Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2679 0 пікір 11 Қазан, 2012 сағат 07:54

Әміржан Қосанов: «Бізге ұжымдық мұрагер» керек!»

«ҰЛТ TIMES»: - Әміржан аға, биліктегі соңғы-ауыс түйістерді ерінбегеннің бәрі әңгіме қылды. Біреулер «бұл - кланаралық соғыстың нәтижесі» десе, енді біреулер, әсіресе депутаттар «керек кезінде, дәл уақытында болған өзгеріс» деп жатыр. Сіздің пайымыңыз қандай?

Әміржан ҚОСАНОВ: - «Ауыс-түйіс» деген өз анықтамаңыз - осы кадрлық өзгерістерге берілген жақсы баға. Біз өзі түбегейлі өзгерістері жоқ, бәрі «жүрдім-бардым», «олай-пылай», бәрі «ауыс-түйіс» қоғам боп қалдық қой (күледі). Конституция бойынша билік иерархиясында аса маңызды орын алатын Үкімет басшысы ауысқанымен не өзгерді немесе не өзгереді ел өмірінде? Ештеңе! Сондықтан таяу уақытта әлеуметтік-экономикалық салада белгілі бір өзгеріс болады дегенге сенбеймін. Ақорданың ауаны өзгермей, Алаштың ахуалы өзгере қоя ма?

Өз басым осынау орын ауыстыруларды биліктің өз ішінде өтіп жатқан топаралық тартыстың белгілі бір кезеңінде қол жеткізген уақытша компромисі, ымырасы деп білемін. Оның үстіне бір нәрсені жіті түсінуіміз керек. Отставкаға кетсе де, бұрынғы Үкімет басшысы саяси жағынан күшейді. Кешеге дейін ол тек қана таза экономикалық-әлеуметтік шаруалармен ғана айналысса, енді бұл міндеттерге қоса ол саяси мәселелермен де шұғылданады. Шұғылданып қана қоймай, ең басты шешімдерді қабылдауға тікелей атсалысады. Гәп осында!

«ҰЛТ TIMES»: - Әміржан аға, биліктегі соңғы-ауыс түйістерді ерінбегеннің бәрі әңгіме қылды. Біреулер «бұл - кланаралық соғыстың нәтижесі» десе, енді біреулер, әсіресе депутаттар «керек кезінде, дәл уақытында болған өзгеріс» деп жатыр. Сіздің пайымыңыз қандай?

Әміржан ҚОСАНОВ: - «Ауыс-түйіс» деген өз анықтамаңыз - осы кадрлық өзгерістерге берілген жақсы баға. Біз өзі түбегейлі өзгерістері жоқ, бәрі «жүрдім-бардым», «олай-пылай», бәрі «ауыс-түйіс» қоғам боп қалдық қой (күледі). Конституция бойынша билік иерархиясында аса маңызды орын алатын Үкімет басшысы ауысқанымен не өзгерді немесе не өзгереді ел өмірінде? Ештеңе! Сондықтан таяу уақытта әлеуметтік-экономикалық салада белгілі бір өзгеріс болады дегенге сенбеймін. Ақорданың ауаны өзгермей, Алаштың ахуалы өзгере қоя ма?

Өз басым осынау орын ауыстыруларды биліктің өз ішінде өтіп жатқан топаралық тартыстың белгілі бір кезеңінде қол жеткізген уақытша компромисі, ымырасы деп білемін. Оның үстіне бір нәрсені жіті түсінуіміз керек. Отставкаға кетсе де, бұрынғы Үкімет басшысы саяси жағынан күшейді. Кешеге дейін ол тек қана таза экономикалық-әлеуметтік шаруалармен ғана айналысса, енді бұл міндеттерге қоса ол саяси мәселелермен де шұғылданады. Шұғылданып қана қоймай, ең басты шешімдерді қабылдауға тікелей атсалысады. Гәп осында!

«ҰЛТ TIMES»: Элита ішіндегі лауазым ауыстыру үдерісінен қарапайым халық ештеңе күтпейді. Бұл жасырын емес. Осы тағайындауларға лауазымды тұлғалардың жайлы орындарын ауыстыруы ғана деп қарасақ та, тәуелсіз Қазақстанның тарихында сегізінші Үкімет жасақталды. Бұл Үкіметтің негізгі атқаратын жұмысы не болуы керек деп ойлайсыз?

Әр кезеңде әр Үкімет құрамының өз міндеті болатыны рас. Меніңше, қазіргі Үкімет алдында бірнеше басты міндет тұр.

Біріншіден, әлемнің азулы экономикалары «қаржы дағдарысынан қиналдық» деп ашық айтып, оның кезекті толқынының алдында тиісті қам-қарекет жасап жатқанында, біздің билік түк болмағандай, аузын ашып отырғандығы - қылмыспен пара-пар! Өз басым Үкіметтің бұрынырақта айтқан «А» және «Б» жоспарларын әлі де көрген жоқпын. Көрген адамды да көрмеппін! Сондықтан да Президенттің көзінше бөрікті аспанға лақтыра берудің керегі жоқ енді. Бөріксіз бас аязда тоңып қалуы мүмкін!

Сол себепті, осы уақытқа дейін қабылданған барлық мемлекеттік бағдарламаларды қайта қарап, «дағдарыстық тесттен» өткізу керек. Тиімсіз әрі көзбояушылық сипаттағыларын тоқтатып, бюджет ақшасын үнемдеу қажет. Ол үнем, ең алдымен, әлеуметтік шығындарды ертеңгі күні қысқартпау үшін керек!

Екіншіден, экономикамыздың мұнай бағасына тәуелділігінен құтқару яғни оны диверсификациялау туралы көп айтылады. Бірақ ешнәрсе істеліп жатқан жоқ! Оның бір басты себебі - сол жер асты байлығын тезірек сатып, пайда тапқысы келетін олигархтардың лоббиі. Жаңа Үкімет ол лоббиге тиісті тойтарыс беріп, ертең мұнай бағасы төмендеп не ол өзі таусылған кезде экономика тұралап қалмайтындай жағдай түзеп алуы тиіс.

Үшінші маңызды мәселе - жаңа жұмыс орындарын ашу. Әзірше ол шаруа тек қана орасан зор қаржы жұмсалып, бірен-саран жаңа жұмыс орнын ашумен не уақытша жұмыс тауып берумен шектеліп жатыр. Мәселен, неге шағын және орта бизнесті бірер жалға салық төлеуден босатпасқа? Әсіресе, ауылда жүрген, өз ісін бастағысы келетін жастарға бұл үлкен көмек болар еді. Бюджет азайып қалмау үшін табиғи байлықты сатумен айналысып жүрген олигархтардың салығын арттыруға болады. Мәселен, көрші Ресейдегі секілді мұнай сатудың баж салығын көтеру арқылы. Бюджетке қаншама қосымша қаржы түсер еді!

Басқа да шаруа жетіп жатыр. Бірақ ең болмағанда осы міндеттерді шындап қолға алып, нақты нәтиже көрсетсе, оппозицияда жүрсем де осы Үкіметті бір мақтап қояр едім (күледі)

 

ПАРТИЯЛЫҚ ЖҮЙЕНІ ДАМЫТПАЙ ОТЫРҒАН БІРНЕШЕ ФАКТОР БАР

 

«ҰЛТ TIMES»: -  Ал еліміздегі қоғамдық жағдайға қандай баға берер едіңіз?

Әміржан ҚОСАНОВ: - Бұл өзі өте ауқымды сұрақ екен. Қысқаша жауап берсем қалай, әйтпесе сұқбатымыз созылып кетер?

«ҰЛТ TIMES»: -  Көріңіз...

Әміржан ҚОСАНОВ: - Меніңше, қоғамдық жағдайға баға бергенде бізде екі түрлі асыра сілтеушілік бар. Билік: «Бізде бәрі тамаша! Біз адамзаттың алдында келеміз!» дейді. «Жоқ! Бәрі жаман! 20 жылдың ішінде түк те бітірілген жоқ!» деп, ауызды қу шөппен сүртушілер де бар.

«ҰЛТ TIMES»: -  Сонда Сіз қай жағындасыз?

Әміржан ҚОСАНОВ: - Билік берген бағамен, сөзсіз, келіспеймін. Бірақ екінші пікір де тым біржақты көрінеді маған. Меніңше, бағаны былай беруге болар еді: «Белгілі бір қол жеткен табыстар бар, бірақ билік жүйесі халық бақылауында болғанда, ол жетістіктер он есе көп болар еді. Бейнелеп айтсам, қазір ауылдағы ағайын қара су ішіп, қара нан жеп жатса, оппозицияның айтып жүрген біраз талаптары орындалғанда, халық сол нанның үстіне сары май жағып күн көрер еді!». Сын түзелмей, мін түзелмейді, сондықтан да мен қоғамдағы ахуалға «дос жылатып айтады» принципімен сыни көзқараспен қарау жағындамын.

Экономикамыздың сиқын жаңа айттым. Кеше Грекияда зейнеткерлер наразылық танытып, көшеге шықты. Сонда біреуі «Евроньюстан»: «Менің зейнетақым 700 евро ғана. Мен оған қалай күн көремін?!»,-деп әлемге мұңын шағып жатыр. Осыны ауылдағы біздің 100 евро зейнетақысына өзін ғана емес, баласы мен немерелерін асырап отырған қариялар естісе ғой «Хабардан»! Бұл дегенім - әлеуметтік саясатты да заманауи талаптар тұрғысынан қайта қарап, жаңартатын уақыт келді.

Саяси өмірімізге қатысты менің сыни көзқарасымды білесіз ғой. Ең бастысы - әрбір шенеунік өзін біреуден жоғары тұрған бастық ретінде емес, Сіз бен біз уақытша, жалақы төлеп, жалдап алған жұмыскер ретінде сезінетіндей қоғамдық-саяси ахуал орнатпай, жағдай өзгермейді.

Бір қапалатыным - саяси көзқарасы үшін біреулерді өлтіріп, қудалап жатқанда, қоғам әзірше бір адамдай наразылық таныта алмай жатыр.

Бір қуанатыным - не дегенмен қоғам оянып келеді. Әсіресе, маған жастарымыздың қоғамдық өмірдегі белсенділігі ерекше ұнайды. Білесіз бе, болашағы жоқ нәрсеге жастар ешқашан араласпайды ғой. Яғни, біздің айтып жүрген сөздеріміз бен уәждеріміздің келешегі бар...

«ҰЛТ TIMES»: -  Қоғам жағдай туралы сұрақты қойып отырған себебім, біздегі азаматтық қоғам туралы әртүрлі пікір қалыптасқан. Азаматтардың саяси мәдениетінің деңгейі қандай? Тіпті бізде партиялық жүйенің сын көтермейтіні туралы жиі айтылады. Саяси партиялардан гөрі қоғамдық ұйымдармен санасатындар көп. Сіз не дейсіз?

Әміржан ҚОСАНОВ: - Саяси партия да формальді түрде «азаматтық қоғам» деген түсінікке кіреді ғой... Десе де партиялық жүйені дамытпай отырған бірнеше фактор бар.

Біріншісі - билік партиясы «Нұр Отанның» көпжылдық монополиясы. Керек десеңіз, гегемониясы! Бірақ ол партияның «мықтылығы» бір-ақ нәрседе: оның басшысы - билік басындағы Президент. Мен талайдан айтып келемін: Қазақстанда шынайы партияаралық бәсеке болу үшін президент «Нұр Отан» басшылығынан кету керек. Елбасы деп аталатын адам елдің бір бөлігі - партияның басшысы бола алмайды.

Екінші фактор - саяси партиялардың мемлекеттік деңгейде шешім қабылдау процесіне араласа алмауы. Қолында тиісті тұтқасы жоқ кез келген ұйымды кім сыйлайды? Тіпті кеше ғана «көппартиялық» Парламент құрамыз деп, қолдарынан жетектеп екі партияны кіргізді ғой Мәжіліске. Ол партиялар сайлау алдында біраз жақсы ой айтты. Халыққа жаққысы келген шығар. Ал қазір үндері шықпай қалды. Одан кейін ол партиялардың не беделі болмақ ел алдында?!

 

ҚАЗАҚСТАН ОППОЗИЦИЯСЫНЫҢ ЕҢ БАСТЫ АУРУЫ - АМБИЦИЯ

 

«ҰЛТ TIMES»: - Жоқ, мен оппозициялық партиялар туралы да айтып отырмын. Жаңа сіз айтқан сенімсіздік оппозицияға да білдіріліп келеді. Рас қой? Бұл сенімсіздік қайдан туындады? Оппозицияның қателіктерін тізбелеп айтып бере аласыз ба? Бәлкім орыстың матрешкалары сияқты әркез бір партияның ішінен екінші бір саяси күштің пайда болып отыруынан шығар... Сіз қалай ойлайсыз?

Әміржан ҚОСАНОВ: - «Оппозиция - мінсіз, ол ел ішінде жүз пайыз қолдауға ие» деп мен де айта алмаймын. Оппозиция да - жанды, көптеген ұйымдар мен жеке тұлғалардан құралған организм.

«Біздерді анадай бар, мынадай бар» деген сөз бар ғой атам қазақта. Біз де солай.

Оппозицияға деген сенім бар! Өйткені, әртүрлі әдіспен, әртүрлі ұрандар мен қимыл-әрекеттермен біз, оппозиция өкілдері, халықтың көкейіндегі ойларды айтып келеміз. Ол - бай да берекелі тұрмыс, қоғамдағы Әділеттік пен Азаттық, билік бойындағы келеңсіз қасиеттерден арылу туралы ойлар. Тұлғалар ретінде бізге көзқарас әртүрлі болуы мүмін. Бірақ, біз көтеріп жүрген идеяларды қалың ел қолдайтынына мен нық сенімдімін. Өйткені, мен де ауылдан шыққан қазақтың бір баласымын, сондықтан ондағы ахуалдың қандай екенін бір адамдай білемін. Соның ішінде елдің жемқорлықтан, әділетсіздіктен запы болғанын да білемін.

Бізге сенім бар екенін билік те сезеді. Әйтпесе, халықаралық стандарттар бойынша енгізбей ме оппозиция өкілдерін барлық сайлау комиссияларына?! Көрейік сонда билік партияларының қанша пайыз алатынын.

Сонымен бірге, әділін айтсақ, сіз айтқан сенімсіздік те жоқ емес. Оның себептері - өзімізде және... билікте.

Өзімізде дейтінім мынау. Кейде халықпен күнделікті тығыз жұмыс жүргізудің орнына көпсөзділік пен ұраншылдыққа салынып кетеміз. Шешуші сәттерде бірігіп, бір жерден күш-қуат көрсетудің орнына, жеке бір адамның амбициясының соңында кетіп қаламыз. Қазақстан оппозициясының ең басты ауруы да осы - амбиция. Оппозицияда жүргеніме 14 жыл болыпты. Бірігу туралы айтып келе жатырмын содан бері. Бірақ, сол амбиция деген бәледен құтыла алмай-ақ қойдық. Мен осы туралы оппозицияда кезінде болған, қазір де жүрген азаматтарға айтып шаршадым тіпті.

«ҰЛТ TIMES»: - Өзіңізде сол амбиция жоқ па сонда?

Әміржан ҚОСАНОВ: - Амбициясы жоқ адам саясатқа келмейді! Бірақ әр нәрсенің өз орны бар. Сізге бір нәрсе айтайын, осы жылдар ішінде демократиялық күштер бірігуі жолында мен өзімнің жеке амбициямды былай қарай ысырып қойып жүрмін! Неге әрқайсымыз дәл қазір тек президент, не кем дегенде партия басшысы болуымыз керек?! Саяси күш танытып, елге қызмет көрсетудің басқа да жолдары бар ғой. Бірақ, баяғы жартас, бір жартас... Осы пендешілігімізді көріп, әрине, елдің біразы бізге аса сене қоймайды.

Тағы бір себеп билікте дегенім осы жылдар ішінде билік, БАҚ-тағы монполиясын пайдаланып, я бізді ұлттық телеарналарға шығармайды, я әкемізді танытып, біржақты, біздің қатысуымсыз қаралайды! «Аңқау елге арамза молда» принципі жұмыс істеп жатыр ғой ояна қоймаған қазақ ауылында!

«ҰЛТ TIMES»: - Кейінгі кезде елімізді дүрліктірген түрлі оқиғаларда билік ақпараттық саясатта жеңілді. Олай дейтінім, байқап қарасақ Жаңааөзендегі, Шетпедегі, «Арқанкергендегі», кешегі Іле-Алатау паркіндегі қантөгістер мен облыстардағы террорлық актілерге қатысты айтылған ресми органдардың ақпаратына халық сенген жоқ. Бұған белгілі бір дәрежеде оппозицияның да ықпалы бар шығар. Айтыңызшы, ақпаратқа иелік еткен билікке де қол жеткізеді деген тәмсіл бар емес пе? Осы ақпараттық теке-тірестерден қандай да бір өзгеріс күтуге бола ма?

Әміржан ҚОСАНОВ: - Алдымен мәселені анықтап алайық. Сіз айтып отырған ақпаратттық теке-тірес әзірше жоқ. Ол үшін екі жақты пікір терезесі тең дәрежеде, бір уақытта, бір форматта, бір БАҚ-та берілуі тиіс. Сонда оқырман не көрермен болған оқиғалар жайында өзінің пікірін қалыптастырады. Бізде өкінішке орай, ақпарат саясаты біржақты жүріп жатыр. Яғни, бүкіл ел аумағына күнделікті жететін ұлттық телеарналар мен дәстүрлі, республикалық газеттер арқылы. Ол жақта пікір алуандығы жоқ, бәрі бір сарынды, тұрпайы. Сондықтан да көкірегі ояу, көзі ашық азаматтар ол ақпаратқа сенбейді!

Рас, тәуелсіз БАҚ жүйесі де бар. Оларды кейде «оппозициялық» деп атап жүр. Мен олай атауға келісе қоймаймын. Өйткені о бастан бір саяси күшке, партияға немесе бір адамға қызмет жасайтын БАҚ жүйесін өз қарсылығымды айтқанмын. Қазір де сол ойдамын.

Сол тәуелсіз БАҚ жүйесі билік туындатқан орасан қиындықтарға қарамастан үлкен жұмыс атқарып келеді. Олардың тиражы мен аудиториясы баршылық. Бірақ биліктің сойылын соғып жүрген ұлттық телеарналардың мүмкіншілігімен әзірше салыстыру қиын. Билік те соны пайдалануда.

«ҰЛТ TIMES»: - Не істеу керек сонда?

Әміржан ҚОСАНОВ: - Оның жолы көп. Мәселен, қоғамдық телеарна құру керек! Егер де сол арнада ел ішінде орын алып отырған ерекше жағадайлар мен оқиғалар туралы ашық та жан-жақты пікірлер ескеріліп талқылау өтсе, несі айып? Билік те өз уәжін айтып, елді өзіне қаратсын, қолынан келсе.

«ҰЛТ TIMES»: - Неге «қолынан келсе» дейсіз?

Әміржан ҚОСАНОВ: - Білесіз бе, осы жылдар ішінде біздің билік саяси бәсеке, өз сөзіне елді шынымен иландыру деген дәстүрден мүлдем қол үзген! Жиналыс өткізсе, әкімдер жабық ауыз әрі жайлы аудиторияны жинап береді. Теледидарда ашық пікірталастарға да «артық сөйлейтін» шешендер шақырылмайды. Шынайы көкейкесті мәні бар, ушығып тұрған не елді дәл бүгін мазалап отырған тақырыптар қозғалмайды. Саяси көзбояушылық, өзін өзі алдау. Мүмкін, өздерін емес, президентті алдап жүрген болар осы тірлігімен: «Пәленше газетте түгенше мақала жазылды!» деп. Бірақ сол ресми, сіресіп қалған газеттерді кім оқып жатыр дейсің бүге-шүгесіне дейін?!

Мен Сізге бір саяси заңдылықты айтып берейін: кез келген монополиялы партияның сүйікті жанры... - монолог! Яғни, біржақты, өз газетінде құлаштай сұқбат беріп оппозицияны сынап-мінеу. Монолог монополия құрған жерде диалог қайдан болсын, бауырым?!

Билік идеологтары осы «комфортқа» үйреніп қалған. Сондықтан да дәл қазір оның ішінен халық алдына тайсалмай шығып, ашық пікірталаста өз ойын нанымды жеткізетін тұтас бір команда не шоғыр бар дегенге мен сенбеймін. Болса шықсын, мәселен, оппозиция өкілдерімен «Хабардың» тікелей эфиріне. Көрейік...

Билік басындағылардың осындай кәсіби төмендігі ел болашағы үшін аса қауіпті. Алда постназарбаевтық деген кезең күтіп тұр. Кім мұрагер болады деген сауал әлі де елді мазалауда. Сол шешуші кезде ел алдына шығып, мәселені талдап, қабылданған аса маңызды шешімдерді қалың көпшілікке кімдер, қалай жеткізбек? Ол кезде монополия бола қоймас, қазірдің өзінде биліктің өз ішінде «сен тұр, мен атайын» дейтін, бес қаруы сай азулы да адуынды ықпалды топтар қалыптасып қалды ғой.

«ҰЛТ TIMES»: - Ал сол мұрагер кім болады деп ойлайсыз өзіңіз?

Әміржан ҚОСАНОВ: - Алдымен «билікті бір мұрагерге беріп қалдыру дұрыс па?» деген сауалды қояйық өзімізге. 1995 жылы қабылданған Коснтитуцияға сәйкес биліктің бар тұтқасы бір адам, яғни президенттің қолында шоғырланған. Бір адам соның бәрін алып кете ала ма? Және сол өкілеттіктерді ол қалай пайдаланады? Гәп сонда.

Және де сол мұрагеріңізді халық, және де жаңағы мен айтқан топтар қалай қабылдайды? Міне, көрдіңіз бе, ел тыныштығына әсер ететін қаншама факторлар бар.

«ҰЛТ TIMES»: -  Тоқетерін айтсаңыз...

Әміржан ҚОСАНОВ: - Бір сөзбен айтсам, қазіргі президенттің «мұрагері» өзара билік өкілеттіктерін өркениетті түрде бөлісіп алған, бір-біріне тәуелсіз билік институттары болуы керек. Олар: президент, көппартиялық Парламент, Үкімет және тәуелсіз сот жүйесі!

Міне, постназарбаевтық кезең кезінде ел бірлігін, саяси күштердің ара салмағын сақтап қалатын осы «ұжымдық мұрагер» болмақ. Меніңше, бұл қазір барлық күштер қолдайтын формула сияқты.

Қазірде осы ұжымдық мұрагерді қалыптастыра бастау үшін бүгінгі президенттің бар мүмкіншілігі бар. Сол жұмысты ол бүгіннен бастап қолға алуы керек! Ертең кеш боп қалуы мүмкін.

«ҰЛТ TIMES»: - Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Жарқын ТҮСІПБЕКҰЛЫ

«ҰЛТ TIMES» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1481
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475