Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 5595 0 пікір 3 Қазан, 2012 сағат 07:48

Алмат Исаділ. ҚЫЗЫЛ ӨЛЕҢ

2012 жылдың 12-қазан күні Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде белгілі ақын, аудармашы  Алмат ИСӘДІЛДІҢ шығармашылық еңбегінің 20 жылдығы мен «Жалын» баспасынан жарық көрген «Көкжиекке сіңген жол» атты жыр жинағының жарық көруіне орай «Аспантаудан жаңғырып жеткен өлең...» атты шығармашылық кешіне шақырамыз!

Кешке белгілі қаламгерлер, ақынның шығармашылықтағы қанаттас достары, ақпарат құралдарындағы әріптестері қатысады.

Кеш қонақтары:

Қазақ ән өнерінің майталмандары Рамазан Стамғазиев, Ұлту Қабаева, Роза Әлқожа, Тілеулес Құрманғалиев, Қадырғали Көбентай, Ербол Құдайберген, «Шарын», «Серілер», «Ғасыр», «Айтұмар» тобы «Жас өркен» би ансамблі және Ермек Балжігіт.

Кешті ақын, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты

Жанарбек Әшімжан жүргізеді

Өтетін орны:

Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйі

(Абылай-хан д-лы 105)

Басталуы: 2012 жыл, 12 қазаны, сағат 17.00-де

Келем деушілерге есік ашық

Кештің бас ақпараттық демеушісі: Республикалық «Алаш айнасы» газеті

Ақпараттық қолдаушылар:

«Қазақ әдебиеті», «Мұқағали», Қазақ радиосы, «Массагет», «Тенгри. Ньюс» СТВ, «Айқын», «Түркістан», «Дала мен Қала», «Жас қазақ», «Жас Алаш», «Жас қазақ үні», «Алматы ақшамы», «Жетісу»

Байланыс телефондары:

2012 жылдың 12-қазан күні Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде белгілі ақын, аудармашы  Алмат ИСӘДІЛДІҢ шығармашылық еңбегінің 20 жылдығы мен «Жалын» баспасынан жарық көрген «Көкжиекке сіңген жол» атты жыр жинағының жарық көруіне орай «Аспантаудан жаңғырып жеткен өлең...» атты шығармашылық кешіне шақырамыз!

Кешке белгілі қаламгерлер, ақынның шығармашылықтағы қанаттас достары, ақпарат құралдарындағы әріптестері қатысады.

Кеш қонақтары:

Қазақ ән өнерінің майталмандары Рамазан Стамғазиев, Ұлту Қабаева, Роза Әлқожа, Тілеулес Құрманғалиев, Қадырғали Көбентай, Ербол Құдайберген, «Шарын», «Серілер», «Ғасыр», «Айтұмар» тобы «Жас өркен» би ансамблі және Ермек Балжігіт.

Кешті ақын, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты

Жанарбек Әшімжан жүргізеді

Өтетін орны:

Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйі

(Абылай-хан д-лы 105)

Басталуы: 2012 жыл, 12 қазаны, сағат 17.00-де

Келем деушілерге есік ашық

Кештің бас ақпараттық демеушісі: Республикалық «Алаш айнасы» газеті

Ақпараттық қолдаушылар:

«Қазақ әдебиеті», «Мұқағали», Қазақ радиосы, «Массагет», «Тенгри. Ньюс» СТВ, «Айқын», «Түркістан», «Дала мен Қала», «Жас қазақ», «Жас Алаш», «Жас қазақ үні», «Алматы ақшамы», «Жетісу»

Байланыс телефондары:

  • Қазақстан Жазушылар одағы: 8(727) 2 61 62 95
  • «Алаш айнасы»: 8(727)388-80-60, факс:8(727)388-80-61,

e-mail: info@alashainasy.kz

  • Алмат Исәділ: 8(727) 388 80 64, 8777497 31 97

e-mail: almat-76@mail.ru

 

Өмірдерек

МҰРАТҰЛЫ АЛМАТ ИСӘДІЛ

Қазақстан Жазушылар одағының және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын, аудармашы, журналист Исәділ Алмат Мұратұлы 1976 жылы 20 желтоқсанда Алматы қаласында дүниеге келген.

Алматы облысы Райымбек ауданы, Кеген ауылындағы орыс орта мектебінде, аудандық Музыка мектебінің домбыра сыныбында оқыған. ҚазМУҰ-дың журналистика факультетін сырттай бітірген. Еңбек жолын №2 Кеген орта мектебінде музыка пәні мұғалімі ретінде бастаған. Республикалық оқушылар Сарайында қызметкер, «Алматы ақшамы» газетінде бөлім меңгеруші, жауапты хатшы, «Елорда» баспасында әдеби редактор, «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгеруші, Қазақ-Британ университетінің редакциялық-баспа бөлімінің бас менеджері, «Қазақ радиосы» бағдарламалар бөлімінің шеф-редакторы, «Әдебиет айдыны» газеті бас редакторының бірінші орынбасары, «Қазақ университеті» газеті бас редакторының орынбасары, «Жас қазақ үні» газеті бас редакторының бірінші орынбасары, «Қазақстан» ұлттық телеарнасының жүргізуші-редакторы қызметтерін атқарған. Қазіргі уақытта республикалық «Алаш айнасы» газетіде Мәдениет бөлімінің редакторы. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің дипломанты, бірнеше жыр мүшайраларының жүлдегері, Ілияс Жансүгіров рухына арналған республикалық мүшайрасында Сайын Мұратбеков атындағы арнайы сыйлықтың иегері атанған.

Әдеби аудармамен айналысады. Түріктің  Ж.Әміре сынды классиктері мен қатар М. Джевдет, А. Тимучин, О. Рифат есімді танымал түрік шайырлары мен А.Пушкин, С.Есенин, М.Лермонтов, И.Северянин, И.Анненскии сынды орыс ақындарының шығармаларын қазақшалаған. Орыс тілінде жазатын қазақтың көрнекті ақыны О. Сүлейменовтің бірқатар шығармаларын ана тілінде сөйлетті. Ақын сондай-ақ балалар әдебиетіне де ден қойып кішкентай оқырмандарға, жалпы балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармалар жазып жүр. Ақынның бірқатар өлеңдеріне жазылған әндерді бүгінде қазақ ән өнерінің майталмандары орындап жүр.

Өлеңдері «ХХІ ғасыр ақындарының антологиясы» сынды бірнеше ұжымдық жинақтарға енген. «Отырар кітапханасының» тұңғыш сериясымен жарық көрген «Жолдар, жолдар...» сондай-ақ  «Көңілалаң», «Көкжиекке сіңген жол» кітаптарының авторы.

Үйленген, жары - Дина Смағұлова - Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің оқытушысы (магистранты). Қыздары - Нарқыз, Ақтілек, ұлы - Мұқағали.

 

 

БҮГІН...

Өзгерді бүгін қоғам -

Көз көрді түрін жаман.

Кез келді Ақиқаттың,

Көмейін тығындаған.

 

Тағдырды мойындадық,

Әр күнді уайымдадық.

Жақсылар жасып қалды,

Жаманның жайын бағып.

 

Күдіктен көңіл сынып,

Үмітпен өмір сүріп,

Өзгелер менсінбейді,

Бізді әлі тобырсынып.

 

Заңғардан өте алмадық,

Арманға жете алмадық.

Жылтырақ дүниеге,

Арбалып, неше алданып?!

 

Жасырып шындығыңды,

Ақыры сұмдық ұрды.

Алаштың - тірегі еді,

Ластадық тілді, дінді.

 

Тар жолда тығындалып,

Ақ жолға бұрылмыдық.

Мастанған төрелерге,

Мадақтау жырын жазып.

 

Ақшадан оңалмадық,

Жақсы адам бола алмадық.

Тілге тіл қосып алып,

Басқаша амалдадық.

 

Даланы күмілжітіп,

Қаланың уын жұтып,

Шындықты айта алмайсың,

Тұрса да тілің қышып.

 

Уақыт - құйын, боран -

Артына бұрылмаған.

Алдыңда жер қалмады,

Тұзақ, тор құрылмаған.

 

Әлі де тыйылмаған,

Бұрынғы қиын заман.

Жол кесіп Батыраштар,

Жасап жүр бұрын қадам.

 

Құйғытып Құлагермен,

Асқанда құба белден,

Баяғы Батыраштар,

Балта алып, шыға келген...

 

ЖЫЛЫЛЫҚ

Әкемнен қалған жылылық,

Шешемнен қалған жылылық.

Лебіңе жүрем жылынып...

Сарсаңға түскен сәттерде,

Мұз болып қатқан көңіліме,

Көктем боп келдің жылымық.

Бабамның салған жолымен,

Әйтеуір, келем сүрініп,

Әлсіздігім де білініп...

Бір Алла берген ғұмырдың

Көшіне әрең ілігіп.

Ей, Әлем, сен де бір ұлдың

Айтылмай жүрген сырын ұқ;

Бақыт та кетті қона алмай,

Басымнан кері бұрылып.

Уақыт та кетті таба алмай,

Ақыннан кінә, бір ілік.

Шытынап түйсік-терезем,

Аязды күнгі атыздай

Айғыз да, айғыз тілініп.

Ағадан көрмей ірілік,

Кішіден көрмей інілік.

Аспалы көпір шетінде,

Тұрғандай болам ілініп.

Сондай бір сұрқай сәттерде,

Әкемнен қалған жылылық,

Шешемнен қалған жылылық -

Лебіңе жүрем жылынып...

Маңымда қалған жақсылар,

Сендермен қайғым жоқ шығар,

Болыстың маған жұмылып.

Жаныммен сүйдім бәріңді,

Алдыңда белім бүгіліп.

Сыртымнан өсек боратқан,

Басыма пәле жалатқан.

Жандарға кінә тақпаймын,

Жатсам да жолда жығылып.

Өйткені менің бойымда,

Жағып тұр Өмір шырағын -

Әкемнен қалған жылылық,

Шешемнен қалған жылылық.

Тағдырға көндім амалсыз,

Жетелеп алға бір Үміт.

Біресе Мысым басылып,

Біресе Рухым тіріліп.

Ескексіз қалған қайықтай,

Жанашыр адам жолықпай.

Болам деп жүрген кезімде,

Өмірдің сырын ұғынып,

Бәріне мені үйреткен -

Әкемнен қалған жылылық,

Шешемнен қалған жылылық.

Және де

Өлеңнен қалған ұлылық.

 

 

«АҚЫРЗАМАН»

(аяқталмаған картина)

Өмір жайлы көп ойды талдап, теріп,

Қиялының түкпірін барлап көріп.

Суретші шал бір күні ниеттенді,

"Ақырзаман" суретін салмақ болып.

 

Сұр кенепті ағашқа керді-дағы,

Палитраға бояқты көрді жағып.

Өзін-өзі сезінді баратқандай,

Тылсым тірлік сырына енді қанып.

 

Қылқаламы бір кезде кідіріп қап,

Жалт етті де жоқ болды жылымық сәт.

Суретшінің қолы да дір-дір етті,

Тірелгенін білдіріп тығырыққа.

 

...Айтушы еді өнерде жол қиын деп,

Талқан қылды көп ойды зор құйын кеп.

Суретші шал бояқты жиып қойып,

Сұр кенепті қалдырды сол күйінде...

 

ҚАЛА КӨРМЕГЕН АҒАМА ХАТ

Аман ба ауылдағы ағайындар,

Аман ба атқамінер бағалы ұлдар?!

Аман ба аталарым, әжелерім,

Беттерін - әжім басқан, самайын - қар?!

 

Аман ба бала-шаға - уаймы жоқ,

Аман ба әкім-қара - айыбы көп?!

Қазақтың тілейтіні - жан саулығы,

Болмаса, қу дүниенің қайыры жоқ.

 

Қоңыр тірлік, қараша үй, қараша ауыл,

Төзіп жүрген кәріне қарашаның.

Қайран әжем, жөнелтіп қара шалын,

Жалғыз ішіп қалды ма қара шәйін?

 

Қала десе ат тонын ала қашар,

Ауыл жақтан келмей жүр хабар-ошар,

Далада еркін өскен есіл ағам,

Сіздіңше ауыл-жақсы, қала-нашар.

 

Соқпай кетті, ә ауылға «Ауыл жылы»?!

Азаймады тірліктің ауыр жүгі.

Ұялы телефон да ұстамайды,

Керек емес ешкімге қауым мұңы.

 

Жаһандану Рухымды қанап тынған,

Бұл «майданда» тағы да қазақ құрбан.

Мен де жаңа ғасырдың ұрпағымын -

Болашаққа балконнан қарап тұрған.

 

Аға, солай өтуде даңғаза күн,

Арасында алқызыл жарнаманың.

Батысқа бет түзеген көшімізді,

Шығысқа  қайтаруға бар ма амалың?

 

Иманынан барады жұрт тоналып,

(Кетер ме еді шіркін-ай, күрт тазарып!)

«Алдымен ел болуды ойлайық» - деп,

Ашынушы ең ащы су ұрттап алып.

 

Біздікі сол - бетон үй, кеңсе, қала,

Көресің ғой барлығын келсең, аға.

Мен де ауылды сағындым,

Барам, бірақ -

Бастық жазда демалыс берсе ғана...

 

«ЖАБАЙЫ РОЗА». ҚАРА СИЫР...

Кешқұрым мезгіл. Сиырын сауып

Болған соң, көне киімін қағып -

Үйге енді әжей, мал қора жаққа

Бұрылып, көздің қиығын салып.

 

Шалы отыр төрде - түр-түсі семген,

Жүретін ылғи қырқысып елмен.

Келіні болса - кенже баласын,

Жұбата алмай жүр, ұйықысы келген.

 

Шүйілтіп қалың қабағын ана,

Күңк етті оған - баланы қара!

-Теледидарды қосыңдар кәне,

Басталып кетті «Жабайы Роза!»

 

-Бейшара қыздың бағы жанбады...

Деп, кемпір жайды тағы болжады.

Әдеттегідей, бір кезде сөніп,

Ауылдың таңға шамы болмады.

 

-Тауысып ішіп қалған арақты,

Өкіметке айтып бар жаманатты,

Көсіліп сөйлеп, көсемси бермей,

Бір қарап қайтшы мал қора жақты.

 

Деді де кемпір, ауыр күрсінді,

Мазалап бір ой жанын біртүрлі.

Шал болса қамсыз шалқайып жатты,

Қарсы алды солай ауыл бұл түнді.

 

Далада иттер жарыса үріп,

Сала бастады тағыша бүлік.

Тағы да кімдер нені бүлдірді,

Әлдекімдердің тауы шағылып?..

 

Көрініп күннің сұлбасы жаңа,

Шал ерте тұрды - тұлғасы дара.

...Қорада тұрған қара сиырдың,

Қалыпты ала бұйдасы ғана.

 

ҚЫЗЫЛ ӨЛЕҢ

«Жақсы өмірден» жалындап жүзімде алау,

Оң қолымда желбіреп қызыл жалау,

Үндесем деп Күн-көсем ұранына,

Сол кезден-ақ қаймағым бұзылған-ау...

 

Тамырым да кесіліп тілім-тілім,

Ұмыт болып дәстүр мен ырым-сырым.

Қызыл галстук тағынып қаракөздер,

Қасиетін жоғалтты қызыл тілім.

 

Орнады да замана бұлыңғыр бір,

Сардаламда басталды «Қызыл қырғын.

Қызыл қоғам орнатқан қызыл көздер,

Барлығын да қиратты бұрынғымның.

 

Жазықсыздан шырқырап шыбын жаның,

Не зауалға ел-жұртым ұрынбадың!?

Темір тәртіп орнатып Қызыл әскер,

Қанша Арыстың ағызды қызыл қанын!?

 

Қызыл жұлдыз. Кремль. Қызыл алаң:

Қызылдарсыз өзгенің күні қараң.

Осыны ойлап, дертімді басу үшін,

Қызыл арақ ішем де, қызып алам.

 

Қызыл ойлар санамда жатталып бір,

Бұзық ойлар қоғамға оқталып тұр.

Қызыл мандат өмірге жолдама боп,

Құран-Кәрім сандықта сақталып тұр...

 

Қызыл, қызыл, қып-қызыл, қызыл бәрі,

Мызғымайтын бір Одақ құрылғалы.

Өзгермейтін Қызыл Заң болғанымен,

Мәртебелі Уақыт тек құбылмалы.

 

Дүн-дүние өзгеріп қас-қағымда,

Желтоқсанда шарқ ұрды асқақ ұлдар.

Дұшпан көзін қызартып, ақырында,

Көкбайрағым желпіді аспанымда.

 

Аяқталып әйтеуір қызыл дәуір,

Күрсініспен еске алдым күнімді ауыр.

Арыстарын атылған, ақтап алып,

Қайта оянды ұйқыдан бұрынғы ауыл.

 

Жете алмаған ешкім де қадіріне,

Арда туған ұлдардың жазығы не?

...Қара тастан қашалып мүсіндері,

Қызыл гүлдер қойылды қабіріне.

 

Бар екен-ау көретін Бақ-Талабым,

Өзегімді қанша рет отқа орадым!?

Ертең тағы ағарып атсыншы деп,

Қызарып батқан Күнге көп қарадым...

 

 

КӨҢІЛАЛАҢ

Есімде балауса кез, балапан шақ,

Жүретін өрік-мейіз, науат аңсап.

Алайда бәрімізге ұнамайтын,

Апамыз ұйқымыздан оятар сәт.

 

Ойын түгіл, тоймаушы ек ұйқыға да.

Үлкендерден дәметтік сый-сыбаға...

Қонақ келсе «танабау» тағушы еді,

«Жарайсың» - деп, «өлеңші, күйші бала!»

 

Үйдегілер сөздерін мың шығындап,

Жөнін айтса - балалар күлкі қылмақ.

Ерлік жасап жүреміз ара-тұра,

Көрші әжейдің кеппеген құртын ұрлап.

 

Есіме алып отырмын бүгін бәрін,

Қандай еді балалық түрің, дәмің?!

Келін боп қай жерде жүр құрбы қыздар,

Байлап кеткен партаға бұрымдарын.

 

Оралмас беймаза кез, балдырған шақ,

Шіркін-ай сол күнгідей мөлдір болсақ!

Әжеміз бәйек болып жүруші еді,

Дастарханға құрт пен май, тандыр нан сап.

 

Есейдік біз де өзінше ес кіргендей,

Ата жолдан адастық ешкімге ермей.

Жаңа күннің қызықтық жылтырына,

Кешегі естеліктер ескіргендей.

 

Бұл күнде құбылып тұр жегі заман,

Мазасыз күй кешуде мезі қоғам.

«Қорқамын кейінгі жас балалардан», -

Өмір аман болғанмен, көңіл - алаң...

 

 

ТІРШІЛІК

...Сол баяғы тіршілік -

Тағдыр тағы қарамады ұмсынып.

Сүйген сайын сайқалси ма бұл Өмір,

Құтыра ма, құшқан сайын "құлпырып"?!

Арманым да кемпірқосақ секілді,

Жеткізбейді, енді ұмтылсам құлшынып.

 

...Сол баяғы, уақыт -

Жігерімді әр күн сайын уытып.

Әлдекімдер орға жығып кетсе де,

Ойларымның мұнарасын құлатып -

Өлеңімнің баспалдақ қып әр жолын,

Өзімді-өзім отырамын жұбатып.

 

...Сол баяғы, сол Өмір -

Қайта айналып келмес бізге және бір.

Мен сияқты бейбақты да ұмытпай,

А, Құдайым маған да нұр себе жүр.

Жарлымын ғой, табанымның астында

Жатса-дағы қазыналы мол өңір.

 

...Сол баяғы тіршілік -

Шындық отыр бір бұрышта түршігіп,

Жалған сөздер том-том болып жазылып,

Кетті біздің Санамызға кіл сіңіп.

...Батқан Күнім қайта шықсын деп тілеп,

Көкжиекке Көз тастадым күрсініп.

 

...Сол баяғы, баяғы -

Бір қалыпты уақыттың аяңы.

Бір-бірінен аумайтұғын әсілі,

Егіз күндер кең құшағын жаяды.

Бұлай болмау керек еді бұл Өмір...

Сенем Ертең бәрі өзгеше болады.

 

 

КӨКЖИЕККЕ СІҢГЕН ЖОЛ

Тағдыр бізге жасамайды бекер сын,

Алды-артыңды білген жөн.

Мені қайда апарады екенсің,

Көкжиекке сіңген жол?

 

Көкжиектің ар жағында - Арманым,

Бер жағынды - Үмітім.

Бір жақсылық, бір жамандық - жан-жағым,

Тас төбемде - Ұлы Күн.

 

Айналдырған Жалғыз Өмір - бес күндік,

Оны-дағы аз көріп...

«Өлеңіміз өлтірмейді!ң деп бізді,

Жұбанамыз мәз болып.

 

Тарамданған тамырындай Даламның,

Шақырады жол мені.

Жүріп өткен ізіменен бабамның,

Жүріп өтсем мен де бір.

 

Жарым көңіл болады екен секемшіл,

Дерегі жоқ күндерден.

Мені қайда апарады екенсің,

Көкжиекке сіңген жол.

 

Барлық жолдар бастаса ғой Бақытқа,

Шашу шышып гүлден мол!

Мені қайда апарасың, асықпа -

Көкжиекке сіңген жол.

 

Сапарымды бастадым ғой жаңадан,

Жасқанамын мен неден?!

Бәрібір де соңғы аялдамадан,

Басқаларға жол берем.

 

****

Қолын бұлғап арман алдан,

Ой-санамды арбап алған.

Ақиқатқа жетем бе деп,

Қаламымды қанға малғам.

 

Өмірге өмір жалғап Аллам,

Құдіретпен Жан жаралған.

Неге бірақ, жай таппаймыз,

Селт етпейтін сал қоғамнан?

 

Арамызда аз ба, жазған,

Небір түлей, азған азбан?

...Е, олар да өледі ғой,

Өздеріне қазған ордан.

 

Қам жасайық қолда бардан,

Көп парыз бар қордаланған.

Ырзығымыз шашылып жүр,

Жосып жүріп, жолда қалған.

 

Тұрақ таппай бар ғаламнан,

Шаршадық қой нән қалаңнан.

...Тас көшелі, лас тірлікті,

Өзіміз ғой таңдап алған.

"Abai.kz"

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371