Сенбі, 23 Қараша 2024
Алашорда 5636 47 пікір 4 Ақпан, 2022 сағат 13:11

Қожанов Сталинмен жұлқыса кетуге тайынбайтын

10 ақпан ақиқат алдындағы ардақты азамат, ұлтын сүйген ұлы тұлға, мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожановтың қапияда мерт болған күні. Соған орай 2018 жарық көрген «Қожановтану» атты кітабымыздағы «жақсының аты өлмейді» айдарымен берілген келесі бір дүниелерді ұсынып отырмыз.

Жақсының аты өлмейді...

Смағұл Сәдуақас, Қожанұлы Сұлтанбек және Меңдешұлы Кеңес дәуірі орнаған кезде кеңес үкіметін бірден жақтап шыққан адамдар болатын. Бірақ олар, өткен тәжірбиелері көрсетіп отырғандай, Кеңес үкіметіне тек қара басының қамы үшін қызмет етпегенін біз жақсы білетінбіз. Сұлтанбек Қожанұлы қара басының қамын ойламайтын, халқы үшін қам жеп, еңіреп туған азамат еді. Ол бұдан былай да осы қасиеттерінен айрылмайды деп сенеміз.

Мұстафа Шоқай,
Қоғам және мемлекет қайраткері,
түрік халқының даңқты күрескері.

Сәдуақасовты білмеймін, Қожанов Сталиннің өзімен де жұлқыса кетуге тайынбайтын адам. Ол сондай батыл сөйлейтін адам...

Сәбит Мұқанов,
Халық жазушысы, «Есею жылдары» кітабынан.

Сұлтанбектің қадір-қасиетін арттырар ісі – Абай мен Ахметтің қазақ әдеби тілін жетілдірудегі еңбегін, Мағжанның ақындық құдіретін жұрттан бұрын танығаны, асқақ бағалағаны.

Темірбек Қожакеев,
Филология ғылымдарының докторы, профессор.

С.Қожанов секілді алғыр, жігерлі, халықтың қамын ойлайтын, тілі өткір, беделді басшы қызметкерлерді доптай домалатып, аяқ-қолын жерге тигізбей айдатып, бір орында көп отырғызбайтын мықты бір күштің болғандығы ақиқат.

Жайық Бектұров,
Жазушы.

Сөзге тапқыр, кең тұлғалы кісі. Қызыл тілге келгенде мен ондай шешен адамды көрген емеспін. Ашуы жоқ, мінезі дарқан, сөздерін тастай етіп айтатын арыстан туған кемеңгер адам еді.

Әуелбек Қоңыратбаев,
Филология ғылымдарының докторы, профессор.

«Халық жауы» болған жоқ, қайта  өз халқының жарқын болашағы үшін күресті, сол үшін жазықты болды, сол үшін шыбын жанын құрбандыққа қиды.

Нұртас Оңдасынов,
Қоғам және мемлекет қайраткері.

Сұлтанбек Қожанұлы Қазақияның жер-суы мен ел-жұртын бір шаңырақ астына жинаушы қайраткерлердің көшбасы болды. Ол қазақтың жер-суы мен ел-жұртын бір ту астына топтастыру арқылы Ұлттық Республика құру жайындағы көп жылғы арманның орындалғанын тұңғыш рет салтанатпен жария еткен қайраткер… Ол жаулап алушылар мен билеушілер еркімен бұрмаланған қазақтың тарихи атын өзіне қайтарып беруді жүзеге асырды.

Бейбіт Қойшыбаев,
Жазушы. Сұлтанбек Қожанов. Алматы, «Қазақстан», 2007.

Қаратаудың теріскейіндегі Ақсүмбеден ұшып шыққан ақсұңқар Түркістанда түлеп, Қазақстанда қанаты қатайып, елі үшін биіктерге самғап, осы жолда жат жұртта мерт болды.

Сұлтанбектей біртуар, үлгі тұтар ұлдары болғанының өзі қазақ үшін – бақыт. Өйткені, өзім деген адамға адал, қасына қатал, барлық уақытта да адамгершіліктің асыл қасиеттерін, әділдікті ту етіп, жақсыларды маңына жинаған ерекше харизмалық қасиетке ие  сайыпқыран Сұлтанбек  Қожановтың жарық жұлдыздай жарқылдап өткен өнегелі өмірі, халқына еткен адал еңбегі ұлтқа қызмет етудің жарқын үлгісі, ал артына қалдырған асыл мұрасы елін елдікке бастайтын рухани бағдар болып қала бермек.

Дандай Ысқақұлы,
Филология ғылымдарының докторы, профессор.

Тарихи тұлғаны «өз тұғырына қондырудың» кенже қалуының сыры Сұлтанбек Қожановты өз қатарластарынан ерекшелендіріп тұрған, оның тағдырына терең із қалдырған бағы да, қасіреті де ұлтшылдығы еді. Коммунистік идеяның өзегін құраған таптық мүддеден ұлт мүддесін жоғары қойған ұлтжандылығы қайраткерді саяси қуғын-сүргін барысында көзсіз көбелектей отқа жақса, ендігі кезекте тәуелсіз тарихи танымда ұлтының ұлықтауына өзек болуы тиіс.

Хазретәлі Тұрсын,
тарих ғылымдарының докторы,
профессор, белгілі қожановтанушы.

Ол ұлты үшін лаулап жанып, сосын ұлты үшін сөнді. Халқы үшін өз өмірін де қиюға қаймықпады. Ол – Сұлтанбек Қожанов! Қазақ ұлтының Қожановы...

Жолтай Әлмашұлы,
Белгілі қожановтанушы.

Сұлтанбек Қожанұлы – үйреншікті қалыпқа сия бермейтін, үстірт қарауға қия бермейтін тұлға. Ол – шырғалаң заманнан шығандапоңаша отаудың тұнық ауасына тығылмаған, тымақ ауанына жығылмаған, сөйтіп, желдің өтіне, жардың шетінде жүрген алмас мінезді азамат...

Амантай Шәріп,
Филология ғылымдарының докторы,
профессор белгілі қожановтанушы.

Қожанов ақиқат алдында ардақталуға әбден лайық тұлға. Оның өмір жолы, көзқарасы, ұстанымы бүгінгі таңда да ескірген жоқ, ол  қазір де сан мың өскелең ұрпақ үшін – Тәуелсіздік мұратына қызмет етудің тамаша да көрнекті үлгісі бола алады. Рухы күшті, биік  азамат. Оны тарих тұғырына көтеріп, мақтаныш ету – Тәуелсіздік күрескерлерінің қазіргі буыны үшін қарыз да, парыз да.

Бейбіт Қойшыбаев,
жазушы, ғалым, белгілі қожановтанушы.

...Қатігез, қазақ халқының дарынды тұлғаларын «халық жауы» деген жалған жаламен мерт етіп отырған кеңес қоғамы Сұлтанбек Қожановтың алаштың аяулы тұлғаларына жасаған жақсылығын, құрметін кешірмеді, арада аз-кем жылдар өтсе де ұмытпай, 1938 жылдың 10 ақпан күні оққа байлады,  өлімге қиды.

Жүрегім мен зарлымын жаралыға,
Сұм өмір абақты ғой саналыға, -  деп бүкіл ғұмыры зармен өткен Мағжанның:

Ерлерді  ұмытса да ел, сел ұмытпас,
Ерлерді  ұмытса да ел,  жел ұмытпас.
Ел үшін жанын кешіп, жауды қуған
Ерлерді ұмытса да ел, шөл ұмытпас...- деп  келетін жырларының жаңғырығы жазықсыз жапа шеккен Ұлт ұстазы Ахаңа, Ахмет Байтұрсыновқа, алаш ардақтыларын ардақ тұтқан Сұлтанбек Қожанов сынды ұлтын сүйген ұлы тұлғаның биік рухына бағышталғандай. Елі ұмытпаған есіл ерді қалай құрметтеп, биікке көтерсек те жарасымды.

Ақиқат алдында ардақты тұлға болып ғұмыр кешкен, сол жолда жүріп қапияда қаза тапқан қайраткер рухын жадымызда жаңғыртып ұстау, тағзым етіп отыру – тәуелсіздік дәуірінде өмір сүріп жатқан біздің баба алдындағы перзенттік парызымыз бен қарызымыз.

Нариман Нұрпейісов,
Филология ғылымдарының кандидаты
Ақиқат алдындағы ардақты тұлға.
«Шымкент келбеті» газеті, № 6. 26 қаңтар, 2022 жыл.

Abai.kz

47 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3234
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364