Мәңгіліктің қоңырауы
(«Педро Парамо» романы жайлы баян)
Хуан Рульфоның «Педро Парама» романы латынамерикандық жазушылардың қолтаңбасына тән «магиялық» роман аталады. Романда әкесін іздеп жолға шыққан ұл анасы сипаттаған мекеннің өлілер мекеніне, яғни барзақ дүниесіне айналғанын түсінеді. Сөйтіп ол бақидағы адамдармен кездесіп, әкесі туралы ұзақ хикаятты тыңдайды.
«Қазақ әдебитінде» кейінгі екі-үш жылдан бері әлем әдебиетіндегі үздік шығармалар туралы сараптамалық, танымдық мақалалар жариялау дәстүрге айналған. Сол дәстүріміз бойынша оқырман назарына Минәр Нұрлазатқызының «Педро Парамо» романы жайлы баянын ұсынамыз.
Қазақ Әдебиеті газеті.
ХХ ғасырдың 60 жылдарында Латын Америкасы әдебиетінде жарылыс сипатты жаңалықтар пайда болды, сол тұста әлем әдебиетінде бес жазушы аталуға тиіс болса, қазірге дейін де осы үдірісті ешқандай мемлекет, континент бұза алған жоқ. Атап айтсақ олар: аргентиналық Хорхе Луис Борхес, гуатемалалық Мигель Анхель Астуриас Роcалес, кубалық Алеехо Карпентьеер-и-Вальмонт, колумбиялық Гарсия Маркес, мексикалық Хуан Рульфо. Бұл бесеуі әдебиетті әдеттегі ұғымдағы әдебиет аясында немесе қоғамдық өмірдің қалыбы турасында қарастырмады, керісінше әдебиетке «ғажайып» деген ұғымды енгізді, әдебиеттің өзге де зор мүмкіндіктерінің ашылуына себепкер болып, әлем әдебиетінің деңгейін тіптен биіктете түсті.
«Жүз жылдық жалғыздықты» білмейтін оқырман кемде кем, ал бұл мақалаға арқау болып отырған «Педро Парамо» – осы «Жүз жылдық жалғыздықтың» жолын ашқан шығарма, яғни Гарсия Маркестің тұйыққа тірелген шығармашылығына жол нұсқаған бағдар шам. «Педро Парамоның» авторы Хуан Рульфо 1918 жылы Мексиканың Харис штатында дүниеге келген. 1986 жылы өмірден өткен. Ол – ХХ ғасырдағы Латын Америкасы әдебиетінде, тіпті, әлем әдебиетінде ең ықпалды жазушы мәртебесіне қолы жеткен қаламгер. Көпшілік оқырман оның «Лаулаған дала», «Педро Парамо», «Алтын тауық және басқа шығармалар» атты әдеби мұраларымен жақсы таныс. Сол тұстағы әдебиеттанушылар Хуан Рульфоны «Латын Америкасы прозасының атасы», «Магиялық реализмнің ұстазы» атандырды. Ұлы Борхес: «Педор Парамо› испан тілді елдер әдебиетіндегі ең үздік туынды әрі жалпы әдебиеттегі ең ұлы шығармалардың бірі», — деп жоғары баға береді.
Хуан Рульфоның ең үлкен табысы – аталған романында әдеби көркем туындының жаңа мүмкіндігін ашып, әлем әдебиетінің мәртебесін көтеруге түрткі болды. Жергілікті мәдениетті зерттеу орталығында жұмыс істей жүріп, Мексиканың бар аймағын аралаған автордың санасында азтекті адамдардың өлім туралы түсінігі мен танымы осы шығармасының тақырыбына арқау болып, оның құрылымы мен тәсілдік жаңалығына да тікелей септігін тигізді. Мексика аңғарындағы алуан мәдениеттің нәрінен сусындап, дәстүрге бай даланың қасиеті мен жаңа дәуірдің білім-ғылымын ой-санасына тоқыған Хуан Рульфоның шеберлігі оның Мая мәдениетінен, яғни түп төркін мәдениетінен жалғасқан сырлы, мифтік дүниелерді романына енгізуінде ғана емес, сонымен бірге көркем әдебиетке кино өнерінің қасиеттері сияқты ерекшеліктерін сіңіріп, шығарманы форма, тәсіл және мазмұн жағынан еш мүлтіксіз жымдастырып, ұлы туынды жаза алуында. Маялардың өлімді соңғы тыныс деп емес, жаңа бір өмірдің басталуы деп білетін мәңгілік турасындағы ұғымы «Педро Парамоға» өміршеңдік күш сыйлады.
Латын Америка даласының ғажайыпқа, мифке, аңызға байлығы және ешкім де түсіндіріп бере алмас сырлылығы Рульфо бастаған қаламгерлердің шығармаларына жаңа леп қосты, ал олардың осындай сырлы мәдениетінің, ғажайып пен мифке толы тұрмыс-тіршілігінің қайнар көзі азтектерде. Азтектер (әуелде Мешиках аталған) жаңа эраның 1100-жылдары ата мекені Азтланнан (тарих ғылымында бүгінде нақтылы қай жер екені дәлелденбеген) қоныс аударып, ғасырға жуық көшіп-қонып, 1195 жылдары Мексика аңғарына табан тіреп, сол жерде көптеген қауіп-қатерді бастан кеше жүріп, тіршілік етеді. Одан хұйтзлопочтл тәңірінің (азтек мифтеріндегі жауынгер тәңірі, күн тәңірі, күн мен оттың иесі) тасаттықты басқарушыға түсінде көрсеткен жолы бойынша жылан тістеп, кактусқа қонып тұрған қыранды көрген жер – Мексиканың орта бөлігіне ірге теуіп, сол жерде өсіп өркендейді. Олар сол барыста төлтек пен тютихуакан секілді көптеген мәдениеттерді қабылдайды, жаңа тіршілік жолдарын тауып, тәңіріне сыйынып, тасаттық беріп, төңірегіндегі ру-тайпаларды бағындырып, (көбінде тасаттыққа беретін тұтқын үшін соғыс ашатын болған) ықпалын кеңейтіп, іргеленіп, азтек империясын құрады. Осы мәдениеттің мәйегі кейін Испанияның неше ғасырлық отаршылдық әрекеттеріне дөп келгенімен, түбегейлі жойылып кетпеді, кейбір әфсаналық ұғымдар, тәңіршілдік – бәрі-бәрі христан дінінің ықпалына ұшыраса да, сарқыты сақталып қалды. Олар тәңірге сенді, әртүрлі тұрмыстың, тіршіліктің қажетіне қарай әртүрлі тәңірлері де болды. Ал осы сан қырлы азтек мәдениеті кейінгі Латын Америкасы алабында туған шығармаларда әр қырынан бой көрсетті, оның сан ғасырлық санаға сіңген, сүйекке біткен ұғымдары мен нанымдары дала туралы туындыларда көрініс беріп отырды. Жазушылар да мұндай ғажайыптарды өлі көшіре салмады, керісінше мазмұнға қарай өзгеше әдіс тауып, шеберлік танытты, сондықтан да олардың әдебиеті өзге өңірлердікінен оқ бойы озық болып, ерекшеленіп, тылсымдык пен сырлылыққа толы болды, олардың туындыларынан өзгеше тыныс, бөлек бөгенайлы болмыс бірден сезіліп тұрды.
Ал Хуан Рульфоның шығармаларына да осы азтектің өлім туралы, тәңір туралы танымдары мүмкіндігінше дарыған, жоқ, ол сол ұғымдарды шығармаға сіңіріп, дарытып қана қойған жоқ, туындылары соны негізгі нысан етіп, қайта жанданды. Ол аталған шығарманы кәдімгі түсінігіміздегі тірі пенделер арасындағы әңгімеге құрмайды, жазушы шығармасына өлілерді кейіпкер етіп, өлі мен тірінің арасындағы диалог арқылы шығарманы өрбітеді.
Октаив Паз осы турасында, «ертедегі мексикалықтар жөнінен алғанда, тірі мен өлінің арасындағы қарама-қайшылық біздікіндей абсолютты емес. Өмір өліммен жалғасын табады, керісінше де солай. Өлім өмірдің табиғи тоқырауы да емес, қайта үздіксіз айналыстың бір кезеңі ғана. Туу, өлім, қайта туу бәрі әлем айналысының бір кезеңі, ол ұдайы қозғалыста, мәңгі толастамайды»- деп жазады. Азтек, Үнді жөнінен алғанда, тірі мен өлінің ортасында анық шекаралық айырмашылық жоқ, себебі өлмектің өзі қайта тірілуден дерек береді, яғни басқа әлемде және бір тірлікті қайта бастау болмақ.
Шығарма бала мен ана арасындағы диалогтан басталады. Шешесі ұлына кезінде өзі кетіп қалған ауылын, сол алыста қалған ауылға әкесін іздеп баруын әрі ұлының әкесінен кезінде өтеуге тиісті, бірақ өтелмеген қарызын сұрауын талап етеді. Шындығында, шешесі көзі тірісінде Комаланы кереметтей жерұйық, ауасынан көмеш нанның иісі аңқып тұратын жайлы мекен ретінде суреттейтін. Шешесінің әңгімесі құлағына сіңісті болған ұлы Хуан ол жерге соншама үміт арқалап жетеді, бірақ, осынау мекенге аяқ басқанда ғана оның қапырық басқан тақыр дала екенін біледі. Кеңістіктен бал тамып тұрғандай әдемі иіс аңқымайды, жайқалған жасыл желек, шат-шадыман тірліктің нышаны да көрінбейді, адам иә адам емесі белгісіз жандар біріне-бірі сілтеп жүріп, оны Комаланың тозағына, яғни өлілер мекеніне бастап барады. Оқырман шығарманың өзекті тұсына келгенде барып, әкесін іздеп келген жігіттің де қара жердің қойнына түскенін, ендігі әңгіменің өлілердің аузынан айтылатынын сезеді. Олар Комала жайлы, шешесі туралы, Педро Парамо хақында хикая шертеді. Педроның бала күнінде жоқшылық көргенін, бала қызға ғашық болғанын, қыздың ауылдан алысқа кеткенін, сүйген қызы жоқ болған соң, махаббат пен отбасынан баз кешкен Педроның барлық мүмкіндігін тек мал тауып, атамандық (кәсик) құруға ғана жұмсағанын баяндайды. Ол үшін жеке басын да құрбандыққа шалады, яғни қарыздан құтылу үшін сүймесе де бардам жердің қызына, әкеден қалған мүліктің мұрагері, өзіне қарыз берген құныкері – кейіпкеріміздің шешесіне үйленеді, соның қазына- мүлкімен қолдан келетін барлық жаманшылық пен қастандықты жасай жүріп, алпауытқа айналады. Комала жөнінен алғанда, Педро бәріне қол жеткізді, ақша да, әйел де, билік те бәрі соның уысында болды, бірақ, ойына алған нәрсесі оған көлеңкесін де көрсетпеді, тек елес рәуіші ғана көз алдында жүрді. Бала ғашық отыз жыл армандаттырып, әбден азып, ауру болғанда қыстаққа қайтып барады, ессіз күйде оралса да, Педро оны құзырына алып, бағып-қақты, бірақ әйелдің тәні ғана оның құжырасында болды, ал жан әлемі, сана сезімі басқа әлемде, тіпті, Педроның бар екенін бір сәтке сезінген де жоқ еді. Сөйтіп, Педро байқұстың ұзақ түндері бір кезде сүйген ғашығын қасында отырып күзетумен болса да, оның жан дүниесіне еш бойлай алмай, рухани дүниесінің есігін аттай да алмай, баяғыда өткен күндерінің тап-таза, ләзәтті шағын ғана азық етіп, құр тұлыпқа телміргендей, әйелдің аласұрып азап шеккен тәніне есік көзінде тесіле қараумен ғана өтті. Әйелдің жанын өзі түсіне алмағаны секілді, өзі жайлы да әйелге ештеңе аңдаттыра алмады. Педро Сусанаға емес, осы күйге қалған өзіне және дүниеге кектенді, ештеңеден қаймықпас, селт етпес Педроның осал тұсы осы әйел-тұғын. Ақыры Сусана соқпақтың екі жағалауындағы ағаштардың жапырағын тербетіп ұжымаққа бет алған сәтте, Педроның қаңыраған жан әлемі құрдымға құлайды, тәні де күйрейді. Сол үшін де Педро әкесі өлгенде соны сылтауратып, бір аймаққа қанды қасап қырғын салса, енді бірде Сусана өлгенде, өз тірлігінің мәні кеткені үшін басқаның да тірлігін қаперіне алмайды. Күнде тән азабын шеккен Сусананың өлімі басқалар үшін оның арылуы боп сезілуі ғажап емес, әсіресе қасиетті күнге қараған түні көз жұмғаны үшін ол тіптен солай болмақ керек-ті, ендеше өлімнің артын дүбірге айналдырып жібергенін түсінуге болар да еді, бірақ Педро олай етпейді. Ол өмірлік өкінішінің ашуын басқадан алды, ол үшін тек өзі жеңді ме, жеңілді ме, сол нәтиже ғана маңызды еді. Сондықтан Сусананың өлімін ел қадірлемеді деп, көзсіз өшпенділікпен көпе-көрнеу дәргейіне бас ұрған жұрттың аштан қырылуына себепкер болады. Соңында Педроның оба тас құсап құрдымға кетуімен шығарма аяқталады. Педро шығармада қолынан бәрі келетін әрі қолынан келетін іс үшін ештеңесін аянбайтын қанпезер ретінде суреттеледі, яғни өз сөзімен айтқанда: «Заң екеш заң да соның өзі». Бірақ, сонда да Педроның қолы сүйгеніне, рухы өлілер мекеніне жете алмайды. Оның өлімі кәдімгі адамдардың қайтуы сияқты рухтың бойдан көшуі емес, қайта бүтін дүниенің жарылып құлауы болып суреттеледі, бейне бір нақты нәрсенің әуелгі құрылымының бөлек-бөлек болып ажырап, бір-бірлеп солып, ең соңында қирап қалғаны сынды.
Шығарманың жалпы мазмұнында кісіні елең еткізерлік, тым күрделі оқиға немесе шиеленіс жоқ. Бірақ, шығарманың құны сонда, шым-шытырық, өзара байланыссыз әңгімелер мен көріністер эстетикалық ой арқылы оқырманға Комаланың ана аузындағы бақытты шағы мен ұлының сапарға аттанып бара жатқандағы суретін елестетеді, Педроның хикаясын білуге ділгір етеді. Бәрі де бір сыдырғы оқиға тізбегі арқылы берілмейді, әрбір көрініс пен диалог табиғи әрі шебер қиысады, әрі оқырманның із қуып, аса сақтықпен оқуын қажет етеді. Өткендегі Комала мен бүгінгі өлілер әлеміндегі Комала сынды екі кеңістікке байланысты құрылған екі уақыт бар, уақыттың ағысы екі түрлі кеңістікте тең жүргізіледі, шығармадағы уақыт кеше мен бүгін ғана, ал сол бүгіннің мәңгі шексіздіктің құшағында тұншығып қала беретіні ашық аңғарылады. Өткен мен бүгін, жерұйық Комала мен өлілер әлеміне құрылған Комала екеуі пареллель беріліп, сабақтаса жүріп отырады.
Автор шығарманы баяндауда, әсіресе шығармадағы кейіпкерлердің жандүниесін ашуда, көбінде мезеттік сезім-түйсіктерді сол қалыбында қағазға түсірген. Ол әдебиеттегі әдепкі бейнелеу мен жеткізудің оқырманға түсінікті қалыбын өзгертіп, адамның жан дүниесіндегі байланыссыз немесе үзік-үзік ой әлемін сол әуелгі кейпінде бейнелей алған. Мысалы, Педроның махаббатын Сусана екеуінің арасындағы белгілі тәртіппен орналастырылған диалог әлде оқиғалармен емес, Педроның жан әлеміндегі бір сәттік сағыныш сезімдері мен қиялдарын бейнелеу арқылы суреттейді. Аталған романда кейіпкердің аты болсын, жер аты болсын, жел, су немесе топырақ болсын, бәріне символдық мән берілген. Мәселенки, әкесі бір, шешесі бөлек, бір-біріне бейтаныс екі ағайынды Лос Инкюентрос деген жерде ұшырасады, «осы жердің атының өзі испан тілінде «Жолығысар жер» деген мағына береді» дейді сыншылар, ал соған ұқсас, Медя луна да «Сынық айлы ауыл» мағынасында, яғни жәртікеш сынық айлы ауыл деу арқылы Педроның көрер көзге төрт тұрманы сай болғанымен, шын мәнінде бақытсыз екенін емексітеді. Шешесінің бейбақ ғұмырын, әсіресе махаббаттан таяқ жеген жаралы жүрегін былай жеткізеді: «Фотосуретті құшынаштықтың құралы деп білетін, расында, солай да сияқты, өйткені, оның суреті шұрқ-шұрқ тесік екен, әсіресе жүрек тұсындағы тесіктен ортаңғы саусағың өтіп кететіндей». Ал Педроның ең соңында оба тас құсап құлағаны оның өлілер мекеніне бара алмайтынын ғана емес, жан дүниесінің тастан біткендей қаттылығын, кәсик секілді қоғамдық түзімнің де құрдымға бет алғанын білдіреді. «Жүз жылдық жалғыздықта» сұлу Ремедиос атты кейіпкер бар еді ғой, сұлулығы сондай Аурелиано Буэндианың есіл-дертін алып, ешкімге дес бермес оны қалай құндақтайды. Сол сұлу оқыс жағдаймен жаны да, ары да тап-таза күйінде аспанға ұшқан күні бәрінен жұрдай болған Аурелиано Буэндиа енді төңкеріс жолына түседі, жолындағының бәрін жайпайды, маңайына таяған әйел біткенді құтқармайды, он жеті ұлды болады, бәрі бір жатырдан емес, әрине. Ал «Педро Парамода» да сондай бір кейіпкер бар, ол – Педро, еңгезердей алып, төңірегіндегі әйел біткеннің төсегін былғаудан танбайды, бірақ шын сүйгені Сусанаға ғана қолы жетпейді, елесі де, түсі де, есі де тек Сусана ғана, қыршын қызды құшағына алып жатып та оны Сусанаға балайды. Талай әйелдің құрсағына Педроның белінен тамған қан ұрпақ болып жетіледі, өмірге келеді, бірақ, Рентерия рухани әкей табыстаған ұлдан басқасын ол ұлым деп танымайды. Ал Сусана есі ауысып, көтеріліп ауырғанымен, кіршіксіз, таза күйінде өмірден өтеді. Ал оның өмірден көшуі Педроны қырғынға итермелейді. Сусана өлген соң шіркеудің қоңырауы үзілмей соғылады, ақыры аяғында қалың қоңырау жарысып ұзаққа созылған шуылға айналады, кісі біткен керең боп, ел біткен айғайлап сөйлесетін болады. «Жүз жылдық жалғыздықта» да осындай бір ауру таралып, ел біткен есінен жаңылып, ұмытшақ болады. Шығармадағы осынау оқиғалардың қоғамдық, әлеуметтік байланыста туғаны зерделі адамға түсінікті екені айқын.
Минәр Нұрлазатқызы,
Бейжің қаласынан шығатын «Ұлттар әдебиеті» журналының бас редакторы
Abai.kz