерге қолдау жасау және дамыту, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың білім беру және ақпараттық жобаларды жүйелі іске асыруы; этносаралық келісім мен ұлттық бірлікті нығайтуға бағытталған ақпараттық жұмыстың сапасын арттыру;

–    елдегі конфессияаралық диалог пен ынтымақтастыққа қажетті жағдайды одан әрі дамыту, мемлекет пен діни бірлестіктер арасында қоғамдағы толеранттықты және діни төзімділікті дамытуға бағытталған әлеуметтік-гуманитарлық әріптестікті жандандыру.

Мемлекеттік тілді дамытуды қамтамасыз ету саласында мыналар басымдыққа ие болады:

–    Қазақстан халқы бірігуінің факторы ретінде мемлекеттік тілді одан әрі дамыту: мемлекеттік тілді дамытудың нормативтік құқықтық базасын жетілдіру, оның мемлекеттік басқару органдарында және басқа салаларда толыққанды қызмет етуін қамтамасыз ету, қазақ тілінде шығатын бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру, қоғамдық жобаларды іске асыру арқылы мемлекеттік тілді үйрену бойынша азаматтық белсенділікті ынталандыру;

–    мемлекеттік тілді үйренудің тиімді жүйесін қалыптастыру: білім беру процесінің барлық кезеңдерінде мақсатты, қарқынды қолдау көрсету; оқыту мен үйренудің қазіргі заманғы әдістемелерін дамыту; іскерлік, ғылыми, көркем әдебиет және басқа да әдебиетті қазақ тіліне аудару жөніндегі жұмысты күшейту; мемлекеттік тілдегі интернет-ресурстарды дамыту; қазақ тілінің терминологиялық базасын, сондай-ақ ономастикалық атауларды ретке келтіру;

–    Қазақстанда тұратын барлық этностық топтардың тілдерін дамыту үшін жағдай жасау, мемлекеттік тілге сүйене отырып «Үштұғырлы тіл» мәдени жобасын іске асыру; мемлекеттік тіл саясатын тиімді жүзеге асыруға бағытталған сындарлы, байыпты шаралар қабылдау.

Ұлтаралық және конфессияаралық келісім, мәдени саналуандық пен өзара бірін-бірі байыту, мемлекеттік тілдің топтастырушылық рөлі қағидаттарын ұстана отырып, Қазақстан қоғамының дамуы елдің ұлттық бірлігінің одан әрі нығаюына негіз болады.

Мәдениеттің дамуы – саяси тұрақтылық пен экономикалық гүлдену сияқты елдің табысты дамуының маңызды факторы. Мәдениетке қоғам өмірінің маңызды емес саласы ретінде қарауға жол беруге болмайды. Мәдениет әртүрлі өнердің жиынтығы деген түсініктен арылу қажет. Мәдениет пен руханият – бұл, ең алдымен, негізгі қоғамдық құндылықтар, мінез-құлық модельдері, діл мен ұлттық мінез қалыптасатын сала.

Сондықтан әлеуметтік-экономикалық жаңғырту жоспарларын іске асыруда ел дамуының дербес және маңызды факторы ретінде мәдениеттің маңызын күшейтуді көздеу қажет.

Мәдени саясат саласында мыналар басымдыққа ие болады:

–    дәстүр мен жаңашылдықты үйлестіре ұштастыру негізінде шығармашылықтың басымдығы арқылы адам тіршілігінің экономикадағы, ғылымдағы және өнердегі түрлі салаларына ықпалдасатын заманауи мәдениетті дамыту үшін жағдай жасау; дәстүрлі қоғамдық құндылықтарды сақтау мен нығайту, сондай-ақ қарапайымдылық, еңбексүйгіштік, әлеуметтік жауапкершілік, кәсіби өсуге ұмтылу және адамгершілік тұрғысынан жетілу сияқты құндылықтарды ілгерілету;

–    нормативтік құқықтық базаны жетілдіру және мәдениетті дамытудың институционалдық нысандарын қолдау арқылы мәдениеттің ықпалдастық мәртебесін нығайту;

–    елдің мәдениетін дамытуда мемлекеттің, қоғамның және бизнестің стратегиялық әріптестігі жүйесін құру;

–    елдің мәдени мұрасын сақтау және тиімді пайдалану; мәдени ескерткіштерді қорғау және оларға халықты жақындату, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың ең маңызды нәтижелерін білім берудің барлық деңгейлерінде оқыту бағдарламаларына енгізу;

–    мәдениет саласында жүйелі кадр саясатын жүргізу: шығармашылық мамандықтары бойынша отандық кәсіби білім беру жүйесін жетілдіру, дәстүрді сақтау, мәдени және шығармашылық элитаның сабақтастығы және оны толықтыру, дарынды жастарды анықтау және қолдау процесін жетілдіру, мәдениет қызметкерлерінің әлеуметтік мәртебесі мен еңбекақысын арттыру;

–    Қазақстанның шет елдегі мәдени беделін қалыптастыру, әлемдік мәдени кеңістікке ықпалдасу және қазақстандық мәдениетті халықаралық деңгейде ілгерілету.

Елдің мәдени саналуандығын сақтау, дәстүр мен жаңашылдықтың үйлесімді ұштасуы Қазақстанның қазіргі әлемде табысты дамуының маңызды факторы болып табылады.

Азаматтық қоғам белсенділігінің арта түсуі, оның маңызы мен рөлі, сондай-ақ оның институттарының нығаюы Қазақстанның адам құқықтары мен бостандықтарын, өмір сапасының жоғары әлеуметтік стандарттары мен тұлғаның өзін-өзі толыққанды көрсете алу жағдайларын қамтамасыз етуге қабілетті демократиялық мемлекет ретінде қалыптасуының басты шарты болып табылады.

Азаматтық қоғамды үкіметтік емес ұйымдардың жиынтығы ретінде қабылдайтын үйреншікті көзқарастан арылу керек. Азаматтық қоғам – бұл ең алдымен, әділетті бәсекеге қабілетті нарықтық қатынастар және демократиялық құқықтық мемлекет жағдайында өмір сүретін еркін әрі жауапты азаматтардың әр алуан, мемлекеттен тыс қарым-қатынастары. БАҚ, кәсіподақтар, саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар, сондай-ақ отбасы, этномәдени орталықтар, кәсіпкерлер қауымдастықтары және тіпті пәтер иелерінің бірлестіктерін қоса алғанда, басқа да институттар – азаматтық қоғамның өзін-өзі ұйымдастыруының тетіктері мен нысандары. Дәл осы институттардың көмегімен азаматтардың бір-бірінің алдындағы ортақ жауапкершілігі қалыптасады.

Азаматтық қоғамның толыққанды дамуының шарттары мыналар болмақ:

–    дамудың ұлттық стратегиясын іске асыру аясында мемлекет пен қоғам аса маңызды жалпы мемлекеттік мәселелер бойынша бірлескен шешім қабылдайтын жалпыұлттық диалогты одан әрі дамыту;

–    азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, оның ішінде гендерлік теңдікке қол жеткізу бойынша тетіктерді, осы саладағы азаматтық бақылауды жетілдіру; тұлғаның бостандықтарын қорғау жөніндегі мемлекеттік басқарудың барлық элементтерінің толыққанды жұмыс істеуі;

–    азаматтық қоғамның басты элементі және оны қалыптастырудың негізгі тетігі ретінде жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін дамыту: негізін мәслихаттар құрайтын жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің қажетті нормативтік құқықтық базасын құру; барлық деңгейдегі билік пен азаматтық қоғам институттарының өзара қарым-қатынастарын жетілдіру;

–    үкіметтік емес сектордың институционалдық дамуын одан әрі мемлекеттік қолдау;

– ақпараттық кеңістікті жүйелі дамыту, баспа және электрондық бұқаралық ақпарат құралдарын, сонымен қатар интернет-ресурстар мен цифрлық технологияларды ынталандыру және қолдау;

– еңбекшілердің әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жөнінде кәсіподақтардың ұстанымын күшейту;

–     көлбеу байланыстарды қамтамасыз етудің және мемлекеттің қызметін азаматтық қоғам институттары тарапынан қоғамдық бақылау жүйесінің тиімді әрі пәрменді тетіктерінің жұмыс істеуі.

Азаматтық қоғамның мемлекетпен әріптестік негізінде дамуы әлеуметтік прогреске және реформалар үшін қолайлы жағдай туғызуға жәрдемдеседі. Бұл – елді жаңғыртудың, демократиялық дамудың және экономикалық өсудің, мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттырудың маңызды шарты.

Үдемелі жаңғыртудың ауқымы мен күрделілігі мемлекеттік басқару тиімділігінің жоғары дәрежелі болуын талап етеді. Мемлекеттің қоғам өмірінің барлық салаларындағы жаңғырту процесін басқаруды өз қолына алып, оған қажетті жағдайлар жасауына тура келеді: отандық бизнестің өсуін ынталандыру, экономикалық және саяси институттарды қалыптастыру, құқықтық нормаларды жетілдіру, білім беру мен денсаулық сақтау жүйелерін дамыту, қауіпсіздік пен жалпыұлттық бірлікті нығайтуды қамтамасыз ету.

Бұл мақсаттарға жету үшін :

–    қорғаныс пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, Қарулы күштерді одан әрі нығайту, құқық қорғау органдарының қызметін жетілдіру, әскери қызметшілердің және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің әлеуметтік қорғалуын арттыру, конституциялық құрылыс пен қоғамдық тәртіпті тиімді қорғау, қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес;

–    мемлекеттің реттеуші функцияларын нығайту, атап айтқанда, қаржы жүйесін қадағалауды күшейту;

–    елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын мемлекеттік жоспарлау тетігін жетілдіру, қалың жұртшылықты, ең алдымен кәсіпкерлік пен ғылыми қауымдастық өкілдерін мемлекеттік жоспарлау процесіне тарту;

–    тиімді әлеуметтік саясатты іске асыру, этносаралық және конфессияаралық келісімге қолдау көрсету, теңгерімді көші-қон саясатын дамыту;

–    мемлекеттік органдардың, оның ішінде мемлекеттік басқарудың орталық, өңірлік және жергілікті деңгейлерінде өкілеттіктер мен жауапкершіліктің нақты шеңберін айқындау;

–    стандарттарды әзірлеу және мемлекеттік қызметтерді тиімді көрсетуге мүмкіндік беретін процестерді жетілдіру арқылы мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру, электрондық үкіметті енгізу;

–    мемлекеттік қызметті реформалау, әкімшілік реформаларды басқаруды жетілдіру, мемлекеттік қызметті кәсібилендіру қажет.

Мемлекеттік басқару жүйесі экономикалық даму қажеттіліктеріне сай келіп, 2020 жылға дейінгі даму стратегиясында баяндалған міндеттердің дәл және уақтылы орындалуын қамтамасыз етуге тиіс. Мемлекет жаңғырту процесінің басты жүйелік үйлестірушісі болуға тиіс.

Теңгерімді сыртқы саясат Қазақстанның халықаралық қатынастардың толыққанды субъектісі ретінде қалыптасуына ғана емес, сонымен қатар көптеген өңірлік және ғаламдық диалог процестерінің бастамашысы әрі ықпалды қатысушысына айналуына мүмкіндік берді. Алайда, сыртқы саяси бағдардың «көпвекторлылығы» жаңа мазмұнмен толыға түсуге тиіс. Қазақстанның жаңа экономикалық және саяси мүмкіндіктері оның Орталық Азиядағы, ТМД-дағы және тұтас алғанда Еуразиядағы стратегиялық жағдайға елеулі әсер ететін процестерге қатысуын барынша салмақты ете түсетінін негізге алу қажет. Бұл орайда Қазақстан ядролық қаруды таратпауға, халықаралық терроризмге, экстремизмге, есірткі саудасына және басқа да қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге қарсы күреске бағытталған халықаралық ынтымақтастықтың белсенді қатысушысы болып қала беруге тиіс.

Энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуден бастап, эпидемияларға және экологиялық апаттарға қарсы күреске дейінгі өмірлік маңызы бар мәселелерді шешуде басқа елдермен ынтымақтаса отырып, Қазақстанның өңірдегі барлық мемлекеттер мен мүдделі елдердің іс-қимылдары мен белсенділігін үйлестірудің сапалық жаңа деңгейіне көшуін Партия қолдайды.

Қазақстанның халықаралық аренадағы мінез-құлқының өзгеруі жаңа, түбегейлі өзгеретін жағдайға бейімделуден өзі өмір сүріп отырған ортаны қалыптастыруға белсенді ықпал ету саясатына көшу болуға тиіс. Қазақстанның өз ұлттық мүдделерін серпінді және барынша сенімді қорғау бағытын жүргізуге мүмкіндігі бар және де солай жасауға тиіс. Бұл үшін:

–    қазіргі заманғы әлем сипатының өзекті мәселелері бойынша Шығыс пен Батыстың ұстанымдарын өзара жақындатуға бағытталған мәдениетаралық және конфессияаралық диалогтың маңызды халықаралық орталықтарының бірі ретіндегі Қазақстанның рөлін жаңа деңгейге көтеру;

–    барлық мемлекеттермен достық қарым-қатынас пен тең құқылы ынтымақтастықты қолдау;

–    Қазақстанның түрлі халықаралық және өңірлік ұйымдардағы ұстанымын ілгерілету және күшейту;

–    өңірлік қауіпсіздіктің тиімді жүйесін одан әрі қалыптастыру процесіне белсенді қатысу;

–    Орталық Азия мен Еуразияның ықпалдасу процестеріне қатысу.

«Нұр Отан» басқа елдердің жетекші партияларымен партияаралық қарым-қатынастарды кеңейтуге, олармен Қазақстанның сыртқы саяси ұстанымдары мен бастамаларын түсіндіру жөнінде қарқынды диалог жүргізуге, халықаралық қатынастардың қолайлы ахуалын қалыптастыруға жағдай жасауға ниетті.

Қазақстан ірі еуразиялық ел бола отырып, әлемде қауіпсіздік пен өзара сенімді күшейтуге бағытталған шараларды іске асыруға алдағы уақытта да елеулі үлес қоса береді және ұлттық мүдделерді іске асыруды қамтамасыз етеді.

Нұр Отан – жалпыхалықтық партия

2020 жылға дейінгі стратегияны тиімді іске асыру мақсатында партия еліміздің саяси өміріндегі үстем рөлін сақтап қалмақ ниетте. Бұл үшін партия идеологиялық және саяси бәсекеге қабілеттілік деңгейін одан әрі көтеру мүддесін көздеп, өз қызметін жаңғыртуды қажет деп санайды.
Біз бұл мақсатқа мынадай іс-қимыл арқылы қол жеткізбекпіз:
–    қоғамның саяси жүйесін дамытуға және ел алдында тұрған әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешуге белсенді қатысу;
–     партия саясатын әзірлеу және іске асыру процесіне партия мүшелерін тартудың жоғары деңгейін қамтамасыз ету, кадр саясатында сабақтастықты қамтамасыз ету, жастар мен әйелдерді «Нұр Отанның» қатарына кеңінен тарту және партия органдарындағы басшылық жұмыстарға белсенді ұсыну;
–    билік органдарының сайлауына қатысу және бәсекелес күресте халықтың сөзсіз қолдауына ие болу;
–    партияның саяси бағытын іске асыру үшін өкілді органдарда партияның депутаттық фракцияларының қызметтерін үйлестіруді күшейту, олардың ықпалын барынша пайдалану;
–    азаматтардың мүдделеріне тиімді білдіру және оларды қорғау, партияның қоғамдық қабылдау қызметінде заманауи әдістер мен нысандарды қолдану;
–    партияның ішкі ұйымдастыру қызметін жетілдіру: партияның құрылымын және ұйымдастырушылық қызметін жаңарту, әсіресе партияның өңірлік және аумақтық филиалдары деңгейінде жаңарту, қоғам өміріне партияның ықпалын күшейтетін негізгі құрал ретінде бастауыш партия ұйымдарының рөлін арттыру;
–    жаңа партиялық институттарды қалыптастыру: қызмет ету бағыттары бойынша мемлекеттік органдармен, бизнес құрылымдармен және азаматтық қоғам институттарымен тиімді өзара іс-қимыл жасау үшін партия үйлестірушілерін құру; бастауыш партия ұйымдарының өзара іс-қимылын және бәсекеге қабілеттілігін нығайту үшін олардың салалық клубтарын ұйымдастыру;
–    партияның «Жас Отан» жастар қанатын ұйымдастыру-саяси тұрғыда нығайту, оның қызметінің дербестік сипатын дамыту және оған жастардың барлық топтарын тарту;
–    партия мен қоғам өмірінің ең өзекті мәселелері бойынша ішкі партиялық пікірсайысты дамыту;
–    барлық әлеуметтік және демографиялық топтардың мүдделерін жүйелі түрде қорғау арқылы партияның әлеуметтік базасын кеңейту.

Партия қызметін Қазақстанның 2020 жылға дейінгі даму стратегиясын табысты іске асыру үшін қоғамды топтастыру жөніндегі міндеттердің сипаты мен ауқымына сәйкес келетін сапалы жаңа деңгейге шығару осы жұмыстардың нәтижесі болады.

Қазақстанның 2020 жылға дейінгі даму стратегиясын тиімді іске асыру барлық қоғамдық-саяси күштердің бірлігін сақтау мен нығайту және азаматтарды біріктіру жағдайында ғана мүмкін болады. Бүкіл қоғамды, оның экономикалық және зияткерлік әлеуетін топтастырып, жұмылдыру ғана елді табысты жаңғыртудың, адами капиталды дамытудың, экономиканы әртараптандырудың және саяси жүйені жетілдірудің шешуші факторына айналады. Партияның алдағы онжылдықтағы негізгі миссиясы да осы. Осы миссияны ойдағыдай іске асыру елді жаңарту процесіне партияның әр мүшесінің және бүкіл қоғамның қатысуын білдіреді.

Елді серпінді жаңғырту идеясын маңызды жалпыұлттық міндет ретінде қарастыра отырып, партия оны жүзеге асыру үшін қоғамды топтастырып, жұмылдыруда мынадай басым қағидаттар мен көзқарастарды айқындайды:

–    Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бағыты аясына жалпыұлттық топтасудың идеялық және ұйымдастырушылық негізін нығайту: қазақстандық қоғамның негізгі құндылықтарын одан әрі дамыту, партия жақтастары бірлестіктерінің кең желісін құру, Президенттің стратегиялық бастамаларына қолдау көрсетуде ауқымды коалиция қалыптастыру мақсатында елдегі басқа саяси партиялармен және қоғамдық бірлестіктермен сындарлы өзара іс-қимыл жасау;

–    2020 Стратегиясының іске асырылуын тиімді бақылау жөнінде мемлекет пен қоғамның бірлескен іс-қимылын үйлестіру;

–    тиісті мемлекеттік құрылымдармен және қоғамдық институттармен кері байланыс және өзара іс-қимыл жүйесін жетілдіру арқылы халықтың мұң-мұқтажына ден қоюдың біртұтас және пәрменді жүйесін қалыптастыру;

–    мемлекеттік басқару жүйесінің сапасын арттыру мақсатында орталық және жергілікті мемлекеттік органдардағы лауазымдарға білікті, бастамашыл, шығармашыл ойлайтын кәсіби адамдарды ұсыну үшін партиялық кадр резервін қалыптастыру, партиялық оқыту жүйесін жетілдіру.
«Нұр Отан» партиясы еліміздің жетекші саяси күші ретінде өзінің тарихи жауапкершілігін түсіне отырып, қазақстандықтардың азаматтық белсенділігін жұмылдыруға және алға қойған міндеттерді шешіп, белгіленген межелерге қол жеткізу үшін қоғамды топтастыруға дайын.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475