Буча қырғыны: Ресей жауап береді...
Кеше күллі әлем дүр сілкінді. Ресей әскерінің қылмысынан, Ресей сарбаздарының жауыздығынан Украина есеңгіреп қалды. Буча, Ирпень, Гостомель қалаларын азат еткеннен кейін, Украина жасақтары сұмдық көріністің куәсі болды. Қала көшелерінде бейбіт халық қырылып жатты.
24-ақпан күні Ресей Украинаға қарсы басқыншылық соғысын бастады. Соғысты жылдам аяқтау мақсатында Ресей басшылығы Киев маңындағы кіші қалаларға арнайы жасақ жеткізіп, сол арқылы ел астанасын жан-жақтан қыспаққа алмақ болды. Сондықтан Киевке жақын орналасқан Буча қаласына шабуыл жасап, 25-ақпанда десанттық күштерін жеткізуге тырысты. Қала көшелерінде қиян-кескі шайқас басталды. Қала Украина жасақтары мен Ресей басқыншы күштерінің арасында бірнеше мәрте басып алу және азат етуді көрді. Алайда наурыз айының ортасынан бастап қала ресейлік күштердің қолына өтті.
Наурыз айының соңында Ресей әскері Киев облысынан шегіне бастады. Ұзақ уақыт қорғаныста тұрған Киев маңындағы Украина жасақтары қарсы шабуылға шығып, Ресей әскерін ығыстырды. Ресей әскери жасақтары қалалардан шегіне отырып, ғимараттар мен маңызды нысандарды миналады. Артиллериялық соққының астында қалған басқыншы жасақтары 1-сәуірде Киев облысынан толық ығыстырылды, ал 2-сәуір күні Украина жасақтары Киев маңындағы Ирпень, Буча, Гостомель сынды қалаларға кірді. Міне, осы сәтте Украина жасақтары сұмдық қылмысты өз көздерімен көрді. Буча қаласында жүздеген бейбіт тұрғынның атылғаны, азапталғаны анықталды. Қолдары байланып, желкесінен атқан балалар, аналар мен қариялардың мүрделері қала көшелерінде шашылып жатыр. Кейбірін танкпен таптап кеткені де айтылуда. Жиынтығы Буча қаласында 280 бейбіт тұрғынның өлтірілгені нақтыланды. Жалпы Киев облысы бойынша азат етілген аудандардан 410 бейбіт тұрғынның денесі табылды.
Украина тарапы Ресейді геноцид жасады деп айыптауда. Халықаралық ұйымдар мен Еуропа елдері Ресей әскерінің қылмысына қатысты бұлтартпас айғақтар барын айтады. Ол суреттер, видеолар және тұрғындардың берген түсініктемелерінен тұрады. Human Rights Watch геноцид жасалғанын дәлелдейтін мәліметтер жеткілікті деп отыр. The Guardian газеті қайғылы оқиғаны "геноцид" деп атады.
Әлем басшылары Буча қырғынынан кейін Ресейге салынатын санкцияны күшейтіп, оны оқшаулауды жылдамдатып, Киевке көмекті еселеу керектігін айтуда.
"Ирпень мен Бучадағы Ресей әскерінің қанқұйлы шабуылы Путин мен оның әскерінің Украинада әскери қылмыс жасап жатқанының айқын дәлелі.
Кремльдің бұл фактілерді жоққа шығару мен жалған ақпарат таратуы бұл шындықты бүркемелей алмайды. Путин ашулы, оның жоспары іске аспауда, ал Укаина бұрынсоңды дәл қазіргідей бірлікте болған емес", - деді Ұлыбритания басшысы Борис Джонсон. Ол Путин әскерінің қылмысын әшкерелеу үшін барын салатынын айтты.
Ал Ұлыбританияның Украинадағы елшісі Миланда Симмонс болса Ресей әскерін былай деп айыптады: "Зорлық-зомбылық соғыстың бір қаруы. Украинада қандай деңгейде зорлау фактілері болғанын нақты білмесек те, Ресей әскерінің бір қаруы екенін біліп отырмыз. Әйелдерді балаларың көзінше зорлайды, қыздарды отбасының көзінше зорлайды, осылайша өз үстемдіктерін көрсеткісі келеді. Зорлау әскери қылмыс болып табылады", — Симмонс.
ЕО президенті Шарль Мишель: "Киев облысындағы азат етілген аудандардан келген суреттерді көріп, есеңгіреп қалдым. ЕО Украина мен тәуелсіз ұйымдарға бұл сұмдық туралы дәлелдер іздеуге көмектеседі және халықаралық соттарға жүгінуге жәрдем береді. ЕО Ресейге қуатты санкциялар салу мен Украинаны ЕО-ға алу жолын жалғастырады", - деді.
Ал Германияның СІМ Анналена Бербок былай дейді: "Бучадан келген суреттерді көру өте ауыр. Путиннің қылмысы бейкүнә отбасыларды жойып жатыр және оның шегі көрінбейді. Бұл қылмысқа қатысы барлар жазалануы тиіс. Біз Ресейге қатысты санкцияны күшейтіп, Украинаны қолдауды арттырамыз", - деп кесіп айтты.
Франция басшысы болса: "Киев маңындағы Буча қаласынан келген суреттерге қарау өте ауыр. Көшеде жүздеген бейбіт тұрғын өлтірілген. Мен қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтамын және украиндықтарды қолдайтынымды айтқым келеді. Ресей билігі бұл қылмысы үшін жауап береді", - дейді Макрон.
Буча және Ирпень, Гостомель маңындағы Ресей әскерінің қырғынынан кейін әлемдік аренада Ресей билігін оқшаулау күшейетіні айтылуда. Ал Ресей бұл айыптардың барлығын жоққа шығарып, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын өткізуге үндеу жасады. "Бұл арандатушылық, ойдан шығарылған сценарий, біздің бұл қырғынға еш қатысымыз жоқ" депті олар...
Асхат Қасенғали
Abai.kz