Нұрқаділов қазасына қатысты іс қайта тергеле ме?..
ҚР Бас прокуратурасы жуық арада марқұм Заманбек Нұрқаділовтің қазасына қатысты қылмыстық істі қайта қарамақ. Бұл туралы «Чиновник» Telegram арнасы жазыпты.
«ҚР Бас прокуратурасы жақында Заманбек Нұрқаділовтің қазасына бойынша қылмыстық істі тергеуді қайта жалғастырады. Заманбек Нұрқаділовтің мәйіті 2005 жылдың 12 қарашасында өз үйінде табылған. Оның денесінен: жүрек тұсынан 2 оқ және басынан бір оқ ізі анықталған. Ресми: «өз-өзіне қол жұмсау» фактісі деп аталған», - деп жазады аталмыш Telegram арнасы.
Осыған дейін марқұм Заманбек Нұрқаділовтің ұлы Қайрат Нұрқаділов әкесінің қазасына қатысты қылмыстық істі қайта тергеу үшін ҚР Бас прокурутурасына арыз жазғанін мәлімдеген еді.
Саясаткер, мемлекет және қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділов 2005 жылғы 12 қарашада қайтыс болды. Оның үш жерден оқ тиген өлі денесі өз үйінен табылды. Екі оқ жүрек тұсына, бір оқ басына тиген. Нұрқаділовтың өліміне байланысты ашылған іс «өз-өзіне қол жұмсады» деген тұжырыммен жабылды. Әлі күнге дейін марқұмның қазасына қатысты мән-жай жұмбақ күйінде қалып отыр.
Заманбек Нұрқаділовтың ұлы Қайрат Нұрқаділов әкесінің өліміне қатысты 17 жыл бұрын жабылған істі қайта ашып, «халықтың қолдауымен, шындықтың бетін ашамын», деп мәлімдеген. Ол «Уақыт көрсетеді» YouTube арнасына араға көп жыл салып сұхбат берген. Қайрат Нұрқаділов өз сұхбатында әкесі туралы не деді?
Әкемнің өліміне қатысты шығарылған ресми тұжырыммен келіспеймін. Қайтыс болған кезде Алматының департаменті іс қозғап, мені сонда шақырды. «Сен жәбірленуші боласың. Біз қорытынды шығарған кезде қолыңды қоясың», - деді. Сыртқа шыққан соң пальто киген екі жігіт жолықты. Органда істейтін жігіттер екенін түсіндім. Маған: «Қайрат әкең өзін-өзі өлтірген, сен соған келісесің», - деді. Қорқытып-үркітіп: «Сені өлтіру – шыбынды ұрып өлтіргеннен оңай, бізге проблема емес», - деді. Ойлануға бір тәулік уақыт берді. Ол кезде отбасым бар, балаларым жас. Келесі күні кездестік. Істің қорытындысын дайындап қойған екен. Мен қол қойдым. 17 жылдан бері жүрегіме жүк етіп келемін. Қазір шындықтың ашылатын уақыты келді. Бір апта бұрын Бас Прокуратураға әкемнің өлімін қайта қарауды сұрап хат жаздым.
****
2004 жылы пресс-конференция бергеннен кейін, үйіміздің есігін бермейтін дос-жаран, таныстардың бәрі зым-зия жоғалды. Бәрі қорықты. Ешкім хабарласпайтын болды. Әкемнің жанында жүрген жігіттердің бизнесі жүрмей қалды. Біз: «Отбасы, бала- шағаларың бар, сендер кете беріңдер, біз өзіміз бірдеңесін қылармыз», - деп оларды жібердік. Менің де жұмысым өнбей, бір жарым жыл бос жүрдім.
***
Бір күні досымның анасы қайтыс болып, соған көңіл айта барғанымда Иманғали Тасмағанбетовты кездестірдім. Сол кезде ол Алматының әкімі болып келіп жатқан еді. Амандасып, хал-жай сұрасқан соң, менің жұмыссыз жүргенімді естіп, «Жаңадан құрылыс департаментін ашып жатырмын, сен құрылысшысың ғой, сонда кел», - деді. Әкеме кеп айтып едім, ол кісі қуанды. «Имекеңе өзім хабарласып, рахметімді айтам, өзің жұмысыңды адал атқар», - деді. Ол 2005 жылдың қыркүйек айы болатын. Сол жылы қарашаның бесінде екеуміз соңғы рет жолықтық. Кездескенде желтоқсан айындағы президент сайлауына дайындалып жатқанын айтты. 12 қараша күні әкемді өлтіріп кетті.
***
Жолдасым хабарласты. Кешкі бестің кезі болатын. «Әкеңе бірдеңе болды», - деді. Асығыс әкемнің үйіне тарттым. Ең бірінші болып кіріп барғанда әкем жерде жатты, көп қан болған жоқ. Үстінде кеуде тұсынан аяғына дейін мата жабылған, жанында тапанша жатыр. Басына тиген оқты көрдім. Жарты сағаттың ішінде полиция толып кетті. Криминалисттер келді. Әкемнің денесін көрсетті. «Жүрегінің астына екі оқ атылған, бұл суицид емес, ертең қалай боларын білмейтін, саған айтып жатқаным», - деді маған бір криминалист. Департаменттің бастығы, ҰҚК өкілдері келді. Журналистерді жібреген жоқ. Сағат үште моргке алып кетті. Бізге берген анықтама қағазда «погиб» деп жазған. Қазір ол Мақпалда болуы керек. Мен оған бергенмін.
***
Әкемнің дүние-мүлік жиған жоқ. Маған да жинатпайтын. Маған «Әділетті бол, пышақтың бір жағы нан, бір жағы қан, біреуден бірдеңе алсаң алдыңнан шығады», - дейтін. Әкем біреуден пара алып, жекешелендіріп алған зауыт-фабрикасы болып, заңсыз байыса, Назарбаевқа қарсы сөйлеген күні-ақ сотталып кететін еді.
***
Әкем Алматының әкімі боп жүргенде, Алтынбек Сәрсенбаев газет редакциясында істеп жүрді. Ол туралы әкем: «Мен бір керемет жігітті таптым, жасы отызда. Оны Назарбаевқа кіріп, министрлікке ұсындым, резюмесін бердім», - деді. Екі аптадан кейін бұрынғы президент өзі шақырып, Алтынбекті Ақпарат министрі етіп қойды. Ол Қазақстандағы ең жас министр еді.
***
Нұрсұлтан Назарбаев пен әкем екеуі қатты дос болатын. Олар 1983 жылы танысқан. Әкем оны «Нұреке» дейтін. 1991 жылы сайлауда Назарбаевқа 91 пайыз дауыс шын берілді. Сонда әкем: «Қайрат мен мұндай белделді адамды әлі көрген жоқпын», - деген болатын. Ол туралы 1992 жылдары ел арасында «Назарбаевтан кейін президенттікке түсетін адам» деп айтыла бастады. Бірақ оның президенттікке түсетін ойы болған жоқ.
«Президенттің өмірі – өмір емес. Мен сендерді аптасына екі сағатқа бір көрем, президент болсам мүлде көрмей кетем. Президент болсаң біреуді таптап өтетін кез болады. Орын үшін біреуді жолдан шығарасың. Мен президенттікке бармаймын», - дейтін.
***
Әкемнің өліміне кінәлі Президенттің қасында жүрген адамдар. Бірақ Рахат Әлиев емес, ол әкемнен қорқатын. Болат Назарбаев та ығатын еді. Себебі, әкем тәуелсіздікті алғаннан бері ел басында жүрген адам. Ол кімнің қалай көтерілгенін, билікке қалай барғанын білетін адам. Рахаттың да, Тимурдың да қызмет жолы көз алдында өтті. Зағипа Балиева әкемнің бас заңгері болған. Сол кезде әкеме бір сұрақтарымен келіп жүретін Дариға Назарбаеваны Зағипа Балиевамен сөйлесуге жіберетін. Ол екеуі солай танысқан.
***
Билікте жүріп оппозицияға кеткенде өзім таңғалдым. «Ертең халықтың көзіне қалай қараймын», - дейтін әкем. Ол бәрін білді. 2005 жылы «Бір сынақтан өтуіміз керек», дегенді айтатын.
***
Назарбаевтың 60 жылдық мерейтойы жақындап қалған кез еді. Әкем «Ақтабан шұбырынды» бейнеленген үлкен картинаны сатып алып, соны сыйлыққа беретін болды. «Басқа әкімдер не берегелі жатыр?», - деп сұрағанымда, «Ақылдасып, бас-басына 1 миллион доллар беретін болды», - деді. Облыс әкімдері бір миллион доллардан жинаған. «Сен неге бермейсің?», - деп күліп сұрап едім, «Менде ондай ақша жоқ, Қайрат. Сенде болса да алмас едім. Оны қайдан алам? Ол үшін аудан әкімдерін қысуым керек, кәсіпкерлерді сығуым керек. Олай болмайды. Мен тек сурет берем», - деді. «Ренжіп қалмай ма?», - деп едім. «Жоқ, ренжімейді», - деді ол.
***
1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі кезінде әкем Алматыда болды. Еңбек демалысында жатқан жерінен оны шұғыл шақыртып алады. Сол кезде Назарбаевтың алаңға шыққаны рас. Оны әкем «Назарбаев алаңға, жастарға тараңдар деп айтты», - деді. Артық ештеңе айтпады. «Не твой вопрос», - деп жауып тастады.
***
Қара Алмас – әкемнің әпкесінің баласы, айтқанынан қайтпайтын, таудың тасындай мықты жігіт болатын. Сол мені «Сары Алмаспен», «Атабамен», «Баха Фестивальмен» таныстырған. Олармен қатты араласпасақ та, сыйластығымыз болды. Менің 25 жастағы кезім. Ол кезде «бригада» деп атайды. Олар біреудің қаразын иесіне қайтартып, соның жартысын өздері алып, пайда көретін.
***
Мен Байбектен кеткен кезде жолдастарым Амандық Баталовқа «Қапшағайға әкім қылып ал»,- деп алдына барды. Баталов «Алам, бірақ Қайрат тегін ауыстырсын, Қапшағайға келгісі келсе, ойлансын», - деп айтқан. Ол әкем Алматының әкімі болып тұрғанда, шешемнің қолынан шәй әшкен адам. Ол кезде Баталов аудан әкімінің орынбасары болып істеп жүретін.
Abai.kz