Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 15305 0 пікір 2 Қараша, 2012 сағат 10:12

Эрнест пен Ермектің шалдары

Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы киносүйер қауымды режиссер Ермек Тұрсыновтың «Шал» деп аталатын тағы бір салмақты туындысымен қуантты. Фильмнің кіріспе титрларында оның әйгілі Эрнест Хемингуэйдің «Шал мен теңіз» атты повесінің желісімен түсірілгені жазылған. Мұндай фильм түсіру туралы ой Мәулен Әшімбаевтың ұсынысынан кейін басталыпты...

Сламбек Тәуекел,
кинорежиссер

Фильмді көрген көрермен Сантьяго шал мен Қасым шал бейнелерінің ұқсастығы мен болмыс бітімдерінің жақындықтары туралы қал-қадерінше салмақтап жатқан болуы керек. Ермек Тұрсынов пен Ерболат Тоғызақовтың «Шал» фильміндегі Қасым қария мен Эрнест Хемингуэй мен Спенсер Трессидің (режиссер Джон Стрюждың «Шал мен теңіз» фильміндегі Сантьягоның бейнесін жасаған актер) шалы шынында да ұқсас адамдар. Олар нағыз халықтың перзенттері! Тоғызақов пен Тресси екеуі де болаттай берік болмыс иелерін шебер сомдады.
Табиғат пен адамның, өмір мен кеңістіктің өзара тығыз байланыста екендігіне ой жүгіртсек, Сантьягоға шексіз теңіз қалай жақын болса, Қасым шалға да шегі көрінбейтін дала етене таныс. Сантьяго мұхит пен теңізді мекендейтін жыртқыштарды қалай жақсы білсе, дала қасқырларының тыныс-тіршілігі де Қасымға түгел белгілі. Сантьягоның жаратылысы мұхитпен, теңізбен қалай біте-қайнасып кетсе, Қасымның да даламен заты бірге.

Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы киносүйер қауымды режиссер Ермек Тұрсыновтың «Шал» деп аталатын тағы бір салмақты туындысымен қуантты. Фильмнің кіріспе титрларында оның әйгілі Эрнест Хемингуэйдің «Шал мен теңіз» атты повесінің желісімен түсірілгені жазылған. Мұндай фильм түсіру туралы ой Мәулен Әшімбаевтың ұсынысынан кейін басталыпты...

Сламбек Тәуекел,
кинорежиссер

Фильмді көрген көрермен Сантьяго шал мен Қасым шал бейнелерінің ұқсастығы мен болмыс бітімдерінің жақындықтары туралы қал-қадерінше салмақтап жатқан болуы керек. Ермек Тұрсынов пен Ерболат Тоғызақовтың «Шал» фильміндегі Қасым қария мен Эрнест Хемингуэй мен Спенсер Трессидің (режиссер Джон Стрюждың «Шал мен теңіз» фильміндегі Сантьягоның бейнесін жасаған актер) шалы шынында да ұқсас адамдар. Олар нағыз халықтың перзенттері! Тоғызақов пен Тресси екеуі де болаттай берік болмыс иелерін шебер сомдады.
Табиғат пен адамның, өмір мен кеңістіктің өзара тығыз байланыста екендігіне ой жүгіртсек, Сантьягоға шексіз теңіз қалай жақын болса, Қасым шалға да шегі көрінбейтін дала етене таныс. Сантьяго мұхит пен теңізді мекендейтін жыртқыштарды қалай жақсы білсе, дала қасқырларының тыныс-тіршілігі де Қасымға түгел белгілі. Сантьягоның жаратылысы мұхитпен, теңізбен қалай біте-қайнасып кетсе, Қасымның да даламен заты бірге.
Сюжеті бүгінгі заманауи кинотуындыларға тән жылдамдықпен өрбитін бұл тамаша фильмнің мазмұны туралы әңгімені көрермендердің еншісіне қалдырып, Ермек Тұрсынов пен Эрнест Хемингуэйдің шалдарымен танысайық. Ен даладағы бір үйдің ауласында бұзылып қалған трактордың ішінде компьютерден бас көтермейтін сүйкімді бала (немере) (Орынбек Молдахан). Үйдің ішінде теледидардың арнасын сырғауылдай ұзын бұтақпен ауыстырып көретін бет-жүзін әжім басқан, ақ шашты шал. (Ерболат Тоғызақов). Ол отандық футболшылардың әлсіз ойынынан әбден көңілі қалған соң, өзіне-өзі тек испан немесе португал футболын ғана қызықтаймын деп серт берген. Пешке жақын тұрған үстелде осы үйдегі от пен ошақтың иесі - нан илеп жатқан келін (Диана Мұқышева). Жел күшейіп бағана басындағы телеантеннаны қозғап кеткенде футбол матчтарын көріп отырған шал едәуір мазасызданып кетеді. Оны реттеу немересінің жұмысы. Ғасырлар бойы жалғасып, бір буын келесі буынға табиғи түрде ауысып жатқан үйреншікті өмір. Өткен ғасыр дейін десең баланың қолындағы смартфон мен аң атушылар мінген «Хаммер» автокөлігі ХХI ғасырдың нағыз өзі екенін білгізіп-ақ тұр. Футбол ойынында он бір метрлік айып добы тағайындалған уақытта теледидардың дұрыс көрсетпей қалғанына жанұшырған Қасым шал айқай салды. «Шайтанбек! Пенальти! Шықшы ананың басына! ...Солға! Оңға! Жетеді, болды!» Сатымен бағанаға көтерілген немересі атасының айтуымен антеннаны олай-бұлай бұрайды. Командалардың құрамындағы ойыншыларды жете білетін Қасым шалдың ойынды кірпік қақпай көретіні сондай, күйбең тіршілікті мүлде ұмытып кететін сияқты. Актер Ерболат Тоғызақов бұл сахналарға өте табиғи әр беріп, кейіпкерін сипаттаудың сырын дәл тауып, өте нанымды ойнайды. Кейіпкердің жағымдылығын ұтымды суреттеп, оның қарапайымдылығы мен пейілінің кеңдігін көрерменге бірден-ақ жеткізе білген. Оның мимикасы мен қимылдарының табиғилығы сондай, көрерменді қалтқысыз сендіреді. Актер алғашқы көріністерден-ақ көрерменнің назарын мықтап өзіне аударып алды. Бұл Ерболат Тоғызақовтың кинодағы ең қомақты рөлі, ол бұған дейін де біраз рөлдерді сомдаған. (Ерболат Тоғызақов қазақтың белгілі ақыны Қасым Тоғызақовтың ұлы екенін айта кеткен дұрыс болар).
Естеріңізге салайық, Хемингуэйдің шалы да спорт жанкүйері, бірақ оның сүйікті ойыны - бейсбол. Анда-санда ол да бейсбол матчтары туралы өзінің ойын жасырмай айтып отырады. Оның ең жақын адамы немересі емес - көрші бала. Әйтсе де екі шалдың да бейнелерін, тыныс-тіршілігін екі актер өте ұқсас интонацияларды қолданып ойнаған. Режиссер Ермек Тұрсыновтың Қасым шалдың қасына немересін серік еткені түсінікті, даусыз дұрыс шешім. Себебі, қазақ ақсақалдары үшін немере - өмірдің жалғасы, олардың ұғымында бала балдан, немере жаннан тәтті. Атасы мен немересінің қарым-қатынасы фильмнің ұлттық реңін арттыра түседі. Фильм аяқталғанда залдан шығып бара жатқан көрермендердің бірінің: «Қасым шал қазақтың ақсақалына ұқсамайды», - дегені маған түсініксіздеу болды. Көпшіліктің ортасында басқа пікір айту ретсіз еді. Көрермен бауырыма ол шалдың несі ұнамады екен, Қасым қарияны қай мінезі қа­зақтан алшақтатты екен?! Менің ойымша, Ермектің шалы Эрнестің шалынан биік. Ол сайын даламен біте-қайнасып өскен, ауданнан әрі ешқайда ұзап шықпаса да, көргені мен түйгені мол, жесір келіні мен немересінің тірегі. Ал Сантьяго жалғызбасты болғанмен, өзі сияқты балықшылар­дың ортасында өмір сүріп жатыр. Өзінің әріп­тестерімен күнде араласады, әңгіме-дүкен құрады. Өмір салты солай қалыптасып қалған. Біздің Қасым шал: «Жалғыздық Құдайға ғана жарасады, Құдай жалғыздықтан сақтасын!» деген ұғыммен келіні мен немересін қорғаштап, ақылшы болып жүр. Оның басқа қазақ ақсақалдарынан айырмашылығы (мүмкін бағанағы көрерменге ұнамағаны да осы шығар) - намазға жығылмағандығы. Оны өзі де мойындайды, қал-қадерінше Құдайға жалбарынады, кешірім сұрайды. Оның өмір туралы, ұрпақ туралы ұғымы аң атуға келген қалалық, жаралы жігітпен әңгімесінде толық айтылады. Алғашқы көріністердегі Шайтанбек (Қасым шал немересін солай атайды) пен оның анасының әңгімесінен бала мен атаның арасында түсініспеушілік бар екен деп ойлап қаласың. Сүйіспеншілік сезімдер мүлде байқалмайды. Мәймөңкелеген жылы сөздер де айтылмайды. Бірақ фильм барысында нағыз қазақы мінездің негізі жылы сөздерден гөрі, шынайы жанашырлықта екендігі айқындалады. Бұл - Ермектің үлкен табысы. Қазақ пен латынамерикандық екі шалдың мінездеріндегі негізгі ұқсастық - қайсарлығы мен өжеттіліктерінде. Қасым шал, тіпті өлім мен өмір арасындағы межені көрді, бірақ жеңілмеді. Жалғыз қайықты Сантьяго да шексіз мұхиттың ортасында қолға түскен олжасын сақтап қалу үшін су жыртқыштарымен алпарысады. «Шал» фильмінің де даму барысы мен шарықтау шағында Қасым шал дала жыртқыштары - қасқырлармен, алғашында, қойларын сақтап қалу үшін күрессе, кейін шыбын жаны үшін жансебілдікпен жан алқымға тақалғанша айқасты (осы жерде қоюшы-оператор Мұрат Әлиев қасқыр мен адамның көз түйістіргенін шебер көрсете білді), бірақ ұтылған жоқ! Немересіне деген сүйіспеншілік жеңді. - Шіркін-ай, немерем қасымда болса ғой! -деген арманы орындалды, немересіне дарытқан мейірімі оны атасына алып келді!
Режиссер фильмнің тұжырымдау сахналарындағы атасының жүрек лүпілін сезінген немерені, ана-қасқырға қарай асыққан бөлтірікті, анасын іздеп маңыраған Марадонна атты қозыны көрсету арқылы тіршіліктің мәңгілік екендігін көрсете білді. Көрерменнің кең тыныс алуына, табиғаттың құдіретін тағы бір рет ұғынуына мүмкіндік берді. Дала заңын қадірлейтін, ақсақалдарын арқа тұтатын қазақ жұртшылығы бұл фильм үшін Ермек Тұрсыновқа жаппай риза болатынына сенімім мол.
Дала халқының дархан мінезінің ескіден келе жатқан, дәстүрге айналған тіршіліктегі тұғырлары - ақ ниет пен адалдық, игіліктілік пен жанашырлық, ізеттілік пен әдептілік, ибалық пен кеңдік болса, оған қоса жеке бастың ары мен ұяты, тілектестігі мен қайырымдылығы, одан әрі өжеттілігі мен қайсарлығы сияқты құнды қасиеттер өзінен немересіне қонғандығына қуанған қарт қатты толғанды. Осыны ұтымды түрде қарапайым тілмен айтып, көрсете білген Ермек Тұрсынов фильмнің тұсаукесеріндегі баспасөз мәслихатында: «Бұл - халқымның қарттарына, аталарым мен ағаларыма білдірген шексіз алғысым» деп айтып еді. Ермектің сөзі құлаққа қалай естілсе, жүрекке дәл солай жетті.
Сонымен, Ермек Тұрсынов Эрнест Хемингуэйді қазақ халқына бір табан жақындата түсті.

"Қазақ әдебиеті" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5373