Ресейлік банктер Қазақстанның қор биржасынан кетеді
Ресейлік ВТБ, «Сбербанк» және «Альфа-банк» Қазақстан қор биржасының сауда нарығынан кетеді. Бұл туралы Қазақстанның қор биржасы (KASE) 2022 жылдың I тоқсаны бойынша берген қорытынды есебінде хабарлаған.
KASE басқарма төрағасы Алина Алдамбергеннің мәлімдеуінше, Ресейлік банктерге санкция салынуына байланысты Қазақстандағы ВТБ, "Сбербанк" және "Альфа-банк" бөлімшелері валюта және қор нарығындағы саудадан біртіндеп шеттетіледі. 8 сәуірден бастап биржада маркет-мейкерлердің болмауына байланысты "Сбербанк" пен ВТБ-ның акциялары сатылымға шығарылмады.
KASE басшысы: «Алайда, Мәскеу биржасына санкция салынбаған, сондықтан Мәскеу биржасы (MOEX) KASE-нің 13% - ын алып отырғанына және оны 20% - ға дейін ұлғайтуды жоспарлағанына қарамастан, Қазақстан биржасына төнетін қауіп жоқ», - дейді.
Алина Алдамбергеннің айтуынша, 5 мамырдан бастап Kaspi.kz акциялары биржаның негізгі индексінене кіреді.
2022 жылдың I тоқсанының қорытындысы бойынша KASE-дегі сауда-саттықтың жиынтық көлемі 60,4 трлн теңгені құрады және 70% - ға (25 трлн теңге) өсті. Сонымен қатар, биржадағы индекс 8,9% - ға төмендеп, нарықты капиталдандыру 18,9% - ға (5,4 трлн теңге) азайды.
Abai.kz