Нұрлан ДУЛАТБЕКОВ. Барлыбек Сыртанов: Санкт-Петербург іздері
ХІХ ғасырдың аяғында Санкт-Петербург университетінде оқыған қазақ зияларының бірі, бірегейі - белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Барлыбек Сыртанов.
Б.Сыртанов 1866 жылы Жетісу облысы Қапал уезі Арасан болысында дүниеге келген. Әкесі ауыл-аймаққа белгілі, беделді, батыл, ақыл-парасаты мол, әділ адам болған.
Сөз бастабында Барлыбектің тегіне қатысты мәселенің басын ашып алған жөн секілді. Өз қолымен толтырылған тарихи құжаттарда фамилиясы "Сыртанов" деп жазылған, ал әкесіне қатысты құжаттарда "Сырттан" деп жазылған. Біз де осы күйінде қалдыруды, қолдануды лайық көрдік және бұл айырмашылықты айтарлықтай қате деудің реті жоқ деп білеміз.
Бала Барлыбектің алғаш әліп танып, ілім-білімге бет бұруына Қапал қаласында 1874 жылы қазақ балалары үшін ашылған әзірлік пансионы мекемесінің өзіндік ықпалы болады. Алматы қаласындағы Орталық Мемлекеттік мұрағатта осы пансион туралы бірқатар құжаттар сақталған. Соның бірі Жетісу облысының жоғары мәртебелі ұлықтарының атына 1875 жылы (№941, 21 наурыз) және 1876 жылы (№189, 19 қаңтар) жазылған рапорт (Алматы, ОММ 44-қор, 1-тізбе, 37226-қатар). Онда қазақ балалары үшін ашылған пансион шын мәнінде 1874 жылғы 8 қарашадан жұмыс істейтіндігі және шәкірттерге қазақ және орыс тілдерін жетік білетін Жанғозы Тоғжановтың, әйелі екеуі, сабақ беретіндігі жазылған.
ХІХ ғасырдың аяғында Санкт-Петербург университетінде оқыған қазақ зияларының бірі, бірегейі - белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Барлыбек Сыртанов.
Б.Сыртанов 1866 жылы Жетісу облысы Қапал уезі Арасан болысында дүниеге келген. Әкесі ауыл-аймаққа белгілі, беделді, батыл, ақыл-парасаты мол, әділ адам болған.
Сөз бастабында Барлыбектің тегіне қатысты мәселенің басын ашып алған жөн секілді. Өз қолымен толтырылған тарихи құжаттарда фамилиясы "Сыртанов" деп жазылған, ал әкесіне қатысты құжаттарда "Сырттан" деп жазылған. Біз де осы күйінде қалдыруды, қолдануды лайық көрдік және бұл айырмашылықты айтарлықтай қате деудің реті жоқ деп білеміз.
Бала Барлыбектің алғаш әліп танып, ілім-білімге бет бұруына Қапал қаласында 1874 жылы қазақ балалары үшін ашылған әзірлік пансионы мекемесінің өзіндік ықпалы болады. Алматы қаласындағы Орталық Мемлекеттік мұрағатта осы пансион туралы бірқатар құжаттар сақталған. Соның бірі Жетісу облысының жоғары мәртебелі ұлықтарының атына 1875 жылы (№941, 21 наурыз) және 1876 жылы (№189, 19 қаңтар) жазылған рапорт (Алматы, ОММ 44-қор, 1-тізбе, 37226-қатар). Онда қазақ балалары үшін ашылған пансион шын мәнінде 1874 жылғы 8 қарашадан жұмыс істейтіндігі және шәкірттерге қазақ және орыс тілдерін жетік білетін Жанғозы Тоғжановтың, әйелі екеуі, сабақ беретіндігі жазылған.
Жоғарыда айтылған 1875 жылғы рапортта мынадай деректер бар: "В октябре 1874 г. киргиз Арасанской волости Сырттан Бокин привел в уездное управление двух детей 11-ти и 9-ти летних мальчиков и просил принять их в училище с тем условием, чтобы от него не требовали ни на учебу, ни на их содержание, а также, чтобы при них находилась их мать, его старшая жена.
Дети были приняты и розмещены в юрту, данной Сырттаном на первое время пока неизучтен средства для найма другой юрты".
Арасан болысының қазағы Сырттан Бокиннің мектепке әкеп тапсырған екі ұлының бірі - Барлыбек те, екіншісі оның ағасы - Тұрлыбек еді. Жоғарыда келтірілген мұрағат құжатында 1868 жылға дейін қазақтар балаларын оқуға беруге қарсы болып, содан әр болысты бір баладан оқуға жіберуге міндеттегендігі, солай болса да болыстар міндеттен құтылу амалымен мектепке алғашқыда панасыз, ата-анасыз, ағайын-туыстары сырт берген әлжуаз, ауру-сырқаулы бозбалаларды жөнелткендігі айтылады.
Деректерге қарағанда, 1875 жылдың наурыз айына дейін аталмыш мектепте Сырттанның екі ұлы ғана білім алған және олардың орыс тілінде бір ауыз сөз білмеуі көп қиындықтар туғызған сыңайлы. Ол туралы рапортта мынадай жолдар бар:
"Балалар орыс тілінде бірде-бір сөз білмейтін еді, ал училищенің оқу әдістемесі бойынша сабақ түсіндіру түрінде өткізілетіндіктен қазақ балаларына мұның пайдасы болмады. Олардың оқуға деген ынтасы тұншықпас үшін, сонымен қатар училищедегі лекцияларды тыңдауға үйренуі үшін мен оларға қарапайым дауыс ырғағы және қолмен көрсету әдісі бойынша жазуды және оқуды, мысалы бас, қол, аяқ деген сияқты сөздерді үйрететін, сонымен қатар сан санауға жаттықтыратын тегін мұғалима тауып бердім. Сырттанның балалары қабілетті әрі ыждағатты болып шықты. Мұғалима өткізетін сабақ аяқталған соң, олар уездік басқармаға келеді және мұнда қызметтегі өз істерімен айналысатын қазақтардың қатысуымен балалар күнделікті жинақтаған таным-білімдерінен емтихан тапсыратын еді".
Жоғарыда келтірілген есеп-рапорттың соңында мынадай жолдар кездеседі: "1874 года в здании Капальского училища с 4 до 6 часов поъ полу дни открыт класс два казахских детей под руководством учителем Буратова. К 1 числу январья настоячего года учащихся было уже 16.
Моего старшего помощника Штабсь капитана Изразцова 1876 г."
Сөйтіп, Барлыбек Қапал қаласындағы пансионнан сауат ашқан соң, 10 жасында Верный қаласындағы ер балалар гимназиясына оқуға түседі. Сондай-ақ Барлыбекпен бірге Тұрлыбек те Верный қаласында білім алған сияқты. Оған Жамбыл Жабаевтың "Сырттанға" (Ж. Жабаев, екі томдық шығармалар жинағы, "Жазушы" баспасы, 1982 ж., 1-том, 32-бет) деген мына өлеңін дәлел ретінде келтіруге болады:
"Қыдыралы, Құлшаннан,
Құлаш ұрған Сырттаным.
Жерді болжап күн шалған,
Жүрегіңді ұққамын.
Қыдыралы Есімбек,
Эрентальды сабаған.
Ер туған ұл десін деп,
Бір кәдеге жараған.
Сендей қазақ аз шығар,
Үміт күткен баладан.
Екі балаң жетілсе,
Құтыларсың табадан."
Ж.Жабаевтың осы өлеңіне берілген түсініктемеде: "Сырттан кедейліктің қорлығынан, байлардың көз түрткісінен құтылам ба деп екі баласы Барлыбек пен Тұрлыбекті Верныйдағы оқуға әкелген екен, бұл өлең осыған орай айтылған", - деп жазылған.
Барлыбек 1886 жылы Верный қаласындағы ер балалар гимназиясындағы оқуын үздік аяқтап шығады. Тұрмыстық қиындықтар мен әлеуметтік проблемаларға қарамастан, жас шәкірт білімін әрі қарай жетілдіруді өз алдына мақсат етіп қояды. Әрі гимназия директоры Д.Новак оның ерекше қарым-қабілеті мен талап-тілегін байқайды да, Жетісу облысының әскери губернаторының атына Б.Сыртановты Санкт-Петербург университетіне оқуға жіберу үшін қаражат бөлу жөнінде қатынас хат жазады.
Соның нәтижесінде 1886 жылы Барлыбек Санкт-Петербург университетінің шығыстану факультетіне оқуға түседі. Онымен бірге Қазақстанның басқа да облыстарынан келген жас жігіттер оқиды. Олардың арасында: Бақытжан Қаратаев, Жанша (Жиһанша) Сейдалин, Мәмбеталы Сердалин, Абдолла Теміров, т.б. болды. Б.Сыртанов студенттік жылдары сондағы оқу орындарында оқып жүрген есті-басты, ұлт болашағына жаны алаң жастармен бірігіп, «Жерлестер» атты ұйымды құруға белсене ат салысты. Ұйымның жиналыстарында қазақ жастары қараңғылық пен бодандық бұғауынан шыға алмай отырған халқымыздың өмір-тұрмысындағы көптеген күлбілтелі, қордалы мәселелерді көтеріп, талқыға салатын болған. Ғылымның түрлі салаларында білім алған олар қазақ жерінің нақтылы бостандығы және оны өркениет жолымен дамытудағы өздерінің атқарар рөлі туралы армандайтын. Сонымен қатар жас жігіттер орыс халқының озық ойлы тұлғалары Н. Чернышевский, В. Белинский, Н. Добролюбов және А. Герценнің шығармашылығы және қайраткерлік өрісімен жақын танысады.
Санкт-Петербург университетінің мұрағатында Б.Сыртановтың осы оқу орнында қандай үлгеріммен білім алғанын айғақтайтын аттестат пен бітіргендігі жөніндегі куәлік сақталған екен. Аттестатта Б.Сыртановтың тәртібі өте жақсы, сабаққа қатысы және дайындығы, сондай-ақ жазба жұмыстарды орындауы өте жақсы, барлық пәндерге деген қызушылығы, ынта-ықыласы өте жақсы екені айшықталған. Пәндер бойынша мынадай үлгерім көрсеткен:
Құдай заңы бойынша -
Орыс тілі мен жазудан - 4 (жақсы)
Логикадан - 4 (жақсы)
Латын тілінен - 4 (жақсы)
Грек тілінен - оқудан босатылған
Математикадан - 5 (өте жақсы)
Физика. Математикалық жағрапиядан - 5 (өте жақсы)
Қысқаша табиғаттанудан - 4 (жақсы)
Тарихтан -5 (өте жақсы)
Географиядан - 5 (жақсы)
Неміс тілінен - 5 (жақсы)
Көріп отырғанымыздай, студент Б.Сыртанов негізгі пәндерді жақсы үлгеріммен оқыған.
Ал куәлікте Б.Сыртановтың Императорлық Санкт-Петербург университетіне 1886 жылдың тамызында қабылданып, Шығыс тілдері факультетінің Араб-Парсы-Түрік-Татар тілдері бөліміне тіркелгені жазылған. Онда ол мынадай курстарды: Араб тілі, Араб әдебиетінің тарихы, Парсы тілі, Парсы әдебиетінің тарихы, Түрік-Татар тілі, Түрік тайпаларының тарихы, Осман тілі, Осман тілінің тарихы, орыс мемлекеттік құқығы тарихы, халықаралық құқық, полиция құқығы, қаржы құқығы, т.б. тыңдаған.
Б.Сыртановтың Санкт-Петербург университетіндегі студенттік кезеңіне қатысты мына бір деректі де келтіре кетсек пе дейміз. Атақты Сәдуақас Шормановтың Григорий Потанинге жазған бір хатында: "Біздің қазақ жастарынан жоғары оқу орындарында 30 бала оқиды. Оның ішінде Барлыбек Сыртанов деген бала Петербургте жүр. Көзіңіздің қырын салсаңыз", - деген жолдар бар. 1887 жылы жазылған осы хат баянауылдық ардақты ағаның жетісулық жас жеткіншекке қалай қамқорлықпен қарағанын көрсетеді.
1887 жылы А.Ульянов пен бір топ революционерлердің ІІ Александарға жасаған қастандығы Б.Сыртановтың әлеуметтік-саяси көзқарасының қалыптасуына үлкен ықпал етеді. Жалпы алғанда, Петербург университетінің демократиялық, революциялық және ғылыми дәстүрлері оның қоғамдық-саяси таным-түсінігінің өсуіне алғышарт болып, өміріне өшпес өрнегін қалдырды.
1890 жылы Б.Сыртанов Санк-Петербург университетінің шығыстану факультетін ойдағыдай аяқтап, араб-парыс және түрік-татар тілдері мамандықтары бойынша үздік диплом алып шығады. Ол Жетісу өңірінен шығып, жоғарғы, университеттік білім алған алғашқы қазақтардың бірі болып табылады.
Университетті аяқтағаннан кейін Б.Сыртанов 1891-1894 жылдары Ташкент қаласында Түркістан генерал-губернаторының қазыналық палатасында қызмет етті. 1894 жылғы 29 кыркүйекте Жетісу әскери губернаторының бұйрығымен облыстық басқарманың іс жүргізу бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. Мұның артынша ерекше тапсырмалардың кіші шенеунігі қызметін атқарды. Ол Жетісу облыстық басқармасында қызмет ете жүріп, Ресей шенеуніктерінен жәбір көрген қазақ халқының өкілдеріне көмек көрсетуді өз борышы санады. Сол үшін Ахметкәрім Зейнуллин деген азаматпен бірге Қазан қаласынан араб қаріптері бар баспахана құралдарын алдыртып, "Семиреченские областные ведомсти" газеті ішінен "Туземный отдел" деген бөлім аштырады. Онда жарияланған материалдарда бас бостандығынан, тұрғылықты жерінен айырыла бастаған жергілікті ұлттың ауыр халі ашық, ашына жазылады. Сөз орайында айта кеткен орынды, кейіннен есімі елге мәлім болған М.Тынышбаев, С.Аманжолов, О.Жандосов, Ж.Бәрібаев сияқты Жетісу өңіріндегі алғашқы қазақ зиялылары Верный гимназиясын тікелей осы Барлыбек Сыртановтың ықпалы, көмегі арқасында бітіріп шығады.
1903-1907 жылдары Б.Сыртанов Ресей мен Қытай шекарасының межесін тексеру ісіне атсалысты. Патша өкіметінің орыс шаруаларының Жетісу өңіріне қоныс аударып, жергілікті халықтың мал бағуға, егін егуге жарамды жерлерін тартып алуына наразылық танытты. Өз заманының озық ойлы, алдыңғы қатарлы азаматы ретінде П.А. Столыпиннің реакцияшыл саясатына қарсы шықты. «Айқап» журналында қазақ халқының әлеуметтік-саяси мәселелеріне қатысты мақалалар жариялады.
Жалпықазақ сиезінде талқыға түсуге тиіс негізгі мәселелер ретінде Б.Сыртанов мыналарды ұсынды: 1) қазақ халқына бір кездері одан зорлықпен тартып алынған жерлерді қайтару; 2) Мемлекеттік Думаға қазақ халқының өкілдерін сайлау; 3) жергілікті жерлерде қажеттілікке орай діни мүфтилер сайлау; 4) жергілікті тұрғындардың құқықтарын Ресей империясы орыстарының құқықтарымен теңестіру. Бұл проблемалар сол уақыттағы аса маңызды мәселелер болатын.
Б. Сыртанов Жетісу өлкесінде жерді келімсектердің талан-таражға салып жатқан қимыл-әрекеттерін тоқтату үшін 1910 жылы қазан айының 21 жұлдызында Ұзынағашта облыс қазақтарын жинап, арнайы кеңес өткізеді. Онда өзі баяндама жасап, қазақ халқының жер тарлығын көріп отырған зардаптарын батыл түрде ортаға салады.
Өз баяндамасында Барлыбек Сыртанов: "Ел-жұртым, қара шекпенділер күннен күнге біздің жерімізге қоныстануда, халіміз ауырлап барады, күн көру қиынға соғып тұр, жақсы жердің бәрі қарашекпенділердің меншігіне өтті, жұртынан айырылған байғұс қазақ тақыр жерге қуылды. Ауыз ашпай жатуға енді болмас. Ояну қажет, кір жуып, кіндік кескен, аталарымыздан қалған жерімізді сақтап қалу басты міндетіміз. Қарашекпенділердің келуін тоқтату үшін бүтін қазақ болып бас қосу қажет" деп ашына баяндайды (Б. Сыртанов. "Жерді қорғау", Барлыбек Сыртановтың мұрағаты, 1-том, 13-бет.).
1910-1913 жылдар аралығында Б.Сыртанов өз тарапынан құпия түрде қазақ өлкесін Ресейдің отары қатарынан шығаруды көздеген Жарғы әзірледі. Бұл Жарғыда қазақ жері Ресей отары емес, доминионы (достастық құрамына енген мемлекет, мысалы, Австралия одағы, Жаңа Зеландия) болу керектігі көрсетілді. Оған сәйкес қазақ өлкесі Ресей құрамынан шығып, республика мәртебесімен жеке мемлекет болып құрылуға тиіс еді. Жарғы бірнеше тармақтардан тұрды. Негізгі идеясы - Қазақстанның саяси тәуелсіздікке қол жеткізуі, оны ресей колониясы емес, ресей доминионы (нақтылап айтқанда, империя құрамындағы дербес, одақтас мемлекет) деп тану. Кейінде Б.Сыртановтың бұл идеялары «Алаш» партиясының бағдарламасына енді. Жоғарыда аталған Жарғыны қазақ елінің тұңғыш конституциясы десе де болатын еді.
Құжат "ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ УСТАВЫ" деп аталады. Аталмыш жарғыға белгілі журналист Өтепберген Ақыпбеков ел газеті «Егемен Қазақстанның» 2006 жылғы 26 сәуір күнгі нөмірінде жарияланған «Барлыбек Сыртанов. Осы тұлға жазған Қазақ елінің тұңғыш конституциясы туралы не білеміз?» атты мақаласында егжей-тегжейлі талдау жасаған екен. Сондықтан біз оған тоқталып жатпаймыз.
Жалпы құрылымы 4 бөлім, 28 тармақтан (баптан) тұратын Қазақ елі Жарғысының соңына "13 июнь, 1911 жыл, С.Петербург" деп мезгілі мен мекені жазылып, "С.Б.Алашинский" деген қол қойылған. "С.Б.Алашинский" - Барлыбек Сыртановтың бүркеншік атының бірі. Бірқатар зерттеу материалдарына "Алатау баласы" деп қол қойғаны да мәлім.
Келтірілген дерекке сүйенсек, "Қазақ елінің Жарғысы" Санкт-Петербургте өмірге келгенін аңғарамыз. Осыдан келіп бұл құжаттың жазылуына не себеп болды деген заңды сұрақ туындайды. Барлыбек Сыртановтың өмірі мен саяси, құқықтық көзқарастарын алғаш зерттеп, бірқатар құнды деректер тапқан және жеке кітап жазып шығарған ғалым Сәкен Өзбекұлының мұрағат құжаттарына сүйенсек, ол төмендегіше баян табады:
«1911 жылы Барлыбек Сыртановты науқасына қарамастан, Алматы облысының қазақ, қырғыз, сарт, ноғайлары патша өкіметінің жерді тартып алып жатқан саясатына өздерінің наразылықтарын білдіру үшін Ресей астанасы Санкт-Петербургке арнайы өтінішпен жібереді. Өзіне тапсырылған халықтың аманатын орындау мақсатымен ол патша өкіметі шенеуніктерінің есігін күзетумен болады. Оның сөзін кім тыңдасын. Ресейдің тоңмойын, халық, ұлт мүддесінен алшақ тұрған аппараты сөзіне құлақ аспайды.
Міне, осындай сергелдең күй кешіп жүргенде Барлыбек Сыртанов сол кезе бүкіл мұсылман жұртшылығына кеңінен таныс Әлихан Бөкейхановпен кездеседі. Сол жерде алаштың екі арысы қазақ халқының болашағы, оның тәуелсіздігі мен бостандығы хақында тереңдеп әңгіме қозғаған сияқты. Олардың осы жүздесулері мен іштей пікірлестіктері бір арнаға тоғыса келіп, ақыры Барлыбек Сыртановқа елдің тәуелсіздігін жариялайтын құжаттар жазуды Әлихан Бөкейханов тапсырғанға ұқсайды».
Ал Жарғының біз байқаған басты ерекшелігі - құжаттың Еуропаша білім алған, батыс тәрбиесінен тәлім алған азаматтың қолынан шыққанына қарамастан, өн бойынан елге, жерге деген махабаттың лебі есіп тұрғандығы, қазақ даласының «иісі» шығып тұрғандығы, осы салқам сахараның мұңын мұңдап, жоғын жоқтап тұрғандығы. Қазіргі тәуелсіздік тұсындағы заңдарымызда осы ұлттық ерекшеліктердің жоқтығы, қазақы «иістің» аңқымауы алаңдатпай қоймайды. Оқырман мені кешірсін! Мына жағадан алған жаһандану заманында не қылған «ұлттық үрдіс» деген кержақ пікір, солақай сұраулардың шығарын да білемін. Жасыратыны жоқ, біздің заңдарымыздың барлығы дерлік орыс тілінде дайындалып, сонсоң барып қазақшаға аударылатыны белгілі. Содан келіп оның қазақша мазмұнын орысшасына қарамай түсіне алмайсың. Мен тілі жөнінде айтып отырмын, ділі жөнінде сөз мүлде басқа, жоғарыдағыдай...
Және бір келеңсіздік, бізде заң қабылдау барысында шетелдік сарапшыларды тарту үрдіске айналған. Өркениет көшінде аты озған елдердің озық тәжірибесіне сүйену керек те шығар, бірақ соған кететін қыруар қаржыны басқа бір мақсатты жұмыстарға жұмсаса қайтеді деген де пікір бар...
Әлбетте, біздің заң қабылдаушы орган Парламенттегі депутаттарымыздан Әлихан, Жақып, Барлыбектің деңгейіне жетуді талап етуді әсте болмас. Дегенмен солардың сарқыттары дерлік, Алаш идеологиясымен, ұлттық үрдістермен мықты қаруланған адамдардың сонда отырғаны абзал. Олар әрбір заңды жазу барысында «Менің конституция атын алып отырған елге қандай пайдам бар, нендей көмегім тиеді, қай кем-кетігі, жоқ-жітігіне нұсқа боламын» деген берік ойда болуы керек!
Б.Сыртанов 1914 жылдың 26 қарашасында ауыр науқастан, мезгілсіз қайтыс болады. Қапал қаласына жерленеді.
Б. Сыртановтың елі үшін сіңірген еңбегі көзінің тірісінде-ақ өз бағасын алып үлгерген екен. Мәселен, замандасы Бақытжан Қаратаев оған жазған бір хатында: "Меніңше жалғыз сен ғана халықтың сеніміне ие болдың. Жалғыз сенің ғана "халық үшін еңбек еттім" деп айтуға қақың бар" (Е.Федоров "Очерки национального-освободительного движения в Средней Азии", Ташкент, 1925, стр. 25) деп, ерекше ілтипат білдіреді.
Қорыта келгенде, Санкт-Петербург университетін бітірген қазақ зиялылары ішінде Б.Сыртановтың орны да, жөні де бөлек. Оның өмірі мен қызмет жолын, артында қалған мол мұрасын тыңғылықты зерттеп, өскелең ұрпақ тәрбиесіне жарата білу қазіргідей, тәуелсіздік туын тұғырына берік орнатып, тұмса тарихымызды жаңаша түзіп жатқан тағдырлы кезеңде айрықша маңызды деп білеміз.
Нұрлан ДУЛАТБЕКОВ,
заң ғылымдарының докторы, профессор
«Abai.kz»