Таңатар Табынұлы. Журналистика – билік пен халықтың арасындағы көпір
Журналист - бұл күн сайын бос тұрған кеңістікті толтыратын адам, - депті Дейм Ребекка Уэст. Бірақ қалай толтырады? Немен толтырады? Бұл жерде журналистің қандай БАҚ-та қызмет ететіні маңызды екені рас. Өйткені, жоғары лауазымды бір шенеуніктің немесе депутаттың билікке қатысты эмоциямен айтқан «бір ауыз сөзі» - оппозициялық БАҚ-тың «азығы». Алайда, қоғамға шынайы ақпарат беретін БАҚ-тың өкілдері мұндай уақытша «азыққа» алданбайды. Мысалға, Қазақстандағы парламенттік журналистерді алайық. Біріншіден, заң шығаратын негізгі органның күнделікті қым-қуыт тіршілігін терең бойлап жазатын журналистер жоқ емес. Олар Үкіметтен келетін құжаттар мен заң жобаларына өзінше талдау жасай алады. Әрбір заң жобасының артықшылықтары мен кемшіліктерін саралап, сараптап, бірнеше тараптың ой-пікірін біліп, соңынан сараптамалық материал дайындайды. Бұл - құптарлық жағдай. Екіншіден, Парламенттің заң шығарушылық қызметін, тәжірибесін түсінбейтін, кейбір депутаттардың аузынан шыққан орынсыз сөздерді «қағып» алып, газет бетінен немесе телеарна эфирінен «айқайлатып» материал беретін журналистер де бар.
Журналист - бұл күн сайын бос тұрған кеңістікті толтыратын адам, - депті Дейм Ребекка Уэст. Бірақ қалай толтырады? Немен толтырады? Бұл жерде журналистің қандай БАҚ-та қызмет ететіні маңызды екені рас. Өйткені, жоғары лауазымды бір шенеуніктің немесе депутаттың билікке қатысты эмоциямен айтқан «бір ауыз сөзі» - оппозициялық БАҚ-тың «азығы». Алайда, қоғамға шынайы ақпарат беретін БАҚ-тың өкілдері мұндай уақытша «азыққа» алданбайды. Мысалға, Қазақстандағы парламенттік журналистерді алайық. Біріншіден, заң шығаратын негізгі органның күнделікті қым-қуыт тіршілігін терең бойлап жазатын журналистер жоқ емес. Олар Үкіметтен келетін құжаттар мен заң жобаларына өзінше талдау жасай алады. Әрбір заң жобасының артықшылықтары мен кемшіліктерін саралап, сараптап, бірнеше тараптың ой-пікірін біліп, соңынан сараптамалық материал дайындайды. Бұл - құптарлық жағдай. Екіншіден, Парламенттің заң шығарушылық қызметін, тәжірибесін түсінбейтін, кейбір депутаттардың аузынан шыққан орынсыз сөздерді «қағып» алып, газет бетінен немесе телеарна эфирінен «айқайлатып» материал беретін журналистер де бар.
Жасыратыны жоқ, отандық кейбір БАҚ-тарда Үкімет мүшелерін, Парламент депутаттарын менсінбеушілік, әйтеуір сынау керек болған соң келекелейтін «әдет» бар. Онда да халық қалаулыларының күнделікті істейтін жұмысын емес, қалғып-мүлгіп отыратынын орынсыз айыптап жатады. Жалпы отырыста депутаттың үндемей отыруы оның күллі жұмысының бағасы емес қой! Бәлкім, ол бұған дейінгі жиындарда (мысалы, жұмыс тобының отырысында, заңға қажетті ұсыныстар енгізуде, басқа елдердің тәжірибесіне оқып-білуде) ерекше белсенділік танытып, сол күні заңның қабылданғанына қуанып, әріптестерін үнсіз қолдап отырған шығар?!. Ақиқатқа жүгінсек, депутаттың қызметі бір жиналыста сөйлеген-сөйлемегенімен өлшенбейтіні белгілі. Олардың мемлекетке, Парламентке жасаған қызметін бағалау үшін мынадай объективті критерийлерді тізбелеп шығуымыз керек: қандай заң жобаларына қажетті ұсыныстар берді, қанша заң жобасын дайындауға үлес қосты, өз сайлаушыларынан қанша хат алды, сайлаушыларының қандай мәселелерін Парламент мінберінен көтеріп, оң шешілуіне үлес қосты, ұлттық және мемлекеттік мәселелерге қатысты қандай бастамалар көтерді және т.б. Мәжіліс депутаттары Қуаныш Сұлтанов, Нұртай Сабильянов, Айгүл Соловьева, Бақытбек Смағұл, Алдан Смайылды мысалға келтіруге болады. Бір ғана Қуаныш Сұлтановтың атқармаған қызметі жоқ: елші, жоғары лауазымды басшы, депутат. Сол тамаша тәжірибесін заң шығарушылық қызметінде де пайдаланып келеді. Нұртай Сабильяновтың Шығыс Қазақстан облысының түгелге дерлік шалғайдағы аудан, ауылдарын аралап, халықтың мұң-мұқтажын билікке жеткізуінің өзі өлшеусіз еңбек емес пе?!. Біле білсек, еліміздің барлық аймақтарынан ең көп хат алатын депутат та осы - Н. Сабильянов. Бауыржан Момышұлы туралы «Қаһарман» атты кітап жазып-шығарған ұлтжанды азамат, ауған соғысының ардагері Бақытбек Смағұлдың ұлттық, мемлекеттік мәселелерге келгенде үндемей қалған кезі жоқ. «Мемлекеттік рәміздерімізді қорлағандарды қатаң жазалау үшін, Қылмыстық Кодекске өзгеріс енгізуіміз керек!» деп батыл мәлімдеді ол Парламент мінберінен. Алдан Смайылдың бір өзі ғана бүкіл қазақ руханиятының, мәдениетінің өзекті деген мәселелерін көтеріп, оның шешу жолдарын жеріне жеткізіп көрсетіп жүр. Неге екенін білдмедік, біздің көптеген әріптестеріміз осындай нәрселерді не көрмейді, не көрсе де «қожайынының» айтқанынан шықпай көзге ілгісі келмейді. Керісінше, жекелеген депутаттардың орынсыз, оқыс мәлімдемелерін естіп алып, «түймедейді түйедей етіп» БАҚ-да көрсетуге құштар. Олар үшін халықтық сөзін сөйлеген депутаттың сауалынан гөрі, жиналыста «ұйықтап» отырған депутаттың қылығы қымбатырақ. Бірақ, бүйте берсек «адам жанының инженерлерінің» де, халық қалаулыларының да қадірінен не қалады?
Парламент деген сөздің өзі французшадан аударғанда «сөйлейтін жер», «сөйлейтін мінбер» деген мағынаны білдіреді. Содан шығар, депутаттар алдарына есеп беруге келген министрліктер мен ведомстволардың басшыларына өткір сауалдарын қойып, мәселенің мәнісін құзырлы адамнан естігісі келеді. Мұндай жағдайда кейбір депутаттардың жекелеген министрлерге өткір сауал қоятын кездері де болып жатады. Алайда, ондай «айқайға» жел беріп, қандай да бір министрліктің қызметіндегі кемшілікті дабырайтып халыққа жеткізетін - журналистер. Бұдан кімге зиян келеді? Ең алдымен, тұтас бір министрліктің қыруар жұмысы көлеңкеде қалып, кішкене кемшілігі алға шығады. Газет бетінен немесе теледидар экранынан мұндайды көрген халық: «Е, бұлар жұмыс істеудің орнына, осындай жаман нәрселермен айналысады екен!» деген пікірде қалады. БАҚ-тардың қоғамдық пікірге ықпалы деген осы емес пе?
Мысал үшін, Мәжілістегі екі Үкімет сағатын алайық. Ағымдағы жылдың 17-ші қыркүйегіндегі Үкімет сағатында Мәжіліс депутаттары Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековке өздерін толғандырған алуан түрлі сұрақтарын қойды. Министр болса мінберге шығып, министрліктің атқарып жатқан іс-шараларын, күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді рет-ретімен баяндап берді. Мәселен, депутат Ерген Дошаевтың: «2016 жылы экспортқа 60 мың тонна ет шығарамыз деген Елбасының тапсырмасы орындала ма?» деген сауалына министр былай жауап қайырды: «Енді қараңыз: сиыр 9 ай буаз болады, еркек бұзау 18 айда өсіп-жетіледі, яғни, 27 айдан кейін ет береді. Бұл бағдарлама өткен жылы ғана іске қосылды. Қазір тұқымдық мал әкеліп жатырмыз. Бұл бағдарламаның алғашқы нәтижелерін 2-2,5 жылдан кейін көре аламыз. Бірақ, нәтижесі болатыны анық. Қағаз жүзінде мал басының кему мәселесі бар, бірақ бұл - виртуалды кему!». Атап айтарлығы, 60 мың тонна ет экспорттау бағдарламасына отандық бизнес қауымдастық белсенді ат салысуда. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер өткен жылы мал басын сатып алу шаралары бойынша жоспарды асырып орындады. Биылғы жылғы қарқын да жаман емес. Міне, нәтиже!
«Соңғы екі жылда бұл министрлік жемқор шенеуніктердің ордасына айналды. Бас Прокуратураның құқықтық статистика комитетінің мәліметтері бойынша, 2011 жылы 35 қызметкер сотталып, тағы 45-іне қатысты қылмыстық іс қозғалған. Жемқорлық фактілері бойынша 80 адамға айып салынса, соның ішіндегі 20-сы басшылықтағы адамдар... Бұл қашанға дейін жалғасады?», - деді Мұхтар Тінікеев. Журналистермен жүздескенінде бұл сауалға Асылжан Сарыбайұлы: «Менің ойымша, бағытымыз дұрыс. Барлық жұмысымызды халықаралық стандарттарға сәйкестендіріп жатырмыз. Әрине, бұрынғы қалыптасып қалған мүдделерге зиян келуде. Сондай мүдделер бір жерден болмаса бір жерден осылай тесіп шығады!» деп жауап берді. Бұл жерде Ауыл шаруашылығы министрлігін басқа ведомстволармен салыстыру дұрыс емес. Мысалы, 2011 жылы жемқорлыққа қатысты 35 адам сотталса, соның ішінде 8-і ғана А. Мамытбековтың тұсында түрмеге отырғандар. Онымен қоса, соңғы 2 жылда бұл министрліктегі жемқорлықпен күрес көрсеткіштері жақсарып келеді. Егер 2011 жылы 35 қызметкер сотталса, ал 2012 жылдың 9 айында бар-жоғы 13 адам сотталған. 2010 жылы тәртіптік жазаға тартылғандардың саны 256 адам болса, бұл көрсеткіш 2011 жылы - 80-ге, 2012 жылы - 29-ға дейін азайған. Яғни, істің ақ-қарасын ажыратып алу - ардың ісі. Мұндай жағдайда журналистер қауымы мәселенің мәнісіне тереңірек үңілуі керек. Ауыл шаруашылығы министрлігінің құрылымы үлкен. Сондықтан бұл ведомствоның бөлімшелері көптеген бақылаушылық функцияларды атқарады. Мысалы, министрлікте рұқсат беру процедуралары жетілдіріле түсуде. 2011 жылдан бері ұзын-саны 54 мемлекеттік қызмет түрлерінің 48-інің стандарттары бекітілген. Ағымдағы жылдың ақпан айынан бері астықты экспортқа шығаруды лицензиялау шегерілді. Өнім өндірушілер бұрынғыдай лицензия алуға уақыт жұмсамай, шетелдерге астық тасымалдау үшін тікелей келісім-шарттарды өздері жасайды. Бұдан басқа да министрлікте атқарылып жатқан іс-шаралар жеткілікті. Ал, журналистер ше? Министрліктер мен агенттіктердің істеген ісіне, жоғары жетістіктеріне басын қатырмайды. Газетке өткір мақала (теледидардан өткір сюжет) беремін деп, біреудің сөзімен тұтас бір министрлікті «күйелеп» көрсете салады. Қалай десек те, мұндайда кез-келген журналистің кәсіби шеберлігі, зердесі, әдебі керек-ақ.
Тағы бір мысал. Әділет министрі Берік Имашев та Парламенттегі Үкімет сағатында өзі басқаратын министрліктің қызметі жөнінде егжей-тегжейлі, сауатты түрде әңгімелеп берді. Министрдің баяндамасында әділет саласындағы жаңалықтар, мезгіл мәселелері кеңінен көрініс тапты. Еліміздің әрбір азаматы үшін маңызды және қызықты нәрселер айтылды. Өкінішке орай, «қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса» деген кейбір журналистер ондай нәрселерді халыққа жеткізбеді. Керісінше, министрдің мемлекеттік тілді еркін меңгермегенін сынаған депутаттардың әрекетіне екпін түсірді. Сондай-ақ, біздің заңдарымыздың бүгінгі заманның шындығына сай келмейтіні жиі-жиі сыналатыны рас. Алайда, ондайда сынағыш жұрт күллі жаһанда сондай құбылыстың барын естен шығарып алады. Өйткені, өмір өзгереді, заң жаңарады. Заң ешқашан өмірдің алдына шықпайды. Яғни, заманның өзгерісіне қарай заңдар да жаңарып отырады. Алайда, көне дүниенің ойшылы Сенека айтқандай, жазылмаған кейбір заңдар жазылған заңдардан да қаталырақ. Яғни, журналистер қандай да болмасын ұсақ-түйектің өзінде ең алдымен шыншыл болуға міндетті.
БАҚ-тарда объективтілік принципі деген ұғым бар. Оны әр журналист өзінің өресіне, деңгейіне қарай түйсінеді. Кейбір отандық газеттер мен телеарналар (аттарын атамай-ақ қояйық) Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық өмірінің көлеңкелі жақтарын, яғни қоғамды «қаралап» бергенге әуес. Олар өздерінше «баспасөзді бақытсыздық асырайды» деген тәмсілді ұстанып алған. Олардың көрсететіні - қираған үйлер, тартылған сулар, қырылған балықтар, үйілген қоқыстар, үй-күйі жоқ сорлылар, жанжалдасқан жұрт және т.б. Бір сөзбен айтсақ, құлдыраған қоғамның, еңсесі түскен елдің бет-бейнесі. Мұны көріп отырған көрермендер де, оқып отырған оқырмандар да ойланып қалуы мүмкін ғой. Күн сайын елімізге келетін мыңдаған шетелдіктер теледидардағы үрейіңді ұшыратын жаңалықтарды көріп: «Шынында да Қазақстан осындай ел екен ғой!» деп ойлауы бек мүмкін. Таң қаларлығы, мұндай БАҚ-тарға Қазақстанның жетістіктері жөнінде әңгімелеу, қоғамның жаңаруын айту - Айға Жерден тікелей тас жол салумен бара-бар. Ал, еліміздегі жаңа кәсіпорындардың ашылуы, қабат-қабат үйлер мен тас жолдардың салынуы, балабақшалар мен мектептердің көбеюі арқылы қоғамымыздағы жағымды өзгерістерді жұртқа жеткіу - ресми және кейбір ерікті БАҚ-тардың міндетіне айналған. Сонда объективтілік, шыншылдық принциптері қайда қалады? Өйткені, журналистер - билік пен қоғамның арасындағы көпір екенін естен шығармауы тиіс. Көпір мықты болса, оның билік пен халықтың қарым-қатынасына ықпалы да соншалық жағымды болады. Ең маңыздысы сол, БАҚ - қоғамның да айнасы, биліктің де бақылаушысы. Олай болса, сол айнаның таза, бақылаушының әділ болғаны абзал.
«Abai.kz»