Сенбі, 23 Қараша 2024
Айбын 4970 48 пікір 17 Желтоқсан, 2021 сағат 15:39

Отызында орда бұзған, Қазақстан!

Биыл қазан айының 25 жұлдызы менің елге оралғаныма 30 жыл толды. Жиырма бес – жігіттің жасы. Өзім екі жиырма бестен асқан екем. Артқа бұрылып, «Осынау 25-жыл ішінде мен не істедім, елге не бердім?»  деген сұрақты қойып, өзіме өзім бір есеп беретін кез келген секілді.

Құдайға тәубе, Тәуелсіздіктің таңы атар-атпастан білім іздеп Атажұртқа оралдым. Жай күні емес, «Тәуелсіздік Декларациясы» қабылданған күні табаным қасиетті қазақ топырағына тигенін жақсылыққа балап жүремін. Жаман болғам жоқ, ұлды, қызды болдым. Немере де сүйдім. Атақты Еділ Ерғожиннің шәкірті атанып, химия ғылымдарының кандидаты болдым.

Мен Отанға оралған кез – Қазақстанның экономикасының тұралап тұрған кезеңі болатын. Өз мамандығым бойынша қызмет істеп, бала-шағаны асырау мүмкін емес еді. Оның үстіне, арғы бетте туыс-туған, ел-жұрт қалды. Оларды тарихи Отанына оралтуым керек!

Сол үшін, қызметті тастап, жеке кәсіппен айналысуға бел будым. Сөйтіп, Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауылынан алғашқы жұмысымды бастадым. Ерінбей, адал еңбек еткен кісіге Қазақстанда табысқа жету мүмкіндігі мол. Тәубе, қазір бір үлкен шипажайдың, бес гектар алма бақтың және шаруа қожалығының иесімін. Қосымша қоғамдық жұмыспен де айналысамын. Алла ризалығы үшін Қажыға барып, бес парызымды өтедім. Көпшіліктің демеуімен Алматы-Құлжа тас жолының бойынан «Қызай ана мешітін» салып, пайдалануға бердік.

Оның сыртында, өз туысқандарым, ауылдастарым және дос-жарандарым болып, мыңға таяу адамның Атажұртқа оралуына қол ұшын бердім. Бұл – менің Отаныма қосқан ең үлкен үлесім деп білемін әрі мақтанамын...

Ғасырлар толқынында  30 жыл көп уақыт болмағанымен,  біздің Тәуелсіз еліміз үшін алғанда бұл аз жыл да саналмайды. Бір белес. Осы жылдар барысында, біз келгендегі жағдаймен салыстырғанда, еліміз адам танымастай болып өзгерді.  Егер осы елде бір өзгеріс болды,  бір жақсылық  жарыққа шықты десек, оны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтан,  оның күнді түнге жалғаған  дамылсыз еңбегінен бөле-жара қарауға болмайды. Елге оралып, Тәуелсіз Отанында 30-жыл ғұмырын үнсіз,  ың-дыңсыз өткізген қатардағы ғалым,  ізденгіш кәсіпкер,  қарапайым ауыл тұрғыны ретінде Тұңғыш Президенттің елі үшін атқарған ұшан-теңіз еңбегін саралап шығу оңай шаруа емес. Нұрсұлтан Әбішұлының  осы жылдарда ел үшін жасаған ерен еңбегін бір мақалаға сидыру қиын. Менің жүрегіме жылы тиіп,  санама сілкініс тудырып,  өшпес із қалдырғандарын яғни елдің ертеңі үшін атқарылған сол жетістіктердің елеулілерін, ерекшелерін тізіп ғана атап өтейін.

Бірінші, Семей полигонының жабылуы;

Бұл – империяның өктемдігінің өшірілуіне қойылған бірінші нүкте болатын.

Екінші, Тәуелсіздіктің жариялануы;

Иә, мен 1991 жылдың 25 қазанында Атамекенге оралдым. Осы шақ ҚСРО-ның ыдырауға бет алып, тәуелсіз елдердің барлыққа келе бастаған сәті еді.  Біздің Қазақстан қашан тәуелсіз ел болар екен деген оймен  күніне телевизорға телмірген күндер әлі есімде. 1991 жылғы желтоқсананның 14, 15, 16 күндері Жоғарғы кекесте тәуесіздік тақырыбы қозғалды. Жоғарғы кеңес мүшелерінің  (депутаттары)  бысым көпшілігі ел тәуелсіздігіне қарсы болды. Ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Жоғарғы кеңестің төрағасы Серікбосын Әбдильдин қайта-қайта мінбеге көтеріліп, ел тәуелсіздігінің маңыздылығын түсіндірумен болды. Қиян-кескі күрес басталды. Осы екі кісінің табандап талап етуінің арқасында 16 желтоқсан Тәуплсіздік Декларациясы қабылданды. Осы бір тарихи сәттер көз алдымнан күні бүгінге дейін кетпейді.

Үшінші, Елбасы тапсырмасымен құпия түрде ақшаның жасалуы,  оның «Теңге»  аталуы, оның ұлы тұлғаларымыздың суреттерімен безендіруі  маған шексіз қуаныш сыйлады. Бұл Елбасының тағы бір ерлігі ретінде бағалап, тәнті болдым.

Төртінші, Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекет қазынасына алғашқы құйма алтынды өз қолымен құюы.

Бесінші, Солтүстіктегі қазағы мол облыстар мен орысы жиі қоныстанған облыстардың біріктіріліуі  (Семей  мен Шығыс Қазақстан, Ақмола мен Көкшетау, Торғай мен  Қостанай облыстары) және олардың орталықтарының да орысы басым қалалар (Өскемен, Көкшетау және Қостанай) болып бекітіліуі.

Елбасының бұл шешімі солтүстік облыстардың демографиясын өзгертті. Ондағы үлкен қалалардың қазақылануына тың серпін берді.

Алтынші, ел астанасының Сарыарқа төріне көшірілуі, сондай-ақ онда осы заманғы Нұр-Сұлтан қаласының бой көтеруі.

Бұл – ел экономикасын алға сүйреді, мемлекеттің іргесін бекіте  түсті.

Жетінші, Тәуелсіздік ала сала дүниежүзіне тарыдай шашылған қазақтарды елге шақыруы, әлем қазақтарының басын қосып құрылтай өткізіуі, Дүниежүзі  қазақтары қауымдстығын құруы және оған Нұрсұлтан Назарбаевтың Төраға болып сайлануы. Соның арқасында елге 1.5 миллион қандасымыздың оралуы.

Сегізінші, көрші елдермен болған шекаралардың бейбіт әрі тең дәрежедегі келіссөздер негізінде біржола бекітілуі (қытай,  ресей,  қырғыз,  өзбек т. б.) әрі оның БҰҰ-ға тапсырылуы. Сөйтіп, болашақ ұрпаққа етек-жеңі қымталған біртұтас қазақ жерінің аманатқа қалдырылуы.

Тоғызыншы, Қазақстан халқы ассамблеясының құрылып, этностар ара береке-бірлікті сақтаудың институтының қалыптасуы. Ол өзінің тарихи миссиясын толық атқарды, атқарып болды деседе болады.

Оныншы, нарықтық экономиканың жолға қойылып, Тәуелсіздік жылдары ел экономикасының неше есе артуы, халық әл-ауқатының жақсара түсуі.

Онын бірінші, болашаққа бағдар жасап, латын әліпбиіне көшу туралы шешімнің қабылдануы.  Бұл шешімнің пайдасын біз көрмесек, көрмеспіз. Алайда, болашақ ұрпақтың оның игілігін көрері сөзсіз.

Он екінші, «Экспо-17» көрмесінің Астанада өтуі;

Он үшінші, Елбасының президенттіктен бас тартып,  бейбіт жолмен билік алмасуы. Бұл да екінің-бірінің қолынан келе бермейтін ерлік. Елдің болашағы мен тұтастығын ойлаудан туған тарихи шешім.

Он төрінші, «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы үлкен қалалардың бір-бірімен осы заманғы жоғары қарқынды тас жолмен жалғасуы.

Он бесінші, Түркістан облысының құрылуы. Бұл шешім оңтүстік шекерамызды бекемдеп, аталған өңірдің өркендеуін, түркі әлемімен Қазақстанның байланысын нығайтады.

Он алтыншы, арнайы өңірлерді бекітіп, ішкі көші-қонды жолға қою...

Бұл тізімді соза берсек, отызға жеткізуге, тіпті одан да асырып жіберуге болды.

Мүмкін біреулер «Оны неге санап отырсың, елдің бәрі біледі ғой...» дейтін шығар.

Әрине, Тұңғыш Президенттің бастамасымен жасалған бұл жетістіктерді орта мектептің оқушысы да санап бере алады.

Бірақ, мәселе онда емес.

Жоғарыда айттым ғой, мен шеттен оралған қазақпын. Арғы бетте Жоғары оқу орнын тауысып, Шыңжаң ғылым академиясында қызмет істедім. Ол - Дэн Сяопин реформасының өз жемісін беріп, Қытай халқының ішер ас пен киер киім мәселесі толық шешіліп, дамудың даңғыл жолына түскен кезі болатын. Біз ауылдан барып, Үрімжіде оқып және өлке орталығында қызмет істеп, сол жаңалықтың ортасында жүрген, зор бұрылысты көзімен көрген жас зиялымыз ғой.

Ал, Кеңес одағында жүргізілген «Қайта құрудың» салдарынан бүкіл Советтер одағы экономикалық жақтан әбден тұралған кезде Қазақстан Тәуелсіздік алды. Орталықтан басқарған әміршіл жүйе республиканы тек шикізат қайнары ретінде ұстағандықтан, бұл жаңа мемлекетте өзін-өзі қамдап ала жөнелетін өндіріс болған жоқ.

Керек болса, Қазақстанның ол кездегі жағдайы Мао дәуіріндегі Қытайдың халінен де мүшкіл күйде болатын

Соны ойлағанда біздің түн ұйқымыз төрт бөлінетін. Қазақстан қалай ел болар екен деп қатты уайымдайтынбыз.

Жоқ, Нұрсұлтан Назарбаев өте батыл шешімдер қабылдай білді. Мен Тәуелсіз Қазақстанда отыз жыл өмір сүріп, Елбасының сол шешімдерінің куәсі болдым. Көзімізбен көріп, шуағын сезінген адаммын. Ел білетін, сан мың қайталынып айтылып келе жатқан тізімді жасап отырған себебім – сол.

Қысқасы, Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан үшін Дэн Сяопиннен артық болмаса, кем реформа жасаған жоқ. Қазақстан отызында орда бұзды. Қыран мен алтын күнді көк туымыз қырық жылдықта бұдан да биікте желбірейтін болады әлі.

Бұл – ешкім жоққа шығара алмайтын тарихи шындық. Енді, Алла ғұмыр берсе, Қасым-Жомарт Тоқаев жасаған реформалардың жемісін көреміз. Көріп те жатырмыз...

«Елге ел қосылса, құт» дейді халқымыз. Сол құт болып қосылған қазақтың қарапайым азаматы ретінде қолыма қалам алып, отыз жылдық Ұлы тойдың қарсаңында өзімше тебіреніп отырмын.

Біз бостандықтың қадірін тереңірек сезетін жандармыз. Тәуелсіздігіміз Мәңгілік болсын! Баршаларыңызды Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Райыс Әріпжан,

Химия ғылымының кандидаты, жеке кәсіпкер

Abai.kz

48 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5435