Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 3116 0 пікір 14 Наурыз, 2022 сағат 21:30

Ана мен бала құқығы - бақытты елдің кепілі

Ана мен бала құқығын қорғау әлем елдері бойынша басты приоритетті мәселе саналады. Себебі ұрпақ тәрбиесі және ананың құқығының қорғалуы аса маңызды. Қазақстан да бұл мәселені аса өзекті санайды. Себебі ана мен бала арқылы біздің демографиялық саясатымыз өзгереді, мемлекеттің экономикалық бағыты айқындалады. Сондықтан Қазақстан ана мен балаға берілетін қолдау мен жәрдемақыны арттыру мәселесін көтеріп келеді. Ол әлеуметтік қамсыздандыруды қажет ететін отбасылардан бастап, көпбалалы отбасыларды қолдауға дейінгі шаралар кешенінен тұрады.

Қазақстанда ана мен баланы әлеуметтік қорғау мемлекеттік бюджет және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры есебінен кешенді түрде жүзеге асырылады. 2012 жылғы ақпанда Қазақстан Республикасы Халықаралық еңбек ұйымының «Ананы қорғау туралы» №183 конвенциясын ратификациялаған еді. Жұмыс істейтін әйелдердің мүдделерін қорғау мақсатында 2008 жылдан бастап ана мен баланы міндетті әлеуметтік сақтандыру енгізілді. Жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы асырап алуға байланысты табысынан айырылған жағдайда әлеуметтік жәрдемақы алу құқығы еңбекке уақытша жарамсыздық парағы негізінде берілген демалыс күнінен бастап туындайды. Еңбекке жарамсыздық күндерінің саны Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 99-бабына сәйкес белгіленеді. Жүктілік және босану бойынша төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшері әйелдің соңғы жұмыс жылы үшін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар түскен кіріске және жүктілік және босану бойынша еңбекке жарамсыздық парағы берілген күндер санына байланысты. 2008-2021 жылдары 2,2 миллионға жуық болашақ анаға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 760 миллиард теңге төленді, оның 123,6 миллиард теңгесі 2021 жылға сәйкес келеді.

Бала туылғаннан кейін баланың әкесіне немесе анасына еңбек қызметін жүзеге асыруына қарамастан, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен баланың туылуына байланысты біржолғы жәрдемақы төленеді. Бұл төлемнің мөлшері 2022 жылы бірінші, екінші, үшінші балаға 38 айлық есептік көрсеткішті (АЕК) немесе 116 394 теңгені, төртінші және одан да көп балаға 63 АЕК немесе 192 969 теңгені құрайды. Егер баланың анасы жұмыс істемесе, онда оған бюджет қаражаты есебінен 1 жасқа дейінгі бала күтімі үшін жәрдемақы тағайындалады. Ай сайынғы жәрдемақының мөлшері баланың туу тәртібіне байланысты және 2022 жылы: бірінші балаға – 5,76 АЕК немесе 17 643 теңге; екінші балаға – 6,81 АЕК немесе 20 860 теңге; - үшінші балаға – 7,85 АЕК немесе 24 045 теңге; төртінші және одан да көп балаға – 8,9 АЕК немесе 27 261 теңгені құрайды. Егер баланың анасы жұмыс істеген және ол үшін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар түскен болса, онда ол туғаннан кейін 1 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда ай сайынғы әлеуметтік төлемді алады. Бұл төлемді алудың негізгі шарттары табысынан айырылу және 1 жасқа дейінгі баланың нақты күтімі болып табылады. Төлем мөлшері әйелдің бала туылғанға дейінгі соңғы 2 жылдағы орташа айлық табысының 40% құрайды. Бұл ретте ең төменгі мөлшер бала 1 жасқа толғанға дейін оның күтімі бойынша осыған ұқсас ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы мөлшерінен кем, ал ең жоғары мөлшері Қазақстан Республикасының Заңымен белгіленген жеті еселенген ең төменгі жалақының 40 пайызынан аспауы керек. 2008-2021 жылдарға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жалпы сомасы 866 млрд теңгеге аталған әлеуметтік төлемді шамамен 3,1 млн адам алды, оның ішінде 2021 жылы – 154,5 млрд теңге аударылған.

Мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ақпараттық жүйелерін дамыту, атап айтқанда әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру, мемлекеттік қызметтерді көрсету тәртібін жеңілдету және жетілдіру мақсатында проактивті қызметтер енгізілуде. Бұл азаматтардың үйлерінен шықпай-ақ алатын қызметтерін айтсақ болады. Мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ақпараттық жүйелері арасындағы деректер алмасу нәтижесінде азаматтың Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер алуға құқығы жаңартылуда. Бала өмірге келгеннен кейін әйелдің ұялы телефонына төлемдерді өңдеу туралы SMS-хабарлама келеді, оған үш күнтізбелік күн ішінде жауап-келісім беру қажет. Сондай-ақ, баланың туу туралы куәлігін алғаннан кейін egov.kz электронды үкімет порталында төлем жасай аласыз. Екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы бала тууға байланысты жәрдемақы мен 1 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемдерге өтініш беру қызметі іске қосылды. Мемлекеттік қызметтерді осы жолмен алудың ыңғайлы. Құжаттарды қағаз түрінде тапсыруға келетін болсақ, енді сіз тұрғылықты жерін көрсетпей-ақ «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының кез келген филиалына, яғни болашақ ананың немесе сәбиі бар ананың нақты орналасқан жері бойынша хабарласа аласыз. Қазақстанда отбасын, ана мен баланы мемлекеттік қолдау әлеуметтік қамсыздандырудың негізгі басымдықтарының бірі болып табылады.

Қазақстан ана мен баланы барынша қолдау жүйесін жетілдіре бермек. Бұл Еуропалық стандарттар мен әлемдік жүйеге сәйкес келеді. Қазақстан билігі демографияны көтерудің маңыздылығын түсінеді, себебі демография көтерілсе экономиканы қарқынды өсіруге мүмкіндік болады. Алайда демографияны көтеру жүйелі негізде, барлық әлеуметтік қамсыздандыруды қолдау арқылы іске асуы тиіс.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475