Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2833 0 пікір 8 Қазан, 2012 сағат 08:46

Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)

ІІ

Жалғыз көзді түпсіз қалыппен күніне алты-жеті жүз кірпіш құю, аш лаугай-лаужяу тұрмысында ең жоғары рекорд болып бағаланып жүр екен. Біздің Қапас пен Зарықбек, Ақбайлар осы кәсіпке төселе келе күніне мыңнан тастап, басқа рекордшылардың көзін бақырайтып қойыпты. Аттары әлемді алғандай шу көтерілді.

«Сөз - әрекетінде Маужуши жақта тұрып», еңбекте мұндай үлгі көрсеткен лаужяудың қалпағы дереу алынады деп үйреніп жүргенбіз. Бұл өсиет, жұмыс өнімін арттыру үшін өндіріс басшыларының соқтырып жүрген қыздырма қызыл желі еді. «Бұлар бір ай тұрмай-ақ кететін болды»- деп болжампаздар, «лаужяудың ең төменгі мүддеті үш ай ғой, сонысын толтырысымен кетер» деп заңшылдар, группаның кешкі үйрену жиынында мысалға алысып отырды. Көкейіндегі шындығын мұндайда бір көсіп қалмай тынши алмайтын Құйынсоққан дәл осы сәтте қателесті.

- Ақымақша ойлайды екенсіңдер,- деп күлді. -Жанын жалдап, тісін қайрап екі-үш жыл әуреленіп әрең жиып алып отырғанда, оп-оңай қоя бере салады ғой сендерді!

ІІ

Жалғыз көзді түпсіз қалыппен күніне алты-жеті жүз кірпіш құю, аш лаугай-лаужяу тұрмысында ең жоғары рекорд болып бағаланып жүр екен. Біздің Қапас пен Зарықбек, Ақбайлар осы кәсіпке төселе келе күніне мыңнан тастап, басқа рекордшылардың көзін бақырайтып қойыпты. Аттары әлемді алғандай шу көтерілді.

«Сөз - әрекетінде Маужуши жақта тұрып», еңбекте мұндай үлгі көрсеткен лаужяудың қалпағы дереу алынады деп үйреніп жүргенбіз. Бұл өсиет, жұмыс өнімін арттыру үшін өндіріс басшыларының соқтырып жүрген қыздырма қызыл желі еді. «Бұлар бір ай тұрмай-ақ кететін болды»- деп болжампаздар, «лаужяудың ең төменгі мүддеті үш ай ғой, сонысын толтырысымен кетер» деп заңшылдар, группаның кешкі үйрену жиынында мысалға алысып отырды. Көкейіндегі шындығын мұндайда бір көсіп қалмай тынши алмайтын Құйынсоққан дәл осы сәтте қателесті.

- Ақымақша ойлайды екенсіңдер,- деп күлді. -Жанын жалдап, тісін қайрап екі-үш жыл әуреленіп әрең жиып алып отырғанда, оп-оңай қоя бере салады ғой сендерді!

Алара қарады зужаң дүңгеніміз оған. Бұл сөз, «жұмысқа ұрынып-зорығып әуреленбеңдер, сендердің күштеріңді сынап көріп қана қоя бере салуға жиып алып отырған жоқ» деген, даяужыңға қарсы нағыз кесірлі үгіт емес пе, шыға жөнелді сыртқа. Әтірет штабына алқына жетіп мәлімдей қойған екен. Дүйжаң сары кіріп келіп тергей жөнелді. Құйынсоққанды құнжитып тұрғызып қойып, сол сөзін қайта айтқызды да көпшіліктің қатты күреске алуына бұйырды. Ал, күрес... әпербақандар тұмсыққа нұқып, көзге шұқып, айқайласа жөнелді. Қожа алдында көрініп қалудың орайы табыла қалғанда күшіктер қандай қабаған. «Еңбек қызғындығымызды жоймақ болды!», «Даяужыңға қарсы нақтылы кері төңкеріс!», «компартияға болған сенімімізді жоймақ болды!», «үкімет саясатын өтірікке шығарды!», «басшылықпен арамызға от қойды!» десіп түтіге түйгілейді.

Улап-шулап байламақ болды қыза келе Тоқты Басит қасыма келіп отыра қалып сыбырлады маған.

- Байлатпайық Биғабіл әфәнді, байлатпайық! -дегенінде зор дене тұла бойымен селкілдеді. Байлаудан нерв жүйесінің запы болып қалғандығына қарай түсіп жауап қаттым.

- «Байланбай тұрып жауап берсін!» деп сен баста, мен қостайын, байлаудан құтылатын факт сонда өз жауабынан шығады!

- Байланбай тұрып өзі жауап берсін! -деп зірк ете түсті Тоқты Басит. Мен түсімді бұзып ақыра ұмтылдым Құйынсоққанға.

- Ей, жауап бер, не мақсатпен сөйледің сол сөзді?... «Әрең жиып алып отырғанда күштеріңді сынап көріп қана қоя бере салмақ па» деп қай ұжданыңмен айттың? «Үкімет қатал» деп қаралағаның ба, иә «мына лаужяуларды қылмыстарын танымағандықтан оп-оңай құтылмақ болды» деп қаралағаның ба?... Осылар өз қылмыстарының қанша екендігін білмей ме? Шынын айт, айт шыныңды, сен ғұнсозда осы екеуінің бірі бар, сөйле!- дедім.

Соңғы сұрауым айтылғанда жалт қараған Құйынсоққанның мұрны жыбыр ете түсті. Құтылар жолының иісін сезе қойғаны еді мұнысы. Мойындағандай төмен қарап жауап қатты.

- Сөйлейін, сөйлейін!... Дүйжаңның алдында мәселенің шынын айтпасам болмайды екен!... Дүйжаң, мен өзім оңшылдық қылмысымды толық танып, тәрбиеленуге разы болып келгенмін. Ал осныдағы бір сыпыра ұры-қары лүкшектер өздерінде қылмыс жоқ деп біледі. Сондықтан, келе салып мың кірпіш құйғандар бір айға жетпей құтылып кетеді деп үкім шығарды. Меніңше ондай оңай киілген, оңай алына салатын қалпақ жоқ. Мұнда келген адам ең алдымен өз қылмысының салмағын білуі шарт. Өз қылмысын танымайтын адам, тәрбиені қабылдай алмайды. Өзінің қылмысты әрекетінен тиылмайды. Осында өздерінің қылмысын танымай, бір-екі күн ғана жақсы істеп беріп құтыла саламыз деп жүргендер көп. Мен жаңа сондайларға қарсы сөйлегенмін!

Құйынсоққанның бұл жауабын мен сөзбе-сөз аударып жеткізіп отырдым.

- Осы группада қылмысын танымайтындардан нешеуі бар деп білесің? -Дүйжаң адырая қарады жауапкерге. -Жасырмай айт!

- Айтсам, менің әлгі жауабыма қарсы шыққандар түгелімен сондай. Бұлар, өз қылмыстарын таныған болса, оңайлықпен құтыламын деп ойламаңдар дегенім үшін ұрмас еді!...

Асығып отырған дүйжаң сағатына қарап жіберіп, бұйрығын келтесінен қайырды.

- Бүгінгі қалған уақытпен ертең кешкі үйрену уақытында, қылмысын танымай, иә жеңіл құтыламын деп жүргендерді тексеріп, толық танытыңдар! Мұнда ешкім қылмыссыз келген емес, танымаса, байлап соғып отырып танытыңдар!... Зужаң жиын дәптеріне сен өзің ие бол!- дей сала жөнелді.

Күліп жіберген Құйынсоққан, өзін байламақ болған арқанды жиып әкелді де жамбасына баса отырып күбірледі.

- Ендігі байлайтын құқық менде шығар, рахмет Биға!... Бірақ мені құтқарамын деп өзіңіз байланарма екенсіз, не күнәмен келгеніңізді білесіз бе? Құйынсоққан қуаланып, түйіле жымиды да мен:

- Құйрығыңызды сіз қысыңқырап отырсаңыз, менің бұдан құтылуым қиын емес!- деп күбірледім...

Өтірік актив болудың кезегі бізге де келіп қалғанына күлісіп едік. Бірақ, тағдыр маған ондай «мәртебе» бермейтіндігін ертеңіне-ақ көрсетті.

Жаубасардың Әбілемет назыр екеуімізге артқан қылмысы газеттің екі бетін бір-ақ бояпты. Оқи келе анықтадым, Әбілеметке кигізілген қалпақ шын факттермен кигізілген, тыпырлатпайтын қалпақ болғандығына сенімі толық сияқты. Аз ғана сөзбен атап өтіпті де, мақаласының өн бойында маған шабуылдапты. Ыңғай жаладан жасалған қалпақ ұшып кетіп, менің ыршып тұруымнан қатты хауіптенетін көрінеді: «зор ұйымды ұлтшылдықты» негіз етіп кигізілген қырық құраулы қалпағымның сыртына «жиянгерлермен ревизионизмді[1] қолдаушы» дейтін, өз қолымен тоқыған мықты материал жапсырып, сырып тастапты: "Биғабіл, демократия дүниесінде Америка демократиясы жақсы, социализм дүниесінде Тито социализімі жақсы деген" деп мықтап, нақтап тұрып сырыпты. Мұндай қалмақты қандай батыр жырта алсын! Америка жиянгерлігі - осы шақтың ешкім ақтай алмайтын аты шулы қандықол қарақшысы да, Броз Тито марксизмнің аты шулы бұрмалаушысы аталып, солшылдар жағынан социализмнің қас жауы ретінде қараланып тұрған шағы. Жаубасардың мені оларға байлауы - өлімге айдауының дәл өзі еді. Америкаға Титоны қосып, «жер шарының мерезі» деп тілдей келе мені сол жиренішті жараның іріңі етіп, сығып шығарыпты-мыс.

Жұртшылықтың мені ақтап пікір көтеруінен қорыққандығынан, сол жұртшылықты менен үркітіп-жирендіріп, бұқтырып қою үшін жазғандығы дарытпа сөздерінен көрініп тұр. Бұл жаланы қайдан тауып тоқығандығын ойлана келе әрең таптым. Жұмыртқадан жүн қырққандай алдыңғы «зор секіріп» жапқан жалаларына қарағанда мына жаласының, тым аз болса да қисыны барлығы көрінді.

55-ші жылы бір саяси лекцияны талқылағанымызда біреудің, «Америка жиянгерлігі сондай әлсіз жетім қарақшы болса, Америка халқы неге құлата салмайды?» деген сұрауына мен жауап бергенмін. Жаубасар сол жауабымнан қылшық суырып бояп, қара арқан есіпті. Ол жауабымда мен Америка демократиясының тым алдамшы, тар көлемдегі таптық демократия» екендігін де дәлелдеп, мысалмен анықтап түсіндіргенмін. Ал, «Тито социализмі» кейін шыққан сөз. Бізде халық коммуналары құрылар кезеңде дастарқандастар арасында сөз болған, Есқали бастаған пікір еді. Мен ол әңгімеге пікір қатынастырмағанмын.

Жаубасардың бұл жаңа жаласын оқып, осы жайттерді есіме келтіре сала түрменің тәлім-тәрбие бөліміне жүгірдім. Кіруге үш-төрт рет рұқсат сұрап, есікті бес-алты рет қаққанымда әрең рұқсат еткен гансы, кіріп келген маған адырая қарады. Газетті алдына жайдым да өзім астын сызып белгілеп қойған зор қылмысты сөйлемдерді көрсете тұрып шағындым.

- Гансы, мына газетте маған үлкен жаладан тағы да екеуін жауыпты!

- І, оқып шықтым. Жала деуге не фактің бар?

Жаңадан қосылған сол екі жаланың қалай тоқылғандығын толықтап - анықтап сөйлеп бердім де авторға менің де газетте жауап қайтаруыма жол ашып беруін өтіндім.

- Мәселені анықтамай, газетте жариялағандығы үшін мен де газетте жария жауап беруге ақылымын!- дедім соңында.

- Өзің қайда тұрғаныңды білемісің?

- Тілі кесілген деп түрмедегі адамның үстінен жала жаба берудің обалды болатындығын ол білмесе, менің қайтуым қажет? Жаласын газетте жариялап, партия мен халықтың көзін бояудың, сол арқылы өштескен адамын өлтіртудің қаншалық қылмыс екендігін, бүкіл заң орындарының кадрлары білуге тиісті!..

Гансының күнге тотыққан сопақша жүзі әжімденіп, ойланып қалды.

- Ал, жазсаң жаз,- деді аз кідірістен соң. - Бірақ, мақала ретінде емес, байланысты орынның тексеріп анықтауын өтіну ретінде жаз!...

Жұмыстан бір күн рұқсат әперіп жаздырды. Сол бір күн ішінде барлық жаланы аударудың көлемді арызын факттерімен толық жазып үлгердім. Гансының өзі оқып шықты да.

- Расында газетке жазуға да ақылы екенсің. Бірақ лаужяусың, оған рұқсат етуге біздің де құқығымыз жоқ. Осыныңды саяси заң орнына жолдап берейін!- деп қалды.

Енді қайтадан тексеріліп анықталамыз деп үміттене қалып едім. Бұл үмітімді кірпіш группасындағы батыр бауырларыма жеткізіп, қалай жауап берудің жөнін ұқтырып та үлгеріп едім. Бір күні құзғын сәрідегі әдетіміз бойынша үркіп түрегеліп, «тутықана» аталып қалған дәретханамызға барсам, олардың бірі де көрінбеді. Тіпті, «оңшыл», «жерлік ұлтшыл» аталған кірпіш құюшылардың бәрінен де айрылыппын. Түн ортасында бір автомобиль келіпті де, жатқан жерлеріне бір тал түгін де қалдырмай сыпырып-сиырып бір-ақ әкетіпті. Оңтүстік Шынжаңдағы Лопнор ауданына қарасты «Сауху лаужяу майданы» деп аталған алыс лагерге айдалғандықтарын екі күннен соң естідім.

Мәселемізді қайтадан қаратудың дүмбілез үміт екендігі осы ұрлап жер аударудан бір байқалды. Қапас, Зарықбектердің қимас қалыңдықтары үшін жандарын қиғандай өлермендікпен істеген еңбектегі аса жоғары үлгілеріне де бір қарап қоймай, қозы бөктерген қасқырша алқымдап, үн шығартпай әкеткен әкетісінен мен де торыққандаймын.

«Кішкене жексенбілердің» үшеуі тағы өтті. Мақпал түгіл, оның жазған хаты да жоқ. Гүлниса да келе алмап еді. Қатып қалған атыздарға шошқа қиын тасып жүргенімде дәл үстімнен түсті бір күні. Шелектерімдегі сасық қара сұйықты көре сала жылап жіберді. Әпкішті жерге қойып, күле амандастым.

Қарауылда тұрған зужаңға қағаз көтере дауыстап рұқсат алдық та, жол бойындағы қара ағаш даласына отырып сөйлестік. Гүлнисаның өзі де бір рет күреске түсіп шығыпты. Маған келіп жүргені білінбесе де Балғынтай жолындағы «оңшылға бейім» қалпағын орнықтыра киіпті. Сөйтсе де Мақпалға қарағанда режімі бостау көрінеді. Ұрланып шыққанын айтып, асыға сөйледі: Мақпалды мектеп сыртындағы кішкентай-кішкентай екі үйшікке орналастырыпты. «Салынып жатқан жаңа квартал бітісімен бір үйі сенікі болады. Режимдегі оқытушыны өзіміз де сыртқа қоймақшы емеспіз!» депті. Қазіргі үйіміз, көршілес екі активтің үйлерінің арасындағы екі асхана сымағы екен. Бала-шағаларына күндіз-түні терезеден күзеттіріп, Мақпалды қия бастырмайтын болыпты.

Сағынышты жардың асыға жазған хатын көрдім де мен де «аман жақсы тұрғанымды» асыға жазып жөнелттім. Маған енді келемін деп, өзінің шатаққа қалмауын көп алғысыммен баса айтып қайтардым Гүлбикемді.

Мақпал бұл хатында Күләннің да өз мекемесіне режиммен қалғанын, сонда да сембі кештерінде келіп-кетіп тұратындығын жазыпты. Қазір екеуіне Күләннің таудағы бауыры сүйеніш болып жүр екен. Оның көмегі менің де тынысымды біраз кеңіткендей болды.

«Ақия қолдан кетті» деп енді күлкімен жазыпты Мақпалым. Құлжан Ақияны «қара жүзден де қара жүздірек шеберлікпен» қорқытып бағындырған екен өзіне: Асылқанның үйіндегі айтыстан басқа, «Маужушиды тілдегенің» есіңе түспеді ме?» деген сұраумен жеке шығарып алып, өзі тоқып жазған бірнеше қатерлі жаласын бетпе-бет оқып беріпті. «Сені сүйетіндігімнен әшкерелемей келгенмін. Мені аямасаң, лажым жоқ мен де аямаймын» деп, тұп-тура лаугайға айдататын қылмыспен қорқытыпты. «Ғашығын» кештерде есектің құйрығына тіркелген тайлақша еріп жүретін халге солай түсірген екен. Сол түсіргеннен түсіріп апарып, Құмардан ажырағанын жиында жариялатыпты. Ал, Қапияны қапастан «шекара айыруға» зорлап көндіре алмаған соң бірнешеуі оған да жала жаудырып күреске тартып жатыр екен. «Қазір сен сияқты абақтыға қамап тексеріп жатыр» деген сөзбен тоқтапты Мақпалдың хаты.

Бұрынғы  базар дүкендері қаңғырып бос қалған екен. Іздеген нәрселер табылмайтын болған соң көшелері де адамсыз иенге айналып, азғындап қалыпты. Гүлниса арқылы келген тамақ, қараңғы базардан[2] артқы есіктен[3] сатып алынған кебекті қара ұнның прандіктері ғана екен. Бұл таршылықты Гүлниса айтпағанымен, үйіне барып қайтқан «ардақты лаужяулардың» таңданысынан ұқтым: «үй, әйеліңіз бұл жарықтықты қайдан тауыпты?» деп тамсанады. Мұны әкелген Гүлнисаның жүдеңдігін осы таршылықпен байланыстыра ескеріп, Нұрияшым мен Асқарым аш қалды-ау деген сезіммен аһ ұратын болдым. Түсімде де құр сүйегі мен тарамысы ғана қалғандай тым арықтап, аса аянышты көрінетін болды.

Махаббат деген адамзаттың ең ардақты қасиеті. Егер махаббат болмаса, аяушылық та болмақ емес. Күштісі күшсізін бас салып жей беретін екі аяқты хайуан қалпымызға қайта түсер едік. Адамды адам етіп отырған сол махаббат, тіршілікте сәл кемісе болмайтын сол ардақты қасиет қалыптан тыс күшейіп, ақылды билеп кетсе де болмайды екен. Шыдамсыз - әлсіз әйеншек жануарға айналдырып, тіпті өлтіріп те тастай алатын зияндас қасиет болып шығатын тәрізді. Мен мұны Нұрияшым мен Асқарымның халін ойлаған сайын тынши алмайтын болып бара жатқанымнан сездім. Жұмыс майданындағы бір демалыста қиял қыспағына терлеп кетіппін.

Басқа түскенде шыдап бермеген азамат, азамат бола алар ма!» деген бір үн сақ ете түскендей болды құлағыма. Бұл, намыс дейтін құдіреттің үні екен. Мықынымды тіреп жүре жөнелдім. «Бұл қоғамда Нұрияш пен Асқар азба. «Оңшыл-ұлтшыл» болып малша жетектеліп-айдалып кеткендердің бәрінің артында да сондай аяулылары бар ғой. Олар да махаббат жоқ па еді! Күлән мен Сайрашына берілген Ынтықбайдың махаббаты-шы!... Өзін жындандырып қайтарған Толыдағы бала-шағаның халі-ші!... Бұл қоғамда сондай аянышты тағдырға тап болғандар аз ба, соларды ойламай не көрінді маған сонша!»- осыны ойлай келе мырс ете түстім. Әр неге бел буғандай бекемделе қалдым. - «Азамат болсаң, осы надандық апатының жолын кес, халыққа оқыт, үйрет. Итаршы-жағымпаздар мен өзімшіл-мәнсапқорлардың құлағынан басып отырып үйретудің жолын тап, бұлай оқытпаса мұндайлар коммунизмді де түрмеге айналдырмақ!... Екі аяқты хайуан емес, білімді адамзат керек жер шарына!... Азамат болсаң сол ұлы игілікке үлес қос!..».

Әрқандай қиындыққа шыдауға бекіген осы жайымды білімді мұғалім болған Нұрияшыма да түсіндіріп ескертіп қоюға асыққандаймын.

Кешкі тамақ пен үйрену аралығындағы бос уақытта осы оймен үлкен аулаға шығып тұрып қалған екенмін. Әлгі «тіл ұғатын», «діті бар» гансым сырт жағымнан шыға келді. Бірақ, маған қараған қарсы әнеу күнгідей емес, татарға оншалық ұқсай қоймайтын тоқбас тұмсығы көтеріліңкіреп кетіпті.

- Гансы, сізден сұрайтын бір ісім бар еді!-дегенімде кідірмеді. Ере жүріп сөйледім. - Мен келгелі төрт айдан асып барады. Үрімжіде үйі бар, қашпайтын, шатақ шығармайтын сенімі бар лаужяулардың үйіне барып келіп тұратындығын газетте де жарияланған ғой, дүйжаңымыздан сұрасам, «ұлттық лаужяулардың» сізден сұрайтындығын ұқтырды. Үйіме бір барып ахуалын біліп қайтайын!

- Сен лаужяу емессің!- деп гансы басын кекшең еткізді де жөнеле берді. Мен қуа сұрадым.

- Лаугаймын ба?

- Лаугай емессің.

- Олай болса режимдегі жұмысшымын ба?

- Қайдағы жұмысшы!

- Режимдегі үкімет қызметкері, иә захоттағы кадрмын ба?

- Жаза орнында олай аталады деп кім айтты саған!

- Енді неменемін, ит болсам да атымды атап кетіңізші тым болмаса!

Тоң-тасыр үнмен келте жауап беріп кетіп бара жатқан гансы күліп жіберіп тұра қалды. Жан-жағына қарап қойып, алдындағы  түрме басқармасының залына қарай тұрып сөйледі.

- Сенің мәселең бір жақтылы болған жоқ. Сондықтан атыңды мен де білмеймін. - Гансы тағы бірдеме айтуға оқталған пішінмен ойлана қалды да залдың ішкі жағынан келе жатқан аяқ тықылын ести жүре жөнелді. Әнеу күні арызымды алуынан бұған да жауыр жылқының мойынағаш байланғанын сезіп, аңыра қарап тұрып қалдым. Зал есігінен шыққан ешкім көрінбеді. «Япырай, маңыма адам жолатпай, мұншалық карентинге алатындай, менен оба көрді ме, чума көрді ме бұлар?»- сабыр желпуішіммен самал шақырып желпіне, жымия қайттым жатағыма. - «Мынадай зор үкіметті мұншалық сескендіре алатын жау болу да оңай емес шығар!»- деп жан жүйеме күлкі шақырдым. «Әлеумет тіршілігіне кімнің дос, кімнің жау, кімнің ауру, кімнің сау екендігі көріне жатар әлі!..»

Осыдан екі-үш күн өткен соңғы бір сәскелікте мені жұмыс майданынан қара дарбазамызға қайта шақырып апарды. Түн бойы жауған жаңбырда түрме басқармасының алдына су іркіліп, лайсаң көлшікке айналып еді. Айдаушым осы жерде тұра тұр деген соң тұрарлық жер таба алмай, көлшікті айналып барып, қаратақтаның алдына тоқтадым. Әскери киімді шикіл сары бейтаныс татар жігіт басқарма залынан шығып, маған көз жүгірте қарап амандасты да айланып өте шықты. Тамашалаған бейнемен әр жаққа қарап жылжып қайта оралды. Қара тақтаға жапсырылған қағазды оқыған болып тұра қалды қатарыма.

«Денсаулығыңызды күтіп, шыдап тұрыңыз!»- деп күбірледі, тақтадан бет бұрмай. - «Сіз туралы көңіл бөліп жүрген достарыңыз көп. Бірақ, қазірше лаж таба алар емес, сабырмен күтіңіз!» -осы сөзін бітіре сала жүріп кетті. Кім екенін білмесем де ұзағырақ «сабырлы болатындығымды» білдім. Көп өтпей кеңсеге шақырылып, залдың түп жағындағы атсыз бір бөлмеге кірсем, сәнді киінген жуан ақсұр ханзу кадр босаға жақ бұрыштағы креслода отырыпты. Әлгі шикіл сары жігіт соның тілмашы көрінді. Мүләйім ғана теңдіктің жанашыр көзімен қарап амандасқан кадр төменгі жағындағы креслоны нұсқап отырғызып, өзінің соттан келгендігін, ахуал сұрамақ екендігін айтты.

Күреске тартылғанымнан бері заң кадры түгіл ханзу кадр атаулыдан көргенім осы еді. Барлық мұңымды түгел ақтарғым келді. Бірақ, тілмаш арқылы сөйлескенде мәселенің тоқетерін ғана сөйлемесе, өз басы ауырмаған адам түгел тыңдап игере алмайды ғой. Фувынның кепілдікпен үш қайтара кеуде қағып, зорлап «сайратқанын» ескертіп өте шықтым да, сайрағанымның Әбілемет назырдың ісіне қарсы оқу-ағарту мәселесі жөнінде ғана екендігін тармақтап атап бердім. Бұл сөзімнің аудармасынан қамқорымның жаюлы дәптеріне ештеңе түспегенін көрген соң шағым сөзімді тіпті қысқартқым келді.

- Сайраудан соңғы ахуалым үстінде сіздердің әдіреске екі рет арыз жазғанмын. Заң орнына жазылған арыз тосылмаса керек. Барлық хал-жайым сол екі арызда.

- Осы жерде атап айт, жазғаның қайсы мәселелер?

- Бірінші арызымда жазғаным үш мәселе: бірінші, менде жерлік ұлтшылдық пен оңшылдыққа жататын идея жоқ. Сондықтан сөз-әрекетімде тіпті де болмаған. Сайраған мәселелерім, тек, оқу-ағарту қызметіндегі кемшіліктерді толықтау, қателіктерді түзету мақсатында ғана сөйленген. Екінші, ұлтшылдық топ - «блок», «ұйым» дейтін қылмыс мен де мүлде жоқ. Ұлтшылдық идеяда болмаған адам, ұлтшылдық топ ұйымдастырмайды. Үшінші Мичуан ауданындағы құрыш қорытудың ең қиын міндеттерін орындап жүргенімде Мақұлбек дейтін жалған белсенді зиянкес жеке басының өшпенділігімен жер домнадағы отқа сыртымнан итеріп құлатты. Басқалар құтқармаса, мен сонда күйіп өлетін едім. Бұл қастықты нақ майданда көрген адам көп. Бәрі де айғақ болатындықтарын айтқан. Ал, Мақұлбек ол қылмысын өзіме артып, кері төңкерісші болғандықтан мәселесін жасырып кету үшін өліп алмақ болды» деп тағы да жала жапты. Арызымда әсіресе осы өлтіру мақсатындағы қастандықты тексеріп анықтап, жазаға тартуларыңызды сұрағанмын. Маған жабылып жүрген жалалардың түгелімен осы  мақсатта ұйымдасқан қастандық екендігіне дәлелім көп. Мемлекет заңына бүтіндей қайшы мұндай қастандықтарды тергеп шектеу-заңды қорғау, сіздердің ғана міндеттеріңіз!

- Екінші арызыңды сөйле!

- Екінші арызым, осы мәселелерді кеңірек түсіндіреді. Оған қосымша Жаубасардың Шынжаң газетіне жариялаған мақаласындағы (мен бұл түрмеге алынғаннан кейінгі) жаңадан тоқылған екі жаласы жөнінде шағым жазғанмын! -дедім де бұл жалаларды қалай тоқығандығын ашып сөйлеп бердім.

- Сөйтіп сен де мәселе бар ма, жоқ па?- деп ширай қалған тергеушімның көзінен қып-қызыл от шыға келді. - Тұр орныңнан!

«Бар сенген байталыма айғыр шапқаны ма?» дегендей аңтарыла қарадым аударушыға. Ол, басын білінер-білінбес қана изеп қалды. Түрегеліп тұр дегендей бейне сездірді маған. Креслодан аулағырақ шығып тұра қалдым.

- Сөйле, құрған кері төңкерістік тобыңды өзің сөйлеп бер!

- Мен кері төңкерістік топ түгіл кері төңкерістік идеяның салқынын да тигізбеген адаммын. Себебі, мені адам қатарына қосқан күш коммунистік партия ғана. Бостандықтан бұрынғы өмірім түгелімен таптық езгіде, жалшылықта, қуғын-сүргінде өткен өмір. Еңбекшілер табының мұң-мұқтажынан басқа ешқандай таптың мүддесі құлақ пердемнен ары өткен емес!...

- Сендердің тығылатын індерің, киетін сауыттарың осы. Ал, амалияттарың бүтіндей басқа!

- Өткендегі шынайы жапакеш таптың ішкен уымен суғарылған өскен азаматтың, өзінің туған табының мұң-мұқтажынан басқа идеясы болмақ емес! Оған Маркс те, Ленин де куә. Маузыдұң «тіпті айқын» куә. «Дүниеде таптық таңба басылмаған адам жоқ» деген ғой ол кісі!

- Сондай сорлы таптан шыққан болсаң қалай оқи алдың?

- Мені оқытып санамды ашқан да коммунистік партия!... Шың тяншу, Лиң жилулардың Шың Шысайға ашқызған мұғалімдік орта техникумынан ғана оқығанмын.

- Ал, пролетарият табынан шығып, маркстік санамен суғарылған зиялы болсаң, қанша адам факт қойып отырғанда өзіңе кір жуытпайтының не? Дүниеде кемшілік-қателіксіз адам болмайтындығын да Маужуши айтып отыр ғой, ұлы көсем өтірік айта ма?

- Мекемедегі қызмет стилін тексеру, тұрмыс тексеру жиыны болса, өзімнен кемшілік-қателіктің не дәуір үлкенін де тауып бере алар едім. Мәселен, мен кейінгі кезде қонағуар-меймандос болып алғанмын. Үйіме жиі келетін қызметтестерімнің арасында Мақұлбек пен Құлжан сынды күншіл мәнсапқор, пәлеқор, жалақор иттер де болған. Менің ең зор қателігім осыларды адам болар деп күткен талғамсыздығымнан туылған. Ал, бұл жүргізілген науқанда менен іздеп сұралған мәселе, мұндай кемшілік қателіктер емес. Менде жоқ кері төңкерістік, тап жауларының жойқын жойымпаз мәселелері. Мұндай зор мәселелерден кірсіздігім анық. Мұндай мәселелерден өзіме мұнан кейін де кір жуыта алмаймын!...

- «Кір жуыта алмаймын?»- деп өз сөзіммен кекеткенде «соттың» қисық көзі тағы да қыдырыстана түсті. - Соншалық көп адамның қойып отырған факттерін неңмен жаппақсың?

- Бірінші, мені қаралаушы көп емес, төртеу-ақ. Екінші, мәселені факт - дәлел шешеді. Күрес уақытында пассивтіктен қорқып қосылатын айқайшының көп болатындығын түсінесіз. Фактке шындап жүгінгенде көпшілік мен жақта!.. Заң жүргізетін орыннан - соттан келіпсіз, бұл келуіңіз, мен үшін қуанышты. Заң таразысы бойынша, ақиқи соттың стилі бойынша айыптаушы мен ақталушының қойған факттеріне тең қарап тексеруіңізді өтінемін!... Менің қазір тым нахақ жазаланып, шектен тыс обалды ахуалға тап болғанымды ескеріңіз! - Үнім бұзылып, көзім жасаурап бара жатқанын сезіп тоқтадым.

Тергеуші сағатына қарап алып тұжырды сұрағын.

- Бұл жолғы сөз осымен тоқтап тұрсын, сен өзіңнің жақын қызметтес, достас, жиы кезігіп, сөйлесіп тұратын адамдарыңның барымен қашан, қалай танысқаннан бастап болған барлық байланысыңды жазып шық!

- Менің таныс, дос-жарандарым көп еді. Екі айға жақын уақыт жазып бітіріп, Жаубасарға тапсырғанмын. Соны алып көрсеңіздер, уақыт сырап болмас еді!

- Жоқ, одан басқа, қайтадан жазасың!...

Сөйтіп тергеуші жұмысқа шықпай жазуыма рұқсат әперетін болып қайтты. Тілмаш соңынан, жауабың дұрыс болды дегендей күлімсіреп, бас изей шықты.

Оларды қақпаға дейін шығарып салған гансы, қайтар жолында бөлмесіне ерте кірді мені. «Байланыстарыңның шынын ғана жаз» деп жылы шыраймен тапсырып, мол қағаз беріп шығарып еді. Дүйжаң сары сол күннің қалған жарымы мен ертеңіне түске дейінгі уақытымды әрең берді. Делома байланған үш жүз шақты адамды жазып бітіруіме әлі ұзақ уақыт керек екендігін гансыға жол жөнекей мәлімдеп шыға бердім. Ол кісінің қолынан келетіні, кешкі үйрену уақыты ғана екен. Еңбектегі «зор секіріп ілгерілеу» уақытына қол сұға алмады. Қызыл момыны қылғуыма уақыт көп кетпейтін болғандықтан пайдаланып, тамақ уақытымды да жазуға бердім. Бақытыма жарай, атыз еңбегіне шыға алмайтын жауын-шашын да көбейе түсті. Сөйтіп бір айда жазып бітіріп жөнелттім.

Тергеуім бітсе тез шығармын деген үміт қол-аяғымды жерге тигізбей секіртетіндігімен бітіп еді. Бірақ, заңды тергеушім секірер емес. Тіпті, тас табандап тұрып алғандай, жылжып келіп бір көрінбей қойды.

Дүйжаң сарының үйірген қамшысымен атызда ғана «секіре» бердік. Бұлай обалмен шырылдап «секіру», шегірткеден де зиянкес екен: атызға аунаған есекше, қуаланған сиырша жапырушылар көбейді. Кесімсіз тұтқындалып жүрген сотқарлар өндіріске жаудай тиді сөйтіп. Ашқан атызымыздың онсыз да жарым-жартысы тақыр қалпында қалып еді. Ал, жартылай өнсе де намыскер ала таздың күн тигізбеген шәшіндей әлжуаз өсіп, әрең тұрған өнімімізді осы апаттар жұлып тастап, тарпып тастап жүре беретін болды. Еккеніміздің көбі пысып болғанша тақырланып үлгерді. Ақылдырақтарымыз аңдысақ та «битке өкпелеп тонын итке тастайтын» сол көп ақымақ, көзге шалықтырмай тауысты.

Қыстық көк азық егілген бұрынғы құнарлы атыздарды солардан қорғау міндеті бізге тапсырылып еді. Әсіресе, оларға сөзі өтетін Құйынсоққан екеуіміз күндіз атыз басында көз алмай қарап тұрып істететін болдық. «Өзіміз жейтін азыққа зиянкестік істемелік!», «Ей бауыр, тоныңды итке тастама, қыста керек болады!» деп күлдіре айқайлап жүріп, зияндаудан сақтағанымыз түрме басқармасына да жеткен екен. Бір күні түстен кейін қағаз алып шапқылап көп дүйжаңның біреуі жетіп келді де тізім бойынша Құйынсоққан екеуімізді алдымен шақырып екі жерге тұрғызды. Екеуіміздің соңымызға бес-бестен он мықты лаужяу тізіп айдай жөнелді. Түрмеге қайтарып апарып, жұмысты түнде істейтіндігімізді ұқтырды да жатағымызда қамсыз ұйықтауға бұйырды. Күн бата аспаз асханаға шақырып апарып, айырым тамақтандырды. Өзіміз өндірген капустаның күндегіше көк жапырағын бермей, қазір жоғары мәртебелілер ғана жейтін ақ жапырағын біргеніне таңданысып отырғанымызда бір қызыл, бір сары екі момыдан үлестіргеніне қайран қалыстық.

- Астағыпралла,- деді  Құйынсоққан күлкішіл көзін бадырайтып. - Биғабіл әфәнді. Бізді қысқа жақын борлағаны, қайтпек болғаны?

Мен аңыра қарадым да Тоқты Басит күбірлеп қана жауап айтты.

- Түнгі ұрлыққа атандырмақшы!... Енді аузымызды бекітіп тастауымыз қажет. Мұның ұрлық екендігін сезгендігімізді білдіріп қойсақ, өзімізді ұрлап жоғалтады!

Жым бола қалдық. Қатты мұңайдым. «Халықтың жанын ұрлап сақшыға әперетін ең зиянкес ұры болғаным ба енді!» деген ой көмекейімді бүлкілдетіп әкетіп бара жатты. Бұл халімді Құйынсоққан байқап қалып сөйледі:

- Сіздей ұстазға ұры болу қиын-ақ шығар, оқушыларды ұрлыққа қарсы тәрбиелеп келгенсіз ғой!... Ал, менің сахналық шығармаларымдағы ұрлық-кәзептікке қарсы тілім удай еді. Өз тілім енді өзімді шағатын болды да!

- Анаңды... Ұры деп, жазалауға әкеліп, енді өзінің ұрлыққа салғанын!... Қап-қап-қап!- деп Тоқты Басит шайқады басын...

Тамақ жеп болысымызбен дүйжаң сары Құйынсоққан екеуімізді бөліміне шақырып апарып, «өз адамдарымыз дайындап қойған құмды тасисыңдар» деп ұқтырды. Қол астымыздағы Лаужяуларды қашырып алмауды қатал тапсырды сонсоң. «Егер біреуінен айрылсаңдар өздерің жазаланасыңдар!» деді. Мен, бармай қалу үшін сылтау айттым.

- Мен ие бола алмаймын, олар шетінен жұдырықшы, ұрып жығып кете береді!

- Әр группаға бірден құралды адам қосылады. Қашпақшы болғанын, қарсы шыққандарын да соған айтып қойсаңдар болғаны. Автомобильді тездетіп толтыруға ғана қузап, бақылап тұрасыңдар. Өздерің жұмыс істемесеңдер де болады! - Дүйжаңның бұл сөзіне қарсы айтарлық жауап табылмады. Әйтеуір мүсәпірлердің еңбегін ұрлатпауға шара ойластырдым да шарфым жатақта қалғанын сылтауратып барып, бір жамаушы Лаужяудың үскі бізін жасырын сұрап алып шықтым.

Ымырт жабылысымен машина ремонт әтіретінің қақпасына барып едік. Әйелдер әтіреті жақтан жалаң қаққан екі «үйіткен бас» шыға келді.

- Биғабіл әфәнді сіз бе?- деп бұраң қақты біреуі. - Мен сіздің группаңызға қосылдым!

- Сықылыңнан айналайын-ау бізге қосылып не бітірмексің?

Мойынын сылқылдатып сықылық қаға күлді де таяй түсіп сыбырлады:

- Жол бастаймын.

- Е, күндіз барып көріп келген екенсіз де, шолғыншымын деңіз!

- Жым! - Бізге жақындап қалған бір сақшы алдымыздан өтіп кеткен соң жауап берді. - Күндіз барып жолын біліп қайтпасақ табылмайтын жердегі құм!

- Кімдікі екенін білесіз бе?

- Білмеймін, әйтеуір бір идараның көп кадрлары тасқап, машина бара алатын жерге үйіп жатқанын көріп қайтқанбыз. Егер бүгін барып алып қайтпасақ, ертең өздері тасып әкетеді!

Қақпадан бір «жефаң»[4] маркалы автомобиль шыға келді де, «Құйынсоққанның қатыны» соның кабинасына кіріп отыра қалды.

- Ол группаның баратын жері алысырақ,- деп түсіндірді «менің келіншегім» - алдыңғы машина солардікі.

- Әр күні барып көріп қайтып тұрасыздар ма?

- Өйтпейші, өзен арнасындағы құм азайып кетті. Тасқаушылар әр күні орын ауыстырып тұрады екен!

- Құм тасқап сатып күн көретін жекелердің құмын да аламыз ба?

- Құм болса болды да бұларға!...

- Жеке кембағалдардың құмын да сіздер тауып айтып келесіздер ме?... Обал болмай ма?

- Біз айтпасақ, бәрібір, артымыздан жүретін жалаптар айтып қояды. Дүйжаң сонсоң, жасырдың деп бізді сындайды!... Ау күні екі ұйғыр бала тасқап жатқан құмды айтпай қойып едім, артымыздағы қытай жалаптар пәш қып қойыпты. Енді жасырмауға мың қасам қылып әрең құтылдым!

- Жекелердің құмы мен мекеме кадрлары тасқаған құмның парқын қалай айырасыздар?

- Күндіз барып көріп келеміз ғой. Және көп адам тасқап үйгендіктен идара орындарының құмы көп болады...

Түрме шектеуімен байсырап жүрген сайқалым сөйтіп ештеңесін іркпей сөйлеп берді де күле қарап күбірлеп қана ескертті.

- Өзіңіз көп сұрап кеттіңіз ғой?... Мұндай сырды басқаларға айтып қойсақ... Бек чоң шатақ, жұмо![5]

- Мен, бұл міндетке бүгін ғана шыққандықтан біліп алғым келген ғой, ештеңе етпес!

Сонда да секем ала күлген келіншек жұтына қарап қалды маған. Бұл дәмесін байқап, әдейі мен де ұнатқанси қарап ыржидым. Сөйтіп көңілін аулап қоймасам, дүйжаңына көйтіп өзімді аулап қоюды да мүмкін ғой!

Жорық машинамыз қақпадан шыға бергенде мықынынан шымшып қап, қиқаң еткіздім де кабинка есігін ашып кіргіздім, алтауымыз кузопқа шығып едік. Шофер ханзу кабинкадан басын шығарып, көшеге шыққан соң көрінбей жатып алуымызды тапсырды. Үлкен қақпаға жеткенімізде жай бұқараша киінген бір жігіт күзет үйшігінен шыға келіп, автомобиль қабырғасына жармасты да, кузовтың бізден аулағырақ артқы бұрышына ыршып түсіп, отыра қалды. Дүйжаңның бізге қосып бермекші құралды адамы осы екенін түсіндім.

Бұл автомобильдер, осы завотқа ремонттатуға берген басқа мекемелердікі екені белгілі. Ремонттап болғаннан кейін де әр түрлі сылтаумен бір ай істетіп алып қайтаратындығын білгенбіз. Ұрлыққа түгелімен осындай автомобильдер пайдаланылып, нелер ұзақ жорыққа да жортады. Орман күзетшілерін ебін тауып қорқытып алған соң қарағайды да осылармен тасиды. Машина номерін алып тастап, ыңғай шетпен айдап ұрлайтындығын да естігенбіз.

Сол естігендеріміздің бәрін осы автомобильдің қылығынан қалт жібермей байқап жаттым. Жолсызбен бұрыла-бұрыла тоңқалаңдап, өзенді өрлеп келді де шырағын өшіре сала тік еңістен түсіп тұра қалды. Басымды бір көтеріп, өзен арнасына түскенімізді білдім. Әйел мен шофер жаяулап, алдыңғы жақты шолып келді де тағы айдады. Мотор дыбысын шығармай ыңылдатып, шырағын да жақпай айдады. Байқасам, алдыңғы екі дөңгелектің арасынан мысық көзіндей ғана кішкене шырақ орнатып алған екен. Осы ыңылмен жарым сағаттай жүріп келіп тоқтады. Дыбыс шығармай жатуымызды бұйырған шофер келіншекке жол бастатып, алдыға енді жаяулап бұға ұмтылды. Бір шақта өзі жалғыз қайтып келіп, бізге үнсіз жата тұруды тағы бұйырды. Келіншек құм күзетшісін бақылауға қалған сияқты. Бір сағаттан соң елпек қағып жүгіріп жетті. Шофер кішкене шырақты да жақпай машинаны ныспы қараңғыда, құм тасқалған көп ордың арасынан ыңылдатып қана өткізді. Бұрыла-бұрыла жылжытып әкеліп, бір үлкен үйіндіні жанай тоқтатты. Күректерді де дыбыс шығармай түсірдік.

Кузовта қымырсыз жатып тоңып қалған ұрыларым жылынудың шипасын енді тапқандай, даяр құмды осқылай жөнелді. Спор салдақы сып етіп қасыма жетіп келді.

- Жиырма кадр анау шұңқырлардан бір күн тасып, осында әкеліп үйіп жатқанын көргенмін!- деп сыбырлай күлді. - Күзетшісі жаңа ғана қайтты! -деп тағы күлді. Жанқұралды сақшы алдымыздан өте беріп ым қақты да өзі аулағырақ шетке барып тұрды. Сақ болыңдар дегені екен. Автомобильдің сырт жағына жылжып барып келіншек тұрды да, бес мықтының сырт жағына барып мен тұрдым. Сол үйіндінің жартысымен лезде толған автомобиль, үстіне қайта шығысымызбен ыңылдай жөнелді. Енді арнаның күншығыс жағына өте тартты. Үлкен жолға шыға сала шырақ жағып, бірінші хотқа басты. Көпірмен айланып қайтсақ та қара қақпаға лезде жеттік.

Екінші рет сол жолдарымызбен тағы жортып, таң бозарғанша сол үйіндіні тақырлап қайттық.

Күндіз ұйықтап түнде жортып, қарақшылықпен нәтиже жаратып жүрген сол күндерімнің бірі жексембі екен. Әлдеқашан ұмытылған «кішкене жексембі». Мені іздеп көрісуге біреу келгенін айтып, дүйжаң сарының өзі хабарлады. Жүгіріп шығып, алыстан тани кеттім, Асқардың қолынан ұстап Нұрияшым тұр!... Секіре жүгірдім. Олар да ұмтылды. Күн күңгірт, суық болса да беттерінен нұр ойнап, жайнап көрінді. «Әке!...әке!» деп бір қолын көтере қалтақтап жеткен Асқарды көтеріп алдым да, құшағыма бастым. Өксіп қалып, беки қойған Мақпал, қадала қарады жүзіме.

- Әйтеуір жүдемепсіңдер!- екеуін кезек-кезек сүйдім.

- Сен де жақсы тұрыпсың жаным! - недәуір қарап алып тілге келді Мақпал. - Кеше кеште мектептен әпекемнің үйіне қонып қайтуға рұқсат алып шыққанмын. Мұнда келгенімді танитындардан ешкім көрмеді. Сені, қарындасымын деп шақырттым.

- Күлән қандай, денсаулығы жақсы ма?

- Жақсы!... Қанша жүк артылса да өң бермес мықтының өзі екен!... Бар мәзірін мына екеуімізге әкеліп тұрады. Кеше таудағы бауыры әкелген күздік соғымның қақ жарымын көтертіп, біздің үйшікке бүгін тағы жіберді. Көп айтып тоқтата алмадым. Саған сәлем айтты. «Ден саулығынан басқаны ойламасын, дәл осылай айт!» деп тапсырды. Бірақ, Ынтықбайдың қайда барғанынан әлі хабар жоқ. Біздің үйлерден де хат келді, аман екен. Ол жақ әлі де қыспақ көрмегендей. Тұрмыстары жақсы сияқты. Биғазы аға мұнда келіп қайтпақ екен. Келмей тұра тұруларын айтып, хат жазып жібердім. Хал-жайымыз расында да жаман емес. Көшеден сатып алуға табылмағанымен мектептің өзі тауып, қамдап тұр. Нәсілді сиыр фирмасы да бар ғой, Асқарға деп күніне бір литр сүт жаздырдым, әр күні өзі келіп тұрады...

Мақпалдың ішіп-жем жағынан қиналмай тұрғандығын естіген соң, бұл жөнінен менде де «қиыншылық жоқтығын» айтып мақтандым. Заң орнынан біреудің келіп тергеп, анықтау ниетін білдіріп қайтқаны да айтылды.

Асқардың аузыма конфет тықпалап сөйлетпей тұрғанына шешесі үлкен көзін кең ашып, елжірей қарады. «Мырзаның» өзіне басқа біреудің берген, базарда жоқ, аяулы конфеті екен.

- Бұл да қатты сағынды!- дегенде іркіліп тұрған көз жасы ыршып кетті.

- Гүлниса барып тұра ма?- ойын бөлмек болған бұл сұрауыма шошына қарады Мақпал.

- Оның атын ата ма!... Асқан жүректі қыз екен, көшеге наразылық қағаз жапсырып, қарсы ұран жазып жүргенін білдім. «Сізге енді келсем, кесірім тиеді» деп өзі ескертіп кетті. Бізге жақын жүргені ашылса, үлкен пәлеге қаламыз!... Ал, Қапия абақтыдағы қыспақтан жынданып кетті. Үстіндегі бар киімін жыртып, көшеге шығып кетіпті. «Қапас!... Қапас!» деп айқайлайды екен. Қазір нерві шипаханасында жатыр дейді. Біраз сауықса үйіне қайтармақ болғанын айтып жүр.

- Ал, өз үйшігің қандай, жауын-шашын көп, күн суып кетті ғой?

- Біреуі құлап қалды!- дегенде Мақпалдың жүзі төмендеп кетті. - Ол үйге, кітаптан босап қалған шкафтарыңды қойып едік, үйдің төбесі ортасына бір-ақ түсіп, күлпаршасын шығарыпты. Сенің садақаң болсын деп қоя салдық. Өз отырған үйшігіміз аман. Сенімдірек болған соң өзіміз сонда жатып жүргенбіз. Жаңа үй бітіп қалды. Тездетіп сонда көшіріп шығарамыз дейді. Қазіргі маған ең қиын тиіп тұрған іс, некеден ажырайсың деп қыстауында болып тұр!

- Олай болса, уақытша ажырай сал, мені тосатындығыңа сенімім толық қой, одан қысылатын не бар!

- Оны сен де айтпа маған! - Мақпалдың жүзі күреңітіп, көзі от ала қалды. - Уақытша ажырай тұрсақ, қанша жыл өтсе де арамызға ешкім кіре алмайтындығын өзім де білемін! Бірақ, маған намыс керек! Уақытша ажырасқан болсақ та басқа некелілерге оның кесірі тиеді. Қазір бізді үлгі етіп ажыраспай күтіп отырған әйелдер көп!... Өлсем де ажырату сөзін қабылдай алмаймын!

- Екінші бір пікір,- дедім мен. - «Баламды үлкен үйге тапсырып беріп келейін» деп рұқсат алып қайтта келмей, Дөрбілжінге орналасып тұр, иә, тауға шығып ал, онда да оқытатын бауырларың көп!... Жақын жылдардан бергі тіршілігіміз бізге мынадай шүбәсіз ақиқатты үйретті: ғылым мен сана жағынан жалпылап өспеген шағын ұлт халқына қашан да теңдік жоқ екен. Отаршылар алдап біріне-бірін байлатады. Біріне-бірін кісен қып салып құлданады екен. Оқытушылық кәсіптің бірден-бір міндеті халықты жаппай сауатты - еркі күшті, саналы халыққа айналдыру. Осыны ұмытпағайсың! - Қарап тұрып, Мақпалым бас изеген соң ғана жалғастырдым сөзімді. - Сен осында режим астында оқытушылық істесең, «екіні екіге қосқанда Маужушидың қамқорлығымен төрт болады» деп оқытуға мәжбүр боласың. Ал, өз жеріңе барып еркін оқытушы болсаң «екіні екіге қосқанда Құдайдың қамқорлығынсыз-ақ төрт болады» деп шындығын оқыта аласың! - Бұл сөзіме Мақпал күлді де, оған еріп Асқар сақылдады. Мұның «әулекілігіне» екеуіміз қосыла күлдік. Әлгі екі пікірімді қайталап тұжырдым сонсоң. - Биғабілдан ажырадым деп жариялай тұрсаң, қорықпай, осында да солай оқыта алар едің. Бірақ, бұл жерде тұрғанда қорқуың қажет!... Әлгіндей жолмен қайтып кетуді ойлан!... Үй жабдығың Күләннің меншікті үйінде сақталып тұра береді. Қайда апарса да босап шығысымен сені таппай тоқтамаймын!...

Қақпа басқарушының ишарасынан көрісу уақытымыздың толғанын білген Мақпал велосипетіне жүгіріп барып, сумка көтеріп әкелді. Тамақ пен киім-кешек екен. Маған мұнан соң келмей, қисыны табылғанда хат жазып қана тұруын, тамақ жіберуді мүлде тоқтатуын мықтап тапсырып, Күләнға да осыны шындап өтінген сәлем жолдап қайтардым.

Екеуіміз де бекем сияқты едік. Менен айрылғанда Асқардың «әке-әкелеп» жылай қайтқанынан екеуіміз бір-бірімізге қарай алмай, сырт айланып өксідік. «Әке, әке, жүй, жүй!... Әке!...әке!..»- қос қолын маған соза жайып шырылдай шықты қақпадан.

- Бізге алаң болма, денсаулығыңды ғана ойла! -деп Нұрияшым бір ғана қайрылып дауыстай алды.

Сол күннің кешінде жортуылға тағы дайындалдық. Автомобиль қақпасына тағы бардық. Маған үйірлесіп қалған жасама меңді сары келіншек, ымырт түсе жорғақ қағып тағы жетті қасыма.

- Бүгін бек шаршадым!- деп иығыма қолын аса бере, Лаужяу түрмесінде екендігін енді сезгендей, жиыла қойды.

- Неден шаршадыңыз?

- Жырақ жол бастық, табылмай,- дей сала сыбырға көшті. - Бір идараның құмы әрең табылды. Бес алты жеке тасқаушы шал-кемпір, Жанұптен келген мүсәпір ұқсайды, бір қойнаудың құмына бүгін ғана түсіпті. Оған ертең бармасақ, машинамызды бүгін толтыра алмайды!

Осы хабарынан ойыма бір сұмдық келе қалып, басқаларға байқатпай, иегінен шымшып қойдым. Мойнын жыға жымиды. Төменгі алыс ағында жортып жүрген Құйынсоққанның группасы кетісімен біз де шықтық автомобильге. Жоғары Санпаку жолымен өрлеп барып, келіншектің әлгі айтқан мекеме құмын да тақырлап алып қайттық.

Ашынышты жорыққа ертеңіндегі кеште тағы шықтық. Шал-кемпірлер құмды бүгін де тасқап, молайтып қойған екен. Жүрерімізде «ерке келіншек» тағы да сыбырлап соны айтты. Бұл рет бөксесінен шымшыдым. Бұлтың ете түсіп, үнсіз күлді. Маған жамандық ойламайтын болғанын соңғы рет сынауым еді бұл.

Кешегі жолмен ұзағырақ жүрдік бүгін. Тауға баратын үлкен жол, өзен арнасынан алыстап кеткендіктен автомобиліміз жолсызбен тоңқалаңдады. Шырақты өшіре салып, ылдиға сырғытқанда мотор үні де өшті. Жақын-жақын үйілген бес-алты үйме құмның дәл тұсынан түсіппіз. Күн көру үшін қаңғып жүрген мүсәпірлерден сақшы қорықсын ба, шоферымыз машинасын бейғам айдап әкеліп, екі үйменің арасына тоқтатты. Мен тез ыршыдым кузовтан. Артымыздағы сақшы түсе қоймай есінеп, керіліп-созылып тұрғанында темір сапты үскіні артқы қос дөңгелектің бірінің «жұқашабынан» бойлата сұқтым. Суырып ала жөнелгенімде жел пыс ете түсіп қана тоқтап қалды. Жүгі ауырлағанда, «күш келгенде күйеудің де осыратыны» белгілі ғой. Бір үйме құмның сыртына ыршып өтіп барып дабыстадым ұрыларыма. Үйткен бас келіншек кабинадан түсіп, маған қарап құшағын жая керілді де, шофер мотор қақпағын ашып, бердемесіне тұқжыңдап жатты.

Екі үйме құм лезде тиеліп болды. Үскі сұғылған дөңгелек мыңқ етпей жылжып, үшінші-төртінші үйме құмға барды. Олар да тиеліп, кузов лық толды. Оның үстіне лап беріп бес ұрым шықты. Құралды сақшы жар қабақтан қарап тұр. Дөңгелектен ысылдап жел шыға бастағанын ести сала кузовқа мен де ыршыдым. Машина бір «осырып» алып, жылжи жөнелді. Келгенде түскен қыратқа күшене өрледі. Мен тыңдап отырған қос дөңгелектің бірі шаңқ етіп қатты атылды да бірі бырс ете түсті. Автомобиліміз сол өрде шоңқия қалды. Шырақ та өшті, үн де өшті.

Қисайған жағынан секіріп-секіріп түстік. «Ванлы!»[6] деді шофер, үдірейе қарады бізге. Қымырламастай шоңқиған автомобилді таң атқанша әкетіп үлгермесе, қолға түскені ғой! Алақтап әрқайсымызға бір қараған шофер сақшы, жетіп келген құралды сақшыға бұйырды.

- Сен жүгір, запас дөңгелек алып, дереу трактор келсін!... Тез бармасаң... таң атып кетеді!

- Өзің бар!... Менің міндетім,- деп құралды сақшы иегімен бізді нұсқады. Шофер қол сағатын нұсқады.

- Мен, жарылған дөңгелекті босатып, дайындап тұрмасам болмайды! Бұларды да айдай кет, жұмысшы ұсталардан төрт-бесеуін жіберсін!

- Зу! - деді құралды сақшы бізге қарап.

Алдыға түсіп лыпылдай жөнелді ұрылар. Үйткенбас келіншек былай шыға ақсап, ілесе алмай қалды да, сақшыға сыбырлап, шаршаған жөнін айтты. Таңды атыра әрең жететін сылтау табылғанына қуандым. Алдыдағыларға жүгірмей жүруді сақшы бұйырды да «арамыздағы жалғыз әйелді қинамай» жай жүруді мен күбірледім. Үйткенбас білегіме асыла шойнаңдады. Артымыздағы сақшыға естіртпей күле қиқаңдады. «Дөңгелекті кембағалдардың қарғысы атты ма екен?»- деп маған күбірлеп қояды. Менің қылмысымды сезгендігін білдіргені еді бұл сөзі...

Түрмемізге расында да таң ағарғанда жеттік. Бір ұйықтап қана ояндым. Күн шығып, көтеріліп қалған екен. Жарыса шаңқылдаған екі кемпірдің дауысын естіп сыртқа шықсам, түндегі құм тиеген автомобилімізді қоршап, алты аларман жалақтап тұр. Ақыларын артығымен алмай қайтпайтын «қандары сұйылған жау» екендігін райларынан тани қойдым. Соңдарынан ерткен аш-арық балалары бар, көктен тоналып түскендей сыпыра жалаң аяқ-жалаңбас, сіңірлері бадырайған шидей сирақ-білектері қалтырап, тістерін сақылдата кіжінеді. Менің үскімнен де өткір тілдері сақшының ішек-қарнынан сау тамтық қалдырар емес. Мұндай «жиянгерлерге» бастықтарымыздың басын жемей тойым қайда!...

Әділетті тергеушім, сол рақымсыз үскіні сұғып жіберген менің қылмыскер қолымды кесетін кезіңіз келген-ақ шығар. Әйтеуір, үкіміме ат қойып - айдар тағып кесесіз ғой. «Халыққа қарсы, халық үкіметіне қарсы, пролетарият дектатурасына қарсы, нақ кері төңкерісші» деп жазарсыз әрине!

(Жалғасы бар)

«Абай-ақпарат»


[1] Ревизионизм (ханзуша шужыңжуий) - марксизмді бұрмалаушылық.

[2] Қараңғы базар - жасырын базар (базар тапшылығында жасырып қымбатқа сататын базар)

[3] Артқы есік - сыбайластарына ашылатын жасырын есік.

[4] Жефаң (ханзуша) - азат, бостандық.

[5] Жұмо (ұйғырша сыпайыласқан мағынасы) - біліп қойыңыз.

[6] Ванлы (ханзуша) - бітті, түгеді.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1469
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5404