«Қырық» президент – бір жақ, қыңыр Путин – бір жақ
Өткен сәрсенбіде (23.02.2022 ж) Нью-Йорк уақытымен кешке қарай БҰҰ-ның құзырындағы Қауіпсіздік кеңесінің отырысы болып, жиынға бас хатшы Антониу Гутерриштің өзі қатысты. Жиын негізінен Ресейдің Украинаға жасап отырған қоқан-лоққысына арналған еді. Әне-міне соғыс өрті тұтанып кетуі мүмкін екендігін ескерген Бас хатшы Гутерриш жиын барысында РФ президенті Путинге үндеу жасап: «Give peace a chance», яғни «әлемге тыныштық беріңіз», – деді.
Гутерриштің үндеуі жарияланған соң жарты сағаттан кейін Мәскеу уақыты бойынша таңғы сағат 5-те Путин Ресейдің мемелекеттік телеарналарынан сөйлеп, Украинаға соғыс ашып жіберді. Путиннің бұл сөзі алдын-ала – 21 ақпанда жазылып қойған деген сөз бар. Соған қарағанда Кремль тек БҰҰ-ның мәлімдемесін ғана күтіп отырса керек. Қазір Ресей әскері Украинаның жерінде қанды қырғын жасап жатыр. Путин мен Ресейдің Мемлекеттік Думасы ғана мойындаған «ДХР» мен «ЛХР»-ды украин «ұлтшылдарының езгісінен» құтқарып, аймақты азат етеді деген Ресей армиясының әскери әрекеті тура Киевтің өзінен басталды. Ел астанасында стратегиялық нысандарға әуе шабуылдары жасалып, ғимараттар отқа оранған.
Соғыстың алдында Путин Украинаның қарулы күштеріне сес көрсетіп, «қаруларыңды тастаңдар да үйлеріңе қайтыңдар. Сендер халық алдында ант бергенде хунта жасау үшін ант берген жоқсыңдар» деген еді. Ал Украина президенті Владимир Зеленский болса телеарналардан Ресей халықына қарата сөйлеп, «сіздер орыс баспасөзіне сенбеңіздер, орыс журналистері сіздерге жалған ақпараттар берумен келеді. Украинада ұлттық кемсіту, зорлық-зомбылық атымен жоқ» деген-ді. Украина президенті бұл сөздерді орыс тілінде айтты. Алайда соғысқұмар әрі әсіре саясиланып кеткен Ресей журналистері Украина халқына қарсы ақпараттық агрессия жасаудан бір сәтке тартынған жоқ. Жаулықты жалғастырып, орысты бауырлас украина халқына жауықтыра түсті. Осы күндері Батыс мемлекеттері, соның ішінде Ұлыбритания Ресей арналарының таралуына тиым салуды қолға алды. Кремль де қарымта қайтарып ВВС-ді көрсетпейміз деп жатыр.
Сонымен Путин орыс армиясына бұйрық беріп, Украинаға басып кірді. Путиннің мұнысын төрткүл дүниенің халқы «жаһанға қарсы жасалған жорық» деп бағалауда. Путиннің жорығын АҚШ-қа қарсы біріге қалатын ресми Бейжіңнің өзі қолдамады. «Қыңыр кісі бір жақ, қырық кісі бір жақ» демекші, Путин қазір жалғыз. Ол орыс әскерінің қаруын әлемде теңдесі жоқ қару деп мақтап, орыс әскерін арқаға қағып соғысқа айдап салды. Мұның ақыры Кремльдің төбесіне тігілген Украин туының желбіреуімен аяқталады дейді кейбір сарапшылар. Путин болса, кім алдымнан шығып, жолымды кессе, аямаймын, қатыгездікпен езіп-жаншимын дегенді айтады. Қараңыз: «Хочу обратиться к внешним силам, кто бы не пытался создать угрозы для России, ответ будет незамедлительным. Ни у кого не должно быть сомнения, что прямое нападение на Россию приведет к разгрому и ужасным последствиям для потенциального агрессора».
Қысақсы, Путинге соғыс не үшін керек болды? Әзірге бұл сұраққа жауап ашық айтылмаса да белгілісі: Путинге соғыс Мәскеудің әлемдік саясатқа ықпалын әлсіретіп алмау үшін, Батысқа Украинаны беріп қоймау үшін, айналасындағы елдердің батысшыл болып дамып кетпеуі үшін, бұрынғы КСРО-ның құрамындағы елдердің бәрін бір өзі билеп-төстеп отыру үшін керек болды. Оның сыртында РФ-да президент сайлауы келе жатыр. Елдегі күрделі мәселелерді реттей алмайтындықтан өзге жұрттың жеріне шала тастап, соғыс ашып жіберетін орыс билеушілерінің баяғы тәсіліне бағып, міне, Путин де санкциялардан күйзелген халқының қал-жағдайына қарамастан, қан майданға кірді де кетті.
«Мен Путинді Николай I ұқсатамын. Біздің аталарымыз Қырымда Николайдың «артын жыртып» жіберген болатын. Біз соны тағы да қайталай аламыз» деді Ұлыбританияның Қорғаныс министрі Бен Уоллес.
Бен Уоллес осылай дегенімен әзірге Путиннің беті қатты. АҚШ пен Батыс та «ә» дегенге «мә» демей санкциялармен шектелуде. Санкциялар бірақ жері бай, халқы көп, оның үстіне төңірегіндегі елдерге үстемдігін жүргізіп, орыстың май сасыған зауыттарынан шыққан дүниелерді тықпалап, экспорт жасап отырған Мәскеуге соншалықты терең әсер ете қоймайтын да сияқты. Сөз жоқ, Ресей-Украина қақтығысы бізге де салқынын тигізері анық.
Стартегиялық әріптес әрі көрші, әрі саяси-экономикалық әм әскери одақтас мемлекеттер ретінде Қазақстан РФ-ның жағында болуға мәжбүр. Алайда Ақорда бейбіт өмірді қолдап, бейтарап саясат ұстануға ұмтылады. Әйткенменде Ресей әскеріне Беларус әскері қосылып Украинаға аттанғанын ескерсек, ахуалдың алдағы күндері күделене түсуі мүмкін.
Дәурен Қуат
Abai.kz