Нұр-Сұлтанда қайырымдылық іс-шарасына қатысқандар Мальдив аралдарына жолдама ұтып алды
1 Мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күніне орай «Spectrum» халықаралық мектебінің ұйымдастыруымен қайрымдылық жәрмеңкесі өтті.
Ауқымды іс-шарада 22 елдің ұлттық-мәдени мұрасы, салт-дәстүрі мен тағамдары таныстырылып, көпшілікке ұсынылды. Мерекеге арнайы дайындалған сахналық қойылымдар мен әр ұлттың төл өнері «Spectrum» Халықаралық мектебі оқушыларының қатысуымен өтті. Ал, қайырымдылық жәрмеңкесінен түскен қандай да қаражат мектеп ата-аналары басшылығымен еліміздегі көмекке мұқтаж жанұяларға табысталады. Осы жылғы қайырымдылық шарасына еліміздің және шет елдердің түрлі саладағы ұйымдары ат салысып, өз үлесін қосты. Атап айтар болсақ, мерекеге орай ойнатылатын лотерея ішінде Мальдив аралдарындағы түрлі демалыс орындарына 4 жолдама берілді. Шарты тек көрмеге қатысып, қайырымдылық үшін құны 5000 тг тұратын билет алу керек болатын. Ал, жолдамаға демеуші болған кәсіпкерлер бұл сыйды қайырымдылыққа қосқан өз үлесіміз деген ұстанымда. Ізгілікті шара дәстүрлі түрде оныншы рет өткізіліп отыр. Фестивальдің өтуіне аталмыш мектептің оқушылары, ата-аналары, елшіліктер мен дипломатиялық миссия өкілдері мұрындық болды.
«Spectrum» халықаралық мектебі – елордадағы жергілікті және шетелдік білім алушыларға жоғары стандарттарға сай Кембриджтік халықаралық білім беру бағдарламалары мен емтихандарын ұсынатын оқу орны.
Қазіргі таңда Халықаралық Мектептер Ұйымының (Council of International Schools) тұрақты, Еуропаның Халықаралық Мектептер Ұйымының (Europian Council of International Schools) премиум мүшесі. Мектептің негізгі ұстанымдарының бірі ол – интернационализмнің озық үлгісінде өзара түсіністік, төзімділік және сыйластық ұғымдарын алға тарта отырып білімді, білікті жастарды тәрбиелеу.
Abai.kz