Дәрігерлер Біртановқа араша сұрайды!
Желіде бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа қатысты қылмыстық қудалауды тоқтату туралы петиция жарияланды. Өтініш авторларының мәлімдеуінше, тергеу органдары, прокуратура және судьялар Біртановтың кінәсіздігі туралы уәжіне назар аудармай жатқанын атап өтті.
"Біз Біртановтың тікелей бағыныштысы да, туысы да емеспіз және Елжан Амантайұлын қызметі арқылы ғана танимыз. Ол өзі медициналық ұйымдарды аралап, теледидардан сұхбат беріп, дөңгелек үстелдерге, брифингтерге қатысып, көтерілген бірде-бір мәселені назардан тыс қалдырған емес. Бүкіл әлем сияқты елдің індетке дайын болмағаны және сол кездегі Денсаулық сақтау министріне тікелей байланысты болғанның барлығын өзі жасап, жүзеге асырғаны оның кінәсі емес.
Жақсы басшының, дәрігердің, тұлғаның тағдырына бейжай қарамайтыныңызға сенеміз. Дәл қазіргі уақытта сіздің ұжымыңызда қарапайым халық сенім артқан осындай кәсіби мамандар, патриоттар, білікті адамдар болуы керек. Біртановты заңсыз қылмыстық қудалауды тоқтатуыңызды сұраймыз!", - делінген петицияда.
Елжан Біртанов хорватиялық Ericsson Nicola Tesla компаниясы жасаған Денсаулық сақтау министрлігін ақпараттандыру платформасын қабылдап, іске қосу арқылы қызмет бабын асыра пайдаланды деген күдікке ілініп, істі болуда.
Abai.kz