Су басу салдарынан 108 бас мал қырылды
Қардың еруінен болған су тасқынынан Батыс Қазақстан обылысында бірнеше елді мекен су астында қалды.
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі: «БҚО Жәнібек ауданы Жақсыбай елді мекенінде су басу салдарынан 108 бас мал қырылды», -деп ақпарат берді. Ведомство мәліметінше, су тасқыны басталғаннан бері 8 елді мекенде 184 тұрғын және 15 саяжай үйлері, 2 әлеуметтік нысан еріген қар суының астында қалды. Павлодар және Ақтөбе облыстарындағы 43 үйден су бұрылды.
«841 адам алдын ала эвакуацияланды, оның ішінде 430-ы уақытша эвакуациялау пункттерінде, 411-і туысқандарында орналастырылды. Су басқан 141 тұрғын және 15 саяжай үйлері бақылауда», - деді министрлік.
Бұған дейін 3 сәуірде өткен брифингте, БҚО әкімінің орынбасары Темірхан Меңдіғалиев: «Батыс Қазақстан облысы аумағында 140 үйді, 2 әлеуметтік нысанды су басса, 67 кіші мал түлігінің шығыны болды. Су басқан үйлерден 749 адам көшірілді, оның ішінде 215-і бала. Қазіргі уақытта 2 республикалық маңыздағы жолды су шайып өтті. Екеуі де бір тәулік ішінде тоқтады. Сонымен қатар, облыстық және аудандық маңыздағы жолдарды да су басып қалды. Елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ. Ауданда 267 адам, 51 бірлік техника, 6 жүзу құралдары, 13 мотопомпа жұмыс жасауда. Қалыптасқан төтенше жағдайға байланысты облысымыздың 4 ауданында төтенше жағдай режимі жарияланды», - деген болатын.
БҚО бойынша төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Ернұр Өтегеновтың айтуынша, су тасқыны сырттан келген, Жақсыбай ауылының қасында ешқандай қауіп төндіретін өзен жоқ. Жағдай көршілес жатқан Ресей Федерациясындағы күннің қатты жылынуынан болып отыр.
«Жақсыбай ауылында мал шығыны болды, бірақ су басуға байланысты толық есептеулер өткізіледі. Ең бастысы, су кетпей тұрғанда адам өмірін сақтап қалу және суды ауылдан шығару бойынша жұмыстар жүргізілуде. Аудан тарапынан комиссия құрылды, келтірілген залалдың шығындарын есептеу, әлеуметтік сұрақтар бойынша аудан әкімшілігі өз тарапынан жұмыстарды жүргізуде», - деді ол.
Жергілікті билік өкілдері ауылан көшірілген тұрғындар үшін барлық жағдай жасалғанын, адамдарға еш қауіп тұрмағанын жеткізген. Қазіргі сәтте тұрғындарға көмек көрсету үшін еріктілер тобы құрылып, көмек қолын созушылар үшін есепшот ашылған.
2 сәуірде Батыс Қазақстан облысының 3 ауданында су тасқынына байланысты төтенше жағдай жарияланған. Қазір Бөрілі, Қаратөбе және Шыңғырлау аудандарында төтенше жағдай болып тұр. Сәуір басталғалы Ақтөбе облысында да су көтеріліп жатқаны туралы хабарлар келіп жатыр. Еріген қар мен тасыған өзеннен Ақтөбе маңындағы бірнеше елдімекенді су басып қалған.
Abai.kz