Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2532 0 пікір 15 Тамыз, 2012 сағат 13:09

ЛОНДОН КІЛЕМІНДЕ КЕТКЕН ЕСЕ

Лондон Олимпиадасындағы «классиктер» бәсекесі аяқталған соң, грек-рим күресінен Жақсылық Үшкемпіров пен Шәміл Серіков жеңіп алған алтындар одан әрі сүрлене түсті. Қазақ жанкүйері сарыла күткен сары алтын Тұманды Альбионда да бұйырған жоқ.  Қазақ балуандары әлем көз тіккен додадан қола жүлде алуға да қабілетсіз екен. Ал үшінші орын иегері Даниял Гаджиев қазақ күрес мектебінің өкілі емес. Ол - даңқы жер жарған Дағыстан күрес мектебінен қанаттанған. Осылайша, грек-рим күресінен  32 жыл бойы Олимпиада алтынын күтіп келген біз Әнұранымыз Рио-де-Жанейродағы келесі ойындарда шырқалып қалар деген көмескі үмітке ғана алданып, Олимпиададағы  «классиктер» бәсекесін еңсеміз түскен күйде аяқтадық...

Лондон Олимпиадасындағы «классиктер» бәсекесі аяқталған соң, грек-рим күресінен Жақсылық Үшкемпіров пен Шәміл Серіков жеңіп алған алтындар одан әрі сүрлене түсті. Қазақ жанкүйері сарыла күткен сары алтын Тұманды Альбионда да бұйырған жоқ.  Қазақ балуандары әлем көз тіккен додадан қола жүлде алуға да қабілетсіз екен. Ал үшінші орын иегері Даниял Гаджиев қазақ күрес мектебінің өкілі емес. Ол - даңқы жер жарған Дағыстан күрес мектебінен қанаттанған. Осылайша, грек-рим күресінен  32 жыл бойы Олимпиада алтынын күтіп келген біз Әнұранымыз Рио-де-Жанейродағы келесі ойындарда шырқалып қалар деген көмескі үмітке ғана алданып, Олимпиададағы  «классиктер» бәсекесін еңсеміз түскен күйде аяқтадық...

Грек-рим күресінен кілемге алғаш болып Асхат Ділмұхамбетов шықты. 74  келі салмақ дәрежесіндегі Асхат күрестен өзге, есепке де жүйрік жігіт еді. Әлем чемпионатында 5-і орын алған соң, Лондонға тікелей аттанған Ділмұхамбетов қарсыластары үшін жұмбақ балуан дегенді бас бапкер тілге жиі тиек ететін. Алайда Асхаттың жұмбағы бірінші белдесуінде-ақ шешіліп қалды. Белоруссиялық Александр Кикинев біздің балуан­ды оп-оңай ауната салды.  Бес саусақтың бірін бүгіп, ертеңгі сайыс күнін асыға күттік.
Қазақстан байрағын Олимпиаданың ашылу салтанатында желбіретіп шыққан Нұрмахан бірінші белдесуінде-ақ ұтылып қалады деген ой кімнің басына келіпті?! Әлем чемпионатында екі мәрте тұғырдан көрініп, Азия ойындарында қазақ Әнұранын әуелеткен жігіт Лондонда жүлде әкелетіндер тізімінде болатын. Бірақ тізімді біз құрғанмен, кілемдегі жағдай  ырқымызға бағынбайды ғой...  Тінәлиев алғашқы айқасында швециялық Йохан Еуренге есе жіберді. Мүмкін, есе жіберді деген сөз тым жеңіл мағынасында айтылып тұрған шығар... Нұрмаханмен бірге, бүкіл қазақтың есесі кеткендей көрінді бізге. Ауыр салмақтағы алып жігіттер ел айбынын көтеріп тұрмаушы ма еді?! Алып бір аунап алған соң, артынан ерген жігіттерден де жігер көре алмадық.  Футбол мен хоккейде қара үзіп кеткенімен, жекпе-жек түрлерінде жүлдеге сынық сүйем де жақындай алмайтын Шведтен ұтылған соң, басқалары туралы ойлаудың өзі қорқынышты еді... Йоханның ақтық сынға жетпейтінін әу бастан сездік те, Нұрмахан Тінәлиевтің Лондон кілеміне қайта шықпайтынына түбегейлі көзіміз жетті...
Ал 60 келідегі  Алмат Кебіспаев белдесулерін өте белсенді бастады. АҚШ-тың беделді басылымынан бастап, қарапайым қазақ жанкүйеріне шейін осы жігіттен Лондон алтынын күткен. Бірінші белдесуінде украиналық Ленур Теміровті оңай жықты, екінші сында Венесуэла балуанын үйіне қайтарды. Үшінші белдесуде бүкіл Иранның үміті Омид Норузимен жол түйісті. Осы орайда балуандар бәсекесіндегі жеребе тарту рәсіміне де біраз өкпелеп алдық. Әлем чемпионы мен әлем чемпионатының күміс жүлдегері бір топқа түскен. Мәселен, бокс пен дзюдо федерациялары үздіктер мен деңгейі бір бас төмен спортшыларды айқастырып, сүт бетінде қалқыған қаймақтарды финалда немесе жартылай финалда кездестіруге мүдделі. Жеребені осыған ыңғайластырып түзген. Бірақ, күресте бұлай болмады...
Бір жыл бұрын Түркияда төселген кілемде бұл балуандар әлем біріншілігінің алтыны үшін таласып, иран балуаны Алматты жеңіп кеткені жадымызда тұр. Бірақ Олимпиада рухы бөлек бәсеке! Әлем мен құрлықты бағындырған балуан Олимпиаданы да ұтып алады деген қатып қалған заң жоқ. Сейдахмет Бердіқұловша айтсақ, Олимпиадада кімнің рухы мықты, кімнің жеңіске деген жігері артық, кім сол сәтте, сол секундта нағыз бабында тұр - соның мерейі үстем болады. Сондықтан да біз жақсылықтан үміттеніп, Алматтан ерлік күттік! Алайда тауымыз тағы да шағылды. Норузи расында нағыз талант екен! Біздің батырды 3:1 және 3:0 есебімен еңсеріп кеткенін көз көрді. 
Алтынға барар жолда сүрінгесін, көңілі қалды ма, әлде расында күшін сарқып алды ма, кім білсін, Алмат осыдан соң жарқырай алған жоқ. Омид Норузи финалға жеткесін алақанымызды соғып, Кебіспаевтың жұбаныш белдесуін тамашаладық. Болгар балуаны Иво Ангелов бұрын Алматты жеңіп көрмегесін, жеңістен үміттенуге құқымыз бар еді. Айтқанымыз келіп, Кебіспаев қола жүлдеге таласу бақытына ие болды. Алайда қола да біздің жігітке бұйырмады! Алмат басқа емес, жапон балуанынан жеңіліп қалды. Егер дзюдошыларымыз жапонға жол берсе, дәл  бұлай жазғырмас едік. Балуан бабаларымен мақтанатын, кішкентайынан күресіп өсетін қазақ жігітінің жапоннан ұтылуы көңілге ауыр тиеді екен... Тіпті соңғы белдесуде біз Алматтың көзінен от көрген жоқпыз. Күші сарқылғаны көрініп тұр. Қайта-қайта жапон балуанына басын беріп қойғаннан кейін, қоланың бұйырмайтыны белгілі болды. 
84  келідегі Даниял Гаджиев алғашқы айналымда әлем чемпионы Христо Мариновты жеңіп, бірден ресейлік Алан Хугаевпен белдесті. Бүгінге дейін Ресейден келіп, Қазақстан намысын қорғаған балуандардың барлығы да өзінің бұрынғы отандастарын әлемдік сында ұтып көрмеген. 2008 жылы Марид Мүтәлімов дағыстандық Бахтияр Ахметовке жол берді, Теймураз Тигиев ақтық сында ресейлік Ширвани Мурадовтан ұтылып қалды. Сондықтан, Даниялдың Аланнан аса алмайтынын бірден болжағанбыз. Тап солай болып шықты. Алан Осетияның туын түсірген жоқ, Даниялды ғана емес, барлық қарсыластарын жайпап өтті. Гаджиев болса, қола медаль үшін күресте грузин жігітінен басым болып, «классиктердің» Лондон Олимпиадасындағы жалқы медалін өз еншісіне жазды.
Алмат пен Нұрмаханнан қайыр болмағасын, Дархан Баяхметов үшін тақым қыстық. Дархан Бейжіңдегі ойындарға қатысып, Олимпиаданың рухын сезініп көрген балуан. Сол себепті, Лондонда намысты қолдан бермейді деп үміт еткенбіз. Өкініштісі, үмітіміз тағы селге кетті. Алғашқы айналымнан оңай өткен Дархан екінші белдесуінде Литва балуанын жеңе алмай, пұшайман болды.
Лондонға сеніп жіберген серкелердің күйі осындай. Қазақ балуандары қашан Осетия, Дағыстан, Қапқаз жігіттерін тізерлетеді деп жүргенде, күрестен алар сыбағасы аз Жапония, Швеция  және  Литва жігіттерінде кегіміз кетті.  Әрине, Олимпиадаға осалдар бармайды. Бірақ қазақ балуанының кез келгенге оңай олжа болғанын көру қиын екен. Мүмкін, бақ шаппаған шығар?! Мүмкін, бабымыз келіспеді?! Қарсыласын кілемнен жұлып ала алмаған жігіттерде жанкештілік аз ба, әлде?! Көздері дүмпиіп ісіп, ашылмай қалса да, қарсыласынан жеңісті тартып алған кәріс балуаны Ким Хен Удың қолынан келген ерлікті біздің жігіттерден күтіп едік қой.    Күрестегі нәтижесіздік Лондон олимпиадасында тағы қылаң берді. Бразилиядағы ойындардан соң да Жақсылық пен Шәміл ағалардың алтынына  шүкіршілік етіп отырмасақ игі еді...

 

Ақырыс Бөкенбайқызы

Мұратбек Қасымханов, грек-рим күресінен ұлттық құраманың бас бапкері:

Лондон Олимпиадасында біздің балуандар қолдан келгенше күресті. Бір ғана сөз айтқым келеді - бақ шаппады!  Нұрмахан Тінәлиев белдесуге шығар алдында қыздырынып жүріп, аяғын қайырып алды. Әйтпесе, швед балуанының жауырынын талай жерге тигізген еді.  Аяғындағы жарақаты алысқа шабуына мүмкіндік берген жоқ. Ал Алмат Кебіспаев өте қиын топқа түсті! Егер, ең бірінші  белдесуінде ирандық балуан Омид Норузимен кездескенде, әлі күші сарқылмаған Алмат оны жеңетін еді сөзсіз. Өкініштісі, онымен үшінші айналымда жолықты. Жапон балуанымен қола медальға күресер кезде Алмат қатты шаршады. Бар болғаны 8 минут қана тынықты та, кілемге қайта шықты. Ал жапон жігіті түскі сағат 4-тен кешкі сағат 7-ге дейін Алматты күтіп отырды. Ол,  әрине, өте тың еді. Әйтпесе, жапон балуаны да Алматты жеңетіндер қатарында болмаған. Дархан мен Асхат та барынша белдесті, бірақ бақ шаппаса, бәрі де далбаса екен! Олимпиада аяқталғанымен, өмір тоқтап қалған жоқ. Енді келесі ойындарға дайындаламыз.

Алмат Кебіспаев, Лондон Олимпиадасына қатысушы:

Елден кетерде өзім қандай да бір медальмен ораламын деп ойлағанмын. Бірақ бұйырмады! Барымды салып күрестім. Жапон жігітімен шығарда бапкерлер менің тынығатын уақытым тым аз болғанын айтады. Шаршап қалғаным әсер етсе керек... Біздің құрама үшін бұл ойындар сәтсіз болды. Нұрмахан дайындық кезінде жарақаттанып қалды. Дархан меніңше, тым асығыс белдескен сияқты... Өте өкінішті...

«Жас қазақ» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5401