Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2533 0 пікір 14 Шілде, 2009 сағат 19:18

Айхан ШӘРІП. Бурабайға барар жолға түссеңіз, 500 теңге төлейсіз...

 

 

Қараша туып, қар қылаулағанда, Қазақстандағы тұңғыш автобан ашылмақ. «Астана – Щучинск» тас жолы бойында қазір қарбалас тірлік: жол белгілері қойылып, жарық орнату жұмыстары қызу жүріп жатыр. Жолайрықтар салынып, кейбір учаскелерде асфальт төселуде. Құрылысына ел басшылығы зор мән беріп отырған соң, Үкімет басшысы да уақыт аралатып, автобанды өне-бойы «сүзіп» шығуды өзіне міндет санайды. Өткен сенбіде де Премьер Кәрім Мәсімов «Астана–Щучинск» автобанында болып, осы жерде атқарылып жатқан жол құрылысы жұмыстарымен танысты. Көргеніне көңілі толды. Сосын журналистерге «жаһандық дағдарыстан шығудың шарты – инфрақұрылымдық жобаларды дамыту» болып табылатындығын мәлімдеді.
– Инфрақұрылымдық жобалардың арасынан мен дәл осындай автожолдарды дамытуды атап өтер едім, – деді Кәрім Қажымқанұлы. – Олар жаңа жұмыс орындарын ашуға және индустрияның дамуын ынталандыруға мүмкіндік береді. Меніңше, осының арқасында Қазақстан жағымды нәтижелерге қол жеткізуде. Ал бізде жетістік барын бүгінде бәрі айтады. Мен өзіміздің жолшылардың жұмысына ризамын!
Әлемді күйзелткен қиын шаққа қарамастан, қарқынды жүзеге асып жатқан бұл тас жол құрылысын, шын мәнінде, серпінді жоба деп атауға болады: біріншіден, соның нәтижесінде қаншама қазақстандық жұмыскер жалақы алып, отбасын асырап, нәпақасын айырып отыр. Жобаны іске асыруға 3500 адам қатысуда. Құрылысқа 1 мыңға тарта техника тартылған. Екіншіден, мол инвестиция құйылуда: ұзындығы 224 шақырым болатын бұл автобанның жалпы құны 114,4 миллиард теңге. 2008 жылы 215 шақырымдық жолдың құрылысы бітіп, пайдалануға берілген. Енді қалған жұмыстарды толық аяқтауға 25,8 миллиард теңгеден астам қаржы бағытталмақ. Оның ендігі 14,7 миллиарды игерілген. Үшіншіден, отандық кәсіпорындар тапсырыстарға ие болуда: мәселен, автобан бойына жарық шашу Қарағанды өңірінің еншісіне тиген, қазір жол бойына электр бағаналары тұрғызылып, под-стансалар орнатылып жатыр. Оның бәрі – сол өңірдегі зауыт өнімі. «Қарағанды электротехникалық құрал-жабдық зауытының» коммерциялық директоры Елеусіз Төкеновтің айтуынша, бұған дейін тіпті электр қуаты бағаналарын шетелден – Түркия, Польша, Ресейден сатып алынып келген. Енді осы саладағы керек өнімдердің бәрін өзіміз түгел қамтамасыз етуге шамамыз жететін көрінеді. Құрылысқа қажетті материалдардың бәрі дерлік өзімізде шығарылады. Тек битум ғана сырттан тасылады екен. Мұны естіген Кәрім Мәсімов бұл олқылықтың да жеделдетіп орнын толтыру керектігін қадап айтты. «Қазіргі кезде битум өндірісін дамыту – Қазақстандағы автожолдарды дамытудың шешуші мәселесі. Осыған орай бүгінгі таңда Үкіметте арнайы жұмыс тобы құрылды» деді Үкімет басшысы. Журналистерге берген сұхбатында Кәрім Мәсімов еліміздің жол құрылысы саласында атқарылып жатқан жұмыстарға жоғары баға беріп, Қазақстандағы ірі жобалардың бірі – аспанасты елі мен күнбатыс елдерінің арасын жалғайтын алып автожол жобасы бойынша дайындық жұмыстардың басталып кеткендігін ерекше атап өтті. «Біз бұл жолдың дамуының нақты нәтижелеріне куә болдық және жаңа үлкен жобаның – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының басталуына қадам жасалғандығын көріп отырмыз. Осы орайда жай жол ғана салынып қоймайтындығына, сонымен бірге жол құрылысын қамтамасыз ететін әралуан индустрия түрлері өркендейтіндігіне назар аударғым келеді» деген Премьер төселіп жатқан тас жолдарда битумды қоспағанда, қалпымен «қазақстандық үлес» жұмылдырылып жатқандығын атап өтті.
Үкімет басшысына есеп берген Көлік және коммуникациялар министрі Әбілғазы Құсайыновтың айтуынша, еліміздегі битумге деген қажеттілік келер жылға қарай 600 мың тоннадан асып түспек. «Ұсақтас-шебенге деген жылдық сұраныс – 6 миллион тонна, инерттік материалдарға 2 миллион тонна болады. 2010 жылдан бастап битумға қатысты қажеттілік 651 мың тоннаны құрайды. Ал біз қазір 100-120 мың тонна ғана өндіреміз» деді ол. Ә.Құсайыновтың мәліметінше, биыл «Жол картасы» бойынша ірі автомобиль трассаларымен қатар, қалалар мен елді мекендердегі көшелер жөнделмек. Бұған 201 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Министр мырза сондай-ақ 2010-2014 жылдарда Қазақстанның автожолдар салуға 2,482 триллион теңге қаржы бағыттайтындығын хабарлады. Оның 1 миллиард 114 миллионы – бюджеттік қаражаттар. 422 миллиарды – халықаралық қаржылық құрылымдардан алынатын заем. Тағы 625 миллиард теңгені жол салып, сонымен жүйткіген «темір тұлпарлардан» алым алып, пайда табуды көздейтін концессионерлер бөлуге тиіс. Мұндай концессионерлер «Астана–Щучинск» тас жолына да қаржы құйғанын еске сала кеткен жөн. Демек, 2011 жылы Астана мен Щучинск арасында қатынау үшін ақы төлеу керек болады. Тек жол шетіндегі ауыл тұрғындары мен жолаушылар автобустарына жеңілдіктер қарастырылатын көрінеді. «Ақысына келетін болсақ, оны уақыт көрсетеді. Концессионердің ұсынысы ескеріледі. Бірақ Үкімет оны шектеп отырады. Шамамен, жеңіл машинаға Астанадан Щучинскіге бару 500-600 теңгенің шамасында болады деп жоспарлап отырмыз» дейді министрліктің Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Замир Сағынов.
Жақында жол жиегінде аялдап, табиғат аясында тынығуға арналған 3 кемпинг бой көтермек (атап айтқанда, Астанадан шыға берісте – 7 шақырымда, Ақкөлдің тұсында – 97 шақырымда және Щучинскіге жетпей – 223 шақырымда). Сонымен қатар жол бойында жанар-жағармай стансалары, дүкендер, көлік жуатын орындар, қонақүй, паркинг, саябақ және балалар ойнайтын алаң сияқты бірнеше нысан ашылады.
– Нақты нәтижені министр маған баяндады. Осы жылы автожолдың дамуы керемет екен, – деп қазақша түйді Премьер К.Мәсімов.

 

 

Айхан ШӘРІП
“Айқын” газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5399