Сейсенбі, 10 Ақпан 2026
Ақмылтық 238 0 пікір 10 Ақпан, 2026 сағат 14:42

Процедураны қатаң сақтауға шақырамын, Эльвира ханым!

Сурет: ҚР Конституциялық сотының телеграм арнасынан алынды.

Қазақстан Республикасы
Конституциялық Сотының Төрағасы,
Конституциялық комиссияның
төрағасы Э.Ә. Әзімова ханыға!

Құрметті Эльвира Әбілхасымқызы!

Конституция Көктен түспейді!

Конституция Жерден де шықпайды!

Атақты Бұқар жырау Қалқаманұлы бабамыздың атақты өлеңі бар, білесіздер, «Жаманнан жақсы туса да, жақсыдан жаман туса да тартпай қоймас НЕГІЗГЕ!»,-деген!

1993 жылғы Конституцияны жұрттың бәрі мақтайды.

Сол Конституция қайтып келсе екен деп, армандайтындардың қатары өте көп.

Неге?

1993 жылғы Конституция, Бұқар бабам айтқандай, НЕГІЗІ бар және сол негізіне тартқан киелі Контитуция болатын. Амал не, ғұмыры өте қысқа болды…

1995 жылғы Конституцияны елдің бәрі жамандайды, жек көреді. Бар бәле содан басталды деп, тісін қайрайтындардың санында есеп жоқ!

Неге?!

1995 жылғы Конституция — НЕГІЗІНЕН айырылған «шата» Конституция еді.

Міне, содан құтылып, жаңа Конституция қабылдағалы жатырмыз.

Жаңа Конституцияның жобасына жұрттың көңілі толмай, толқып тұр бүгін. Жобаны әзірлеушілер әдемі сөзбен қанша орап, мақтауын Алатаудан асырғанымен, бәрібір, Алаш жұрты қабылдайтын түрі жоқ. Осқырына қарауда!

Неге?!!

Жаңа Конституцияның жобасы НЕГІЗІН таппай, теңселіп, Құрметті Эльвира Әбілхасымқызы, Сізге қарап, жетім баланың күйін кешіп, ЖӘУТЕҢДЕП тұр!

Ендеше, ол НЕГІЗ не?!?

Ол НЕГІЗ – 1991 жылғы 16 желтоқсан күні қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы» конституциялық заң және оның «Осы Заң Қазақ КСР Мемлекеттік егемендігі туралы Декларациямен бірге Республиканың жаңа Конституциясын әзірлеуге НЕГІЗ болады.»,-деген 18-бабы!

Бұқар жырау – жай адам емес!

Ол – Абылай ханның қасында жүрген кемеңгер.

Азаттықтың алғашқы қарлығашы мен Тәуелсіздіктің тұғыры болған «Қазақ Советтiк Социалистiк Республикасының Мемлекеттiк егемендiгi туралы» декларациясы мен «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы» конституциялық заңын қабылдаған топтың ортасында Әбіш Кекілбайұлы болды.

Тәуелсіз Қазақстанның 1993 жылғы тұңғыш Конституциясы қабылданғанда, «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы болып отырған Әбіш Кекілбайұлының  Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі лауазымына келуі – осынау тағдыршешті Құжаттың сапалы шығуының бір себебі екені айтпаса да түсінікті жағдай.

Қысқасы, кеше сол Бұқар жыраудың орнында Әбіш Кекілбайұлы ағамыз жүрсе, бүгін біздің Ерлан Қарин бауырымыз отыр.

Енді отыз, елу, тіпті неше жүздеген жылдар өткенде туған халқыңыз сол Әбіш ағамыз бен Бұқар бабамыз секілді, Сіздерді де сағынышпен, ілтипатпен еске алса екен деп тілеймін!

Енді әуелгі сөзімізге оралсақ, «НЕГІЗ» деген сөздің сол Бұқар жыраудың аузына Құдай салған.

Сондықтан да бұл киелі сөз ғасырлар қойнауында қалып қолмай, міне, бүгін бізге жетті.

Бір сөзбен айтқанда, Бұхар жырау айтқан сол «НЕГІЗ» ұғымы академик Салық Зиманов, Әбіш Кекілбаев бастаған кілең легандалар арқылы, жоғарыда айтылған 18-бапқа еніп, әрбір жаңа Конституцияның табан тірер тиянағы, тұғырына айналып отыр...

Сондықтан, бұл НЕГІЗ – тастай берік НЕГІЗ!!!

Құрметті Эльвира Әбілхасымқызы!

«Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы» заң – Тәуелсіздікті ұстап тұрған Қасиетті заң!

1995 жылғы Конституцияны әзірлеушілер 1993 жылғы Конституцияның бойынан сол «Қазақ Советтiк Социалистiк Республикасының Мемлекеттiк егемендiгi туралы» декларациясы мен «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы» конституциялық заңының НЕГІЗІН сылып тастап еді, Қазақстан адам төзгісіз кесепатқа жолықты.

НЕГІЗ бен ҚАСИЕТТЕН айырылған дүниенің салмағы да, бағасы да болмайды екен, міне, сол бәледен құтылғалы жатырмыз...

Маған сеніп қойыңыз, жаңа Конституцияның жобасы Тәуелсіздіктің тірегі болған осы «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы» конституциялық заңды НЕГІЗ етіп, оның 18-бабының талабын орындаса, бүгін түнеріп отырған қара орман қауым Сіздер әзірлеген жаңа Жобаны қалай қотарыла қолдап шыға келгенін өздері сезбей қалады!

Құрметті Эльвира Әбілхасымқызы!

Сондықтан, Конституциялық Сот жаңа Конституция қабылдаудың ПРОЦЕДУРАСЫН қатаң сақтауы керек!

Ертең Президентімізді ұятқа қалдырамыз!

Конституциялық Соттың да беделі кетеді...

Сондықтан, мен Сізді ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ ҚАБЫЛДАУДЫҢ ПРОЦЕДУРАСЫН ҚАТАҢ САҚТАУҒА шақырамын!!

Сондай-ақ, Сізден осы мәселе бойынша мені жеке қабылдауыңызды сұраймын!

Құрметпен,

Ауыт Мұқибек,

«Құрмет» орденінің иегері

Abai.kz

0 пікір