Лукашенко: Ресей үшін соғысамыз!
Беларусь басшысы Лукашенко толық Ресейлік бағытты ұстанатынын мәлімдеді. Ол ТМД елдері ішінде бірінші болып Қырымды Ресейге тиесілі деп мойындады және жақын аралықта Қырымға Путинмен бірге саяхаттап бармақ.
2020 жыл Лукашенко режимі үшін шешуі жыл болды. Елдегі президенттік сайлау режимге деген халықтың наразылығын нақты көрсетті және ондаған жыл бойы билікте болған Лукашенкоға нақты баға берді. 9 тамыздан кейін Беларусь елінде жаппай халықтық наразылықтар басталды, ел оппозициясы сайлау нәтижесін мойындамады және қайта сайлау өткізуді сұрады. Билік наразылық акциясын өткізушілерді жаппай қудалап, соққыға жықты. 84 адам із-түссіз жоғалып кетті. Бұл Батыс тарапынан кері реакция туындатты.
Еуропа елдері жаппай санкция салу жағын талқылап, Беларусь билігіндегі тұлғаларға санкция салды. Артынша кәсіпорындар мен өнеркәсіп кеніштері де қара тізімге ілінді. Лукашенко Батысқа қарсы жауап ұсынудың жолын іздеп, ақыры тапты. Ол - босқындар.
Лукашенко режимі 2021 жылдың қыркүйегінен бастап жаңа саяси тактикаға көшті. Ендігі таңда Минск мыңдаған босқынды Таяу Шығыс елдерінен әкеліп, Польша, Балтық елдерінің шекарасына топтастырып жатыр. «Еуропаға оңай өтесіңдер» деген желеумен алданған босқындар, шекара маңында лагерьлер салуда. Лукашенко осылайша босқындар кризисін жасап, Еуропа елдерін санкцияларды алып тастауға мәжбүрлемек. Әрине, Польша және Балтық елдері бұл бопсалауға көнбей, шекара маңында мыңдаған әскер топтастырып, шекараны заңсыз бұзушыларға тойтарыс беруде. Ендігі таңда Лукашенко билігі келесі арандатуға көшті, ол Еуропа елдерін «әскер топтастырып, соғыс ашпақ» деп айыптап жатыр.
Осы ретте Лукашенко Батысты қажет болса Ресейден ядролық қару алдырып, соққы жасауға болатынын айтты.
«Неге мен Батысқа жау болдым? Диктатор болғаным үшін емес. Өйткені «Тополь» тұрған барлық ұшыру алаңдары сақталды, тек біреуі ғана жарамсыз», – дейді Александр Лукашенко.
Ол сонымен қатар, Батыстан қорғану үшін Беларусь еліне ресейлік С-400 немесе С-500 зымыран кешендері керектігін мәлімдеді.
«Біз бүгін өзіміздің әуе қорғаныс жүйесі арқылы шекарамызды толық қорғап тұрмыз, Минск және басқа аймақтарды дегендей. Бірақ зымырандық соққыға мықты тойтарыс беру үшін бізге С-400, С-500 кешендері қажет», – дейді ол.
Ол Беларусь елін Ресейге қосатынын да жасырмайды. Мысалы, ортақ валюта жайлы былай дейді:
«Бұл одақтастықтың ең жоғары сатысы, бәз әлі оған келген жоқпыз. Жетеміз, сол сәтте шешеміз. Ортақ валюта мәселесіне step-by-step сияқты келу керек. Мысалы, міне, ресейлік рубль. Барлығы ортақ валютаны қалайды ғой, бірақ, біз Ельцинмен келісімге қол қойғанда ол ресейлік те, беларусьтық та валюта емес, мүлде жаңа валюта болады деп шешкенбіз. Бірақ, сіздерде де, бізде де рубль болғандықтан, оны басқаша атап не керегі бар? Сондықтан рубль болады», – дейді Лукашенко.
Лукашенко Ресей үшін соғысатынын да жасырмады. Ол Мәскеу Минскті кез келген сәтте қорғайтынына сенімді. Ал әлемдік сарапшылар Путин Лукашенконы уысына мықтап алды деген пікірде.
Асхат Қасенғали
Abai.kz