Сенбі, 23 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 5054 18 пікір 23 Ақпан, 2022 сағат 11:20

Украинадағы жағдай: Жапаров Ресейді жақтады

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Украинадағы жағдайға қатысты пікір білдіріп, Ресейдің әрекетін ақтағандай болыпты. Ол өз пікірін әлеуметтік желіге бөліскен.

«Украинаның шығысындағы жағдайға алаңдап, бақылап отырмын. Маған ондағы ахуал жайлы, соның ішінде Донбаcс төңірегіндегі мәселелер жөнінде тұрақты түрде хабарлап отыр.

Қырғыз Республикасы әрдайым Минск келісімдерінің орындалуын жақтап келді. Ал Минск келісімдері – жанжалды реттеу бойынша БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінен қолдау тапқан бірден-бір құжат. Өкінішке орай, оның орындалмауы – қазіргі жағдайға әкеліп соқтырып отыр.

Орын алған жағдайды тек қана бейбіт жолмен, адам шығынын болдырмай, дипломатиялық жолмен, келіссөздер арқылы тұрақтандыру керек деп білемін. Өйткені – адам өмірі – бәрінен қымбат. Мен тараптарды жағдайды тұрақтандыруда барынша ұстамды болуға шақырамын. Бұл жағдайды одан ірі шиеленістірмеу үшін маңызды.

Мүмкін, бұл көптеген Ресей азаматтары тұратын Донбасстың бейбіт тұрғындарын қорғау үшін қажет болған шығар. Қандай да бір мемлекетті мойындау кез келген елдің егеменді құқығы екенін атап өткім келеді», - депті Қырғыз президенті Садыр Жапаров.

Айта кетейік, Ресей президенті Владимир Путиннің Украинаның Халықаралық деңгейде мойындалған территориясы, сеператистердің лаңынан кейін екіарада қалған екі облыс – Луганскі мен Донбассты «дербес мемлекет» деп мойындауы Халықаралық саяси жағдайды қатты ушықтырды.

АҚШ және Еуропа елдері бірінің ізін ала екіншісі Ресейге қарсы саяси һәм экономикалық санкциялар пакетін жариялап жатыр. Президент Путин даулы жарлыққа қол қойған алғашқы тәуліктің өзінде Ресейдегі ірі компаниялардың акциялары 20 пайызға құлдыраса, ірілі-ұсақты бизнес элита 8 миллиард доллар жоғалтқан. Ал одан бөлек, АҚШ пен ЕО Ресейлік тағы 350 тұлғаға және мемлекеттік секторға жекелеген санкциялар жариялады. Германия билігі «Солтүстік ағын - 2» жобасын тоқтатты.

Өркениетті әлем елдері Ресейдің бұл агрессорлық әрекетін айыптап сөйлесе, бірен-саран елдер Ресеймен үндестігін білдіруде. Сонымен қазірге дейін Луганскі мен Добассты кімдер мойындады, кімдер жоқ? Қараңыз:

Мойындаған мемлекеттер:

Сирия, Куба, Венесуэла, Никарагуа.

Мойындаған субьектілер:

Осетия, Абхазия, Йемен хуситтері.

Өзге мемлекеттер:

Сербия президенті Александр Вучич: «Сербия Еуропалық жолда. Алайда, халықтың 85 пайызы ылғи Ресейдің жағында», - депті.

Қазақстан: «Ең біріншіден өздеріңіз түсінесіздер, қазір жағдай өте шиеленісіп жатыр. Кеше Путин ЛХР мен ДХР дербес ел деп мойындады. Жағдай күрделі. Ал Қазақстанның ресми ұстанымы әлі де талқылануда. Біз халықаралық құқық негізінде, БҰҰ негізінде бейтараптық саясатын ұстанамыз», - деді ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді.

АҚШ: «Біз Ресейдің осындай қадамға баратынын білдік және оған лайықты түрде жауап береміз», - деп мәлімдеген.

Қытай: «Кез келген мемлекеттің заңды мүддесі мен қауіпсіздігіне құрметпен қарау керек. БҰҰ Жарғысының принциптері мен мақсатын орындау керек», - деген.

Еуропа елдері түгел дерлік Украинаның территориялық тұтастығын қолдап, Ресейге жойқын санкциялар салуға шақырған.

Канада: Ресейдің Луганскі мен Донбассты мойындауын қатаң айыптайтынын айтқан.

Жапония: Луганскі мен Донбассты мойындауды қатаң айыптап, Ресейге санкция салатынын жариялаған.

Түркия: Президент Режеп Тайып Ердоған да Украинаның территориялық тұтастығын қолдайтынын мәлімдеген.

Беларусь: Ресейдің Луганскі мен Донбассты мойындауына құрметпен қарайтынын мәлімдеген. Алайда, аталған екі аймақтың дербестігін мойындау я мойындамау туралы айтпаған.

Abai.kz

18 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3235
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5366