Сейсенбі, 29 Қазан 2024
Жаңалықтар 1137 0 пікір 22 Қараша, 2021 сағат 12:57

Алматы облысы: Кәсіптік білім алушыларға арналған қандай жобалар бар?

Алматы облысы бойынша 2020-2021 оқу жылында кәсіпкерлер палатасымен бірлескен дуалды оқытудың жол картасы құрылып, оған 38 колледж енді.

Қазақстанда дуалды оқыту кәсіби білімнің практикалық және теориялық жағын қамтыған маман дайындап шығару үшін қолданылады. Негізгі мақсаты да өндіріске кірген маманның алғашқы күннен бастап жұмысты игеріп кетуін қамтамасыз ету.

Дуалды оқыту жүйесі 2012 жылдан бері жүргізіліп келеді. Әр жыл сайын оның бағыты жаңартылады. Колледждер облыстағы кәсіпкерлер палатасымен бірігіп ақпарат алмасып, жаңа білімге жол ашып отырады.

Бүгінде дуалды оқыту жүйесімен қатар кәсіптік білім алып жүрген студенттерге «Жас маман», «Баршаға арналған тегін кәсіптік білім беру» жобалары кәсіби маман болып қалыптасуда үлкен мүмкіндіктер беріп отыр.

2019 жылғы 23 қаңтарда «Жастар жылының» салтанатты ашылу рәсімінде Елбасы Н.Назарбаев Үкіметке «Жас маман» жобасын әзірлеуді тапсырды. Жобаның мақсаты – сұранысқа ие 100 кәсіп бойынша 180 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымын жаңғырту және білікті мамандар даярлаудың халықаралық тәжірибесін енгізу.

Алматы облысының 12 колледжінде «Жас маман» жобасы іске асып келеді. Жобаның аясында колледждерді заманауи жабдықтармен қамтамсыз ету үшін республикалық бюджеттен 3,6 млрд теңге бөлініп отыр. Жоба бойынша оқу-жұмыс бағдарламасы өзгерген, яғни білім алушы келешекте жұмыс берушінің талаптарына сай оқу бағдарламасын игереді. Жобаға қатысушы колледждердің базасында құзыреттілік орталықтары ашылып, «WorldSkills» чемпионаты өткізілді. Бүгінде 31 құзыреттілік бойынша Ұлттық чемпионатқа қатысушылардың дайындық жұмыстары жүргізілуде.

Ал, «Баршаға арналған тегін кәсіптік білім беру» жобасын іске асыру мақсатында облыстағы 76 техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындары мамандар даярлаап жатыр. Жыл сайын колледждерге 7 мыңнан астам білімгер қабылданады.

Abai.kz

0 пікір