Кеосаянның сандырағы мен Қазақстанның жауабы
Ресейдің Украинаға шабуылы Мәскеудің жоспарына сай жағдайда өрбімеді. Киевті екі күнде алуға тиіс Ресей әскері екі айдан астам уақыт бойы шығынға ұшырауда. Ресей әлемдік аренада саяси және экономикалық тұрғыдан оқшауланды. Санкциялар Кремльді буындырып барады. Сәтсіздіктен көзі қызарған Кремль билігі ұрынарға қара таппай, жан-жағынан жау іздеп әлек. Оны пропагандист, арандатушыларының сөздерінен анық түсінсек болады.
Күні кеше ғана ресейлік арандатушы Тигран Кеосаян Қазақстанға қатысты айыптау сөздерін қолдана отырып мәлімдеме жасады. Әзербайжан әскері әділетті соғыс арқылы басқыншылар қолында болған Қарабақ аймағын қайтарып алғанда тіс жармаған Кеосаян Қазақстанның қазіргі әрекетін екіжүзділік деп атап, "Украинаға қараңдар" деп ескертті. Ол қазақ билігі лас ойын ойнап отыр деген пікірде. Жеңіс Күніне арналған әскери шеру мен "Бессмертный полк" деген қажетсіз шараның өтпейтіні де оның ашуын тудырған сияқты. Ресейдің арандатушысына саясаткерлер, қоғам қайраткерлері мен танымал тұлғалар жауап беруде.
Қазақстаның халық әртісі Досхан Жолжақсынов: "Құрметті Тигран Кеосоян, сен өзің айнаға қарап көрдің бе? Мен саған айнаға қарауға кеңес беремін. Менің ойымша сен Муссолиниді елестетесің. Сен өзіңді тым жоғары бағалайсың. Біріншіден, сен Ресей емессің. Ал екіншіден, егер сен мықты болсаң, онда билікке үндеу жаса, ал менің халқыма тіл тигізбе.
Сен Джигарханян емессің, сен нағыз шовинистсің. Сен ұлтараздықты қоздырушысың. Мен сені Донецк, Луганск шайқасында көргім келетінін жасырмаймын. Менің ойымша Ресей сен сияқтылардың қызметіне мұқтаж емес", - дейді.
Қоғам белсендісі Арман Шораев арандатушының мәлімдемесіне жауап беріп, Қазақстан жеңіс күнін міндетті түрде тойлайтынын, алайда ол Украина Ресейді жеңген күн болатынын атап өтті. Сөз арасында Шораев Кеосаян өз мәлімдемесі арқылы Қазақстандағы мыңдаған армян ұлтының өкілдерін ыңғайсыз жағдайға қалдырғанын да айтуды ұмытпады.
Сенатор Мұхтар Құл-Мұхаммед былай дейді: "Егер Кеосаян сондай ақылды адам болса, әскери шеру өткізу жайлы өзінің ұсынысын өзінің отандастары армяндарға айтсын. Арменияның үкіметіне айтсын. Арменияның астанысы Ереван қаласында дүниежүзіндегі нөмір бірінші фашист, нөмір бірінші нацист, Гитлердің қолшоқпары болған, қолбаласы болған Гарегин Нжде дегенге ескерткіш орнатты. Гарегин Нжде отанына опасыздық жасағаны үшіе кеңес түрмесінде шіріп өлген адам. Сондықтан олар неонацистерді іздейтін болса, онда тарихи отанынан іздесін. Шеруді сол Ереванда өткізсін. Гарегин ескерткішінің түбінде шеру өткізіп, өзі соған қатыссын. Сондықтан мұндай адамдарды орыс тілінде "козёл правокатор” дейді. Правокаторлық ұсынысын өз отандастарына айтсын".
Қазақстанның CІМ баспасөз хатшысы Айбек Смадияров: "Ресей журналисі Тигран Кеосаянның қорлау және мәні біржақты сөзі назарға ілігеді. Мүмкін оның мәлімдемесі ресейлік қоғам мен саяси құрылымның белгілі бір бөлігінің көзқарасын білдіретін шығар, бірақ біздің елдер арасындағы ынтымақтастықтың рухы мен мазмұнына және мемлекет басшылары деңгейіндегі қолданыстағы келісімдерге ешбір жағдайда сәйкес келмейді. Ол Қазақстанға кіруге рұқсат етілмеген тұлғалар тізіміне кіреді деп ойлаймын", - деді.
Украинадағы соғысқа екі айдан астам уақыт болды. Ал ресейлік саясаткерлер Қазақстанға қарсы мәлімдемелер жасауын доғарар емес. Ол Қазақстанның санкцияға қатысты ұстанымын "сатқындық" деп бағалап отыр.
Ка Мырза
Abai.kz