Ұйғырлар Ілеге қалай келді?
XVIII ғасырдың бірінші жартысына дейін Іледе (Жетісудың Қытайға қарасты шығыс бөлігі) ұйғыр жоқ еді, олар Шынжаңның оңтүстігіндегі байырғы мекені Қашқар, Хотан, Тұрпан, Ақсу өңірлерін негіз етіп, Такламакан шөлінің жиегін, Тарым өзенінің алабындағы неше мың жылдық ата қонысында егінін егіп, саудасын істеп, алаңсыз өмір сүріп жатты.
Осыдан 2 мың жыл бұрын Қытай жазбалары олар туралы: «Ферғанадан Парфияға дейінгі елдердің тілдері түрліше болғанымен, әдет-ғұрыптары бір-біріне өте жуық. Бірінің сөзін бірі түсіне береді. Адамдары шүңірек көз, қаба сақалды келеді. Саудаға шетінен жүйрік, бір тиынды да ары-бері жібермейді. Олар жалпы әйел затын құрметтеуді әдетке айналдырған. Еркектер әйелінің сөзінен шықпайды», - деп түсініктеме береді.
XVIII ғасырда Жоңғарға соғызсыз бағынып, бір ғасырдай салық төлегенімен, ата қонысынан алысқа аумады. Әп-әдемі ән еді, пұшық келіп бүлдірді демекші, жоңғардың жойылып, Қытайдың келуі олардың тағдырын өзгертті. XVIII ғасырдың ортасында жоңғарға батыстан қазақтар жойқын шабуыл жасап, шығысынан Чиң империясы соққы беріп, әбден әлсіретті. 1758 жылы Чиң империясы Шынжаң өңіріндегі жоңғарды толық жойғанда, Іленің шетіне аяқ басқан қазақпен тұспа-тұс келеді. Арыстандай атылатын жасақты, абадандай топ бастайтын батырларды көргенде, қазақпен бірден шекара айыруға кіріседі. Тағы бір айта кетерлігі, Чиң патшалығы XVIII ғасырдың екінші жартысында шығыстағы қазақтарды Алтай мен Тарбағатай өңірлеріне қоныс теуіп, орналасуына жол бергенімен, Жетісулық қазақтарды Ілеге жолатпады.
Ілені тұтас Шынжаңның орталығы етіп белгілеп, әскери мекеме құрды. Сүйдін, Күре, Баяндай қатарлы 9 ірі әскери бекініс салып, әкімшілік құрылым қалыптастырды. Іле Шынжаңдағы әскер саны ең көп орын болды. Десе де, Ілені тек ғана әскер күшімен қорғау қиын екенін түсінді. 1764 жылы қиыр шығыстағы Хилұңжияң мен Лияуниңнен 4 мың Сібені (манжу-тұңғұс тілдес ұлт) Ілеге көшіріп әкеліп, шекара күзетуге қойды. Осы мезгілдерде Ішкі Моңғол мен Чиңхайдан бірнеше мың Чахар қалмақтарын да Іле мен Бұраталаға көшіріп, шекара қарауылдығына қойды. Іледегі сегіз жалаулы әскерлер мен жасыл жалаулы әскерлердің жалпы саны 14 мың адам болды. Осыншама көп адамның тамақ мәселесін шешу үшін Чиянлұңның 33 жылы (1768 жыл) Оңтүстік Шынжаңнан егін егетін 6 мың 383 түтін ұйғырды Ілеге күшпен алып келіп, Жаманты, Қараүстең, Қонақай, Қорғас, Чұлұқай, Қас, Сүптай, Ұлантай қатарлы жерлерге орналастырып, егін ектіреді. Әр түтінге жылына 148 пұт бидай, бір қой салығын жүргізеді. Оның сыртында Қытай әскерлерін отынмен және көрпе, киім-кешекпен қамдау міндеттеледі. Қашқандарына өлім жазасын кеседі. Міне бұл тарихта үйсіннен қалған қазақ жеріне ұйғырлардың ең алғашқы аяқ басып, тұрғылықты тұруы еді.
Іледегі жерлік қалмақтар оларды ТАРАНШЫ (егінші) деп атаса, Қытайлар ЧАНТУ (оралған бас) деп атады. Осылайша Іледе тараншы қауымы қалыптасты.
Чиң патшалығы оңтүстікке асатын асуларға қарауыл қойып, тараншыларды Іледен шығармады. 1771 жылдары Еділ бойынан 15 мың түтін торғауыт-қалмақтар ауып келді. Чиң билігі олардың да басым бөлігін шекара күзеттіру үшін Іле мен Бұратала өңіріне орналастырды. Қазақтар оларды қарауыл-қалмақ деп атады.
Одан кейін 100 жыл өтті. Іледегі тараншы-ұйғырлар өсіп, 50 мың адамға дейін жетті. Қалмақтар мен Қытайлардан көп қорлық көрді. Бірақ, бас көтеруге дәрменсіз болды. 1860-1871 жылдары Кербұлақ пен Кегеннің, Алматы мен Нарынқолдың арасындағы қазақтар патшалық Ресейге қарсы ұлт-азаттық көтеріліс жасады. Көтеріліс басшылары - Саурық, Тазабек, Жетен, Әліке, Еспер, Қасаболат, Өстемір, Кезеңқара. Қырғыздың бұғы руы да көтеріліске шығып, Балбай батыр басшылық жасады. Қазақтардың көтерілісінің нәтижесінде Үйгентастан Кербұлаққа дейін жайлаған ел Іле өзенінің оң жағына ығыстырылды. Көтерілісшілер Қытайға қарасты Ілеге шабуыл жасап, ондағы торғауыт-қалмақтарды шығысқа қуып, Жұлдыз жеріне асырды. 1864 жылы Құлжадағы тараншы мен дүңгендерге көмектесіп, Чиң патшалығына қарсы көтеріліске араласты.
1866 жылы Іледегі Чиң үкіметінің билігі жойылып, Іле сұлтандығы құрылды. Билікке тараншы-ұйғырдан шыққан Әлахан ие болды.
1871 жылы 18 сәуірде есаул Герасимов Кегеннің Мойнақ деген жерінде Тазабек батырға шабуыл жасайды. Тазабек батыр 300 атты жасағымен қарсы тұрып, жаудың тоз-тозын шығарады. Осы жолғы соғыстан кейін Тазабек батыр мың түтін елді бастап Ілеге өтеді. Іле сұлтаны Әлахан Қалжатқа 200 адаммен келіп, күтіп алады. Оның мақсаты: Тазабектің атты жасағын Чиң империясына қарсы қою болатын.
Тазабек пен Әлаханның біріккенінен қауіптенген Колпаковский 1871 жылы мамыр айында Ілеге шабуыл жасайды. Іледе 52 күн соғыс болады. Соғыстың басында-ақ Әлахан тізе бүгеді. Колпаковский жағына шыққан Әлахан Тазабекті алдап шақырып ұстап береді. Патшалық Ресей Ілені тұтас бақылауына алды. Саурық батырды Текесте атып өлтіреді. Тазабекті Алматыға әкеледі, 1872 жылы Верный түрмесінде қайтыс болады. Тазабектің серігі Шалтабай 10 жылға Сібірге айдалады. Әлахан Верныйдағы Сұлтанқорғанда (Айнабұлақта) алаңсыз тіршілік етеді. Осы тұстан бастап патшалық Ресей Іледегі тараншы-ұйғырларды өздеріне тартып, қызмет еттіре бастайды.
Ресей Ілені Чиң патшалығына (Қытай) қайтарып беру үшін 1881 жылы 12 ақпанда Петербургте екі жақты келісім жасап, 9 миллион рубль метал ақшаға айырбастайды. Ресей Іледегі өзіне жақтасқан тараншы-ұйғырларды Қазақстанға көшіріп, 1860-1871 жылдары ұлт-азаттық көтеріліс жасаған Жаркент, Шонжы, Шелек өңірлеріндегі қазақтардың шұрайлы жеріне әкеліп орналастырады.
Бірақ, бұл өлкеде 1916 жылы тағы да ұлт-азаттық көтеріліс болады. Тарихта ол - Қарқара-Албан көтерілісі деген атпен мәлім. Ақ патша билігі ауысып, Кеңес үкіметінің билігі толық орныққан соң елде ұжымдастыру науқандары, әкімшілік бөліністер пайда болады. 1930 жылы Кеген ауданы құрылады. Аудан орталығы қазіргі Ұйғыр ауданына қарасты Қырғызсай ауылы болады. 1936 жылы Кеген ауданының солтүстік бөлігі мен Жаркент (ол кезде солай атанған) ауданының оңтүстік жерлерін қосып, Ұйғыр ауданын құрады. Иә, бұл өлкеде жоңғар шапқыншылғы тұсын айтпағанда, патшалық Ресейге қарсы екі рет ұлт-азаттық көтеріліс болған. Шығыс оңтүстік Жетісудың ең маңызды стратегиялық аймағы саналады.
Айтпақшы, Кеңес одағы тұсында Ұйғыр ауданының атын ұлғайтып, Мәскеуге шапқылап, Сталинге хат жазып, автономия сұрағандарды біз айтпағанымызбен, архив айтып тұр.
Бір қызығы, XVIII ғасырдың екінші жартысында Қытайлар Ілеге күшпен әкелген тараншы мен сібелер (тұңғұс-манжур тектес халық) екі империядан да жамандық көрмеді. Патшалық Ресей өзін қолдаған тараншыларды Қазақстанға алып келсе, Кеңес одағы Ұйғыр ауданын құрып берді. Ал, Қытай билігі 1954 жылы сібелерге Іленің құйқалы жерінен Шапшал Сібе автономиялы ауданын құрып берді.
1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігін алды. Көп ұзамай елді-мекендердің әкімшілік бөліністеріне өзгерістер енгізілді. Ұйғыр ауданының оңтүстігіндегі Кеген мен Нарынқол аудандары, шығысындағы Шелек пен Еңбекшіқазақ аудандары бір-біріне қосылды. Ұйғыр ауданы өз қалпын сақтады.
Біз әрқашан осы өлкедегі бауырлас екі ұлттың арасында татулық болса екен деп тіледік. Бірақ, жыл сайын жүректі ауыртатын жүгенсіздіктен түрлі оқиғалар шығып жатыр. Несін жасырайық, аудан атын автономия ретінде көретіндер бар. Тіпті кейбіреуі жалған тарих жасап, Қарахан мемлекетін алға тартатын көрінеді. Қарахан мемлекетін Шығыл (Шыбыл) мен Яғма (Тама) қатарлы қазақтың екі тайпасынан шыққан тұлғалар басқарды. Баласағұнды астана етті, Қашқарға дейін билік жүргізді.
Жаман ат, жаман ырым мазамды алды, - деп Өтейбойдақ айтқандай, Ұйғыр ауданының атын өзгертудің жыры отыз жылдан бері басылар емес. Елемеген дау жаман...
Әлеуметтік желіден
Abai.kz