«Ыстық көл форумы» және Горбачев
Кеңес Одағының таралуының сәл ғана алдында, бірнеше жыл бұрын, 1986 жылдың жапырағы сарғайған қазан айында, Қырғыз елінің Бішкек қаласына (сол кездегі Фрунзе) таяу орналасқан Шолпан – ата қаласының манындағы Ала-Арша аумағында, (Ыстық көл жағасы), әлем мойындаған ұлы жазушы Шыңғыс Айтматовтың мұрындық болуымен, шартараптың ел таныған әдебиет пен мәдениеттің белгілі қайраткерлері, жазушылар және ақындар, философтар (фәлсапа), сондай-ақ, өзге де танымал әдебиет майталмандары қатысқан, сол бір кездегі тарихи оқиға саналатын, «Ыстық көл форумы» өтті.
Бұл әйгілі де дақпырты алысқа кеткен форумға америкалық қоғам қайраткері және ғалым философ, футуролог, публицист, ерлі - жұбайлы Тоффлерлер, Рим клубының президенті Александр Кинге (Ұлыбритания), драмматург Артур Миллер, Джеймс Болдуин, Клод Симон және басқа да асыл сөздің шеберлері қатысты. Форумға қатысқан он алтыға жуық әдебиет пен мәдениеттің ұлы тұлғалары, бұл ғибраты мол, мән-мағынасы зор форумды, бұдан кейінгі жылдарда өз елдерінде кезекпе-кезек өткізуге тлек білдірді.
Бірақ, осы кездесу болардың алдында, форумға қатысушылармен Кеңес Одағы орталық партия комитетінің бас хатшысы Михаил Серьгеевич Горбачев өз резиденциясында кездесу өткізеді. Басқосуда әлемнің әр түкпірінен жиналған қоғам және әдебиет майталмандары М.С.Горбачевқа, қазіргі өркениетті әлеммен, сондай-ақ, дамыған және даму үстіндегі мәдениет туралы өз ойларын, пікірлерін жеткізді. Жарты күнге созылған бұл кездесуде жаңа ойлармен қатар, алғыр да өткір пікір таластар көтеріліп, біраз проблемалар ортаға салынды. М.С.Горбачев өзінің Еуразия кеңестігінде бастап кеткен қайта құру жағдайының өте күрделі жүріп жатқандығын айта келе, алдағы кезеңде Кеңес Одағының құрамына кіретін республикалардың дербестігіне көңіл бөлінетіндігі, сондай-ақ, оларға айтарлықтай ішкі дербестігін беру жоспарға алынып отырғандығы және осыларға қоса, Кеңес қарулы күштерінің белгілі мөлшерде қысқаратындығы жөнінде алғаш рет айтқан еді. Шынымен де, кейіннен М.С.Горбачев, әлемге белгілі тұлғалардың алдында осы айтылған сөздерін қалай десекте іске асыра білді. Сол тұстағы тарихи оқиғаға саналатын «Ыстық көл форумының» қалай өткендігін, М.С.Горбачевтың кездесу кезінде сөйлеген сөзін және соған қосарымыз, форумға қатысушы қайраткерлердің мағынасы терең айтқан пікірлерін зерделеп оқи отыра, сол арадағы жасалған баяндамалардың салмағы мен олардың көтерген жүктерінің шынында адамзат баласына кереметтей жаңалық екендігін ұғынасың және жаңа заманның туындап келе жатқандығын көре білесің, түсінесің. Ыстық көл жағасында өткен, бұл форумның ең негізгі алға қойған мақсаты - шартарапты мекен еткен адам баласының өмірінің қаншалықты қымбаттығын және олардың мыңдаған жылғы төккен терімен, сіңірген еңбегінің арқасында қазіргі жеткен өркениетті мәдениетін, сондай-ақ, ақыл - ойдың өмірге әкелген жаңа технологияларын қалайда сақтап қалу, дамыту және болашақтағы келер ұрпақты бейбіт заманмен қамтамасыз ету жайы сөз болғандығын аңғарамыз.
Бұл айтары бар, көтерген жүгі салмақты «Ыстық көл форумы», заманымыздың ұлы жазушы Шыңғыс Айтматовтың бастамасымен Қырғыз елінде ұйымдастырылса, оның жалғасы ретінде, қатысушылардың бірі Питер Устиновтың ұсынысымен, келесі кездесу Женева қаласында өткізілу белгіленген еді. Түрік жазушысы Яшар Кемалдің өтінішімен, одан кейінгі кездесулердің бірі Стамбулда өткізілмек болып шешіледі. Бұған қоса, форумға қатысушы көрнекті ғалым, саңылақ ақын, дипломат Федерико Майордің талап-тілегімен кездесудің тағы бір кезекті жиналысы Испанияның Гранаде қаласында ұйымдастыру жоспарға алынған болатын.
Осы «Ыстық көл форумының» жазбаларын үңіле оқи келе, осындай мәні зор, мағынасы терең, әлемнің әдебиет пен мәдениетте ірі жетістіктерге жеткен қайраткерлерін жинап, елордамыздын төрінде өркениетті заманға арналған ғылыми, мәдени және әдеби конферциялар өткізуге болар еді-ау, деп ойлаймыз. Бұған әрине, қазақ билігі тартынбай араласып, атсалысса жөн-ақ, еді. Еліміздің абыройы шартарапқа әйгіленіп, беделінің арта берері сөзсіз.
Бейсенғазы Ұлықбек,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Abai.kz