Жұма, 22 Қараша 2024
Бұ не мазақ? 4821 20 пікір 15 Наурыз, 2022 сағат 14:08

Олар ұлтын сүйгені үшін сотталды!

Күні кеше Алматыда белсенді Марғұлан Боранбай мен экономист Данат Намазбаевқа сот шешімі шығып, Алмалы аудандық соты 5 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.  

Алмалы ауданының соты Марғұлан мен Данатқа ұлтаралық алауыздық тудырды, ұлтқа тіл тигізді және ұлтты кемсіту мен қорлауды іске асырды деген айып таққан. Сонымен бірге, мемлекеттік тұтастыққа қауіпті үндеулер тастап, билікті басып алуға шақырған үндеулер жасағанын айтыпты. 2018 жылдан бері өздерінің әлеуметтік желілерінде орыс ұлтына тіл тигізетін жазбалар жариялағанын айтады.

Марғұлан Боранбай мен Данат Намазбаев шындығында Қазақстанға қатысты Ресейлік саясаткерлердің қауіпті үндеулеріне жауап беріп, Ресей әскерінің Украинадағы агрессиясын қатаң сынға алушылардың бірі. Олар Ресеймен экономикалық одақтан шығуға да үндеген еді.

Сот шешіміне қоғам мен белсенділер наразылық білдіріп жатыр. Қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан былай деп жазба қалдырды:

«Марғұлан Боранбай мен Данат Намазбаевқа шығарылған кешегі үкім мүлдем негізсіз екені анық. Фейсбуктегі жазбалар үшін 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын беру, оның салдарын айтпағанда, барып тұрған нонсенс. 

Бүгін сотталған белсенділер біраз жыл бұрын Президент жанындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саинмен, дәлірек айтсақ, оның қорының қызметкері Юрий Юринмен жанжалдасып қалғаны белгілі. Саин бұл қақтығысты өзінің қорына шабуыл ретінде көрсетуге тырысты, бұл шындыққа мүлдем сәйкес келмейді. Оның қоры «Самұрық-Қазына» сияқты квазимемлекеттік құрылымдардан жылдар бойы ақша алып, жұмыс істеп келеді.

Бүгінде Саин Президентке жақын қызмет бабын пайдаланып, соттың мұндай қатаң шешіміне ықпал етуі мүмкін. Естеріңізге сала кетейін, бұл туралы Жоғарғы Сот төрағасы Асановтың өзі айтып өткендей, балалар омбудсмені сот шешімдеріне ықпал ету үшін телефон шалу құқығын пайдаланған.

Сонымен қатар, сот отырысына қатысқандардың айтуынша, Саин қайырымдылық қорының қаражатын өзінің жеке сот істері үшін адвокаттардың ақысын төлеуге пайдаланған. Бұл қайырымдылыққа бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуын өрескел бұзу болып табылады.

Қазірдің өзінде балалар омбудсмені де құрамында бар жаңа «Қазақстан халқына» қайырымдылық қорында ықтимал алаяқтық туралы ақпарат бар. Естеріңізге сала кетейін, бұл мемлекеттік және қоғамдық бақылаусыз жеке қор, бірақ соған қарамастан мемлекет басшысы сол жерге ақша салуға шақырды.

Бұл фактілердің барлығы Саинның Президентке ықпалы бар екенін көрсетуі мүмкін. Мен тізбелеген фактілердің бірі оның отставкаға кетуіне себеп болуы керек еді. Бірақ, олай болмайды, мұны Президенттің оған деген ерекше көзқарасымен түсіндіруге болады. Олай болмауға тиіс. «Достарға барлығы болады, ал қалғандарына заң аясында» деген принциптен алшақтау керек. 

Жоғарыда айтылғандардың барлығына сүйене отырып, Аружан Саинның Президенттің шешімдеріне де, сот жүйесіне де кері әсері бар деп есептеймін. Оның балалар омбудсмені қызметінен кететін уақыты келді. Бұл қызметке қоғамдық келеңсіздікке, сотқа азырақ араласатын басқа адам келсін.

Ал біз, достар, Марғұлан мен Данатты қорғауға бар күшімізді салуымыз керек. Кешегі сот шешімі мүлдем әділетсіз деп білем», - деді ол.

Қоғам белсенділері сот шешімін әділетсіз деп атап, ұлтын сүйгенді қамау нағыз ақымақтық деп өз пікірлерін білдіруде.

Abai.kz

20 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1455
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3218
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5269