Сенбі, 23 Қараша 2024
Ақмылтық 4926 7 пікір 16 Қараша, 2021 сағат 16:52

Бізге қазақ мектебі керек, министр мырза!

Алматы облысының Талғар қаласының тұрғындары ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов пен Мәжіліс депутаттарына дат айтып, Талғардағы Тұрар Рысқұлов атындағы 9 жалпы білім беретін орта мектепті аралас мектепке айналдырмауды, таза қазақ мектебі етіп қалдыруды сұраған.

«Бізге аралас мектеп емес, қазақ мектебі керек», - деген Талғар тұрғындарының жанайқайын «Еуразия арнасы» түсіріп таратты. «Салынып жатқанда қазақ мектебі болады» деген нысан кейіннен аралас білім ордасы болатыны айтылыпты. Жұртшылық шағымына ауданның атқамінерлері құлақ аспағандықтан Білім министрі Асхат Аймағамбетов пен Мәжіліс депутаттарынан көмек сұраған.

Бұл тақырып бүгін қазақ қоғамында қызу талқылануда... Ең өкініштісі, отаршылардың басты құралы болған аралас мектептер біздің елде әлі де өте көп. Бізде он қазақтың ортасына бір орыс келсе, сол орта тұтастай орысша сөйлейтін дәстүр қалыптасқан. Демек, аралас мектептерде орыстілді оқушылар мен мұғалімдер қазақ тілді ортаның қалыптасуына кері әсер етері сөзсіз. Соның салдарынан мемлекеттік тілде білім беру нәтижесі таза қазақ мектептеріндегідей жоғары деңгейде болмайды. Сол үшін де елімізде аралас тілді мектептердің санын барынша азайту керек. Тіпті аралас мектептен бас тартып, бір тілде оқытатын мектептер қалыптастырған жөн екенін осыған дейін Abai.kz ақпараттық порталының бетінде сан мәрте жаздық, айттық.

Жалпы бүгінгі таңда еліміздегі аралас мектептердің, соның ішінде қазақ мектептері мен орыс мектептерінің саны қанша? Біз аз-кем шолу жасадық...

Бүгінде ҚР Білім және ғылым министрлігінің мәліметі бойынша, елімізде 6957 мемлекеттік мектеп бар. Оның 3733 (53,6%) тек қазақ тілінде білім берсе, 1160 (16,6%) орыс тілінде, 2047 (29,4%) қазақ және орыс тілдерінде білім береді.

2020 жылы депутат Динар Нүкетаева Парламенттің кезекті отырысында: «Қазақстанда 6973 мектеп бар, қазақ тілінде оқытатын 3726, орыс тілінде 1181, аралас тілде 2043 мектеп бар. Басқа тілдерде оқытатын 23 мектеп, оның ішінде өзбек тілінде 12 мектеп, ұйғыр тілінде 11 мектеп жұмыс істейді», - деген статистикалық мәлімет берді.

«Яғни, аралас мектептер еліміздегі мектептердің 30%-ын құрайды. Әлемнің ешбір елінен мұндай көрсеткішті көрмейсіздер. Қазақстандағы жағдай осы. Егер осы үрдіс жалғаса берсе, қазақ тілінің болашағы қандай болатынын, еліміздің тағдыры нендей болатынын ешкім болжай алмайды», - деген болатын депутат.

Ал, көрші Ресейде 2018 жылғы мәлімет бойынша, 41 349 мектеп тіркелген. Былтыр 277 жаңа мектеп салынса, биыл 1910 мектеп салыну жоспарланған. Ресейде қазір ұзын-саны 1 миллионға жуық қазақ өмір сүруде. Басқа да деректерде Ресейде 800 мыңнан 1,5 млн жуық қазақ тұратыны туралы айтылған. Мәскеу қаласы және облысында 13 мың адам тұрса, Астраханда 149 мың, Орынборда 120 мың, Омбыда 78 мың, Саратовта 76 мың, Волгоградта 76 мың, Челябинскіде 35 мың, Түменде 19 мың қазақ диаспорасы өмір сүріп жатыр.

Бүкіл Ресей бойынша жалғыз қазақ мектебі бар. Ол Алтай аймағы, Құлынды ауданында орналасқан Қаракөл орта мектебі.

Бұл туралы Ресейдегі қазақ диаспорасы туралы зерттеуші Серікқали Бәйменше айтқан. «Ресейлік қазақтардың бір ерекшелігі: Ата-аналар бұл мәселе (қазақ тілінде оқытатын мектеп ашу) туралы айтқанымен, балаларын қазақ тілінен гөрі орыс тілінде оқытқысы келеді. Себебі, олар өмір сүріп жатқан ел – Ресей», - дейді зерттеуші. Оның ойынша, Ресей мектептерінде қазақ тілін жеке пән ретінде оқытқан тиімдірек.

«Мәскеу, Санкт-Петербург сияқты үлкен қалаларда қазақ тіліндегі мектептерді ашу туралы көп әңгімелер болған. Мектеп аштық дейік, бірақ оған ата-аналар балаларын оқыта ма? Бұл мәселемен қатар орыс мектептерінде қазақ тілін тереңдетіп оқытуды қолға алу туралы ұсыныстар болды. Мысалы, қазақтар шоғыры тұрып жатқан Челябинкі облысындағы аудандарда қазақ тілін жеке пән ретінде енгізуге кірісті. Қазіргі жағдайда мектеп ашқаннан гөрі осы тәжірибені қолданған дұрысырақ», - деп ойын білдірген.

Түйін. Біздің елдің білім саласы бұлыңғыр тұман арасында адасып жүрген адамнан аумайды. Министр ауысқан сайын жасалатын жөнді-жөнсіз реформалар білім көшін бір ізге, тура жолға салуға мүмкіндік берер емес. Білім саласындағы басты кемшілік - аралас мектептерден әлі құтыла алмағанымыз болып тұр. Бұл тіпті тұтас қоғамның қазақыланып, мемлекеттік тілдің мәртебесінің биіктеуіне басты кедергілердің бір екені белгілі. Осыдан 150 жыл бұрын, патшалық Ресей кезінен бастау алатын аралас мектептер қазақ даласында әлі үстемдік етіп келеді. Бір сөзбен айтқанда «Аралас мектеп дегенміз – қазақ балаларын орыстандырудың жымысқы түрі».

Айжан Темірхан

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5510