Созақ және кеңестік қоғам
1930 жылдың ақпан айында біздің Созақ елінде азаттық үшін арпалысқан бабаларымыздың кеңестік жүйеге қарсы көтерілісі болды. Мен осыған орай «Созақ және кеңестік қоғам» деген тақырыппен жарияланған жазбамның тек қана осы көтеріліске қатысты жерлерін ғана жариялап отырмын. Бабалар рухына мың тағзым...
Кең байтақ туған өлкеміздегі біздің аймақ Созақтың сыры да, жыры да бөлек қой деймін. Атақты Асқар Сүлейменовтің «Созақ біріншіден – қария, екіншіден – мінез, үшіншіден - өнер» деп келетін қанатты сөздерінің танымы мен талғамын ажыратуға шамамыз кейде жетіп, кейде жетпей жататыны жасырын емес. Созақ қарияның тарихындағы там-тұмдап кездесетін деректер көне жазбаларда кездеседі, соның ішінде әйгілі «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» жылдардағы «Қаратаудың басынан көш келеді» деп басталатын әйгілі тарихи жырдағы қасіретті оқиғалардың біздің өлкеде өтуі көп жайтты аңғартады. Қазақ хандығының ту тіккен жері айбынды Абылай заманынан кейін-ақ бірде Қоқанның, енді бірде Ресейдің қол астына өтіп, қилы-қилы кезеңді басынан кешірді.
Қарт Қаратаудың теріскейінде жатқан еліміздің күні кешегі кеңестік қоғамдағы жай-күйі, басынан өткен тарихтары жайында ғана аз-кем ой бөлісуді мұрат тұттық. Кеңестік қоғамда Созақ өлкесіндей көп қасірет шеккен аймақты табу қиын шығар, ол қасіреттер әсіресе Созақтың аудан болып құрылған 1928 жылдардан басталып, 50 жылдарға дейінгі аралықты қамтиды деп айтуға болады. Біз де соның ішіндегі алғашқы жылдарындағы, яғни шамамен алғанда 1928-1938 жылдардағы басты оқиғаларға, ол оқиғалардың себебі мен салдарына, халық басына нәубет болып төнген қиындықтарын ғана еске түсіріп өткенді жөн көрдік.
Аумағына Европаның әлденеше мемлекеті сыйып кетерліктей үлкен, 42,6 мың км2 қамтып жатқан өлкеге кеңес өкіметінің құрығы сәл кейіндеу жетті десе де болғандай. 1925 жылы Қазақстанды билеуге келген Ф.И.Голощекин мырзаның «кіші Октябрь» төңкерісін жүргізгені тарихтан мәлім. Сол төңкерістің алғашқы салқыны Созаққа 1928 жылы жетті, ол аймақтағы байлардың мүлкін, мал-жанын конфискация жасап, өздерін жер аударудан бастады.
Қайран Созақ, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс, ақпан-қазан төңкерісінің дауылынан, 1918 -1920 жылдардағы азамат соғысынан аман қалса да, кеңестік қоғамның тәркілеуіне төтеп бере алмады, қаймағы бұзылмаған қалың елдің сыйлы, дәулетті, ырысты адамдары айдауға түсті, мал-мүлкі тәркіленді, аузын үріп, аяғынан тұрғызған малын зорлықпен тартып алған қоғамға не дейсің.
«Созақ – қария, Созақ – мінездің» тарихындағы келесі бір «ақтаңдаңдақтар» - ол Созақ көтерілісі. Бала күнімізде, білім қуып өзге аймақтарда жүргенде осы көтеріліске қатысты талай-талай айыптауларды, кінә таққанды көріп өстік, кейде өзіміздің Созақтық болғанымызға өкінетінбіз. Кең дала, азат өмір, өнердің ордасы болған Созақ тәркілеу, айдаудың ащы дәмін татқаннан кейін «мінез» көрсетті, оған себеп пен салдар да жеткілікті болды. 1930 жылдың 7-17 ақпан аралығында көтеріліске шыққан ашулы жандардың қолынан аудандық партия комитетінің хатшысы Күдербек Жүнісбеков бастаған 18 адам қайтыс болды. Атқару комитетінің төрағасы Қаңлыбаев, халық соты Темірбаев, тергеуші Бегалиев, инспектор Чилибаевтан өзгелерінің бәрі өзге ұлт өкілдері екен, дәлірек айтқанда славяндықтар, есепші, инспектор, фельдшер, жұмысшы, бухгалтер, меңгеруші, темірші, жылқы қора меңгерушісінің бәрі де солар екен, тағы бір таңқаларлығы олардың бірде-біреуі Созақ өлкесінің азаматтары емес, сондай-ақ тек алғашқы жауапты қызметтегі төртеуі ғана партия мүшесі мен кандидаттары. Біз ойлағандай барлық коммунистерді қырып салды деуге келмейді. Өкінішке орай алыс өлкеге барып кеңестік қоғам құрамыз деген қаншама адам мерт болды. Кеңестік қоғамның қатал саясатын, асыра сілтеу әдетін, қиянат жасау қадамын «Созақ мінез» көтере алмады, жазықсыз қан төгілді.
Сырдария округі Созақ ауданының орталығы Созақта болған «көтерілісші – бандиттерді» басуға бірінші Шымкент отряды шұғыл түрде жолға шықты. 53 адамнан құралған отряд командирі болып Исаев тағайындалды. Сонымен қатар Түркістаннан 50 коммунар, Қызылордадан пулеметі бар 50 солдат жолға шығады. Небәрі 30 шақты мылтығы бар, санаулы ғана жаман бердеңкесі мен қолдан жасалған қарулары бар көтерісшілер мұздай қаруланған әскерлерге төтеп бере алмады, аяусыз басылып жаншылды, Қорлық–зорлыққа шыдамай, қолдарына ақ ту, ауыздарына «Алла, Алла» деп ұрандатқандарды большевиктік жендеттер қырып салды, өліспей–беріліспеуге бел байлаған көтерісшілер қолынан мерт болғандар да аз емес. Олар жөнінде архив деректері өте көп. Олардың бәрін тәптіштеп келтірудің қажеті жоқ дейміз. Осы ретте Ф.И.Голощекиннің 1930 жылға 1 наурыздағы И. В. Сталинге берген ақпаратына, құпия хатына сүйенсек коммунарлардан 50 тарта адам өлсе, көтерісшілерден 400–ден астам өлгенін хабарлайды. («Ақиқат», №1, 1992 ж)
Иә, Созақтықтар күндей күркіреп бір көтерілді, қаншама бейкүнә жандар қаза болды. Кеңестік жүйенің қиянатына қарсы болған (1929–1930 ж.ж.) 400–ге жуық көтерілістің ішіндегі ерекше орны бар бұл көтерілісті бағалау былай тұрсын, аса қатты айыптаумен күн кештік. Керісінше сол қандас бауырларымызды қанға бөктірген жендеттерге, Клоков бастаған (қайтыс болған) коммунарлардың басына алау жағып, қаншама ұрпақ тағзым етіп өсті. Шымкент қаласы орталық саябағында бұл ескерткіш көп жылдар бойы тұрды.
Әйгілі бас көтеруге қатысқандарды қырып–жоюға алдымен өзге ұлттардың өкілінен жасақталған отряд шығарылды, олар аса бір өшпенділікпен әрекет етті, ақты–қараны айырмады. Олардың дені ойдан–қырдан құралған құрамалар еді, көпшілігі еріксіз барды. Архив деректерінде олардың дені агент, қойма меңгерушісі, мақта заводында жұмысшы, қара жұмысшы, кондуктор, иннструктор т.б. кәсіптің айналасында жүрген қарапайым жандар. Қоғамның қолшоқпары болып өзін де, өзгені де аямай әрекет етті. Отряд командирі Исаевтың осы мерт болған коммуналардың бәріне берген мінездемесі бар, әсіресе Клоковты (Шымкентте Клоков атындағы көше де бар) ерекше әспеттеген, ал енді М.Н.Трегубовқа берген аса құпия саналатын мінездемеде былай деп көрсетілген: «Айта кету керек, кейбір коммунарлардың айтуы бойынша Трегубов соғыс алдында қалтасынан жарты бөтелке арақты суырып алып, дем алмастан ішіп алады және қатты атыс болғанда Трегубов түрегеліп тұрып сарайға қарсы оқ атады, осы уақытта оны жұлып кетеді» («его сшибли») деп мінездеме берген. Біздің көзсіз бас иіп, ұлттық деңгейдегі батыр етіп, тағзым етіп жүрген Трегубовтың сиқы сондай, оны біз емес командирі Исаев айтып отыр.
Әрине Созақ тарихындағы кеңестік жүйенің «ақтаңдағы» жеткілікті. Сондай зұлматты, қиянатты көріп жүрсе де ата-бабаларымыз өр рухын биік ұстады, Кең даланың төсінде жүріп ата-баба дәстүрімен мал өсірді, өнер білімге ұмтылды. Біздің жылдар бойы күткен бостандығымыз да келді, ендігі күні жер үстіндегі ғана емес, жер астындағы байлықты да игеріп жатырмыз. Сәулеті мен дәулеті сай Созақ «қарияның» мінезі түзеліп, «өнері» мен өнегесі асқақтау үстінде. Туған өлкеміздің түтіні түзу шығып, кешегі көрген теперіштер тарихқа айналып келеді,
Бәріне шүкір, кешегі көрген қиянаттан белі бүгілмеген бабаларымыздың аманатын алға жетелеп, әр жүректің лүпілі туған елім, жерім, Созақ деп соқсақ, қапыда қаза тапқан, жазықсыздан-жазықсыз өмірден өткен сол ата-бабаларымызды ұмытпай, тағзым етіп отырсақ, аманатқа адалдық танытсақ, бүгін де, келешек те нұрлы болады. Мен бұдан кейінгі ғасырларда Созақ даланың тек жақсы күндерін, шуақты жүздерін көргім келеді.
Нариман Нұрпейісов,
Созақ ауданының құрметті азаматы
Abai.kz