30 жылда 100 млрд доллар шетелге шығарылған
Қазақстаннан 30 жыл ішінде сыртқа 100 млрд-қа жуық доллар ақша шығарылған. Президент Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, үкімет сыртқа шыққан ақшаны Қазақстанға қайтару мәселесін қарастырып жатыр.
«1 млрд доллар ғана емес екені түсінікті. Нақты сомасын айту өте күрделі. Бірақ шамамен 100 млрд доллардан сәл көп болатын шығар. Тікелей шетелдік инвестиция тартуды айтсақ, 30 жылда 400 млрд доллардан астам қаражат тартылған. Бұл жерде де осындай тәсілмен қарау керек», – деді ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.
«Шетелге заңсыз шығарылған капиталдың сомасы туралы айтсақ, ол қандай уақыт кезеңі қаралып отырғанына байланысты. Бірақ бұл жерде бірнеше ондаған миллиард доллар жайында сөз болып отыр. Оның бәрі қалай қайтарылатынына келсек, мұнда түрлі механизмдер бар. Жаңа тәсілдерді қарасақ, салықтық және салықтық емес ынталандыру шаралары қаралған. Салықтық ынталандыру бойынша белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Бұл бағыт бойынша екі жақтан істі бастадық. Бірінші бағыт – капиталды сыртқа заңсыз шығарудың жолын кесу болып саналады. Мысалы, салықтық шараның бірі – инвестор төлемеген дивидендтің жеңілдіктерін алып тастай аламыз», – деді министр орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.
Abai.kz