Жексенбі, 13 Қазан 2024
1810 0 пікір 9 Наурыз, 2022 сағат 15:10

Бішкекте соғысқа қарсы шеру өтті

Қырғызстан астанасында "Бейбітшілік! Наурыз! Шеру!" деп аталатын акция ұйымдастырылды. Шеруге шыққан әйелдер Украинадағы, әлемнің басқа да елдеріндегі соғысқа қарсы екенін мәлімдеді.

Шеру модераторы Алтын Капалованың мәлімдеуінше, Югославия, Ирак, Йемен, Ливия, Сирия, Ауғанстан және Украинадағы соғыстар осы елдердегі халықтарды қасіретке батырды.

"Езгідегі халықты босату, әйелдерді қорғау" деген желеумен соғыс ашқанын көрдік, онда әйелдер мен балалар қаза тауып, ашығып, үйден кетуге мәжбүр болды", - деді шеру жетекшісі.

Бейбіт шеру Бішкектегі "Ресей" кинотеатры алдында басталды.

Шеру қарсаңында милиция қызметкерлері акцияға қатысушылардан саяси ұрандар жазылған плакаттарды, сонымен бірге Украина мен Ресей туларын алып тастауды талап етті. "Қырғызстан бейтарап ұстанымда қалады", - деп мәлімдеді милиция қызметкерлерінің бірі. Азаттық радиосы Қырғыз қызметі тілшісінің есептеуінше, акцияға бірнеше жүз адам қатысты.

Бұның алдында тұрғындар Ресейдің Бішкектегі елшілігі алдына бірнеше мәрте жиналып, соғысты тоқтатуды талап еткен. 5 наурызда милиция елшілікке келген бір азаматты ұстап, оған 3 мың сом айыппұл салған.

Ресейдің қарулы күштері 24 ақпанда Владимир Путиннің бұйрығымен Украинаға басып кірді. АҚШ пен Батыс елдері Мәскеуге қатаң санкциялар жариялады. Жүздеген корпорациялар мен брендтер Ресейдегі кәсібін тоқтатқанын жариялады.

Abai.kz

0 пікір