Келіссөздер қантөгісті тоқтата ма?
Украина мен Ресей арасындағы соғысқа сегізінші күн. Ресей әскері шабуылды қарқынды бастаса да, блицкриг жоспары іске аспады. Сәйкесінше, Мәскеу тактиканы өзгертіп, бейбіт тұрғындар топтасқан қалаларды атқылай бастады. Зымыран және әуе күштері Харьков, Херсон, Киевті атқылауда.
Соғыстың төртінші күнінде тараптар арасында келіссөздер болатыны айтылды. Келіссөзді ұйымдастырушы тарап – Беларусь елі. Лукашенко Путин мен Зеленскийді татуластыру жолын іздеуде. Осылайша ол агрессияға қатысы бар тараптан татуластырушы тарапқа өтуді жоспарлауда және өзіне салынған санкцияларды Киев арқылы алдырып тастауға әрекет ететін сияқты. Дей-тұра ол әрекетінен қандай да бір нәтиже шығуы екіталай. Тіпті келіссөздер сәтті өтсе де, ұрыс қимылдары тоқтаса да, Беларусь еліне «агрессияны жақтаушы тарап» ретінде салынған санкциялар алынып тасталмайды.
Келіссөздердің бірінші раундына Украина тарапынан қатысушы делегаттар қауіпсіздігін ойлап, Польша шекарасы арқылы барды. Сондықтан келіссөз бір күнге кешіктіріліп басталды. Тараптардың не талқылағаны ашық айтылмады, себебі тілшілер қауымы келіссөз басталған соң залдан шығарылды. Алты сағатқа созылған келіссөздің қысқаша мазмұны жайлы тараптар былай деді: «Біз ұрыс қимылдарын тоқтатуды және Украинаның Луганкс пен Донецкті мойындауын, Қырымды Ресейдікі деп тануын талқыладық. Қазір тараптар кеңесу мақсатында астаналарына аттанады». Осының өзі келіссөздің нәтижесіз екенін көрсетті. Себебі бұл екі жаққа да қиын әрі ауыр формат, ал Ресей қойған талаптарды Украина орындауға ниетті емес. Сол себепті де Ресей келіссөзден кейін шабуылды үдетті. Былайша айтқанда бір қолын татуласуға ұсынып, екінші қолымен қанжар сұғуды жалғастырды.
Келіссөздердің бүгін екінші раунды өтеді. Бұл жолы Ресей мен Украина өкілдері Польша-Беларусь шекарасында кездеседі. Басты тақырып ұрыс қимылдарын тоқтату. Украина тарапы келіссөзге енді аттанды.
Сарапшылар бұл келіссөздердің нәтиже бермейтініне сенімді. Себебі Кремльдің қойып отырған талаптары негізсіз, оның әрекеті басқыншылық. Ол талаптарын әділетсіз соғыс арқылы орындатуға мүдделі, оның ішінде ойдан шығарылған «фашизм мен нацизм көріністерін жою» атты ұстанымы да іске аспайды. Сондықтан ұрыс қимылдары әлі ұзаққа созылуы мүмкін. Тіпті ірі қалалар басқыншы қолына өтсе де, партизандық қозғалыстар қызу қарсылық көрсете бермек.
Асхат Қасенғали
Abai.kz