Сәрсенбі, 13 Қараша 2024
Қоғам 6037 0 пікір 21 Наурыз, 2022 сағат 21:38

Демографияны көтеру басты міндет...

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін демографиялық мәселелер өте өткір тұрды. Себебі КСРО құлаған соң тоқырау кезеңі басталды. Жұмыс жоқ, қаржы тапшы уақытта көптеген өзге ұлт өкілдері өз тарихи отандарына көшу процесін бастады. Олардың ішінде бір миллионнан астам неміс ұлты мен бірнеше миллион орыс ұлты болатын. Осылайша Қазақстан халқы екі жарым миллион адамға азайды. КСРО құрамынан шыққанда 16 млн болған халықтың саны 14 млнды ғана құраған сәттер болды.

Қазақстан өз тәуелсіздігінің таңында бірқатар экономикалық және әлеуметтік мәселелерге тап болды: нарықтық экономикаға көшу кезіндегі күрделі экономикалық жағдай, халықтың көпшілігінің өмір сүру деңгейінің төмендеуі, әлеуметтік қорғаудың күрт нашарлауы орын алды. Бұл ретте жүйелі демографиялық саясат айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізуге және ел дамуының жаңа деңгейіне шығуға мүмкіндік бермеді. Себебі әлеуметтік қамсыздандыру бірқатар қиындықтармен тап келді. Сондықтан да демографиялық саясатты өзгерту қажеттілігі туындады. Қазақстан ол мақсатты іске асырудың бір жолы ретінде Атажұртқа қиын-қыстау сәтте елден кетуге мәжбүр болған қандастарды әкелу қажеттілігін алға тартты. Осылайша Ұлы көш басталды. Қазіргі таңда елімізге көшіп келген қандастардың саны миллионнан асады. Бұл өз нәтижесін берген саясат болды. Осы арқылы титулды ұлттың саны артты, қазақ тілінің мәртебесі бірқатар дәрежеде көтеріле бастады.

Қазіргі уақытта Қазақстанда демографиялық қауіпсіздік мәселелерін, сондай-ақ отбасыларды қолдаудың кең тетіктері мен тәсілдерін қарастыратын институционалдық орта мен нормативтік құқықтық актілер жүйесі қалыптасты. Ұзаққа созылған әлеуметтік-экономикалық дағдарыс және одан кейінгі реформалармен сипатталған бірінші кезеңде (1991-1999 ж.ж.) халық саны 1,3 миллион адамға қысқарды. Бұған көбіне эмиграция процесі ықпал етті: сол жылдары елден 2,6 миллионнан астам адам көшіп кетті, ал жалпы көші-қон сальдосы -1,8 миллион адамды құрады. Сонымен бірге туу және өлім-жітім процестерінде қолайсыз үрдіс байқалды. Туудың 38,5%-ға төмендеуі өлім-жітімнің 9,7%-ға өсуімен қатар халықтың табиғи өсімінің үш есе – 1991 жылғы 218,8 мыңнан 1999 жылғы 72 мың адамға дейін төмендеуіне әкелді.

Халықтың өмір сүру ұзақтығы 3 жылға, нақтылап айтсақ 1990 ж. – 68,7 болса, 1999 65,7 болды, ал ерлер арасында – 3,3 жылға, әйелдер арасында – 2,2 жылға қысқарды. Әйелдер мен ерлер арасындағы өмір сүру ұзақтығының алшақтығы 9,2 жастан 10,3 жасқа дейін өсіп кетті. Бұл экономика мен жұмысқа қабілетті жандар үшін сәтсіз болатын.

1990 жылдардың соңындағы экономикалық және әлеуметтік реформалар Қазақстан өмірінің айтарлықтай жақсаруына ықпал еткендіктен, демографиялық және көші-қон үрдістері өзгерді. Халықтың әл-ауқатының өсуі мен денсаулық сақтау саласындағы оң өзгерістер туу көрсеткіші мен халық санының өсуіне қолайлы әсер етті.

Осылайша, 2000 жылдан 2013 жылға дейінгі кезеңде халық санының төмендеуінің теріс тенденциясының біртіндеп жойылуы байқалды. Халықтың өсімі 13,5% (немесе 2 млн. адамнан астам) құрады, халық саны 16,9 млн. адам шегіне жақындады. Осы кезеңнің соңында туу көрсеткіші 1990 жылғы деңгейден асып, 387 мың адамды құрады, ал өлім көрсеткіші 9%-ға төмендеді. Осы кезеңде халықтың өмір сүру ұзақтығы 5,17 жасқа артып, 70,62 жасты құрады.

Көші-қон ахуалында да елеулі өзгерістер болды – көші-қонның оң сальдосы алғаш рет 2004 жылы тіркелді. Бұл үрдіс 2004-2011 жылдар аралығында байқалды. Тұрақты демографиялық көрсеткіштерді және ұдайы өндірістің қарқындылығын қолдау еліміздің мемлекеттік саясатының маңызды басымдығы болып қала береді және бүгінгі күні оның стратегиялық маңызы бар.

Сонымен қатар, Қазақстан мемлекеттен барған сайын тиімді шешімдерді талап ететін жаңа демографиялық міндеттерге тап болып отыр. Соңғы 10 жылда халық құрылымында еңбекке жарамды жастағы халықтың үлес салмағының азаюы, еңбекке қабілетті жастан егде және әсіресе жас халықтың үлес салмағының артуы байқалады. Яғни, ел демографиялық қартаюдың бастапқы кезеңінде тұр.

Біріккен Ұлттар Ұйымының сарапшылары Қазақстанға дайындаған алдағы бірнеше онжылдықтағы демографиялық болжамдар 65 жастан асқан халық санының айтарлықтай өсетінін көрсетеді. 2050 жылға қарай «қалыпты» болжам бойынша егде жастағы тұрғындардың саны 2,2 есеге артып, 14%-ды құрайды. 2050 жылға қарай балалар санының үлесі 29%-дан 2050 жылы 23%-ға дейін төмендейді деп күтілуде. Сондықтан қазірден бастап аталмыш мәселені реттеу саясаты басталды.

Өткен жылы жүргізілген халық санағының нәтижесі биыл жарияланады. Қазірдің өзінде халықтың саны 19.2 млн екені анықталды, енді нақты сандар айтылатын күн де алыс емес.

Abai.kz

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1231
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 2945
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 3292