Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 2515 15 пікір 23 Ақпан, 2022 сағат 11:59

«Жаңа Қазақстан» құру - бір ай, бір күннің шаруасы емес!

Қаңтардағы қайғылы жағдай бәріміздің қабырғамызды қайыстырғанмен, мемлекетіміздің іргесі бұзылған жоқ. Елімізді теңселтуге жасалған  соққы қатты болғанмен, шаңырағымызды  шайқай алмады. Қоғамды, халықты қирата алмады. Мемлекетімізді сақтап қала алдық. Қазақстандағы бұл ахуалды билікті басып алып, күшпен өзгерткен көршілес Қырғызстандағы жағдаймен салыстыруға болмайды. Ел басына күн туған сәтте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа да оңай соқпағаны рас. Кімнің бүлікші, кімнің бейбіт тұрғын екенін ажырата алмайтын қиын сәтте көш бастаушының көрегендік танытуы, сөзіне сендіре білуі маңызды еді. Президент бұл үдеден шықты.

Халықтың бейбіт митингісімен басталып, аяғы бүліншілікке ұласқан бұл оқиғаның себеп-салдары болашақта жан-жақты зерттелетін болады. Онда бірталай адам құрбан болды. Олар жайдан-жай өмірін қиған жоқ. Әрине митингке шыққандардың бәрін содыр деуге болмайды. Арандатушылар болды. Оны жоққа шығаруға болмайды. Мемлекет пен жекеменшіктің мүлкін өртеп, адамдарды өлтірген адамды содыр емес десек, күнәһар боламыз. Билік органдарын басып алу, өртеу біздің тарихымызда ешқашан болмаған жағдай. Сондықтан бұл қазақ халқына үлкен сынақ болды. Бұған дейін біз саяси жағынан да, экономикалық жағынан да аймақтағы ең тұрақты елміз дегенді көп айтатынбыз. Бізді тағдыр сынады. Ең бастысы, сынақтан құламадық.

Осы сәтте Мемлекет басшысының халыққа жолдаған үндеуі мен мәлімдемелері дер кезінде жасалды. Өйткені қиналған, бағдарынан ажыраған халықтың демеуді өзгеден емес, өзі сайлаған Президенттен күтетіні белгілі. Мұндай қым-қуыт кезде Мемлекет басшысының жанында екенін, халықпен бірге екенін сезінуден қуатты ештеңе жоқ.

Соңғы 30 жылда бәрміз бүйтеміз, сүйтеміз, қатырамыз деген сөзді көп естідік. Осы уақытқа дейін қаншама мемлекеттік бағдарламалар қабылданды. Әрдайым өзгеріс туралы айту жеңіл болғанмен, оны орындау қиындық тудырды.  Биылғы «Қаңтар қасіреті» соның нәтижесі деуге болады. Біз одан үлкен сабақ алуымыз керек. Оны қайта-қайта айта берудің де енді қажеті жоқ. Өткен күнге ғана қайрыла бермей, алдағы өмірімізде мұндай жағдайдың енді қайталанбауы үшін билік органдарынан бастап, азаматтық қоғамның барлық өкілі өзгеріске дайын болу керек. Егер бәріміз бір кісідей жұмылып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын болсақ алынбайтын қамал жоқ.

Біздің өмірімізді ешкім сырттан келіп жақсартып бермейді. Мен осы уақытқа дейін биліктің де, оппозицияның да халыққа берген уәделерін түгел естідім, көрдім. Тіпті өзі шетелде жатып, бізге ақыл айтқандар аз болған жоқ. Жеме-жемге келгенде барлық жағдаймен бетпе-бет қалып, өмірдің ащысын да, тұщысын да көріп, біліп, сезіп, барлық қиындықты қайыспай көтеріп келген елдің бірлігі мен ынтымағы ел басына күн туған кезде тағы бір сыннан өтті.

«Жаңа Қазақстан» бағдарламасы бір күннің не бір айдың, болмаса бір жылдың ішінде жүзеге асатын оңай шаруа емес. Елдің сенімін арқалап, үмітін үкілеген Президенттың иығына түскен жүкті де жеңіл деп ешкім айта алмасы анық. Осындай сын сағатта халқымен бірге болып, оның ортасынан табылған Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдында әлі көп сынақ тұр. Осындай қысылтаяң кезеңде елге жағатын сөз айту да, көпке үлгі болатын іс жасау да оңай шаруа емес.  Біз сөзден  ешкімге есесін жіберетін халық емеспіз. Енді сөзімізді ісімізбен дәлелдеп, өз алдымызға дербес ел бола алатынымызды және  ұлттық мемлекет құра алатынымызды өзгеден бұрын ең алдымен өзімізге тағы бір рет дәлелдеп, содан кейін оны өзгелерге мойындатуға әрекет жасауға тиіспіз. Сонда ғана әлемнің дамыған елдерімен иық тірестіріп тұра алатын, өзінің күш-қуаты мен әлеуетіне сенімді ел ретінде әлемдік қауымдастықтағы өз орнымызды сақтап қала аламыз.

Рахман Алшанов,

экономика ғылымдарының докторы,
Туран университетінің ректоры.

Abai.kz

15 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364