Ата Заңда «орыс тілі ресми тіл» деген сөз жоқ
«Тіл – ұлттың тұғыры, ұрпақтың ғұмыры…Біле білсек,
ұлттық қауіпсіздік тілімізді қадірлеуден басталады»
Қ.Тоқаев.
«Қазақ тілінің құқықтық мәртебесі»
Конституцияның 7-бабында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тiл - қазақ тілі» делінген. Осы айтылғанды талдап, мәнің ашып берейін.
Президент Тоқаев алдыңғы жолдауында, «Ата Заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі» деді. Дұрыс, жоғарыдағыға сәйкес айтылған. Алайда еліміздің кейбір ақпарат құралдарында орыс тілі «ресми тіл мәртебесіне ие» деген сөздер айтылуда, бұл өрескел қателік, қоғамды шатастыру. Неге дейсіз ғой? Конституцияны, Заңдарды қанша ақтарсаңыз да бұндай норманы таппайсыз. Демек халықты тіл мәселесінде қоғамда дүрбелең тудыру мақсатында кейбіреулер білместікпен шатастырып, адастырып отыр. Өйткені халықаралық тәжірибеде ресми тілдің мәртебесі кейбір елдерде мемлекеттік тілмен теңестіріліп, оны басқару, Заң шығару тілі деп көрсеткен. Ал осыны кім, не үшін айтып отыр, бұл қазақты, өзге этностарды тіл дауына айдап салу әрекеті.
Тiлдердiң қолданылуының құқықтық негiздерiн реттейтін «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» арнайы заңның 4-бабында: «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi - қазақ тiлi. Мемлекеттiк тiл - мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi», - деп көрсетілген. Демек аталған Заң Конституциядағы мемлекеттік тіл мәртебесін анықтап, дамыта отырып: «Қазақ тілі – мемлекетті басқару, Заң шығару және iс қағаздарын жүргiзу тiлi», - деп бекітті. Заңдарды зерделей келе айтатынымыз, Қазақстанда мемлекеттік ресми тіл біреу - ол қазақ тілі!
Осы айтылғанды Конституциялық Кеңес 2007 жылы 23 ақпандағы №3 нормативтік жалпыға бiрдей мiндеттi күші бар Қаулысымен былай деп бекітті: «мемлекеттiк ұйымдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында мемлекеттiк тiл - қазақ тiлi мен ресми түрде пайдаланылатын орыс тiлiнiң тең қолданылуы бұл соңғысына (орыс тіліне) екiншi мемлекеттiк тiл мәртебесi берiлетiнiн білдірмейді. Мемлекеттiк тiл мәртебесiнiң үстем болуы оның жария-құқық саласында қолданылуының айрықшалығы не басымдылығы Конституцияда баянды етiлiп, заңдарда белгiленуi мүмкiн екендiгiн бiлдiредi».
Жоғарыда көрсеткеніміздей Конституцияда «орыс тілі ресми тіл» деген сөз, заң баптары мүлдем жоқ. Алайда аталған 7-баптын 2-тармағында: «Мемлекеттік ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады», - деп айтылған. Демек «ресми түрде» деген сөз тіркестері бар, бірақ, бұл «орыс тілі ресми тіл» дегенді білдірмейді.
Енді қай жерде, қалай орыс тілінің ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылатынын айтайын. Олар мемлекеттік ұйымдар - азаматтық заңдарда көрсетілген атап айтсақ: мемлекеттiк кәсiпорындар, мекемелер, шаруашылық серiктестiктер акционерлiк қоғамдар басқаша айтқанда құрылтайшысы меншік иесі мемлекет болатын компаниялар мен заңды тұлғалар және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары мәслихаттар. Осы айтылғаннан шығатын қорытындымыз, аталған мемлекеттік ұйымдарда қызмет ететін мамандардың барлығы қазақ және орыс тілдерінде іс жүргізе білуі міндетті.
Енді осыдан келіп туындайтын басты сұрақ: мемлекеттік тiл - қазақ тілі елімізде мемлекеттік тұрғыда қалай қолданылуы керек? Осыны анықтау үшін біз күнделікті көріп, естіп жүрген Қазақстан Үкiметi, Парламентi және орталық атқарушы органдар министрліктер т.б мемлекеттік тілді біліп сөйлеуге міндетті ме деген ой туындайды.
Конституцияға, заңдарға сараптама жасап, осы аталған мемлекеттік органдарға, жоғарыда айтқанымыздай орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылатыны жайлы бұларға қатысты ереже жоғын салыстырып білдік.
Өйткені «мемлекеттік орган» мен «мемлекеттік ұйым» ұқсас ұғымдар болғанымен Конституцияда бөлек қолданылған және де олардың құқықтық мәртебесі мүлдем өзгеше. Мемлекеттік орган белгілері Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің 4-бабында берілген, олар - жалпыға бірдей міндетті мінез-құлық қағидаларын айқындайтын актілерді басып шығару, әлеуметтік маңызы бар қоғамдық қатынастарды басқару және реттеу, мемлекет белгілеген жалпыға бірдей міндетті мінез-құлық қағидаларының сақталуын бақылау жөніндегі функцияларды мемлекет атынан жүзеге асыратын мемлекеттік билік ұйымы. Осы кодексте көрсетілгендер арқылы біз мемлекеттік ұйымдарда аталған белгілердің функциялардың жоғын білдік.
Қазақстан Үкіметі туралы Конституциялық Заңның III-тарауында мемлекеттік органдарының тізбесі берілген, олар: Президент, Парламент, Министрліктер, Жергiлiктi атқарушы органдар деп көрсетілген. Тек қана осы тізбеде, 4-бапта берілген барлық белгілердің барын байқадық, осылай мемлекеттік органдардың ерекше айырмашылығын білдік. Айтылғаннан түсінгеніміз осы 7-баптын 2-тармағында көрсетілгендерден басқалалары - барлық мемлекеттік органдар Үкімет, Парламент, Министрліктер, Агенттіктер т.б тек қана қазақ тілінде сөйлеп қызмет етуі керек бұл Конституция талабы.
Тағы осы ойымыздың дәлелдемесі – ол Конституцияның 41-бабындағы: «Қазақстан Президенті болып тумысынан Республика азаматы болып табылатын,.. мемлекеттік тілді еркін меңгерген, ...Республика азаматы сайлана алады» делінуі болып тұр. «Парламент Палаталары төрағаларының мемлекеттiк тiлдi мiндеттi түрде еркiн меңгеруi керек» деген бап та Конституцияда бар.
Конституциялық Кеңес 2007 жылғы нормативтік қаулысында: «Мемлекеттiк ұйымдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының ресми тұлғалары көпшiлiк алдында сөз сөйлегенде, мемлекеттiк органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының ресми бланкiлерi, ұлттық валютада, жеке басын куәландыратын құжаттарда қазақ тiлiне басымдылық берiлуi керек екенің бекітті. Бұл жазылғандар, Негiзгi Заң қазақ тiлiне жария-құқықтық маңыз бере отырып, оның мәртебесiнiң үстемдiгiн көздейтiнiн айғақтайды» деді.
Неге мемлекеттік тiл - қазақ тілі деген сұраққа жауап іздесек, ол Конституциянын преамбуласында айтылған: «Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттілік құра отырып, ... қазiргi және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершiлiгiмiздi сезiне отырып, өзiмiздiң егемендiк құқығымызды негiзге ала отырып, осы Конституцияны қабылдаймыз», - делінген. Басқаша айтқанда, жер де, ел де қазақтікі деп мойындап айтылған сөз.
Енді Үкімет, министрлер, депутаттар 1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдумда бүкіл Қазақстан халқы бірлесе келе бірауыздан қабылдаған Конституцияның мемлекеттік тiл - қазақ тілі деген талабын неге шала орындайды деген үлкен сұрақ туындайды.
Конституциялық Кеңес қаулысында: «Қазақ тiлi Қазақстан мемлекеттiлiгiн айқындайтын факторлардың бiрi болып табылады, оның егемендiгiн рәмiздейдi», - деді.
Жоғарыда келтіргеніміздей Қазақстан Үкiметi, Парламентi және орталық атқарушы органдар т.б тек қана мемлекеттік тілде іс жүргізіп, сөйлеуі керек бұл - Конституцияны бұлжытпай орындау. Қорытындылай келе айтпағымыз биліктің мемлекетті басқару, заң қабылдау қолдану тілі тек қана қазақ тілі болып табылады.
Ұлттық идеология – қазақ тілінен, ділінен, қазақ халқының көне тарихынан бастау алады. Егерде біздің мемлекетіміз мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан қазақ халқының әдет-ғұрпын, рухын, тілін идеологияның басты тұғыры ретінде қабылдаса қазіргі аумалы-төкпелі заманнан теңселмей өтеміз.
Айыпқан Мухамадиев,
заң ғылымының кандидаты
Abai.kz