Бәріміз «жұлдызға» айналсақ, жерде кім қалады?
Мерилин Монро, Фредди Меркьюри, Майкл Джексон, Уитни Хьюстон - әр кезде өмір сүрсе де осы есімдерді ортақтастыратын бір нәрсе бар, ол - жұлдыздық өмірлері мен өлімдері. Атақ-даңқы әлемді бір емес, бірнеше жылдар уысында ұстаған осы тұлғаларды қанша жерден «жұлдыз ауруымен ауырған емес» деп ақтасаңыз да, олардың мезгілсіз өліміне жұлдызды өмірдің қатысы барын жоққа шығара алмайсыз. Жә, бес күндік мына жалғанда кім мәңгілік дерсіз, бірақ біздің айтпағымыз басқа. Бізді үрейлендіретіні - бүгінгі қоғамның жаппай жұлдыз болуға деген ұмтылысы.
Мерилин Монро, Фредди Меркьюри, Майкл Джексон, Уитни Хьюстон - әр кезде өмір сүрсе де осы есімдерді ортақтастыратын бір нәрсе бар, ол - жұлдыздық өмірлері мен өлімдері. Атақ-даңқы әлемді бір емес, бірнеше жылдар уысында ұстаған осы тұлғаларды қанша жерден «жұлдыз ауруымен ауырған емес» деп ақтасаңыз да, олардың мезгілсіз өліміне жұлдызды өмірдің қатысы барын жоққа шығара алмайсыз. Жә, бес күндік мына жалғанда кім мәңгілік дерсіз, бірақ біздің айтпағымыз басқа. Бізді үрейлендіретіні - бүгінгі қоғамның жаппай жұлдыз болуға деген ұмтылысы.
Ең қызығы сол: жалт-жұлт еткен өмірге тек жастар ғана емес, еңбектеген сәбиден еңкейген қарияға дейін құштар. Саналы ғұмырын өнерге арнап, ақ тісі сахнада сарғайған өнерпаздарды бұл топқа қосу қателік, біз бұл жерде қартайғанда «өнер шығарғандар» жайлы айтсақ. Биыл «Еуровидениеде» елді аузына қаратқан - «Бураново әжелері». Бәлкім, олар «мен жұлдызбын» деп шалқақтап жүрмеген де шығар, бірақ мәселе олардың сахнаға шығуға, танылуға, ел алдында жүруге ұмтылғандығында болып тұр ғой. Әдетте баланың орны - үй, бақша, мектеп, ата-анасының қасы, оған берілген ең үлкен сыйлық - балалық. Әрине, «өнер - жастан», ал өнерліні ешкім үйде қамап қоюға қақысы жоқ. Дегенмен бала біткеннің барлығын сәл ыңылдаса, сәл қимылдаса, аздап өлең құрастырса, екі өкпені қолға ала сала сахнаға алып шығуға неге асығамыз осы? Мәселе - осында. Үнемі қолданып жүремін, себебі қатты ұнайтын поляк ақыны Станислав Ежи Лецтің мынадай сөзі бар: «Тағдыр таразысының қайда қарап ауатыны бесіктің қалай тербелуіне байланысты» деген. Яғни жас, жігерлі, талантты болғанымен, бала солқылдақ шыбық секілді, оның ынтасы мен жігерін сахнадан баланың болашағына әлдеқайда тиімді әрі ел болашағына ауадай қажет салаға бағыттауға ата-анасы мен ұстазы, жалпы, қоғамдық ортасының мүмкіндігі бар. Бірақ бізде бүгін осындай тереңінен ойлау аз секілді, «мен әнші боламын» не «мен бизнесмен боламын» деген баланың ар жағында бірдеңе бар ма, оның мүмкіндігі одан жоғары ма, төмен бе, еш ақылға салмастан, сахнаға жетелей жөнелетіндей. Содан баланың сабағы қалады жайына, мұғалімдер көтермелеп баға қоя салады, ата-ана соған мәз. Не үшін мәз, баласының білімінің сол жерде қалғанына ма, оны ұғып жатқандар аз. Мүмкін, біз болашақ ұшқыш, болашақ мықты дәрігер, болашақ мықты математиктерді осылай жоғалтып жатқан шығармыз? Яғни оның дарыны мен мүмкіндігін әнмен ғана шектеп, оның қол шапалақтар мен қошеметтің буына мас болып, «жұлдыз аурынан» айыға алмай қалуына итермелеп жатқан өзіміз шығар? Әйтпесе неге бізде ғалым немесе ұшқыш немесе сол сияқты елге қажет маман болуды армандайтын бала аз? Есесіне, сахна мен телеарналарда - «кептеліс». Бір-біріне жол бермей, бірімен-бірі жарысып жүрген әнші жігіттерді көріп бір әжей «мынаның бәрі топталып алып теледидарда жүр, сонда жұмысты кім істейді?» депті. Расында, ойланарлық жайт.
Парадокс: әнші көп, дамып жатқан эстрада жоқ
Басқасы басқа, кейінгі кездері қазақ неге ән салғыш болып, өз деңгейінің қаншалықты екенін есепке алмай, кәсіби әншілерді қағып өтіп, тек сахнаға, жұлдыз болуға құштар болып алды? Және одан эстарада, жалпы, өнер керемет дамып жатса мейлі ғой. Керісінше қазір киелі өнер сахнасының, Мүсіреповше айтқанда, «Авгийдің ат қорасына» айналғанын өзге емес, кәсіби әншілердің өзі мойындап, тіпті өздерінің әншімін деп айтуға ұялатындарын айтқандар да аз емес.
Жұбаныш ЖЕКСЕНҰЛЫ, әнші:
- Даму секілді көрінетін кері кету бар ғой бізде қазір. Сөзі қазақша болғанымен, әуені бөтен әндер өте көп. Бүгінгі эстраданың проблемасы да сол. Мысалы, дін қанша заманнан бері бар болғанымен, жастарымыздың дәл қазіргідей дінге қатты беріліп кеткен кезі болмаған шығар, сірә. Егер білімді діндар болса бір сәрі ғой, мәселе өзі шалажансар білімділер дінге кірсе, ең қауіптісі сол ма деп қалдым. Музыкадағы бүгінгі жағдай да тура осы секілді. Діни ағымға ерген жастарға ұқсап, жас әншілеріміз де өздерінше бір жаңалық жасағылары келеді, бірақ оған білім мен өрелері жетпейді. Дүбәра әндер, мінеки, осыдан туады. Жаңадан шыққан жас әнші жарқ етіп бірден шетелдік гармонияға бай әннен бастағысы келеді. Бірақ ешқашан олай болмайды, себебі ол үшін до-дан бастап си-ге дейінгі жеті нотаны басынан бастап оқып, меңгеріп шығу қажет.
Бұл - бір, екіншіден, Саят Медеуов сынды ел-жұрттың сүйіп тыңдайтын әншісін білеміз. Жылт-жылт етіп көрінуді аса құп көрмегендігімен, Саятты ел-жұрты қадірлейді, іздеп жүріп тыңдап, жаңа әні шықса, жапа-тармағай тыңдайды. Міне, сол ағамыз бірде күйіне отырып, «сахнаны қазір сатыға айналдырды ғой, кейбіреу өнерге үлесін қосу үшін емес, керісінше, өнер жолын пайдаланып, өзіне әрі қарайғы есіктерге жол ашып алады, үлкен-үлкен адамдарға жақын болудың ең оңай жолын тауып алады» деп айтса керек. Расында, «жұлдыз» болуға барын сала ұмтылған көптің көкейін тескен осы жайт, яғни жеке бастың қамы ма деп қаласың. Әйтпесе бізде әнші көп те, бірақ қазақ эстрадасының кереметтей әлемді дүр сілкіндіріп, мойындатып жатқан ештеңесі жоқ. Мұны біз емес, әлем сахнасын көріп жүрген кәсіби музыкант, талантты тұлғаларымыз айтып жүр.
Айман МҰСАҚОЖАЕВА, ҚР Халық әртісі:
- Біз эстрадамызды уайымдап, эстраданы қолға алуымыз шарт. Себебі, шын мәнінде, ол халықаралық байқауларға шығатын деңгейде емес. Өзім басқаратын оқу орнында мен біраз уақыттан бері осы жағына аса мән беріп, жаңадан оқытушылар шақырып, «қайткен күнде де біз эстрадамыздың сапасын арттырып, деңгейін биіктетуіміз керек» деп талап қойып жатырмын. Себебі бүгінде эстрада саласында, ең біріншіден, жүйелі білім жоқ. Оған деген көзқарас дұрыс емес, жеңіл-желпі қарай салады, содан келіп бүгінде жасыратыны жоқ, сахнаны да, телеарналарымызды да жолдан қосылған әншілер басып кетті.
Әннен де басқа өмірдің мәні бар
Қазіргі қазақ өнерін, «шоу бизнесін» талдап кеткен себебіміз, неліктен қоғамның жаппай ұмтылатындығын ұғу үшін болатын. Иә, қарап тұрсақ, әнші көп, бірақ нағызы қайда соның? «Жер бетінде адам саны көбейіп, адамдықтың азайғаны не сұмдық?» деп ақындарымыздың бірі жырлағандай, әлде сан артқан сайын, сапа кеми түсетіні жазылмаған заңдылық па? Олай болса неге өнерден ала алмай жүрген өшіміз бардай ұмтыламыз келіп? Меніңше, бізге қоғам болып «жұлдыз аурынан» арылатын жол іздеу керек. Осы ретте ең бірінші жол әр адамның білімін арттыруда секілді, тіпті арнайы бағдарлама жасалса да, артықтық етпес еді. Яғни қазіргі заманға аса қажет мамандықтарға грантты көбейтіп, мектеп жасындағы балаларды сол салаларға құштарландыратын бағдарлама түзу керек. Санаға реформа керек, себебі біз, қазақ, баламызды бастық қылғымыз келеді немесе біз үшін бес-алты-ақ мамандық бар: заңгер, экономист, мұғалім, дәрігер деген секілді. Ал қазір заман сұранысында - басқа мамандықтар. Ендеше, ел болып еліре бермей, жаппай «жұлдыз» болуды армандап, қиялмен көкте жүрмей, жерге түсейік. Әйтпесе бәрі кеш болмасына кім кепіл?
Оқшау ой
Ермек ТҰРСЫНОВ: кинорежиссер:
- Айналамдағылардың көбі «мынау жұлдыз» деп сендіргісі келеді, бірақ қанша жерден мақтаса да, маған біздегі жағдай басқаша көрінеді, яғни кіл бұзақыларды бет-бетіне жіберіп, «ойыңа келгенді жасай бер» деген секілді. Содан олардың сөзі де бөлек, әні де бөлек, бізге еш түсініксіз өз тілдері бар. Былайша айтқанда, бүгінгі «жұлдыз» деп жүргендеріміз біздің ғаламшарды жаулап алып, бізді ығыстыруға көшкен жатпланеталықтар сияқты...
Мәриям ӘБСАТТАР
"Алаш айнасы" газеті