Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3007 0 пікір 14 Шілде, 2009 сағат 19:23

Жамбыл Қырғызбай. «Тастыбұлақты» талқандаған кім?

Алматы облысының Тастыбұлақ ауылында жасыл-желектің оталып жатқандығы туралы күбір-сыбыр бұған дейін де үлкен әңгіменің өзегіне айналған еді. Осы мәселе табиғат жанашырлары тарапынан тағы да көтеріліп, енді сол маңдағы балалар ауруханасының тақырға отырмауы талап етіліп жатыр. Даулы мәселенің басы-қасында жүрген ынталы топтың басшысы Мұрат Дадабаевтың аурухана маңындағы мазасыз тіршілікті тоқтату және жасыл аймақты аталған мекеме қарамағына беру ғана орманды алқапты оталудан сақтайды деген пікірде.

Алматы облысының Тастыбұлақ ауылында жасыл-желектің оталып жатқандығы туралы күбір-сыбыр бұған дейін де үлкен әңгіменің өзегіне айналған еді. Осы мәселе табиғат жанашырлары тарапынан тағы да көтеріліп, енді сол маңдағы балалар ауруханасының тақырға отырмауы талап етіліп жатыр. Даулы мәселенің басы-қасында жүрген ынталы топтың басшысы Мұрат Дадабаевтың аурухана маңындағы мазасыз тіршілікті тоқтату және жасыл аймақты аталған мекеме қарамағына беру ғана орманды алқапты оталудан сақтайды деген пікірде.
Рас, қала маңындағы қалың ағаштың қарапайым жұрттан емес, қалтасы қалың байлардан зардап шеккеніне біраз жыл болды. Орталықтағы үйлерін жалға беріп, тоғай арасында таза ауада өмір сүргісі келген байшікештердің балта ұстап, орман отағандарына ешкім таңғалмайды. Ондаған жасыл-желекті баудай түсірсе де орнына бір шыбық шаншымайтын дөкейлер қазір хан сарайындай коттедждерде тұрып жатыр. Солардың біразы – Республикалық клиникалық балалар ауруханасының маңында. Көңілдері жарымжан ұл-қыздар келешекте торғайдың үнін, шегірткенің шырылын естімесе, көк қуалаған көбелекті, алақаныңа салып аялайтын қызыл қоңызды да көрмеуі мүмкін. – Бұл ағаштар ауруханаға көрік беріп қана қоймай, балалардың бір мезгіл таза ауа жұтуына себепші еді. Осы маңда кезінде құрылыс салудың өзіне зор мән берілген. Жақын маңдағы дәрігерлерге арнап салынған үйлер олар үшін жұмысқа жақын әрі ойнап жүрген балаларға бір мезгіл қарап қоюға да мүмкіндік беретін, – дейді Марат Дадабаев.
«Иесіз жатқан жасыл-желек – халықтікі» деп есептейтін табиғат жанашырлары қалың ағаштың қадірін кетірмеудің амалдарын тез арада қарастыруды ұсынып отыр. Бұлай болмаған жағдайда, ауруханада ем алып жатқан ұландар келешекте көлеңкеде ойнау бақытынан да айырылып қалуы мүмкін.
Бір қызығы, тоғайдың тоз-тозын шығарған азаматтардың аты-жөні белгілі. Табиғат жанашырларына құзырлы орындар берген рұқсат қағаздарын көрсетуден жалтарған жандайшаптар қазіргі қарқындарынан таймайтындықтарын байқатып отыр. Ал құрылыс нысандары қожайындарының бірі Татьяна Жмудова жұрт көзіне түсуден неге қашып жүргені белгісіз.
Тастыбұлақты талқандауға қарсы болып жүрген жергілікті тұрғындардың бірі Жайсаңбек Табанбаев аймақтағы тал-дарақтардың жетпіс-сексен жылдық тарихы барын айтады. Ал көшеттердің көгеріп, саялы баққа айналуы үшін 5-10 жыл қажет. Онда да жас өскінге күтім болса ғана...
Осыған дейін ит басып көрмеген жерде жеміс-жидек ағаштары да жайқалып өскен. Амал қанша, олардың да біразы балта ұстаған батырлардың құрбанына айналды. Болашақты ойлаған азаматтардың ащы үні әлі күнге Қарасай ауданындағы құзырлы орындарды елең еткізбепті. Ынталы топ мүшелерінің сөзіне қарағанда, үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында дауға айналған жерді мақсатты пайдалануға қатысты өзгерістер болып, мұнда ендігі жерде жеке тұрғын үйлер салуға рұқсат берілмекші. Соған байланысты екі гектар жер сегіз сотыққа бөлініп, сату басталған.
Жергілікті тұрғындар бұрындары осы маңда мүлде тұрмаған азаматтарға да жер үлестірілуі өкінішті екендігін айтады. Есесіне ауыл шаруашылығы үшін пайдаланылмай жатқан жерлер де бар көрінеді. Осылайша табиғат қорғау заңдылықтары бұзылып жатыр. Жаңа құрылыстар байырғы тұрғындарға қуаныштан бұрын өкініш әкелуде. Өйткені құрылыс қалдықтары мен түрлі қоқыстар жасыл-желекті өңірдің өкпесін тарылтып барады.
Естеріңізде болар, осыдан біраз уақыт бұрын «Іле Алатау» ұлттық табиғи бағында да заңды елемейтіндер елді шулатқан еді. Осындай жағдайлардан кейін «Елбасының тағы да ескертуі керек пе?» деп ойлайсың?

 


Жамбыл Қырғызбай
“Айқын” газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5397