Сенбі, 23 Қараша 2024
2072 3 пікір 12 Қаңтар, 2022 сағат 13:53

Жаңа премьер министрлерге қандай тапсырма берді?

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов министрлерге бірқатар міндет жүктеді. 

Атап айтсақ, Ұлттық экономика министрлігіне мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, биылғы жылдың 20 қаңтарына дейін Үкіметтің 2022 жылға арналған іс-қимыл бағдарламасының жобасын әзірлеуді, қысқа мерзім ішінде ШОБ-қа мемлекеттік қолдау шараларын ұсынудың ашық әрі түсінікті тетіктерін әзірлеуді және даму институттары (ҚДБ, «Даму» қоры және т. б.) жұмысының тиімділігіне талдау жүргізуді тапсырды.

Үкімет басшысы Ұлттық экономика министрлігіне Ұлттық банкпен және «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп Инфляцияға қарсы әрекет ету шараларының кешенін өзектендіруді, бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу үлесін қысқарту тұрғысынан «Самұрық-Қазына» АҚ сатып алу тәртібін түбегейлі қайта қарауды, «Самұрық-Қазына» АҚ мен оның еншілес компанияларының сатып алуды жүзеге асырудың бүкіл процесін қайта қарауды тапсырды.

Ұлттық экономика министрлігіне Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен, Қаржы, Әділет министрліктерімен және «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, биылғы жылдың 1 ақпанына дейін бәсекелес ортаға беруге жататын активтерді іріктеу тәсілдерін әзірлеу, Үкімет қаулысының тиісті жобасын әзірлеу және енгізу тапсырылды.

Орталық пен өңірлер арасындағы бюджетаралық өзара қарым-қатынастардың айқын қағидаларын қалыптастыру мақсатында Премьер-Министр бюджет заңнамасына түзетулер топтамасын дайындауды және жалпы сипаттағы трансферттерді есептеу әдістемесін жетілдіруді тапсырды.

Ұлттық экономика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен, батыс және оңтүстік өңірлердің – Ақтөбе, Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстарының әкімдіктерімен бірлесіп, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы және басқа да салалық бағдарламалар аясында жекелеген бағыттар әзірлеу тапсырылды.

Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп, LRT жобасын одан әрі пайдалану нұсқалары бойынша нақты ұсыныстар енгізу тапсырылды.

Үкімет басшысы утилизациялық алым мәселесін іске асырудың нақты тетіктері бар ұсыныстар дайындауды, мұнай өнімдері нарығын реттеу жөнінде шаралар кешенін әзірлеуді, бір апта мерзімде тиісті есептер жүргізуді және бензин өндірушілер мен делдалдар үшін акциздер бойынша келісілген ұсыныстар енгізуді тапсырды.

Ә. Смайылов ІІМ мен ТЖМ құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмысты жалғастыруы қажет екенін атап өтті. ІІМ-ге Ұлттық экономика және Қаржы министрліктерімен бірлесіп, бір апта ішінде Үкіметке ІІМ арнаулы мақсаттағы бөлімшелері мен Ұлттық ұланды сандық әрі сапалық нығайту жөнінде ұсыныстар енгізу тапсырылды.

Үкімет басшысы полицейлердің құқықтық қорғалуын арттыру мәселелерін пысықтауды, қару айналымы мен діни экстремизмнің таралуына бақылауды күшейтуді, бір апта ішінде Үкіметке азаматтық қорғау органдарын материалдық-техникалық және әлеуметтік нығайту жөнінде ұсыныстар енгізуді, елдің азаматтық қорғаныс жоспарына қажетті түзетулер енгізуді, төтенше жағдай кезеңінде мемлекеттік материалдық резервтен материалдық құндылықтарды шығаруды жетілдіру жөнінде келісілген ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.

Қорғаныс министрлігіне Ұлттық экономика, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Қаржы министрліктерімен бірлесіп, арнайы бөлімшелердің әскери қызметшілерінің табысын арттыру, әскери-көлік авиациясымен, қару-жарақпен және әскери техникамен жарақтандыру мәселелерін пысықтау тапсырылды.

Премьер-Министр Қарулы Күштер мен барлау құрылымдарын реформалау, әскердің қорғаныс қабілетін түбегейлі арттыру жөнінде ұсыныстар әзірлеуді және Қауіпсіздік Кеңесі Аппаратының жақын арадағы отырысына енгізуді тапсырды.

Үкімет басшысы жұмысқа орналасуға және әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтардың нақты санын анықтап, әлеуметтік-еңбек саласын сапалы жаңарту бойынша жұмыс жүргізу қажет екенін атап өтті. Ә. Смайылов бизнес идеяларды іске асыруға арналған гранттар (400 АЕК дейін) мен еңбекақы мөлшерін ұлғайту, жастар практикасына, «Алғашқы жұмыс орны» жобасына қатысу мерзімін арттыру бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.

Ұлттық экономика, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктеріне бір ай мерзімде халықтың табысын арттыру жөніндегі бағдарламаның жобасын әзірлеу тапсырылды. Білім және ғылым министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, мұғалімдер тапшылығы бар өңірлер үшін әлеуметтік қолдау шараларының тиісті пакетімен педагогтарды тарту бағдарламасын әзірлеу, беделді шетелдік жоғары оқу орындарының 5 филиалын ашу жөнінде шаралар қабылдау тапсырылды.

Премьер-Министр мемлекеттік білім беру тапсырысы жобасында техникалық бағыттар бойынша, бірінші кезекте, батыс өңірлерде гранттар санын ұлғайту, халық тығыз қоныстанған өңір жастарының жоғары оқу орындарында білім алуы үшін нысаналы гранттар көздеу қажеттігін атап өтті.

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394