Депутат: Көмір бағасын делдалдық құрылымдар қоюда
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты,
«Nur Otan» партиясының фракция мүшесі Е. Саировтың Қазақстан Республикасы Премьер-Министрдің орынбасары Р. Склярға депутаттық сауалын жолдады. Депутат өз сауалында көмір тапшылығы мәселесін көтерген.
Президент Қасым – Жомарт Кемелұлы Тоқаев «пандемия кезіндегі басты міндет-халықтың әлеуметтік деңгейін ұстап тұру» деп атап өтті.
Біздің депутаттық сауалымыз еліміздің бірқатар өңірлерінен келіп түскен өтініштерге байланысты туындады, ол аймақтарда тұрмыстық көмірдің жетіспеушілігінен шиеленісті жағдай қалыптасқан.
Елімізде көмірдің жүйелі жетіспеушілігі үшін объективті алғышарттар болмаса да, ел азаматтарының моральдық-психологиялық жағдайына теріс әсер ететін дүрлікпе жүріп жатыр.
Осындай жағдай көмір өндіру бойынша әлемнің 10-елінің қатарына енетін мемлекетте болып отыр!
Бүгінгі күні халыққа көмір сату тізбегінде шамамен 10 - ға тарта буын қалыптасқан, соның негізгілері: бұл көмір өндіру разрезі, темір жолмен жөнелтуге арналған тиеу пункттері, темір жол арқылы тасымалдау, теміржол тұйықтарында қабылдау терминалдары, көмірді тұтынушыларға жеткізетін тарату пункттері. Осы кезеңдердің барлығында әркім өз пайдасын қымқыруға тырысады, осыған байланысты баға қымбаттай береді.
Яғни, көмір бағасын делдалдық құрылымдар нұсқап отыр.
Көмірді биржалық саудалаудың ережелері делдал - кәсіпорындарға көмірді үлкен көлемде сатып алуға және оны бірден разрезден екі - үш есе қымбат бағамен сатуға мүмкіндік береді деп айтуға негіз бар.
Сату нүктелеріндегі көмірдің жетіспеушілігі көмірді жеткізетін вагондардың тапшылығына байланысты. Сондықтан, көмір разрезден сату нүктесіне 6 күнде емес, 16 күнде жеткізіледі!
Бүгінде разрезден тоннасы шамамен 7800 теңгеден сатылып жатқан көмір Алматы, Ақмола, Қызылорда, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы сауда нүктелерінде тоннасы 25-30 мың теңгеден сатылуда! Осылайша, түпкі тұтынушы үшін баға бастапқыдан үш-төрт есе өседі.
Бұл ауылдағы ағайынның қалтасы мүлдем көтермейтін баға!
Осы қып-қызыл бағаға көмірдің өзі тапшы! Қақаған қыста азаматтар ақшасын төлеп қойып, көмірді тосуға мәжбүр!
«Nur Otan» партиясы Фракция мүшелері азаматтар үшін тұрмыстық көмір қолжетімді және әділ бағамен сатылуы тиіс деп санаймыз.
Халыққа тұрмыстық көмір жеткізудің өткір әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, келесі қадамдар қажет:
1. Ауылдық елді мекендердің тұрғындарының тұрмыстық тұтынуы үшін көмірдің нормативтік қорын қалыптастыруды жедел қамтамасыз ету.
2. Көмірді сату орындарына тасымалдау үшін қажетті вагон санын бөлуге басымдық беру.
3. Көмір бағасын қалыптастырудың ашықтығын және көмірді көтерме сатып алушылар арасындағы барынша бәсекелестікті қамтамасыз ету.
4. Нарық субъектілерінің арасындағы бәсекелестікке қарсы келісімдерді болдырмау, тұрмыстық көмір тұтынушыларының түпкілікті бағасын қалыптастыруға делдалдық байланыстардың әсерін болдырмау бойынша жұмыстарды жүргізу.
Депутаттық сауалға «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңына сәйкес жауап беруіңізді сұраймыз.
Abai.kz