Әннің де естісі бар...
«Айқайлағанның» бәрі әнші емес. Батыстан ескен «желдің» әсері ме, халық кейінгі кезде «даңғырлақтан» шынайы өнерді ауыстырып алған сыңайлы. Қазақи мән-мағынаға толы ән кештеріне бара қалсаңыз, залдағы көрермендерді санап шығуға болады. Ал шетелден немесе көрші елден келген «даңғырлақ» өкілдерінің кештеріне еңбектеген баладан еңкейген шалдарға дейін қалмай барады, тіптен ине шаншар жер таппайсыз. Қазақтың дәстүрлі әншілеріне табиғат тарту еткен дарыны олардан асып түспесе, қай жері кем?!
Халқымыздың мақтаныш етер асыл мұрасы, рухани жәдігерлері ішінде қазақ ән-жырларының орны бөлек. Қазақ өнерінің қаймағы саналатын дәстүрлі әндерін, халық композиторлары шығармаларын көзіміздің қарашығындай сақтап, келесі ұрпақтың бойына сіңіру - бүгінгі күннің ісі. Осыған орай, Астана қаласындағы Мемлекеттік филармонияның Дәстүрлі ән бөлімінің жетекшісі Секен Сыздықов астаналық әншілердің басын қосып, «Жүрегімнен қозғайын...» атты шығармашылық кеш ұйымдастырып, дана Абайдың әндерін әуелетті.
Ең алдымен Абайдың «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма» әнін белгілі әнші Данияр Мұқан тамылжытса, «Өзгеге көңілім тоярсың» әнін Жазгүл Даңылбаева шырқады. Қазақстанның Халық әртісі Қайрат Байбосыновтың орындауындағы Абайдың «Құдай-ау, қайда сол жылдар» әнін, белгілі әнші Секен Сыздықов орындаған «Сегізаяқты» халық жылы қабылдады. Абайдың «Қараңғы түнде тау қалғып» лирикаға толы әнін Баян Мұсаева мен Күнсұлу Тұрлыбекова тамылжыта орындап шықты. Кеш барысында - кірпік қақпай тыңдаған көрермендердің назарына Абайдың жиырмаға жуық әндері ұсынылды. Кешті «Сарыарқа» ұлт-аспаптары ансамблі сүйемелеп отырды.
Қайрат БАЙБОСЫНОВ, Қазақстанның Халық әртісі:
- Жалпы, Мемлекеттік филармонияның әншілері әр тоқсан сайын халық әндерінің інжу-маржандарынан шашу жасап, қазақи мән-мағынаға толы кештер ұйымдастырып тұрады. Алайда, қазақи сипатқа ие жиындарға халық өте аз келеді. Залдың әр-әр жерлерінде шоқиып отырған көрермендерді көргенде, қарныңыз ашады. Сондықтан мұндай жиындарды Астанада халық көп шоғырланған «Конгресс-хол» сарайында, «Қазақстан» концерттік залында, «Жастар» сарайында, «Президент мәдениет орталығында» өткізсе, қараша халық көп жиналар ма еді? Осы жағынан келгенде халықтың төл өнеріне жанашырлық танытып, жалдау ақысына жеңілдіктер жасалса, қазақ өнеріне деген көп қолдау болары сөзсіз. Сөз жоқ, дәстүрлі әндер концерттерінің жарнамасы да ақсап тұр. Ай сайын өткізілетін концерттерге жарнама беріп тұруға филармонияның шамасы жетпейді.Бұл жағынан келгенде мемлекеттің жанашырлығы, демеуі ауадай қажет.
Секен СЫЗДЫҚОВ, Астана қаласының Мемлекеттік филармониясы Дәстүрлі ән бөлімінің жетекшісі:
- Әннің де естісі бар, есері бар дейді ғой. Таза дауыспен орындап шыққан әндерді халық кірпік қақпай тыңдады. Құр айқай, бақырған «даңғырлақтан» халықтың құлағы демалып, рухани әсер алып қайтты. Әлбетте, Абайдың бүкіл әндерін бір концертке сыйдыру мүмкін емес. Абайдың әндерін күнде насихаттасақ та артық емес. «Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла» деп ақынның өзі айтпақшы, Абайдың өлеңдерінен алатын өсиет-ұлағаттар көп.
Мазаралы ЖҮСІПЖАНОВ, Көрермен:
- Абайдың әр әнін халық ұйып тыңдады. Жиын барысында әр өлеңнің шығу тарихынан аз-кем мағлұматтар берілді. Жалпы, қазақтың сал-серілерінің, композиторларының жазып қалдырған асыл мұраларын, ұлттық өнерді, дәстүрлі әндерді халыққа насихаттау жағы кемшін сияқты. Мәселен, филармония әншілері сауатты. Дауыстары таза. Солай бола тұра, олардың кештеріне көрермендер аз жиналады. Шынайы өнерді бағалайтын талғампаз көрермендер азайып кеткен бе, әлде, осындай мазмұнға толы кештердің жарнамасы әлсіз бе? Залдағы санаулы көрермендерге көзім түсіп, жаным қынжылды.
Автор: Ақмарал БАЯЗИТОВА
"Алаш айнасы" газеті