Шарасыз Путин ядролық қару қолдана ма?
Ресейдің Украина соғысында жоспары Мәскеу қалағандай іске аспауда. Киевті жылдам алуға тиіс болған Ресей әскері керісінше Киев облысынан шегініп кетті. Жеңіліс тапты. Сегіз бағытта шабуылға шыққан Ресей әскерінің тек екі бағытты ұстап тұруына мүмкіндігі жеткен, ал қалған бағыттарда шегіну немесе қоршауға түсу қаупі артқан. Қазіргі уақытта Ресей Донбасс аймағы мен Херсон маңында шабуылдап жатыр. Мариуполь қаласын екі айдың ішінде әлі толық басып ала алмады. Бұл сәтсіздіктердің барлығы да Ресей билігі тым жауапты әрі қауіпті шешімдерді қабылдауға мәжбүр етуі мүмкін.
ЦРУ директоры Уильям Бернс, «Владимир Путин Украинаға қарсы соғыста жеңіске жетуден үмітін үзетін болса, Ресейдің тактикалық немесе шағын ядролық қаруды қолдану қаупі барын» айтты. АҚШ әзірге Ресейдің қандай да бір ядролық соққы жасауға дайындалып жатпағанын айтады. Ғарыштық түсірілімдер мен күнделікті мониторинг солай дейді. Дегенмен Путин ондай қауіпті қадамға баруы әбден мүмкін.
Бернс АҚШ президенті Джо Байденнің әкімшілігі Ресейдің ядролық қаруды қолдану қаупін байыппен қабылдайтынын айтты. «Президент Путин мен Ресей басшылығының шабуыл кезінде кездескен әскери сәтсіздіктерді ескере отырып, шарасыздықтан ядролық қару қолдануы бек мүмкін», - деді ол.
Бернс Буча қаласындағы қырғын мен басқа да аймақтардағы ресейлік әскерлердің әрекетін геноцид деп атап, алда қанды шайқастар күтіп тұрғанын мәлімдеді.
Бернс - 2005-2008 жылдары Ресейдегі АҚШ елшісі қызметін атқарған, ол орыс, француз және араб тілдерін біледі. Сондықтан да ол Байден әкімшілігінің басқа жоғары лауазымды мүшелеріне қарағанда Ресей басшылығымен көбірек кездескен тұлға деуге толық негіз бар. Алғаш болып Ресейдің Украинаға басып кіру мүмкіндігін жоғары екенін айтқан тұлғалардың бірі.
Батыстық сарапшылар Путин ядролық қару қолданса, онда әлемде үшінші дүниежүзілік соғыс басталатынын болжауда. Оның үстіне ядролық қару қолдану Ресейдің «әскери операция» мен «халықты азат етудеміз» деген жалған ұрандарына сай келмейтін еді.
Abai.kz