Жұма, 15 Мамыр 2026
Алашорда 261 0 пікір 15 Мамыр, 2026 сағат 13:48

Отарлық дәуірдегі шырақ жайында...

Суреттер: abai.kz, e-history.kz сайттарынан алынды.

Жеке мұрағатымнан бір зерттеуімнің нәтижесінде 1987 жылы жазған мақаламды кезіктірдім. Бұл жыл бүгінде кеңінен мәлім дүрбелеңнен кейін орын алған «кіші 37»-нің кезеңі ғой, тиісінше мақалада сол шақта еңсені басқан ағымдағы саясат лебі сезіліп тұрған-ды. Әйткенмен қозғалған мәселе қазіргі тәуелсіздік дәуірінде де мәнін жоймайтын сияқты көрінді маған, сол себепті бұдан қырық шақты жыл бұрынғы жазбамды жаңғыртқанды жөн көріп отырмын...

Зерттеуім патша заманында жарық көрген бір кітап жайында еді. «Тұңғыш қазақ календары өткен ғасырдың (яғни 19-шы жүзжылдықтың) аяқ шенінде орыс әріптеріне негізделген жаңа алфавитпен басылып шыққан көрінеді», – деп бастап, ағымдағы ахуал жетегімен былай жағастырғанмын: «Біз орыстармен қандас бауырмыз, – халқымыздың өткен ғасырда өмір сүрген тамаша ұлдарының бірі осылай деген еді. Мұндай пікірге сол заманның өзінде талай азамат қосылды, талай азамат жасампаз туыстықты баянды ете беру ісіне өз хал-қадерінше үлес қосты. Солардың ішінде әйгілі ағартушы Ыбырай Алтынсариннің еңбегі бір төбе. Ол революциялық мәні бар шаруаны жүзеге асырды – ұлт аймақтарында патша үкіметі ашқан мектептердің миссионерлік бағытына батыл да сенімді түрде күрт өзгеріс енгізді. Оның орыс әріптері негізінде жаңа қазақ алфавитін жасауы – қараңғы халықты білім даңғылына бастайтын, Россиямен тағдыры тарихи тамырласқан Қазақстанды орыс мәдениетімен етене табыстыратын төте жол салғандық еді. Бұл айдай анық ақиқат».

Одан әрі жәйлап зерттеу объектіме көшкенмін: «Көмескілеуі – сонау жаңа емленің баспа ісінде қолданылу дәрежесі. Көне араб әріптерінің жетілдірілгеи түрін отызыншы жылға дейін пайдаланғанымызға, ал қазіргі графикаға қырқыншы жылы ғана ауысқанымызға қарағанда – Алтынсарин жаңашылдығы өзі қайтыс болған соң кең өріс ала қоймаған тәрізді. Әйткенмен осынау үлкен қайраткер-ұстаз дүниеге әкелген жаңа алфавитпен аз да болса саз еңбектердің жарық көргені анық деген тұжырымды батыл жасауға болады. Бұған дәлел ретінде өткен ғасырдың аяғына қарай тұңғыш рет қазақ тілінде шыққан календарь-кітапшаны алға тартпақпыз. 91 беттік    бұл кітапша бұдан  (яғни мақала жазылған 1997 жылдан) тоқсан   жыл   бұрын «Календарь для киргизов на 1897 год. 1897-нші жылға қазақ үшін шығарған каландар» деген атпен Орынбордағы Б.А. Бреслиннің типо-литографиясында жарық көрді».

Календарьдың ең алдымен сол заманғы қоғам мүддесін көздейтіндей етіп құрастырылуын атап айта отырып, онда халыққа пайдалы мағлұматтардың, әсіресе қараңғы халықтың қарабайыр дүниетанымын кеңейтуге септесетін мағлұматтардың молдығына көңіл аударған екенмін.  Сол шақтағы әрбір оқыған жан ден қоярлықтай білім салаларынан жап-жақсы түсінік беретін насихаттық-ағартушылық материалдардың жүйелеп берілгенін ескере отырып, оның қазақтарды прогресс жолына жетелейтін танымды еңбек боп шыққанына назар сала келе,  календарьдың мазмұнына шағын шолу жасаппын.

Жинақ патша әулеті жөніндегі мәліметпен ашылған. Сосын әр айдағы кеңсе ашылмайтын мерекелі күндердің мәндері жарияланыпты. Келесі орында 1897 жылдың табель-календары тұр. (Барлық ай, күн аттары екі тілде қатар берілген. Қазақша ай атаулары қазіргі қолданыстағы күнтізбеден өзгеше: дәлу, құт, қамал, сәуір, зәузә, саратан, әсет, сүмбіле, мизан, ақырап, қауыс, жедді деп берілген. Бұл атаулардың совет тұсында жасалған 1923 жылғы қазақ календарына да кіргеніне қарағанда, тұрмыста кезінде кең қолданылған болуға керек). Одан соң ай мен күннің тұтылатын уакыты, ол құбылыстарды қайдан бақылауға болатыны айтылған. Келесі тарауларда Россияның жері, халқы, халқының тайпалық, діни, әлеуметтік құрамы жайында түрлі статистикалық дерек, дүние жүзіндегі патшалықтар, халықтардың жалпы саны, орташа жас мөлшері, некелесуі, құрлықтар, теңіздер, әлемнің ірі қалалары туралы мәліметтер бар. Почта жұмысын баяндаған тарауда хат, бандероль, посылка, телеграмма салу тәртібі егжей-тегжейлі түсіндірілген. Соңынан орыс, қазақ өмірінде қолданылып жүрген түрлі өлшемдердің салыстырмалы ұғымдары келтіріліпті. Бұлардың бәрі кітапшаның алғашқы 25 бетін алып жатыр.

Жинақтың келесі 20 бетіндегі әрі қарапайым, әрі өз заманы үшін ғаламат танытқыш қасиетке ие топтамаға толығырақ көңіл бөлуге тұрады: «Қайда барсаң да... бізді көтерген бір қара жер. Көгеріп мұнарған аспанмен таласқан таулар, ұзындығы бір айлық сарқырап  аққан сулар, көз   жетпейтін теңіздер, дариялар, көлдер... бәрі де жердің үстінде. Бұл жер не нәрсе екен, қандай екен: төрт бұрышты мекен (ма екен – Б.Қ.), ұзын бекен (ба екен – Б.Қ., сопақ бекен (па екен – Б.Қ.), бұ жерді көтеріп тұрған не нәрсе екен деп ойлайтындарың бар шығар... неше бір оқымыстылардың... тауып, біліп, дәлел көрсетіп айтып кеткендерінен сіздерге бір азырақ сөз айтайын», – деп бастайды әңгімесін өткен ХІХ ғасыр қаламгері. Сосын жердің   «қарбыз   секілді, алма секілді, жә болмаса жұмыртқаның   ішіндегі сары уызы секілді   домалақ»   екенін   айтып, оған бірнеше дәлел келтіреді.

Календарьдың аталмыш тарауында автор «жол жүріп келе жатқанда, арадағы жердің дөңестігіне байланысты, алыс таудың әуелі төбесі, одан белі, тақалғанда барып етегі көрінетінін» жазған. Тағы сол сияқты көріністерді еске салып ойландырып барып, оқырманды телескоп жайынан хабардар етеді. Содан соң: «Бір жерде тұрғанда   жердің   бізге тегіс көрінетіні: жер тым   үлкен,  біз   жерге   қарағанда тым кішкентаймыз...   Ең биік   таулар   қарбыздың үстіне жабысқан бір түйір құмнан кіші», – деп түсіндіреді. Осылай дей келе, жердің жұмырлығын күннің әр жерде әр түрлі уақытта  шығатынымен де дәлелдейді. Әркімнен: «Жер томалақ  (домалақ – Б.Қ.)   болса,   жердің астында тұрған кісілер,  нәрселер  неге құлап  кетпейді?» – деген күдікті әркімнен естігенін айта отырып, автор қарапайым мысалдармен жердің   тартылыс   күшін   де түсіндіріп өтеді.

Жердің көлемін ұғындыру мақсатымен оны шартты түрде қақ жарып   бөліп,   «бір жағы қазанның түбі секілді томпақ, бір жағы қазанның қақпағы секілді тегіс дөңгелек   екі бірдей жарты жер» ретінде қарастырады. Жердің ғалымдар есептеп шыққан өлшемдеріне «қарағанда – жер онша томалақ емес, алма реуішті, асқабақ реуіштілеу»* деген байлам жасайды. «Кейбіреулер жердің тіреуі бар, жерді бір нәрсе көтеріп  тұр дейді... айтқан сөзге бала-сәби секілді нана бергенше көп жақсы ойлауға керек емес пе: жерді бір нәрсе көтеріп тұрса, ол нәрсені кім көтеріп тұр деп. Күнге, айға, жұлдыздарға караңдар:   соларды   бір нәрсе тіреп, болмаса солар бір нәрсеге ілініп тұр ма?» – деген сөздермен қараңғы халық арасындағы соқыр сенімге шүйіліп,  аспан денелерінің қозғалысы туралы жатық та түсінікті, ғылыми дәйекті әңгімесін сабақтай түседі.

*«Календарь для киргизов на  1897 год.  1897-нші жылға қазақ үшін шығарған каландар». – Орынбор, 1897 ж.

Ара-арасында оқырманмен тікелей тілдесіп отыру бұл бөлімде жиі де орынды қолданылған тәсіл екен. Айталық, автор: «...таң қалатұғын шығарсыз: жер мұнша қатты ұшады, не себептен біз оны білмейміз... деп?» – сауалын осылай қойып алады да, жауапты сол таңырқаушының үйреншікті тіршілігінен іздейді. Мәселен, осынау білім таратушының: «От арбаға мініп, болмаса ұшқыр атқа мініп шапқанда – біздің көзімізге біздер жүріп келе жатқан секілді көрінбейміз, жолдағы бізге ұшыраған нәрселер кейін қарай көшіп   бара   жатқан секілді  көрінеді», – дейтін дәлелі  көшпенді  көкейіне қандай қонымды!

Жалпы, астрономия насихатын автор түгелімен ел ішіндегі надандық көріністерімен күресуге ұластырған. Мәселен, күн мен айдың тұтылуын   түсіндірген тараудан: «Надандардан сұрасаң   әлденені айтады, – деп ашына жазылған сөздерді оқисың, – ...айды бір қара  мысық жеймін деп, айды ұстағаннан  – ай  қарайып  тұтылады  дейді,  соның үшін  ай тұтылғаннан  бастап үлкені-кішісі  қалмай   шулап, айды мысыққа  жегізбейміз деп  айқайлайды. Бұл масқара күлкі емес пе?»

Құйрықты жұлдыздар жайында ғылымға  мәлім деректерді бере отырып, автор тағы да теріс иланымға қарсы күрес ашады. Кометаны  көргенде:  «...бұл бір  құдайдың   жіберген қаһары: соғыс болар, үлкен өрт болар, жә жұртқа оба секілді жаман ауру пайда болар», – деп үрейленуді халықтың надан шағына тән қате ұғым ретінде әшкерелейді. «Кометалардың бізде ісі жоқ... наныңыз, дұрысым, – дейді ол. – Адамның   бақытты-бақытсыздығы    көбінесе    өзінен...»*.

*«1897-нші жылға қазақ үшін шығарған каландар».

Планеталар туралы әңгімесінде: «Күннің қауымы өзімен тоғыз.., сол тоғыздың көбінен Жер кіші.., ал Марстың, яки Юпитердің үстінен қарар  болса – біздің Жер  ноқаттай-ақ  болып»   көрінетіндіктен,   осынау   ғаламаттармен салыстыра  ойлағанда  – «өзімізді   өзіміз үлкен ұстап, жетім-жесірлерге қарамай, тәкаппарлық етуіміз  ақымақтық екен», – деп, әлділерді де шенейді. Ғылымда «сіздер есітпеген, көрмеген, түсінбейтін керемет көп,  бірақ   бұл   кереметтер  надандар айтқан: «ит аунаса мал өледі, мысық бетін жуса қонақ келеді» деген кереметтер секілді емес...»

Осындай реттермен пікір шайқасын пәрменді түрде дамыта келе, күрескер-насихатшы астрономиялық бөлімді: «Оқымыстылардың айтқан сөздері кандай анық, қандай түсінікті: көптірмей-семдірмей дұрысын түсіндіреді де қояды. Оқудың пайдасы осы», – деген оймен түйіндейді.

Шаруашылыққа пайдалы аң-құс, жәндіктер туралы жинақтың  13 бетін алып жатқан мәліметтер мен кеңестер бар. Келесі 9 бет бойы тұрмыста жиі кездесетін ауру түрлері және оларды дәрігер жоқта емдеу жолдары баяндалған. Одан арғы 16 бетке Дала ережесі (1891 жылы ұлан-ғайыр қазақ даласы патшалық меншігі деп жарияланған «Дала Ережесі» деген атпен мәлім Заң)  басылыпты.   Тағы   5 бетте   Торғай облысы қазақтарының бірігіп пішен жинауы жөніндегі ережесі орналастырылған. Осындағы дәйектеме көңіл аударарлықтай: «Әр уақытта бар жиғаны, күн көргені мал бола тұрып, қазақ халқы... малды қалай асырап,  қалай  сақтауын   көп   қайғыланып   ойлай бермейді. Қылышын сүйретіп бір қоян секілді қыс бола қалса, толықсыған байлар бар  малынан айрылып... қаңғырып... жұрт   мықты   әбігерде   қалады...  1893 жылы Торғай   облысының   губернаторы қазақтың есті  басты  адамдарын жиып,   жиналған көптің кеңесімен Торғай облысы   қазақтарына ілгері уақытта   сақтауға пішен   үюге   тәртіп етті»*.

*«1897-нші жылға қазақ үшін шығарған каландар».

Бұл ереже бойынша  қоғамдық қорға 20 қарасы барлар – 3 арба, 10 қаралылар – 2 арба, малы одан да аздар – 1 арба пішен өткізуге тиіс екен. Орталарынан күзетші сайлауға және оның кіріс-шығыс кітабын қазақша  жүргізуге   болатыны   ескерілген. Ереже соңынан   1897   жылдың әр   айындағы    ауа райына Брюс календары бойынша болжам беріліпті.

Жинақ күннің әр декада сайын сегіз түрлі уақыт белдеуінде шығу және бату мерзімдерін көрсеткен таблицамен аяқталған.

Осы кітапшаның әйгілі Қазақ төңкерісінен жиырма жыл бұрын жарық көріп, сонау алыс кезеңнің өзінде «қараңғы қазақ көгіне» ілінген білім шамшырағы іспетті болғаны ойға оралғанда, оның тиражы, таралуы, оқылуы жайындағы сауалдар қосарлана бой көрсетеді. Бұлардың   баршасы   арнаулы зерттеумен ғана анықталса керек, сөйтсе де сондағы сауат ашу дәрежесінен-ақ кейбір түйінге келуге болып қалар. Аталмыш еңбек шыққан кезде Алтынсарин ашқан алғашқы мектептің жұмыс істей бастағанына 33 жыл толған, яғни онда сонша мерзім ішінде бірқыдыру адам жаңа алфавитті ажырататын күйге жетті. Оның үстіне Дала ережесін бекітіп алған соң, патша үкіметі мұсылман мектептері мен медреселерін күрт шектеп, азайту,  олардың орнына патшалық мүддесіне қызмет етуге тиіс орыс-қазақ мектептерінің қатарын көбейте| түсу бағытын ұстанғаны белгілі. Тек календарь шыққан жылдың өзінде Торғай облысы мектептерінде 800-ге тарта қазақ баласы оқып жүргеп екен. Ендеше заманы үшін мазмұнды, тартымды да пайдалы календарь-кітапшаны әжетіне жарата алардай оқырман қауымы болған.

Календарь-жинақтың тілі таза, түсінікті, оның қазіргі әдеби тілден айырмасы жоқтың қасында. Әңгімеленетін әр мәселе қазақы ұғымға бейімделген, жеңіл оқылады. Ең арғысы, сол уақыттағы қазақ өмірінің негізгі заңы «Дала ережесін» тәржімелеп басқанда да «киргиз» деген ресми атауды «қазақ», ал казактарды «қазақ-орыстар» деп қазақыландырып алған. Рас, орыс әріптерін түгел пайдаланып, кейбірінің негізінде жаңадан төрт әріп жасап қосқанмен, жаңа алфавит қазақ дыбыстарының фонетикалық ерекшеліктерін түгел бере алмаған, бұл бірден көзге ұрады. Қыр зиялыларының 1905 жылғы жазда жұмысын ақ патшаның өзі тағайындайтын премьері арқылы басқаратын министрлер кеңесіне берген петициясында орыс-тузем мектептеріне наразылық білдіруіне бір себеп осында болатын. Әйтсе де Ыбырай ұшырған бұл алғашқы қарлығаш қазақ халқының орыс халқымен достығын нығайта түсуде, орыс мәдениетімен бауырласуын өмір қажетіне айналдыруда өлшеусіз бағалы рөл атқарды.

Көкейде тұрған тағы бір сұрақ – календарьды кім құрастырды? Оған кірген материалдарды жазуға кімдер қатысты? Кітаптың өзінде мұндай деректер де көрсетілмеген. Дегенмен олардың демократиялық қанатта болған адамдар екеніне шүбәлану артық. Әрі, аталмыш календарьдың казақ тарихындағы мұндай сипатты тұңғыш еңбек екенін ескерсек, Қазан төңкерісінен кейін жетпіс жыл бойы көсем тұғырынан түсірілмеген В.И. Ленин үйреткендей, ол адамдар өздерінен бұрынғылар жасамаған шаруаны жүзеге асырғаны үшін, оның үстіне, біздің шағын шолуымыздың өзінен аңғарылатындай, календарьдың тәп-тәуір прогрестік мәні бар, қараңғы да надан халықтың санасын астан-кестен аударып-төңкеретін танытқыш күші мол, ағартушылық рухқа ие болып шыққаны үшін бүгінгі ұрпақтан тиісті бағасын алуға әбден лайықтығын мойындау жөн.

Жинақ өзінің бірінші бетінде көрсетілгендей, Торғай облыстық статистика комитетінің басылымы санатында дүниеге келген екен. Ендеше оның құрастырушысын да, авторларын да әуелі осы комитеттің құрамынан іздеп көру орынды шығар. Торғай облыстық статистика комитетінің толық мүшелері*  қатарында сол жылдары алты қазақ болыпты. Атап айтқанда: коллежский ассесор Қарабаев М., коллежский советник сұлтан 2-Сейдалин Т., статский советник сұлтан 1-Сейдалин А., зауряд-хорунжий Беркімбаев Д., кеңсе қызметкері Бірімжанов Қ., Дамбар болысының биі Наурызбаев Б. Шен-шекпендеріне қарап, оларды үстем таптың ығайы мен сығайына жатқызсақ та, олардың қызметтері мен білімдерінің оң әсері, шарапаты да болуы ықтималдығын есте ұстауға тиіспіз. Олай болса, осы аталғандардың ішінде календарь шығаруға қайсысы қатысты екен?

*«Адрес-календарь   Тургайской   области   на   1897   год». Оренбург, 1897 г.

Зерттеушілерге «сұлтан 2-Сейдалин Т., сұлтан 1-Сейдалин А.» есімдері белгілі, алғашқысының – әскери және мемлекеттік қызметтерде болған Тілеумұхамед сұлтанның XIX ғасырдағы қазақ егіншілігі туралы жазбалары күні бүгінге дейін ғылыми айналымда жүр. Демек, календарь-жинақтағы шаруашылыққа қатысты тараулар, әкімшілік жасаған бірлесіп пішен үю ережесінің тәржімесі осы есіммен байланысты боп қалуы ғажап емес. Ал науқастанғандарға алғашқы жәрдем көрсету жөніндегі кеңестердің иесін Мұхамеджан Қарабаев** деп шамалауға кеп қалар, себебі ол 1887 жылы Қазан университетін бітірген ескі оқығандардың бірі, мамандығы бойынша дәрігер, календарь жазылған мезгілде Қостанай калалық ауруханасында істеп жүрген екен.

*Қазак Совет Энциклопедиясы. 6-том, 463-бет.

Сөйтіп, тізімдегі алтаудың екеуін календарь авторлығына «тарттық», енді бірі жөнінде түйер ойды Б. Қаратаевтың* жазбаларынан кезіктірген мына бір жолдардан өрбітіп көрейік: «...орыс чиновниктері мен мекемелеріне келгенде киргиз-казактардың өтірік айтуға әрі алдауға дайын тұратыны неліктен деген сауалға... Қорғанбек Бірімжанов 1886 жылы... менің көзімше Торғай облысының әскери губернаторы генерал-лейтенант Барабашқа былай деді: «Қазақтың халық даналығына қарағанда, орыс чиновнигі сенің ағыңнан жарылып айтқан шындығыңа сенбейді, алайда ол, егер сен оған қиыстырып тұрып өтірік айтар болсаң – құлай сенеді». Қорғанбек Бірімжановтың бұл сездері даусыз ақиқат болғандықтан, царизм чииовниктерінің бетіне былш еткізіп түкірген зәрлі, өткір мысқылға толы қақырықпен бірдейі еді...»**

*Бақытжан Бисәліұлы Қаратаев (1860–1934), Санкт-Петербург университетін алтын медальмен бітірген, юрист, ағартушы, революционер-демократ, ұлт-азаттық қозғалыстың алғашқы сарадарланының бірі, совет өкіметін орнатуға белсене қатысқан кісі – автор.

*Қазақ ССР Орталық Мемлекеттік архиві. 1227-қор, 1-т.. 2-іс, 1-6.

Бұдан біз Қ. Бірімжановтың бірбет, батыл, өжет кісі болғанын аңғарамыз. Осы әңгімеден он жыл өткеннен кейін де оның сол губернатордың қол астында (Я.Ф. Барабаш 1897 жылы да Торғай облысының әскери губернаторы әрі статистика комитетінің председателі, ал Қ. Бірімжанов сол комитеттің кеңсе қызметкері)  істеп жүргеніне қарағанда – ұлық алдында белгілі дәрежеде беделі болған, яғни қазақтарға арнап календарь шығару мәселесін көтеруі әбден мүмкін. Бәлкім, мұндай ойды оған оқыған баласы, болашақ белсенді Алаш қайраткері  Ахмет Бірімжанов салған шығар. Өйткені сол шақта ол (екі жылдық орыс-қазақ училищесінен, Орынбор гимназиясынан соң) Қазан университетінің заң факультетін тауысқан. Кейінірек, Россиядағы 1905–1907 жылдарғы революция кезінде ол – алғашқы екі бірдей Мемлекеттік думаға депутат болып сайланған «халық қалаулысы»***. Бірінші Думада қазақтарға аграрлық комиссиядан орын берілуін талап етіп сөз сөйлеген демократиялық бағыттағы буржуазия қайраткері. Ендеше оның жоғары біліммен жаңа ғана қаруланып келген жас кезінде – әкесі істейтін кеңседе әзірленіп жатқан жинаққа атсалысуы бек мүмкін екендігі мүлдем табиғи нәрсе.

*«Биография г.г. членов Государственной Думы». СПБ., 1906 г., с. 10З.

Біздің әзірге осындай болжамдардан аса алмауымыздың себебі тап осы 1897 жылы қазақ тілінде шыққан тұңғыш календарьдың күні бүгінге дейін зерттеушілер назарынан қаға берісте қалып жүргенінде жатыр. Таңырқайтының – ол ғылымға белгісіз де емес, тек, неге екенін, Қазақ Совет Энциклопедиясы ол туралы мынандай шолтиған жаңсақ хабар берумен ғана шектелген: «1897 жылы Орынборда орыс тілінде, қазақтарға арналған «Календарь для киргизов» басылды» (5-том, 189-бет). Тағы бір ғажабы, осынау бұрмаланған пікірді «Халық календары»* деп аталатын тамаша кітап жазған М. Исқақов та қайталайды: «1897 жылы Орынборда орыс тілінде «Календарь для киргизов» деген атпен 91 беттік жинақ шықты» (18-бет), Рас, кітабының 290-бетінде ол жоғарыдағы жолдарына сілтеме жасамай-ақ, қателігін: «Календарьдан қазақ тілінде жазылған кітаптардың тұңғышы ретінде 1897 жылы Орынборда Бреслин баспаханасында орыс әріптерімен басылып шыққан «Календарь для киргизов – қазақ үшін календарь» атты жинақты айтуға болады», – деп біршама түзетеді.

*Исқақов М. «Халық календары». Алматы, «Қазақстан», 1980 ж.

1987 жылғы шағын зерттеуімді: «Көріп отырсыздар, жарық көргеніне 90 жылдан асып бара жатқан қазақша календарь-жинақ күні бүгінге шейін тиісті дәрежеде зерттеле қоймаған. Ал оны қазақтың қапасты XIX ғасыры үшін қалайша құбылысқа санамассың. Бұл құбылыстың тамыры тереңге кеткен. Бұл құбылыстың тамыры – біздің социалистік қоғамымыздың баға жетпес асыл қазынасына айналған, бастауы әріде жатқан халықтар достығында, Ыбырай Алтынсариннің жаңашылдығында жатыр. Ендеше осынау құбылыс-календарьды сындарлы зерттеу объектісіне айналдырғаннан ұтылмаспыз. Оны өткен ғасырда атқарылған ағартушылық жұмыстарға байланыстыра қарастырып, өзінің лайықты орны мен бағасын беру – біздің азаматтық парызымыз болса керек», – деп аяқтаған екенмін.

Шынын айтқанда, бүгінде –  зерттеушілік өріс кеңейіп, тұлғатану саласы айрықша дамып келе жатқан шақта –  жоғарыда аталған кісілердің тілге тиек болған кітапқа қатыстары, яки соларға байланысты тарихи оқиғалар турасында талай танымды деректерді жаңғыртуға болар еді.

Мәселен, жоғарыда 1-ші, 2-ші Сейдалиндер деп көрсетілген  (әскери инженер, шығыстанушы, аудармашы) Әлмұхамед пен Тілеумұхамед сұлтандардың Әбілқайыр ханнан тарайтын әйгілі әулеттердің бірінен, атап айтқанда Пугачев көтерілісіне қатысқан Сейдалы сұлтан ұрпақтары қатарынан екенін есте ұстаған жөн болар еді.  Осы Сейдалиндер әулетіндегі тарихта Алаш қозғалысының қайраткерлері болып еңбектерімен өзіндік із қалдырған заңгерлерлердің бірі –  Жансұлтан Әлмұхамедұлы Сейдалин. Ол заң ғылымының магистрі, Орынборда губернатордың ерекше тапсырмалар жөніндегі көмекшісі,  Қапал, Ақмола үйездерінде судья, Троицк қаласында округтік соттың мүшесі, сот төрағасы боп   істеген. Ал екіншісі – оның інісі Жанша (Жиһанша) Әлмұхамедұлы Сейдалин. Ол ИСПУ-ді бітіріп, грузиндер еліндегі Озургель қаласында заң қызметін атқарып оралғаннан кейін  қазақтың қоғамдық-саяси тіршілігіне белсене араласқан. Жаншаның қарындасы – ағасы Жансұлтанның қызы Мәриям Сейдалина журналист, ақын, «Айқап» журналының қызметкері болды, 1-ші жаһандық соғыс кезінде батыс майдандағы қорғаныс жұмыстарына алынған қазақтар арасында күйеуімен бірге жұмыс жүргізуге барған сапарында дүние салды.

Торғай облыстық статистика комитетінің толық мүшесі  зауряд-хорунжий Д. Беркімбаевтың өмір жолы да тағылымды. Қазақтар кезінде құрметтеп «жарты патша» деп атаған Дербісәлі Беркімбайұлы Торғай облысы қазақтары арасындағы ерекше тапсырмалар бойынша штаттан тыс аға шенеунік, Орск округі аумағындағы Жағалбайлы тайпасының басқарушысы, биі, Ақтөбе үйездік комиссия мүшесі, полковник. Жеті ауыл мектебін, Ор – Қазалы пошта жолын ашуға, Ор қаласында мешіт және жәми салуға ықпал етіп, жәрдемін тигізген, жұртқа пайдалы өзге де істер атқарған белгілі қоғам қайраткері.  Статкомитеттің тағы бір мүшесі – Қостанай үйезіндегі Дамбар болысының биі (болыс басқарушысы да боп істеген) Баймұхамет Наурызбаев. Ол кезінде елінде мешіт салған көзі ашық тұлғалардың бірі  ретінде танылған адам.

Байқап отырғанымыздай, 19-шы ғасырдағы қазақ календары хақындағы әңгіме арқылы сол заманғы талай оқыған азаматтың тағдырын көз алдымызға елестеді. Соларды болашақ зерттеулерге арқау ете отырып, бүгінгі ұрпақты тарихпен тәрбиелеу ісіне тиімді атсалысуға әбден болады ғой деп ойлаймыз.

Бейбіт Қойшыбаев

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Өлген кітаптар

Тұрдыхан Айдарханұлы 2773
Әне, көрдің бе?

Американың қаржылық жүйесін кімдер ұстап тұр?

Бейсенғазы Ұлықбек 1885