Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2889 0 пікір 23 Қазан, 2012 сағат 06:43

Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)

IV

Ақия Ұланбайдағы қалпақсыз тұтқындар лагеріне екі рет барып, үш-төрт әйелден «хал сұрап» қайтыпты. Бұл лагердегілер, өздерінен үкіметке қарсы ешқандай қылмыс табылмағанымен желкелеріне ешқашан қылмыс жасамайды деген күмәннің сұрау белгісі қойылған қылмыстылар еді. Жақыннан бері қолға алынып, күреске тартылып жатқан «құқық иелерінің» қызметтегі әйелдері де осы лагерге айдалыпты. Бұлар, ақ-қараны, айыра алатындай оқыған әйелдер болғандықтан ерлерін ақтау жөнінен әрине «ешқашан қылмыс жасамаулары» мүмкін ғой.

Өзі сөйтіп некеленген жігітін тастап, жалданба жендетке тиген Ақияға бұл әйелдер күмәнмен қарап, жөндеп әңгімелеспей қойыпты. Тіпті апарған тағамдарын да арамға санағандай, «қазіргі қараңғы базардан да табылмайтын жарықтықтарды сенің «қолыңның ұзындығы» арқасында таттық-ау, рахмет!» деп мысқылдапты біреуі. Сөйтіп, күмән астындағылардың өздері күмәнмен қарағандықтан Мақпал мен Күлән жөнінне сөз шығара алмай, тым көңілсіз қайтты.

- Асылқан аға да сол лагерде екен!- деді маған жыламсырай қарап. - Сенің менен Мақпалдың әдіресін сұрап, «Тарымнан жазған» бір хатың болса, соны апарып көрсетсем, Асылқан менің тыңшылықпен жүрмегендігіме сенер еді. Күлән мен Мақпалды бұл лагерде кім білуі мүмкіндігін содан сұрайын!

IV

Ақия Ұланбайдағы қалпақсыз тұтқындар лагеріне екі рет барып, үш-төрт әйелден «хал сұрап» қайтыпты. Бұл лагердегілер, өздерінен үкіметке қарсы ешқандай қылмыс табылмағанымен желкелеріне ешқашан қылмыс жасамайды деген күмәннің сұрау белгісі қойылған қылмыстылар еді. Жақыннан бері қолға алынып, күреске тартылып жатқан «құқық иелерінің» қызметтегі әйелдері де осы лагерге айдалыпты. Бұлар, ақ-қараны, айыра алатындай оқыған әйелдер болғандықтан ерлерін ақтау жөнінен әрине «ешқашан қылмыс жасамаулары» мүмкін ғой.

Өзі сөйтіп некеленген жігітін тастап, жалданба жендетке тиген Ақияға бұл әйелдер күмәнмен қарап, жөндеп әңгімелеспей қойыпты. Тіпті апарған тағамдарын да арамға санағандай, «қазіргі қараңғы базардан да табылмайтын жарықтықтарды сенің «қолыңның ұзындығы» арқасында таттық-ау, рахмет!» деп мысқылдапты біреуі. Сөйтіп, күмән астындағылардың өздері күмәнмен қарағандықтан Мақпал мен Күлән жөнінне сөз шығара алмай, тым көңілсіз қайтты.

- Асылқан аға да сол лагерде екен!- деді маған жыламсырай қарап. - Сенің менен Мақпалдың әдіресін сұрап, «Тарымнан жазған» бір хатың болса, соны апарып көрсетсем, Асылқан менің тыңшылықпен жүрмегендігіме сенер еді. Күлән мен Мақпалды бұл лагерде кім білуі мүмкіндігін содан сұрайын!

Ақияның бұл ақылы тағы да қона кетті көкейіме. Ертең Асылқанға барып жолығып қайтуы үшін «Тарымнан» дереу хат жазып бере қойдым. Өз достарымның арасында Ақияның сенімін қайта қалпына келтіретін документ ретінде жазылды.

«...Қадірлі Ақияш, стиль түзету әрекетіндегі Құмардан бет бұруыңа сенің тек сол шақтағы қорқуың ғана себеп болғанын білемін. Ақыры батырға айналатындығыңа, жалақор итке әйел болмайтындығыңа сенімім тіпті толық!» деген сөзді амандық баяндап келе қостым да Мақпал мен Күләннің қазіргі хал-жайы мен әдрісін сонан соң сұрадым.

«Биғабіл бұл хатты Тарымнан доқтырға келген бір ұйғыр кәрия арқылы жіберген екен дей сал!» деп тапсырдым Ақияның өзіне. Менің бұл хатым арқылы достар арасында өзінің де жүзі жаритындығын байқаған «ерке тоқал» мені тағы да жылай күліп құшты. Ертеңіне жер астындағы маған дастарқан жасап, үйіндегі «еріне» итаяқ қойды да, қақпасын сыртынан құлыптай сала жөнелді.

Асылқан ақын, шағын ғана арақ завотының сасық қоқсығын қол арбамен сыртқа шығарып төгіп жатқанда жетіпті Ақия. Завоттың алдыңғы жағынан өтетін жалғыз аяқ жол үстінен дауыстаған екен. Асылқан, арт жағындағы жылғалы ойпатты көрсетіпті. Қалтарыс ойпатқа айланып барып түскен Ақияға ол да үдірейе қарапты.

- Е, кезбе қарындас, қайдан жүрсің?

- Амансыз ба, Асаға, денсаулығыңыз жақсы ма?-Ақия жалбарақтай амандасып ұсыныпты менің хатымды. - Сүйінші, Биғабіл аға тірі екен, хат келді, Шаяр Тарым майданында екен!

- Рас па?- Қапелімде қуанышын жасыра алмай, далбарақтай ұмтылған сақ Асылқан, «тыңшы жендеттің әйеліне» аңыра қарап тұрып қалыпты. «Биғабілдің тірлігіне қуанғанымды мына опасызға білдіріп алдым-ау» деп шошынғанын, жүзінің сұрғылт тартқанынан сезіпті Ақия, жылап жіберіпті.

- Асаға, итке тигендігіммен ешкімге иттік істегенім жоқ! Араларыңызда өсіріп едіңіздер, қастық істесем дәм-тұздарыңыз атсын, менен қауіптенбеңіз!- деп ұсынған хатты Асылқан күреңіте оқып шыққан соң сұрапты. Биғаң бала-шағасынан дерек таба алмай қалған екен. Осыған жауап жазып жіберейін десем, өзім де білмеймін, сізден көмек сұрай келдім!

- Мен де білмеймін ғой шырағым!... Ие, ие, тоқтап тұр, білсе осында бір адам ғана біледі!... парткомның саяси-заң бөліміндегі Әлібек жақында «құқық иесі» қалпағымен қолға алыныпты. Соның әйелімен таныстығың барма еді?

- Айтолқын апай ма?... Білемін!

- Әлібек қолға алынған соң Айтолқынды осы лагерге әкелген. Шошқа қорада істейді. Бұрын Күләнмен қызметтес болатын. Ал, Биғабілмен де Мақпалмен де жерлес. Биғабіл оны «Ақмарқа жеңеше» деп өте жақсы көретін. Содан сұрашы!... Істеп жүрген жерін көрсетіп жіберейін, бірақ, мен айтты деме!...

Ақия, алыстан ыбырсып-үңірейіп көрінген шошқа қораның сырт жағынан барыпты. Күн жылынып қалған лайсаң шағында мұның сасығына сырттан келген мұрын беттейме. Бір шарбақ қораның ішінде аса мұңлы әнді бәсең ғана сызылтқан Айтолқынның үнін әнші Ақия тани қойып сығалап, жалғыз тазалап жүргенін көре дабыстапты.

- Айтолқын апай!

Қора сыртын айлана жүгіріп шыққан Айтолқын Ақияны тани сала тосырқап түйіліп тұра қалған екен. Бауырмалдығымен өзінен кішілерді баурап әкететін көсем әпекесінің мынадай қорлықта жүргеніне ашына еңіреп жіберген Ақия құшақ жая кеткенде кеудесінен итеріп қалыпты Айтолқын.

- Тарт әрі арам құшағыңды, опасыз қаншық!

- «Опасыз қаншық» болғанымды сол шақтың өзінде-ақ мойындағанмын, әпекетай!- Ақия енді жүгініп отыра қалып еңірепті. - Әйел арының ең қатал сотына содан бері арнап келдім өзімді!.. Бүгін... бүгін... батылым бүгін ғана жетті сізге көрінуге!.. Бір аяулы досымның хабарын әкелдім!... Ол үшін сізден сұрап білейін дегенім бар!...

Жанқалтасынан менің конвертті хатымды шығарып ұсыныпты. Потшеркіме үңіле түсіп қолына алған Айтолқынның жұқалаң ақ жүзі қызғыш тартып, сырт айлана оқыпты. Көзін қолымен сипап жіберіп, қайта үңіліпті. «Есіл азаматым!» деп күбірлегені естіліпті Ақияға. - «Осындай азғындарды әлі де түзеп, адам қатарына қоспақ, әлі де ұстаз қалпы!» -деп күрсініпті.

- Тұр орныңнан, жүр бері! - Ерте жөнеліпті Ақияны жатағына қарай. Шошқа қораның өр жағына - бөктерге салынған аласа екі үйдің біріне кіргізіпті. Бір үйде ханзу әйелдер тұрады екен, түрлеріне қарағанда олар да «құқық иелерінің» әйелдері сияқты.

- Мұкарама, сіз бара тұрыңызшы менің орныма! -Айтолқын үйдегі семіз әйелді өз жұмыс орнына жіберіп сөйлепті Ақияға. - Сен Биғабілдің өзің туралы берген бағасына қарап, қылмыстан жеңілдеп қалдың ба?

- Жоқ әпекетай, дүниеде қорқақтықтан үлкен қорлық жоқ екен. Өзім де адам айтқысыз қорлықты көріп болғанмын. Менің көргенімді көріп тірі жүруден, өлімнің өзі жақсы екен!... Тек... мағынасыз өле салу да оқыған әйел үшін... дұрыс үлгі емес қой!

- Ал, тыңда, ол есебіңді кейін көреміз! Кеше, алдыңғы күнде осында келіп жүргеніңді сиыршы ханымдардан естігенмін. Биғабілдің сұрағанына жауап жазуға асығып жүргеніңді енді ұқтым. Мақпалдың қазір қайда екендігін біз де білмейміз. 62-жылы мартта Тұрпан жақтан Күләннің үйнде қалған баласына бір келген. Бірақ, біз де аңдуда едік. Бармай, амандаса алмай қалғанмын. Содан іле-шала Құлжа оқиғасы, үш аймақ халқының Совет одағына қашу оқиғасы туылды. Сол аралықта Мақпал, баласын алып Дөрбілжіндегі үйлеріне кетті ме, иә, өзі Тұрпанға қайтып кетті ме, білмей қалдық. Биғабіл сезгір еді, егер шекара ашыла қалатын жағдай болса, маған қарайламай үлкен үйлермен бірге кете бер деп ескерткен болса, Мақпалдың сол оқиғада кетіп қалған болуы мүмкін. Өйтетіні, содан бері Мақпал жөнінде ешқандай сөз жоқ. Ал, Күлән, Ынтықбайдың Такламакандағы Ділбар дейтін лагерде 61-жылы өлгенін 63-жылы естіген. Содан бастап оның таудағы жалғыз бауыры тіпті жиы келіп тұрды. Үй мүлкінен бөліп-бөліп тастып әкетіп жүргенін де сезгенмін. Күләннің өзі төменге айдалатындығын білетін. Құмылдағы бір еңбек майданына әкететін болғанын естіп, бір күні іңірде қош айтайын деп барсам, тұрған үйінде ештеңе қалмапты, қызы мен өзі де жоқ. Тауға шығып кеткені белгілі болды. Бауырының аты Ыбырай, Еренқабырғаның Санжы жақ тұсындағы Қостай дейтін ауылда тұрады екен. Соны аудандық үкімет арқылы біліп, соңынан қуып барғандар Ыбырайдың үйін де таба алмай қайтыпты. Қайда кеткенін ешкім білмейді. Меніңше Күлән табылса, Мақпалдың да дерегін табуға болады. Ол екеуінің шығарда жаны ғана басқа болатын... Биғабілға хат жазсаң, абыржытпай, бала-шағасының амандығынан-табылатындығынан толық үміттендіріп жаз! Неғұрлым, Мақпалының үлкен үйіне дер кезінде жетіп, солармен бірге кеткендігіне сенсе ғана тынышталады ол.

- Күләнді мен іздесем таба алармын ба? Сіз оны қайда кетті деп мөлшерлейсіз?

- Егер сенімді жол бастаушы болса, ол да Қазақстанға өтіп кетті. Болмаса, осы ұлы таудың бір қуысында, қалай да бауырымен бірге!... Меніңше Ыбырайдың қайда кеткенін ауылдастарында білетінде жоқ емес. Жіңішкелеп сұрасаң табылады. Маңайына аса жұғымды-сіңімді жігіт көрінген...

Ақия үйіне кеш бата қайтып кеп, Айтолқынның аузынан шыққанын түгел жеткізді маған. Ынтықбайдың өлімі ішімнен қатты мұжыды. 61-жылы Сахуда болған ашаршылықтың Ділпарды түгел жұтып кеткені соңынан естіліп еді ғой, соның арасында Ынтықбай да кетіпті-ау, есіл сабазым!... Тағы да жетім-жесір болып қалған Күләннің иен таудағы халі көз алдымнан кетпей қойды. Ал, Мақпалым қайда, Асқарым қайда?... Менің айтқаным бойынша үлкен үйге уақытында қайта алды ма, иә, жете алмай бір қырсыққа ұшырап кетті ме?... Тездетіп осы тауда Күләннің бар-жоғын анықтауым, халін білуім қажет! Одан Мақпалдың бағдарын біліп алып жортуым керек, енді не көрсем де тәуекел!...

Күләнді алдымен Ақия шығып іздеп көруді айтып еді. Оған мен көнбедім: өзі екі қабат қой, оның басқарып ұстап отырған мына қоражайы тіпті «төрт қабаттан» да қиын жағдайда. Екі бүйірінде өмір-бақи отаса алмайтын «екі бай» жатпай ма!... Мен шығып кетіп күн көре тұруыма болар еді. Өлімтік байы өліп қалады да Ақия зор тергеуге-саяси құныкерлікке қалады!...

Құлжанның қызыл документтерін алдымызға түгел жайып, екеу ара талқыға салдық. Тауға Құлжан болып шықсам, ең қолайлы жері, оның туыстары Іледе, тапалтақ шұбар екендігін бұл тауларда көп адам білмейді. Бірақ, оның атына өшігіп жүргендердің маған қас қылып, өлтіріп тастауы да мүмкін сияқты. Ал, Ақияның өз ата-анасы мен туыстары Боғданың теріскейінде, демек, бұл тауда Құлжанға қайын жұрт болып қорғайтын да ешкім жоқ. Бір тәуірі, Ақияның бұрынғы сабақтастарынан, оқушыларынан бірнешеуі бар екен. Солардың аты-жөнін жазып алып, жай-жағдайларымен таныстым. Түгелімен менің өзімді жақсы көретін бауырлар екен. Оларға шындығымды айтып паналауыма болатындығы қуандырды. Екі-үшеуіне Ақия хат жазып тапсырды мені...

Соғыс пен қарақшылық қайнап жатқан көшені бұрынғымша ұйғыр қарт болып шойнаңдап кездім. Екі жағынан қарсы атыс болып жатқан көшелерде қараңғы базардың қатқан зағырасын қасақана кеміріп, қайыршы болып та өттім. Тоқты Баситқа бір апта бұрын тапсырғаным табылған хабары үлкен көпірде естілді: мен мініп кететін атты Сәнпакудың сыртындағы бір хұйзу қоржасынан тапқан екен. Сол күні кеш түсе Тоқты Басит үш мықты серігімен барып, тоқтам бойынша Қаражамбы өткізді де қазақ ертоқымымен ерттеп алып шығып мінгізді маған. Айтулы жүйрік екендігін серіктері біледі екен. Тау қазақтарына бөтен көрінбейтін көнелеу малақай мен тоқыма жағалы жартылай пальто шапанды кенеп қоржынға салып, қанжыға майлады. Балдақты тақымыма қысып, бамбук таяқты қолыма алдым да, бар ыразылық алғысымды төртеуіне жаудыра қоштасып, Тоқты Баситтің қолын қатты қыстым.

Былай шыға бергенімде соңымнан екі атты көрінді. Апрелдің бас кезі, Жон таудан басқа жерде қар қалмапты. Желемікті салқын түн сондада ызғар байқатады. Жалтақтап арт жағыма қарай бердім. Екі атты, қаладан бірге шыққан Еренқабырғаның екі районының адамына ұқсап екі жаққа бөлініп кетті. Жем жеп тұрған тоқ атты әлден ұрындырып алмау үшін желе аяңдатып қана жүрдім. Басымда Тарым ұйғырларының тері бөрігі. Қартайып біткен ақсақалды баяғы ақсақ.

Түнқатып жүрген мұндай жақсы аты бар жарымжан шалды басыну, әркімнің қолынан келсе керек қой. Әлгі бөлініп кеткен екі аттының күншығыс беталысымен кеткені жақындай берді маған.

- Жол болсын, екеуміздікі жол бір екен!- деп қаудырлады. Дүңген екен.

- Сіз қай гүңшеден? - Үңіле қарадым жүзіне. Жуан қара сұр жігіт, мен сатып алған аттың, жолдан қайта тартып әкетуге шыққан иесі екендігін мөлшерлеп үңілдім. Сол мақсатпен шыққан болса, «ақсақ шалды» тірі қалдыруы мүмкін емес, бұрынырақ қамтымасам өлгенім!... Ол да қатарласып үңіле бергенінде бамбок таяқтың қалың темір қапталған жер тірерімен шекеден ала шақ еткіздім. Ол да жең шоқпарын ыңғайлап келеді екен, «әйя!» деп бақ ете түскенінде қолынан түсіп кетті. Басы бұлғаңдап, атынан ауа берді. Тізесінен едел-жедел екі соғып жіберіп құлаттым да шаба жөнелдім. Құстай ұшты қаракер. Күнбатыс жаққа кеткен серігі, құлаған мықтысының дауысын ести қойыпты, тасырлатып солай қарай шапқылады. Мен қара үзіп, түн қараңғысына сіңіп кеттім. Беталысымнан бұлтарып, күнбатысқа қарай біраз зымыраттым да хұйзулардың соңыма қайта түспегендігі анықталған соң тізгін тартып, бұлаңқұйрыққа қайта ауыстым.

45-жылдың күзінде гомендаңнан қашқандағы жолым, таң ата тау бөктеріне жеткенімде танылды. Сондағы біздің мылтықты кетік сары тонаушы келіп тапқан жарлы бұлақтан өтіп, біраз өрлеп барып айқынырақ бір сүрдек жолға түстім.

Көрінген далдалы тұйық сайға дамылдап, ат терін құрғатып алғым келді. Енділікте мен оңтүстіктің ақсақалды шойнақ шалы емес, сақал-мұртсыз, мәдениеттірек құлақшын, палшопкалы, сылти басатын, қысқа таяқты ғана қазақ болуым қажет. Балдақ пен артық киімді сақал-мұртыммен қосып белгілі бір тастың қуысына тыға салдым. Қызыл знактар ескі шапаннан жағалы сары палшопканың омырауына көшті. Жараса кетті кеудеме. Құралды қызыл қорғаушылар кездессе, атым Құлжан. Ауыл жасақтары кездессе, ақуалға қарап, иә, Құлжан, иә басқа біреу. Адамға кездескенімді білгенімде Биғабіл бола салады.

Күн жайыла жолға түстім. Жазып алған тізім мен ауыл мектептерінің жол планы қолымда. Әр мектептің тұстарына мөлшермен сызылған адыр-жоталарды таудың өзінен іздеп үңіле бердім. Күн түске көтерілген шақта коммунаның өзім нысалаған бір әтірет мектебінің тұсына жеткенімді мөлшерледім. Төмен құлдайтын сүрдікке бұрыла бергенімде алдымдағы кезең үстінен біреу айқайлап бұйыра шақырды.

- Ей жолаушы, мұнда кел, мұнда! - Нақтылы тау қазағынан қойылған қарауыл екендігін байқай сала салмақпен дауыстадым.

- Ей жолдас, «халық үшін істелік!» екінші әтірет осы тұста ма?

- Маужуши түмен мың жасасын! Сол тұста, бел астында ғана!

Рахмет айтқандай таяғымды көтере сала жөнеле бердім.

Белден асып, жайдағырақ сайдағы тас үйлі қыстауға құлдадым. Әр тұстан жаяу-жалпы шұбырған адамдар келіп жатыр. Зор жиын үстінен түсетіндеймін. Қауіптеніп тұра қалсам да лаж жоқ, көрініп қалдым ғой, енді бұлтара жөнелсем-ақ күдікті жолаушы боламын да соңыма қуғын түсіремін! Кідірмей-мүдірмей кіріп, араласа кетуге тәуекел еттім.

Сыртқа асылған тайқазан маңында тақтайға сақылдатып бірдеме турап жатқан әйелдер недәуір көрінді. Наурыз көженің уақыты өтіп кеткен. Той, иә, ас үстіне түстім бе?... Мына турап жатқандары қаншалық кепкен сүр ет болса да бұлай шақылдамаса керек еді. Темір рудасын ұсатып жатырма десем, докт пышақпен шапқылап, су қайнатқан тайқазанға салып жатқандай!...

Күнбатыс жағымнан қиыстап, бір атты түсіп келеді екен. Жаңағы кезең тосқан қарауылшы болса керек. Жеңіндегі қызыл шүперегі сескендірді. Мені көріп мектеп алдына мұғалім сындас ретті киінген екі-үшеуі шығып тұра қалды. Қызыл жеңді пәле келіп, менің аты-жөнім тергелгенше осылардың «мәдениет төңкерісіне» болған позициясын байқауым қажет көрінеді. Атымды қузап жеделдете аяңдадым. Сәлем беру орнына айтатын үзіндім, қазіргі позициясын да, санасын да байқататын дөрекілеу үзінді болсын!...

- «Бірінші қиыншылықтан, екінші өлімнен қорықпалық!» -деп айқайлап тұра қалдым алдарына келіп. Кекселеу қалың мұртты жуаны мырс ете түсті де, жіңішкелеу мұртты сұңғақ бойлысы езуін әрең жиып, зорланып томсара қабылдады «сәлемімді».

- «Халық үшін қызмет қылайық!»

- Маужуши мың-мың жасасын! - Екеуінің мұрты да ойнақтап кеткендей болды. Аттан түсе қалдым.

- Маужуши мың миллион жасасын!- деп жастау семіз сарысы қалжыңын ашық байқата дауыстап жіберіп ұстады атымды. «Сәлем алған» үшеуі де жылы ұшырай қалды.

- Біздің үйге, біздің үйге баста!- Кекселеу жуаны екіншісіне осыны күбірлей сала қол алысты менімен. Амандық-саулықты сұрап қатарласа аяңдады. Таяғыма күш сала сүйеніп, аяғымды сылти бастым. Қызыл жеңді қарауылшы менің қасыма келе алмай қарап тұрып қалды. Қазақтың сыйлау салты бойынша бұл жерде ешкімнің ат-жөнімді асығыс сұрамауы қуандырып еді. Үйге кірген соң үлкені бәйбішесіне көрпе төсетіп, қатарыма отырғанда да ол жөнінен ауыз ашпай, жақын танысынша қарап күлімдеп, аулының жөнін сөйлеп кетті.

Бүгін гүңшенің үлкен әтіреті бойынша зор жиын ашатын күн екен. Бұрынғы таптық зұлымдық үстінен шер төгіп, помещик пен бай шаруаларды күреске алуға дайындалып жатыпты.

- Көне қоғамдағы кедейлердің тарихи тағамын бізбен бірге жесуге келгеніңіз, қуанарлық іс болды!- дей салды да, бірге келіп отырған екеуін қузады. - Ал, жолдастар сендер жұмысты орналастыра беріңдер, біз қазір шығамыз! - Екі мұғалімді сол сөзбен жолға салып оңашаланған соң малақайымды басымнан алып қоя сала қолымды қысты. - От жанып тұратын мейрімді көзіңнен таныдым Биғабіл жолдас! - Солқ ете түсті де, ыршып кеткен көз жасын сүрте қойды. - Айдалып кеткеніңнен бері есімнен бір де шыққан жоқсың. Мен бұрын осы мектептің бастығы едім. Үрімжідегі оқу-ағарту жиындарында үш рет көріп, сөзіңді тыңдағанмын. Коммуна құрылған соң мені осы өндірістік үлкен әтретіне дадүйжаң етіп сайлаған. Атым Омар... Есен-аман жүрдің бе, қашан қайтып келдіңіз?

- Ол жөнімді кейінірек сөйлеп берейін. Ал, әлгі екі жігіт кім?

- Мұртты үлкенірегі менің орныма мектеп бастығы болып сайланған, Әнуар дейтін мұғалім. Сізді тануы мүмкін. Күрсіне ескеріп жүретіндердің бірі сол. (Ақияның хат жазып берген сабақтасының бірі осы Әнуар екенін таныдым.) Ал, анау жас жігіт 61-жылы ашаршылықта шыққан мұғалім. Сауат жөнінен де сол шыққан жылы байқалып тұрады. Атыңызды қазірше кім деп атайын?

- Қазірше Құлжан. Құлжанның кім екенін білесіз бе?

- Ол итті білемін ғой. Соның жаман атын жамылмай-ақ қойсаңыз қайтеді?... Рас сол екен деп сізге жаңсақтан қастық сайлап қоятындар шығып қалар!

- Қызыл қорғаушылармен армияның шарлаушылары келіп қалса, оның ес қататын белсенділік кнешкелері менде еді!

- Япырай, ә!.. Ондай шарлаушылардың тыңшылардың тыңшылары да бар осында!... Қазіргі жиынды басқаратын кедей, төмен, орта шаруалар Жуши - сол ноғандардың бастығы. Сізді оқу-ағарту шарлаушысы деп соған мен таныстырып қояйын, сіз үндемеңіз. Оның түсінігінде ағарту деген - буржуазияның қызметі. Құлжанды, ол қадағалап жөнін сұраса ғана айтарсыз. Ал, мектеп бастығынан шын жөніңізді жасырмай-ақ қой! Ол, мықты азамат. Тым болмағанда қастықшылардан қорғай тұруға пайдасы тиер. Ашаршылықта туған әлгі сары да соның қолында ғой.

- Ие, Әнуарға бір сабақтасының жазып мені тапсырған хаты да бар, соны беріп қойярмын...

Осылай келісіп алып, жиын ашылғанын естісімізбен мектепке қарай аяңдадық. «Қазіргі ішетін көжемізге жиркеніш көрсетпеңіз, бұл идея сынайтын, сойқанды көже!» дегенін Омар күбірлеп қана ескертті.

Екі жүз шақты адам сиятын жиын залының іші-сырты адамға лық толыпты.  Бір-бір тостаған «көжені» өздері тайқазаннан құйып әкеліп, тақыр жерге алқақотан отырыса қалған екен. Омар дадүйжаң мені сол отырғандардың арасынан өткізіп, жиын залына кіргізді. Қолымнан және жетектеді. Төрдегі жалғыз үстел, жалғыз орындықта көже ішіп отырған жалпақ бет, божбан қара жушидың бізге қарауға пәлендей әуесі жоқ сияқты. Әркімге сығалай қарасынан, биіктеп «қызмет бабымен» отырғанын түсіндім. «Ата-бабасынан қалған мұра көжені» терлеп-тепшіп, қомағайлана тартып отырған да өзі екен. Омар екеуіміз екі терезенің арасынан мектеп бастығы ашқан орынға жетіп, құрғағырақ жерге орналастық. Семіз сары мұғалім біздің алдымызға да екі тостаған көжемен, қасық орнына бір-бір пұта ұстатты.

Әлгінде келе жатқанымда әйелдердің шақылдатып шауып, тайқазанға салып жатқандары осы көженің «қоюы» болып шықты: былтыр күздегі жиған жүгерілерінің қатқан малдегі. Оны қайнатып, өңештен өтетіндей жұмсартыңқыраған тұнық сарғылт суға жүгері үннің кебегін сеуіп лайлап, көже сиқына келтіріпті. Басқа дәм-тұздан таза-тақыр, жып-жымышы. Ал, осыны ішіп отырған көпшіліктің таңдайлары тақылдап, малдек қиындыларын қарс-қарс шайнайды. Неткен тәтті дескендей тамсансып, обыға жұтынады. Жиылған осы бес-алты жүз адам бір-біріне қарай алмайды. Сол «тағамнан» басқаға көңіл бөліп күбірлеген ешкім жоқ. Жым-жырт ауыздарды жұп-жуан малдектер керіп, бұлт-бұлт, бырт-бырт, күрт-күрт етеді.

Егер мұны осылай «құмартып» ішпесе, кедей таптарға қарсы помещик, бирократ буржуаз, шужыңжуий, жиянгерлердің жалданбалары болып күреске тартылатындығын білген соң мен де әдейілеп «құмарта» түстім. Кешеден бері ыстық тамақ татпағанмын. Асқазанымнан қайтар деп қауіптенерлік ештеңем жоқ еді. Терлеп - бұлаулана оуып, үшінші тостағанды алдырғанымда Омар бұға қарап жымыңдады. «Кедейлер жуши» да биіктен қарап қойып отыр екен.

Осы көженің нағыз мұрагері - кедей, төмен орта таптардың бірлескен қосынның төрағасы бір тостағанын әрең тауысып, сөзге айналыса бастады.

- Бұл кісі кім еді, таныспаппыз ғой?- деп сұрады Омарға қарап.

- Бұл кісі мектеп шарлаушысы, Үрімжіден осы тау мектептерінің мына босап қалған шағында бұзылып, отын болып кетуінен сақтандыру үшін шығыпты.

- Бәсе, пратолдық үкіметіміз кімді қызметке қоюдың қажеттігін біледі!- деді жуши. «Пратолдықтың» пролетарлық деген сөзі екенін түсіне тыңдадым. - Көрдіңдер ме жамағат, бұрын күні үшін қол малай болып көрмеген адам бұл тағамымыздың қадірін білмейді. Біз осы тағамнан ғана күш алып, өсіп-өніп келгенбіз. Мына байлар қазы-қарта асқан қазандарының жуындысын да иттеріне беріп, бізге осыдан басқа нәр татырмайтын. Біз бұлардағы кегімізді тағы да осы тамақпен аламыз! Қазір Жолдыбай жолдас мына қожайындардың үстінен шер төгеді!

«Мына қожайындар» деп жуши нұсқаған босағада бас киімдері айналдырылып теріс кигізілген бір топ отыр екен. Тостағандай көжелерінен бас алмай тұқырысып алыпты. Жолдыбай аталған салпаң құлақ ескі тымақты көсе шал, жушидың оң жақ қатарына шығып тұра қалып, еңкілдей жылады.

- Братолдық жолдастар!... Біз не қорлық көрмедік... Бұл шошқалардан!... Осы тамақты иттің де ішпейтіндігіне арғы қолдарыңды бері әкеліңдер!... Кебегін молырақ салмаса тері илеуге де жарамайды! Осыны бізге осы байлар өз қатындарымызға зорлап қайнатқызып беретін!... Ей Бақберген, тұр орныңнан!... тұр! Осыны маған сенің бергізгенің рас па, өтірік пе?... Құдайшылығын өзің сөйлеші қане! - Жолдыбай «құдайшылық» деген сөзінен қатты қателескенін сезіп, көзі бағжаң ете түсті. - Астапралла қайда кетіп барамын өзім!... Маужушилық жөнін өзің сөйле қане, Бақберген!

Күлкіден қысылған көпшіліктің бет-ауыздары бүлкілдеп, қас-қабақтары дірілдеп кетіп еді. Бір-екеуіне зекіп қалған жушидың дауысынан тамаққа тиіп қойған мысықша жерге жабыса қалғандай бұқты көпшілік. Бақберген аталған шал аппақ сақалын дір қақтырып, қусырыла түрегелді орнынан.

- Рас, рас қой шырағым!... Бірақ, ол заманда мұндай қатты ағашты кім шапқылап, қайнатып әуре болған дейсің. Жақсы етімізді жалшылардан аяп, ішек-қарын, өкпе-соқпа беретініміз рас болатын, соған қарағанда рас қой, айтқандарыңның бәрі рас қарақтарым!

- Ей қақпас!- деп ақыра түрегелді бір әпербақан. -Ей қақпас, қатты ағаш қайнатқызып бермей, ішек-қарын, өкпе-бауыр, бас-сирақ, май сорпамен бағып келдім деп тұрмысың бізді! Маужуши мен біз саған жала жауып тұр екенбіз ғой, солай ма! Осындай қара көже жасатып бергенің өтірік екен ғой! Ей сақалды ит, ей, иттің тісі батпайтын мына қақ сүйекті кім кеміртіп еді бізге! - Сырттан әкеліп жамбасына басып отырған сиырдың кәрі жілігімен кеудеден періп кеп жіберіп, шалқасынан түсірді шалды.

Қалпақтыларға кіжіне түрегелген бірнешеуді кедей жуши қол ишарасымен тоқтатты да Жолдыбайға адырая қарады. «Кері төңкерісшілерден жөн сұрап, келіндерінше иілуді қашан қоясың!»- деп зекіріп қалды да Маузыдұңның үзіндісін ой жота саудырлата жөнелді.

- «Төңкеріс деген қонаққа шақыру емес, әшекей сызу, кесте тігу емес. Төңкеріс деген қозғалаң, бір тапты бір таптың... қысқасы, тақымға басып, додаға салуы». Жаңағы Дүйсен жолдастың, баяғыда өзіне Бақберген кемірткен сүйекпен өзі ұруы заңды іс болды. Төңкеріс қылуды Дүйсен жолдастан үйреніңдер!

Сөйтіп, «Дүйсеннен үйренушілер» шу көтеріп ұрандай түрегелді де қалпақтары алқымдап, тас дауалға жаныштауға кірісті. Ию-қию айқай, бірін-бірі тыңдар емес. Аяқ астында қалатын болған соң Омар мені жетектеп сыртқа шығарып әкетті.

- Әтіретіңіздегі адамдардың амандығына жауап беретін болған соң сіз «қалам күресін» айтып баспайсыз ба мыналарды?- деп күбірлеп едім, күрсініп жіберді Омар.

- Бар құқық қазір, осы маңдағы әскери қызыл қорғаушы комиссары «ортеке»[1] етіп ойнатып отырған осы «жушидың» қолында. Әкімшілік «кедей - төмен орта шаруалар қосынына өткізілген. «Төңкерістеріне пікір айтсам-ақ «құқық иесі», «кері төңкерісші» деген қалпақ өзімді бассалғалы тұр!...

«Құқық иесі» деп аталатын «қылмыстардың» қайдан шығып жатқанын енді толық түсініп, қоя қойдым. Алқылдатып құса жөнелісті даладағылар. Алдымен залдағы жүрегі қозғалған қалпақтылардан басталған «құсу науқаны» іле-шала көпшілікті түгел шабыттандырды. Дүние лақ-лұқ, сар-сұр болды да кетті. Ауыздардан малдек атқылақтап, сары өзен таси жөнелді.

Тұла бойлары құсыққа малшынған «кері төңкерісшілер» де, тізелері мен етектері ғана баттасқан «төңкерісшілер» де сұп-сұр болып шықты сыртқа. Енді құсу үшін емес, қалған-қатқанын құйрықтарынан ағызу үшін шыққан іспетті. «Бізге берген тамақтарың тәтті ме екен?» -деп жуши бастап ақырды да «төңкерісшілері» қостап, «жоғалсын-жоғалсынның» астына алды. Қалпақтыларды қамшылап шықпыртып қуалай жөнелді сонсоң. Жуан жуши азғана жерге бірге қуаласып барып тоқтап қалды да басқа қуушылар бел асырып әкетті. Жушидың ендігі міндеті, белге шығып, қай жерге дейін қуалап соққанын бақылап тұру екен.

Қызыл жең белгі тағынған жігіттерден екі-үшеуі жалбарақтай келіп қол берді маған. Бұлардың бұлай бірлесіп келіп «жалбарақтауының» түбі жағадан алуға саятындығын түйсіне қалғандаймын.

- «Халық үшін қызмет қылайық!» таптық туыс, атыңыз кім болады?- деп сұрады біреуі.

- Бұл кісінің аты Құлжан, - Омар менен бұрынырақ атап қалды. - Қане танысып қойыңыздар! -Олардың да аттарын атап таныстырды да менің «қыр мектептерінің амандығын бақылау үшін» Үрімжіден шыққанымды айтты. - Ал жігіттер, бұл кісі келгелі шай да ішкен жоқ. Әңгімелеріңіз болса, біздің үйге жүріңіздер!

«Тарихтық азап тамағынан» асқазандары азаптанып тұрған жасақтар өз жұмыстарын сылтауратып, үйлеріне жөнелгенде біз де Омардың үйіне беттеп едік. Мені Құлжан деп естігеннен-ақ үдірейе қараған семізше сары мұғалім үнсіз бөлініп үйіне кетті. «Әне!»- деді Омар мырс ете түсіп, «Әнуарға айтып қой» дегендей ымдап, алдыға түсе жөнелді. Мектеп бастығы екеуміз қатарласа аяңдадық.

- Әнуар бауыр, менің шын атымды сіз ғана біліңіз! -Ақияның хатын ұстата қойдым. «Сіз ғана» дегенді баса айттым әдейі. Кейінгі кезде Биғабіл екендігім ашылып қалса, жаңағы Құлжан деп жариялаған Омар дадүйжаң қашқын жасырған болып күймеуі үшін, «ол мені Құлжан деп жаңсақ танып қалыпты» дей салуым қажет болатындығын ескердім.

- Өзім де шырамытып едім!- деп жымиған Әнуар қатты оқып шығып, басын изеп-изеп қалды. - Қолымнан келгенінше көмектесейін. Күлән мен Ыбырайды іздесіп берейін! Бірақ, сіз... қалпағыңыз жоқ екен ғой, бұл жерде оншалық жасырынбасаңыз да боларма екен. Қазір басында миы бар жұртшылық сізден көрі Құлжанға өш! Мына үздіксіз жүргізіліп жатқан төңкеріссымақтарына түгел өш. Тек, әркім өз бастарын аман алып қалуды ғана ойлайтын ақымақтықтарымен ғана өстіп жүр!

- Ие, дәл солай. «Әркім өз бастарын ғана ойлайтын ақымақтық», осы қоғамдағы барлық ақымақтықтардың анасы. Бұдан әлі талай жаңа ақымақтықтар туыла береді ғой. Мені үздіксіз сорлатып келе жатқан әлеуметтік осы ақымақтық, бұл сапарда Құлжан бола тұруыма мәжбүр етті!

Бұл сөзіме қарқылдап күліп жіберген Әнуар күрсініп алып айқындады өз жайларын:

- Біздегі бұл ақымақтық қазірше қастық дәрежесіне көтеріле қойған жоқ. Тек шын сөзден ғана қалдырып тұр. Мәселен:

Осы ауылда маған ең жақын дос - Омар ақсақал өз сырын маған айтпайды да мен оған айтпаймын. «Ашылу-сайрау» науқанынан бергі тағдыр бізді өстіп түгел зымиянға айналдырып барады! -деп күлді.

Мен де өз ойымды айқындап түсіндірдім.

- Жұртшылық арасында Құлжандарға өш адам көбейген екен деп, бүтіндей Биғабіл болып жарияланбауым қажет. Биғабілдің қалпағы жоқ болғанымен қазір сол атының өзі зор қалпақ. «Қашқын қасқыр» етіп шығаратын қалпақ!

- Биғабіл әшкереленсе, мәселесін қайта тексеріп анықтауы мүмкін. Ал, Құлжанды, жалақорлығын естіп ашынып, қаны қарайған әрқандай азамат, тексеріп-тектемей-ақ жасырын жайлай салуы мүмкін.

- Менің өз ойым, әлгіндей бақылаушылар алдында Құлжан болсам, оның кінешкелері менде, оңай құтыламын. Ал, басқа жайды өздеріңіз біліңіздер! Мен Тарым майданында қалпақсыз, уақытша кәсіпке орналасып тұрып, хат-хабары болмай кеткен бала-шағамды тауып қайту үшін ғана қашып шыққанмын. Күлән мен Ыбырайды іздеп жүрген мақсатым да сол. Семьямның қандай жағдайын болса да Күлән білетін.

- Түсіндім!- деді Әнуар, Омар үйінің есігін ашып кіргізді.

Бір шлапшынды жеке өз алдына алдырып алған Омар, құсып болып та үлгерген екен.

- Осындай оңашада сіз де әлгі үш тостаған азабыңызды қайтарып тастаңыз!- деп шлапшынды маған итерді. Мен күліп жібердім.

- Мұндай тамақтың ең «пратолдығын» жеп көнігіп алғанмын. Біздің қожалар бұдан да зорын берген ғой!

- Ойпыр-ау!- деп қалған Омар, «бұдан да зорының» нендей тамақ екендігін Әнуардың көзінше ашық сұрай алмай, қарап қана қойды. Биғабіл екендігін мына досымның көзінше білмей тұра тұрайын деген оймен тартынды. - Бәйбіше олай болса шай жасап жібер, Құлжан жолдас үш тостаған ішкен. Құспаса, асқазанына мәлдек сіңе қоймас, ерітіп жіберетін жұмсақ тамақ болсын!

Қара бұрыш, қалампыр қосқан қою қара шай, сарымай, құртымен келді дастарқанға. Омар мен Әнуар бірге отырып, менен ашық жөн сұрай алмай, бір-біріне қарап қипақтасты.

- Жақында маған Биғабілдан хат келді!- деді мен. Құлжан болып отырып-ақ олардың көкейіндегі әңгімені қысқаша сөйлей бастадым. Биғабілдің Құлжанға хат жазбайтындығын білетіндіктерін де бір-бірінен жасырғандай, өзара көз астымен қарасып қойып қана тыңдасты. Биғабілдің басынан кешкенін, қалпағы қалай алынғандығын, қазір қандай жағдайда тұрғандығын сөйлеп болып, бұл жазған хатында оның сұраған қажетін баяндағанымда ғана тілдері шешілді. Күлән мен Ыбырай жөнін бір-біріне айқындап ұқтырыса келе айтты білетіндерін: Ыбырай тұрған ауыл шалғайырақ болып, көптен бері қарым-қатынас жасай алмапты. Ал, қазір Ыбырайдың ол ауылда да жоқ екендігін білмегендіктерінен көңілсіздендім. Екеуі «ертең бір сенімді адам жіберіп, біліп берелік!» дегенге келісті.

Семіз сары мұғалім шай ішіп бола бергенімізде де кірді. Қызара бөртіп алыпты. Маған қараған қарасы сотқар:

- Құлжан жолдас, сен менің төңкерістік саптасымсың. Және бүгін икупән[2] ішкенбіз. Өткенде көрген азап-машақатымызды еске түсіріп, Биғабілдардан қалған ыза-құсамызды қозғап та алдық...

- Жоқ, жоқ, Азат жолдас, Құлжан жолдастың қазір Биғабілға өштігі жоқ, хат жазысып тұрады екен!-деп Омар бөлді оның сөзін.

- Һы, сол оппортонспен хат жазысып!... біз пролетарият төңкерісшілері ешқашан өз пікірімізді жасырған емеспіз. Егер онымен хат жазысып тұрған болса, бұл кісі де оппортоншы болғаны. Жауға тізе бүккендік!... Олай болса келісе алмайды екенбіз!

Азаттың «келісе алмайды екенбіз» дегеніне қарай, әдейі мен де кердие қарап жауап айттым.

- Жас жолдас, бізге Маужуши, «қателеспейтін адам болмайды» деп үйреткен ғой. Сіз, біз қателескен адамды түзелгендігіне қарамай, мәңгі жау қатарына қоса берсеңіз маңайыңызда дос қалмайтындығын ескеріңіз! - Бұл сөзімде «Құлжан болсам да жақсырақ Құлжан болғым келді. - Биғабілдармен болған күрес дәуірінде партиямыздың ұраны «ауруды емдеп адамды құтқару» болатын. Біз оның ауруын таба алмай, өзін ұрып жықтық. Енді жығылған үстіне жұдырық ұра беру қажет емес қой! Ал, қазір ол да түзелді, қалпағы алынды. Мен де түзелдім. Бұрынғы ұстазымнан кешірім сұрап хат жаздым. Қазір үздіксіз хат жазысып тұрамыз. Қалпағы жоқ адаммен бұлай байланыс жасаудың несі оппортонизм болмақ!

- Құлжан жолдас, мынауың түлкілік!- деп тіке қарады семіз сары. - Қазақ арасына келген соң Биғабілшыл бола қалуың-тоныңды аударып кигенің ғана!... Мұндағы мақсатың да түсінікті!

- Не мақсат бар екен, қане, соны да айтыңызшы!

- Менің қазірше айтатыным, сен Биғабіл бола алмайсың да Биғабіл сен бола алмайды!... Кел онан да арақ ішелік. Икупанның бүгінгі керегі осы ғана! - Азат аталған семіз сары сөздері осылай ғана шегінді де екі бөтелке арақты жанқалталарынан суырып дастарқанға қойды. Бірінің темір қақпағын тісімен қарс еткізіп жұлып алып, лақылдата құйды шай шынысына.

Омар мен Әнуар жалтақтасып, бір-біріне қарай түсті де Әнуар сөйледі.

- Азат жолдас, біз осы төртеуімізде бір халықтың ағартушыларымыз. Қазақтың әдет-әдебімен үлкеніміз үлкенше, кішіміз кішіше, қонағымыз қонақша, ауыл адамымыз ауыл адамынша байланыс жасалық! Бұл жерде ешқайсынымыз да оппортонистік қылмыс өткізіп отырғанымыз жоқ! Тегінде...

- Тарт ары феодалдық әдет-әдебіңді, сен менің бастығым болып, төңкеріс жолымды буа алмайсың, бұл құқықшылығыңды істет пе маған!

- Кімдікі төңкеріс екендігін су тұнығанда көріп алармыз. Бірақ, бұл пікір, саған менің саяси құқықпен емес, педагоктық құқықпен айтып отырғаным. Барлық қастерлі ахлақты феодализмнің зынданына тыға берсең, социализм бақшасына не қалдырмақсың! Сені көрген жас оқушылар не оңбақ!... Әр берден соң осы істеп отырғаныңның өзі үкіметсіздік! Жоғары жақтан мектеп қамымен келіп отырған бастығымызға не қалпақ дайындап отырғаныңызды түсінемісің!

- Ал, қойдым, қойдым! ...Бірақ менің жас оқушыларға адамгершіліктен қателеспеуі жолынан басқа жаман әдет жұқпайтындығына сіз де сеніңіз! Нәтижесін ұзаққа қалдырмай-ақ көрсетермін, «үкіметсіздік» дегеніңіз де қаңғыған сөз. Ха-ха-ха-һа.....а... бәрі де қалжың ғой ағай, қойдым! Мына арақты Құлжан жолдаспен, сіздермен қағыстырып ішу үшін әкеліп едім. Қане, төңкерістік ынтымақ-берекеміз үшін алып жіберелік!

- Басқа сөзіңнің ешқайсысына мен де қосыла алмай отыр едім,- деп күлімсірей қабылдады Омар. -«Төңкерістік ынтымақ-берекеміз үшін» дедің ғой, алсақ алып жіберелік! Қазіргі кезеңде осыдан басқа жақсы тілек жоқ. Қане, төңкерістік ынтымақ-берекеміз жасай берсін!...

Басқа үшеуіміз ішіп жібердік. Әнуар ішпей шегініп отырып алып еді, Азат оның тізесін құша жығылды барып. Бастығы онысын тыңдамады. Дәретті сылтауратып аяғын серпе тастап шығып кетті. «Үкіметсіздік дегеннің қаңғыған сөз» емес екендігін Омар қасып-қасып айтып еді, оны тыңдамай Азат қайта шалқыды. Үкіметсіздік деген сөзді «құқық иелерінің» өрбіткенін, сөйтіп «төңкеріске тұсау» болып жүргенін айтып желіге жөнелді. «Құқықтылықтан» қорқып жүрген Омар, «көзімізге түртпесе көрмейтін ауруға шалыққамыз ғой, мен қойдым» деген күлкімен сөзден тоқтап қалып еді. Азат мені айландыра бастады.

- Құлжан «жолдас», қане сөйлей отыршы!... Биғабіл «сұмырайды» жедік қой әйтеуір. Бала-шаға, қазан-ошағын да шағып тентіретіп жіберіп, енді қайта Биғабілшыл болып алып қайда бара жатырмыз?... Оны қазір Совет радиолары өлді деп жоқтап жатқанда, «міне аман, хат жазысып тұрмын» деп жақсы аттана алар ма екенбіз?... Соның сізге хат жазғаны рас па?... Қане, сол хатты бір көрейікші!

- Хаттары үйде қалды,- дей салдым мен. Сондай хаттан бірін жазып ала келмегеніме енді өкіндім. Мені шынымен-ақ Құлжан санап өшіккенін біліп отырмын. Сондай қимас Биғабіл ағасының дәл өзі екендігімді енді айтсам, мына қызба жынды арақкеш дүниеге жар салатын сияқты. - Сіздің маған неліктен өштесе қалғаныңызды қалт жібермей түсініп отырмын,- дедім аз ойланып алып. - Дүниеде жау дегеннің екі түрлі болатындығын енді айқындадым: бірі, жауласудың себебін түсінетін, өліспей беріспейтін антагонстік түйсікті жау. Бұл нағыз жау ғой. Ал, бірі, білместіктен соқтығып - жауласып қалып, танысып-біліскен соң онысына қатты өкінетін арсы-күрсі нақұрыстау дос. Мұны, «сүйікті жау» деп атағым келеді. Сіз қазір менің осындай «сүйікті жауым» болып отырсыз!

Бұл сөзіме Омар қатты күлді де Азат арақ құя сөйледі.

- Құлжан жолдас, сіз мені өштесіп отыр деп қалдыңыз ба?... Маужушидың атымен ант етейін, сізге ешқандай басқа көзқараста емеспін. Қане арақ қағысалықшы осы сертім үшін!

- Үй сен, «сүйікті жау» дегеннің не екендігін ұқпай қалдың-ау деймін балақай!- деп мырсылдай күлді Омар. Менің «сүйікті жау» дегенге берген анықтамамды дәл өзімдей қып қайта сөйлеп берді. Аңыра қалған Азаттың ойын, қайта келіп кірген Әнуар бөліп жіберді, дереу ұмытып аяқсыз қалдыра салды бұл сөзді.

- Әнуар аға кел, кел отыршы, кешірші мені! Төңкерістік ынтымақ жөнін Омар аға қарсы алды ғой, оғашырақ кеткен қалжыңымызды кешірелікші!...

Төртеуіміз осы тақырыптағы тостымызды қайталап, бірге көтерістік. Оппортонизмін арақпен бірге асқазанына айдай салғандай жылмия танып, мені де Омарды да сипалаған Азат сұмдық сұрауларының екі-үшеуін «ағаларына» қойып үлгерді. Оның ішінде біздің қазақтың «ежелгі әдет-әдебінде қанды қанмен жуу бар екен ғой, жаланы жаламен жуу да бар шығар?» дейтін сұрауы да бар. Бұған Омар дұрыс жауап қайтарды.

- Біз бұрынғы қара түнек феодализмнің қазағы емеспіз ғой, Әнуар жолдастың бағанағы айтқаны адамгершілік негізінде құрылған ең қастерлі әдет пен әдеп. Зұлым бирократ феодалдың әдет-әдебін қорғайық демейміз. Ондай қара жұдырық зұлымның заңын қолдансақ, сол зұлымның өзіне айналып кетпейміз бе! Социализмнің саналы, жаңа адамы жауына қарсы қолданатын шараны да адамгершілік негізіне - адамзатқа жақсы үлгі болатын негізде қолдануға тиісті.

- Ит бізді қапқан екен деп біз де иттің өзінше қабайық па!... Сол иттен не парқымыз қалады онда! -деп Әнуар менің қолданатын сөзімді тіпті дәл жеткізді. Маған, яғни «Құлжанға» қарап қарқылдап күлді Азат.

- Жалпы ереже ғой, сізге қаратылған сөз емес! -деп жаймашуақтағансыды.

- Қазіргі маған емес, бұрынғы ит Құлжанға қаратылған сөз ғой. Бұған қазір мен өзім де жүзде-жүз қосыламын!- дей салдым мен. -Тек әйтеуір өздігінен өлуге айналған қазіргі Құлжанға асығыс обалды іс істеп алмай, соңын күтсеңіздер болғаны!... Бұл тартыс оп-оңай шешіледі әлі!

Күлісе, құптаса түрегеліп, сыртқа беттедік. Азат есік ашып, әлденеге дауыстап алдымен шықты. Әнуар мен Омар шыға сала екі жағымнан ортаға алып аяңдады мені. Иттен қорғағаны шығар деп сезіп едім. Иттен де қатерлі шибөріден қорғағаны екен: қараңғыда тұс-тұсымыздан тас жауып кеп кетті. Бірнеше тас жақыннан дәлдеп тиді маған. Үйден шығарда Әнуардың малақайымды баса кигізгені де бекер емес екен. Жартылай қоршап атқылаған бірқанша бала жақындап төне түсіп еді. Бір жағымыздан бір топ ірі балалар келіп араға түсті де әлгі «батырлардың» өзін қуа соққылап шулатып, алыстатып әкетті.

- Бұл жерде де екі көзқарас жасақтары соғысып жатыр ма? -Үшеуіне жалт-жалт қарадым да Азатқа төндім. Үлкенірек тас тиген шекемді сипалай тұрып сұрадым. - Ал, бұл үкіметсіздіктің бізде несі бар! Тексермей өлтіре салмақ па?..

Бір тас Омардың бетіне қатты тиген екен. Білегін сипалай тұрған Әнуар да үнсіз.

- Мен біліп келейінші! -Азат сойқан зыта жөнелді.

- Осының істеп жүрген ісі! - Мектеп бастығы ол кеткен соң күбірледі. - «Нәтижесін ұзаққа қалдырмай-ақ көрсетермін» демеп пе еді бағана. «Кішкене қызыл батырларын» қаптататындығын сол сөзінен сезіп, олардан қорғайтын батырларды жаңа мен барып дайындап келгенмін...

Кіші дәретімізді алыстамай жібере салып қайттық. Тіземе тиген тастан мен шындап ақсадым да мектеп бастығы сылти басып кірді үйге. Ал, денесі мол дадүйжаңға тіпті көп тиіпті. Ыңқылдай жатып қысқаша сөйледі:

- Бұлардың мұндай тентектігін тергесең, төңкеріске қарсы шықты деген үлкен пәлеге қаласың, Биға, әй, Құлжан жолдас!- деп жаңылған жаңылысына үшеуіміз қатар күлдік. Ең қызығы, жараланған жерлерімізді сипап тыжырыныса отырып күлгеніміз болды. Әнуар Омардың бұл жаңылысын сонда да аңғармағандыққа салынды:

- Мен бағана Ыбырай тұрған ауылдың ең жақын құдасын сонда жөнелттім. Ол, іштесіп сөйлесе білетін кісі. Ыбырайдың хабарын сол кісі әкеледі. Бізді жонға жақын, ішкері бір мектептен табатын болды. Біз енді таңертең жүріп кетпесек, Азаттың лаңы зорайып, көзқарас соғысы «батырларды» түгел қозғап жіберуі мүмкін! - Мектеп бастығының тамақ үстіндегі сөзі осы тақырыпта болды.

Таңертең «әкімшілік төбесіндегі» кедей - төмен орта шаруа жушиын шай үстіне шақыртып, Құлжан екендігімді, не жұмыспен жүргенімді, оның қызмет куәлігін көрсете отырып сөйледім. Тексермей, өз оқушыларымызға өзімізді сабатудың мектеп тәрбиесіне бүтіндей қайшы екендігін түсіндірдім. Ал, Құлжанның «төңкеріске қаншалық еңбек сіңірген белсенді қайраткер» екендігін Омар мен Әнуар бүлкілдетті. «Мектептерді түгел көріп шығуға» мектеп бастығын соның көзінше ертіп әкете бердім сөйтіп.

Әнуардың Ыбырайға жіберген адамы жолығуға уәделескен мектепке екінші күні жетіп едік. Соңымыздан қуа шыққан қызыл қорғаушылар әтіреті мектепті қоршап алып, мені ұстады. Куәліктерімді көре отырып, «осы Құлжанның өзі керек бізге» деп шынын айтты.

- Азат, алдыңғы күнгі «жаланы жаламен жуу» дегенін орындапты!- деді Әнуар маған дауыстап сөйлеп. Келген қызыл қорғаушылар әтіретінің бастығына «Құлжан жолдасын» ақтап, сөз сіңіре алмады. Азаттың «Құлжанға» не деп жала жапқаны белгісіз. Ұстаушылардың сөз төркініне қарағанда «Құлжанның ілелік, аз елден шужыңжуишы» екендігіне дәлел жасап, «осы таумен қашып кетіп алмақ» деп көрсеткен сияқты. Атымнан айрылмауды Әнуарға жартылай ишаралап тапсырдым да жоғарырақ басшыларының тексеруінен өтіп қана қайтатындығымды әдейі ханзуша күле сөйлеп ұқтырдым. Айдаушылардың алдына шойнаңдап барып түсіп едім, біреуіне мінгестіріп әкете берді.

«Қызыл бірінші қосынның» сол бөктерге жақын бір әскери баталионына апарып қамады. Сол баталионның көк азық склатында табан сегіз ай жатыппын. Анда-санда зеріккендері болмаса, арнаулы тергеуші шықпады маған. Өздерін де үкіметсіздік желі кеулеп алғандығы еді мұнысы.

«Әке, әке, жүй-жүй!», «бізге алаң болма, өз денсаулығың, денсаулығың...» деген сағынышты үндер мазамды ала берді. Қашып шығып түнде барып, Әнуардағы атымды міне зытуға әр күні қамданғаныммен шығар тесік табылмады. 1968-жылы туысымен Үрімжіге екі әскер шанаға байлап әкеліп, «қызыл бірінші қосынның» бір полк штабына домалата салды.

Әділетті тергеушім, «халық үшін қызмет істелік!» сол штап сіздің осы штап. Шанадан домалап түсісіммен құйрығыма тепкілеп тұрғызып, тағы бір зынданға домалатқан, өзіңіз едіңіз ғой. Қазірге дейінгі қылмысым осы. Түйіріне дейін қалдырмай түсіндіріп болғаныма, егер түсіне білсеңіз, сенімім толық. Социализм мен коммунизм ісіне көзқарасы берік, туы айқын Биғабіл болып тұрып-ақ жаламен жазаланған басым, құбылмалы Құлжан болып, жаламен тағы жазаланды. Енді кім болсам құтыла алармын? Жалақорлардың әйелдеріне жалаңдай бермей, өз бала-шағамды тауып алуыма рұқсат ете көріңіздер! Бұл қылмысымның пәле-жала кәсібіндегі «арбаптарға» өлімнен де үрейлі қылмыс екендігін болмыс өздеріңізге де көрсетіп отырмайма, халық үшін қызмет істелік!

(Жалғасы бар)

«Abai.kz»


[1] Ортеке - ағаштан теке порымын құрастырып жасаған ойыншық. Домбырашылар оны жіңішке жіппен домбыра шертетін саусақтарына байланыстырып билетті.

[2] Икупән (ханзуша) - өткендегі таптық езгіні еске түсіретін тамақ. (Бостандықтан бұрынғы кедейлер мен жалшылардың жейтін тамағы.)

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377