Кіріскен соң кіріспеден бастау керек!
Білесіздер, қолданыстағы ҚР Конституциясының преамбуласы:
«Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып, өзiмiздi еркiндiк, теңдiк және татулық мұраттарына берiлген бейбiтшiл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзiлiк қоғамдастықта лайықты орын алуды тiлей отырып, қазiргi және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершiлiгiмiздi сезiне отырып, өзiмiздiң егемендiк құқығымызды негiзге ала отырып осы Конституцияны қабылдаймыз», деп басталады.
Ал енді Конституцияның осы кіріспесінде мемлекетті құрушы қазақ халқының келбеті бар ма, жоқ па? Менше болғанда – жоқ. Өйткені бұл Конституцияны «ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы» қабылдап отыр. Сонда қалай болғаны? Сонда «ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген» халықтар жан-жақтан жиналып, «байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк» құрған ба? Байырғы қазақ жері ортақ тарихи тағдыр біріктірген халықтар бас құрағанда бос жатқан ба? Бұл жері өзі байырғы қазақ жері болса, оның иесі қайда? Әлде иесі ит мініп, ирек қамшылап бір жаққа кетіп қалған ба? Шерағаңның шиыруына салып айтсақ, міне, мәселе қайда жатыр? «Ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құрып» алғанына көздері әбден жеткен соң, өткен отыз жылдың ширегінде билік бетін сылап-сипап, «ел ішіндегі бұзақылық» деп бағалағанымен, аржағында ұлтаралық-әлеуметтік теңсіздіктерді тудырған бапандай салмағы бар мәселелер бас көтерді. Біз бүгін референдум қарсаңында осындай-осындай жайттарды талқы тезіне салып алуымыз керек.
Бір ғана ұлттан тұратын мемлекеттер қазір ілуде бір. Біз де жан-жақтан тағдыр жетелеп келген жандарды жатырқай бермейміз. Олардың берекеге ұйып, бейбітқатар өмір сүргенін қалаймыз. Әйтсе де, алдағы күндері қабылданатын Ата Заңның кірісіпесі: «Бiз, қазақ ұлты, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген диаспора өкілдерімен бірге...» деп келіп, бұрынғы мәтіннің ары қарай жалғасқаны жөн.
Иә, Конституциямызды өзгертеміз деп іске кіріскен екенбіз, ендеше кірісуді кіріспесөзден бастау керек сияқты. Бұған қалай қарайсыздар?
Пысы: Көктің 1 күнгі есеп бойынша, жан санымыз 19 миллион 178 мың 8 жүз болды. Ал осының 70 пайызы қазақ екені алдымен Тәңірге, сосын қазақтың қаралдасын жасырып отырған билікке мәлім.
Дәурен Қуат
Abai.kz