Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 1913 0 пікір 12 Қараша, 2012 сағат 06:21

Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)

IV

Күләннің келіп қайтқанын естіген соң Үрімжіге тез жетуге асықтым. Ендігі барлық жол бағдарым, нысана, тиянағым соның айтқан аужайы бойынша белгіленбек қой. Жұрт көзіне Азаттың менімен бірге көрінбей тұра тұруы қажет екендігін, менің алдымен Үрімжіге барып ахуал иелеп қайтуымды үшеуі де құптады. Сонан соң не істейтіндігім, қайда баратындығым жөнінде осы ауылда ақылдаспақ болдық.

Ертеңіне таңертең Әнуар автомобиль жолына бастап апарып, Үрімжіге қайтқан автобусқа шығарып қайтты. Үш күннен соң атымды апарып, мені ертіп келмек.

Үрімжі қатынас бекетіне түстен кейін сағат екіде жетіп, автобустан түсе сала төтелей жөнелдім. Қаланы бұрын екіге бөліп өтетін Үрімжі өзенінің тастақты кең арнасы қабат-қабат салынған ғимараттардың астында қалыпты. Секіргеннен секіріп ілгерілеп, ішкеріден көшіп келушілер көбейгендіктен, тіпті қабатты үйлердің бауырына да ығы-жығы кішкене балшық үйлер салынып, көшелерінің өзі бітеліп қалғандай. Төтелесем де көшеден көшеге бұрылып, біраз айланып жетуге тура келді.

IV

Күләннің келіп қайтқанын естіген соң Үрімжіге тез жетуге асықтым. Ендігі барлық жол бағдарым, нысана, тиянағым соның айтқан аужайы бойынша белгіленбек қой. Жұрт көзіне Азаттың менімен бірге көрінбей тұра тұруы қажет екендігін, менің алдымен Үрімжіге барып ахуал иелеп қайтуымды үшеуі де құптады. Сонан соң не істейтіндігім, қайда баратындығым жөнінде осы ауылда ақылдаспақ болдық.

Ертеңіне таңертең Әнуар автомобиль жолына бастап апарып, Үрімжіге қайтқан автобусқа шығарып қайтты. Үш күннен соң атымды апарып, мені ертіп келмек.

Үрімжі қатынас бекетіне түстен кейін сағат екіде жетіп, автобустан түсе сала төтелей жөнелдім. Қаланы бұрын екіге бөліп өтетін Үрімжі өзенінің тастақты кең арнасы қабат-қабат салынған ғимараттардың астында қалыпты. Секіргеннен секіріп ілгерілеп, ішкеріден көшіп келушілер көбейгендіктен, тіпті қабатты үйлердің бауырына да ығы-жығы кішкене балшық үйлер салынып, көшелерінің өзі бітеліп қалғандай. Төтелесем де көшеден көшеге бұрылып, біраз айланып жетуге тура келді.

Өзіме таныс кішкене темір қақпа сыртынан құлыптаулы екен. Қысқа көше әлі де жым-жырт, ешкім көрінбейді. Рұқсатпен келген жолқағазы бар адам неден қорықпақ. Дуалынан секіріп түсіп, Ақияның үйіне кіріп бардым. Ақия да Ізбасар да жоқ. Қарсы үйінен Құлжанның ыңыранған баяғы дауысы ғана естілді. Тірі өлік жауыма сәлем қарызым бар ма, жолдық пальтоны сыпырып тастап, беті-қолымды жуа бастағанымда «Ақа!... Ақатай!» деп дабыстады Құлжан. Үн қатпадым. «Ақаш, Ақаш! Ақатайым!» Жалынып-жабарынып жауап ала алмаған соң қымырлағандай болды да тақ-тақ еткізіп, қос таяқпен жылжып келе жатқаны білінді.

Мен мәйкішең ғана жуынып-сүртініп, шашымды тарап тұрғанымда есік ашылды. Үнсіз қараса қалдық. Қол-аяғы шидей, қарны тегенедей, көк аязданып ісініп кеткен шұбар бетін алжа-алжа әжім басып алыпты. Менікінен бетер ағарып кеткен сұйық шашы құйыннан қоқсығандай ұйпа-тұйпа. Тарақ та, су да тиіп көрмегендігі әйгіленіп тұр. Салбырап түсіп кеткен көз терісінің астынан өлеусіреген бірдемесі әрең жылтырайды. Қараған сайын бет-аузы дірілдеп-жыбырлап барады.

- Сіз кім? - дегенінде қалтыраған дауысы әрең естілді.

- Мен - Биғабіл!

Екі балдағының жер тірері тақтай еденнен тая бере екпетінен түсті Құлжан.

- Ағатай-ай... Кішкене балам бар ғой, кешір мені, кешір! - Әлсіз шырылдай жалынды. - Кешіріңіз, ағатай, кешіре гөр! Не шартыңыз болса да орындайын!.. Ақияның айтқанынан басқаның бәрін қойғанмын, тәубеге келгенмін!.. Менен қауіптенбеңіз, ар-ұждан алдында ант етейін!

- Ар-ұждан атауынан садаға кет! Сенен қауіптенерлік ештеңем жоқ. Үкіметтің рұқсатымен қайттым! Егер қыңқ етсең «ит басыңды жаншып тастаймын», ұқтың ба?

- Құлдығым бар, ұқтым, құлдығым бар! - Екі балдағына сүйеніп әрең түрегелді де, ілби жүріп шкаф пен асадалдың артына үңіліп ештеңе таба алмай, кереует астына, пеш қуысына көз жүгірте сөйледі. Арақ іздеп жүр екен. - Мені іздеп келгеніңізге құлдығым бар, ағатайым, құлдығым бар!.. Япырай, аман келген қуанышыңызға бір тартып жіберсек... Ақия ұрыспас еді, енді тіпті ұрмайды да... Сен келдің ғой, ол қандай қуанар екен!.. Өзіңіздің сумкаңызда бірер бөтелке бар шығар? Ақатай келгенде екеуміз татуласып, майрағай да тайрағай болып отырайықшы, сіздің кешірімшілдігіңізге...

Ізбасарын жетектеп кіріп келген Ақия маған аңыра қарап тұрып қалды. Көзін сығымдап-сығымдап жіберіп, үңіле түсті.

- Рас сенбісің? - Кемсеңдей сұрап, еңіреп жіберді. - Неге хат жазбадың?.. Тірілігіңнен үмітімді неге үздірдің осынша!

- Үйбай-ау, «сіз» десеңші, Ақатай-ау! - деп қалған Құлжанға Ақия түйіле қарап, иегін жалғыз-ақ көтерді. «Кет, шық» дегені екен. Құлжан еңкең қағып есікке беттеді. Сасқандағы бар жүрісі сол-ақ сияқты. «Өй, белім, белім! Құрып қалғыр, қаншалық асықсам да болмай қалды ғой, ұрмашы, Ақаш, ұрмашы, шығайын дедім ғой міне, міне!..».

Ақия да, Ізбасар да кірпік қақпай маған қарасып қалыпты. Құлжанның қорыққан торайша безейін десе де жүрісін мандыта алмай шыр қағып бара жатқаны құлақтарына да кірмегендей, телміре қарасады маған. Тегі, бұл екеуінің сезіміне Құлжанның бұл құлшылық әрекеті үйреншікті әдетке айналып қалған сияқты. Ал, менің көзім соншалық аянышты халге түскен жауымнан айырылар емес. Құлжан табалдырықтан өте қалбарақтап, есікті қатты жабысымен мойныма Ақия асыла кетті де, есіре-далұра сүйді. Егіле сөйледі.

- Тірі екеніңді неге білдірмедің, мені неге аямадың?.. Хат жазбасаң да, Үрімжіге келгендерден неге сәлем айтпадың!

Тағы да сол өлді деген хабар бойынша Ақияның менен үміт үзіп қалғандай, сол торығу арқылы үлкен өкінішті іс істеп қойғандай бір жағдайын осы сөздерінен сезе бастап едім. Сағынышты құшақтар жабысқанда алдымен құрсағының тірелуі сол сезігімді растай түсті. Бірақ, семіріп қазыланған құрсақтың да осылай тиетіндігін Шаярдағы «Бүбіден» көргендігім, сезік пен күдікке тойтарыс айтқандай болды. Ақиядан құшағымды жазып, маған әлі де қадала қарап тұрған Ізбасарға ұмтылып барып, көтеріп алдым. Ақия сонда ғана ес жиып, әке мен баланы таныстырмағандығын ескерді:

- Ізбасар, жаным, ботам, әкеңді таныдың ба?.. Өз әкең!.. Өз әкең!..

- Ақияш, ақырын сөйле, сайтаның есік сыртынан тыңдап тұрған шығар!

- Мейлі, өле қалсын! - дей салды Ақия дабыстап. - Есік-терезеден тыңдаса өлетіндігін ұқтырып қойғанмын!... Мынауың қалай екен, кішкене кезіндегі Асқарыңнан аумайтын шығар? - деп Ізбасар екеумізге кезек қарай берді сонсоң. Күрсіне берді өзі. Қабағында ауыр мұң бары байқала түсті. Сүйе бердім Ізбасарды.

- Дәл сонымның өзі!.. Маңдайы, көзі де!.. Маңдайы, шашындағы орайы - бәрі де...

Көзіне іркілген тұп-тұнық жасын қолымен қаға сала күлімдеген болды Ақия.

- Ал, сүйінші бер өзің!

- Ал, ал, барымды ал!

- Барыңды беруден енді кеткеніңді... кететініңді түсінемін!.. Мақпалың түгіл, Күләніңе теңгермейтініңді айтқансың ғой!.. Сонда да... аман қайтқаныңа қаншалық қуанышты екендігімді түсінерсің... мінеки, енді Ізбасарымның да әкесі тірі!..

- Менен сүйінші сұраған хабарың осы ма?

- Жоға! - деді де күліп жіберіп, шай жасады. - Күләніңнің өзі келіп қайтты. Ап-аман, денсаулығы қалпында, Құлжа ауданының өзінде тұрады екен. Онда барған соң атын Гүлбануға өзгертіпті. Ал, Мақпал мен Асқарды дәл өзің мөлшерлегендей 62-ші жылдың бас кезінде Шәуешек автобусына жолхатпен Санжыдан отырғызып жөнелтіпті. Үлкен үймен бірге аман-есен ары өтіп кеткенін де біледі екен!:..

- Күлән осында өз үйіңе келді ме?

- Менің қазіргі ахуалымды Айтолқыннан естіген соң келді. Айтолқын апай сенен ана жылы маған «келді» делінген хатты оқып көргендігін де айтыпты... Күлән Ізбасарыңды танып қойды. Көз жасын ағыта отырып көп сүйді бетінен. Мен ұялғандығымнан оған бар шындығымды ірікпей айттым. Осында үш қонды...

- Мына Құлжаның көрді ме оны?

- Көргенімен не келеді қолынан. Қайда тұрып, қайдан келгенін білмейді. Өзіне қарап тыжырынып тұрған Күләннің жүзіне де қарай алмады.

- Ал, сен екеуміздің мұндай байланысымызға Күлән не айтты?

- Ізбасарды көріп жылағаны болмаса, қарсылық та, құптайтын да шырай байқатпады. Мен оған, Құлжаннан кек алу үшін және ұрпақсыз қалатындығымды айтып, саған жылағандығым үшін осылай болып қалғанымызды жасырмай айттым. Мұным ешқандай қиянат емес, Мақпалдың өзіне де осыны айтар едім!

- Күләннің «Биғабіл осында қайта орала қалса айт» деп маған қалдырған сәлемі бар ма?

- Бар, - деп күрсінді Ақия. - Адресін Гүлбану атымен анықтап жазып беріп кетті. «Келе қалса Биғанға менің мына сәлемімді айт, Мақпалы оны өмір бойы күтетіндігіне ант етіп кеткен. Биған шекарадан өтер шағында маған бір жолықпай кетпесін, біз ол өтетін ең қолайлы шекараның дәл түбіндеміз!» деді. «Осы сәлемімді ұмытпай жеткіз!» деп қоштасар шағында тапсырды маған...

Ақия менімен осылай әңгімелесе отырып, екі шыны ғана шай ішті. Ізбасарының құлағына бірдеме деп сыбырлап, алдыма отырғызды да, қол боқшасын алып шығып кетті.

- Апаң не айтты? - деп сұрадым ұлымнан.

- Қарсы үйдегі иттің қасына барма! - деді.

- Ол иттің аты кім, білесің бе?

- Білемін, оның аты ит. Оның қасына жақындама деді апам, қауып алады дейді.

Күліп жіберіп, Ақияның үйретіндісін мен де құптадым.

- Апаң рас айтады. Бұл ит саған жақындаса қашып кет!

- Бірақ мені жақсы көреді ғой өзі?

- Өтірік жақсы көреді. Бұл ит аса алдамшы ит, ырылдамай қабады. Мені де жақсы көретіндігін айтып жүріп, аямай қапқан болатын!

- Құмар ағам да осындай айтты маған, оны да қауып алыпты ғой!

- Құмар ағаң мұнда келді ме?

- Келді, көп келетін болды... Маған ойыншық әкеліп береді. Әдемі киім де әкеліп береді. Мына киімімді сол әкеліп берген. Жақсы, ие, жан қалтасы көп, гүлі де әдемі, қарашы өзің!

- Құмар ағаң апаңмен не сөйлеседі?

- Сенің атың Биғабіл ма, әке?.. Құмар ағам сені көп айтады. Менің бетімнен көп сүйеді, кішкене Биғабіл дейді. Апамды да көп сүйеді...

- Екеуің не сөйлесіп отырсыңдар? - деп қатты күле кірді Ақия. Мен орнымнан түрегеліп, қос қолымды соза бердім.

- Құттықтаймын сені, Ақияш!

- Енді құттықтамай-ақ қой, - деп күрсінді Ақия. - Ол екеуміз алғаш уәделескенде құттықтап едің, не көрмедік онан соң!... Сен тағы құттықтасаң, менің үстіме тағы бір хотын алар! - Екеуміз қатар күлдік.

- Сен, өзіңді қорқытатын тағы бір Құлжанға тиіп кетсең, ол әрине тағы бір шөкен таппай қоя ма!

- Менің неліктен қорыққанымды, онан соң қайтпегімді сұрап білсе болмас па еді? «Жасырын сөйлесіп ақыл қоссақ!» деп те сәлем айттым. Айтқан жеріме келмеді. Менің пікірімді естіген соң, егер қабылдамаса сонан соң да бір жезөкше табылмас па еді оған?!

- Ол шақта сенімен сөйлесуден жүрегі таудай Күлән мен Мақпал да қорқады екен ғой! Ал, жер аударылып кеткен, режимдегі Құмар қайтып сөйлеспек!

- Осылай жеңесіңдер ғой!.. Ол да осылай жеңген соң мен сенімен байланысып қалғанымды айтып, Ізбасарыңды куә қып тартып едім. «Менен кегіңді алыпсың ғой, болды енді, кешір!» деп күліп отырып алды. Сонан соң...

- Ие, сонан соңғыны біліп болдым. Оған да бір Ізбасар тауып беруге кірісіпсің.

- Жоқ, тоса тұр!.. Сонан соң Ізбасарыңды тірі жетім етпеу үшін жанамаң болсам да сені күтетіндігімді айтып тоқтатып қойғанмын. Ол тілегіме кесір болған, сенің кейінгі өлген хабарыңа сеніп кетуім болды. Құмар тағы келіп менімен бірге жыласты да, Ізбасарды құшағына алып отырып, тірі күнімде саған жетімдік көрсетпеспін деп бетінен сүйді. Осы уәдесі бойынша қайта жарастық. Менің оған ендігі қоятын шартым осы ғана болып қалған. Құлжанды көшеде арақтан өлген етіп, сен үшін аза малы ретінде союға келістік!

Ақия қазанға тамақ асып қойып келіп, маған құрт-ірімшік пен арақ құйғанда өзінің арақ ішпегендігінен, құрсағы жөніндегі сезгенім расқа шыға келді. Ол жөніндегі күлкі мен қалжыңнан мүлде тыйдым өзімді. Құмармен екеуінің зор ақылмен қайта табысқандығын қуанышпен қарсы алатындығымды айтып іштім.

- Әркімге бір тиіп, екі достан да бала тапқандай, былапыт әйелге айланғанымнан қорлансам да, -Ақия жылап жіберіп, көз жасын сүрте жалғастырды сөзін. - Әйтеуір, бұрын сүйіп табысып некеленген адамым ғой! Және мынауыма өз әкесін іздетпейтіні белгілі болды! Артынан ойлап көрсем, осыным дұрыс сияқты. Дұрыс болатыны, сені Мақпал күтіп отырғанда, Күләндай қасиет иесі болған әйел күндіз-түні тілеуіңді тілеп жүргенде... тірі келсең де Ізбасар екеуміздің көлденең тұра қалғанымыз келіспейді екен!

- Ақылдарың абзал болыпты, Ақияш! Қайтадан бұл табысуларың маған да қуаныш болды. Дүниедегі өзім жақсы көретін әйелдерді түгел жар етіп ала берсем, менің кім болатындығымды да ойлапсың!.. Мына Ізбасарыңды өгейсітпейтін, өзің бөтенсімейтін, бұрынғы сүйгеніңді қайта тапқаның, қандай жақсы болған! - Көзімнен қос тамшы ыршытып жіберіп, ұлымды құшақтап сүйе бердім. - Сен Құмардан басқа тағы біреуге тиетін болсаң, мынауымнан алаңдайтын едім!

- Сенің бізді де қимай қиналатыңыңды білгенмін! - деп Ақия да көзін сүртті.

- Сен өзіңді «әркіммін» деп қорланба, Ақияш, ойыңа алма мұндай сөзді! Құмарды кіршіксіз сүй! Бұл Құмардан да, сенен де, менен де өтілген қылмыс емес, мына аспан жендеттерінің қылмысы екендігі айқын ғой! Зорланып айырылысып, жиырма жыл нақақ жазаланған, зарыққан бізге жұртшылық ондай айып тақпайды!.. Ал, әлгі дәу жендет... Мақұлбек сол беті өлді ме?

- Жоқ, бауырымен жорғалайтын жануардың бірі болып қайта тірілді. Қазір панасыз. Алтынгүл тастап кеткен. Әкесінің Құтыбидағы бір досы бағуға әкетті деп естіп едік, қазір көбінше көшеге түнейді екен.

- Сенің мына Құлжаныңнан да күні төмен деші, өстіп тірі қалғаны да дұрыс бопты!

- Мына жендеттің көргілікті тірі көргені жақсы деген сенің пікірің бойынша бағамын деп зерігіп болдым! - деді Ақия. - Түнеукүні бір түнде есігіміз ашық қалған екен. Таяғын ептеп тықылдатып осы үйге кіргенінде ояндым. Қолында пышақ бар екен. Әрең тартып алдым!

- Олай болса, қаны қарайып, шегіне жеткені ғой!.. Үшеуіңнің біріңді оқыс етпей тұрғанында, қазір-ақ жайлай салайын ба! Арақпен сілейтемін де, бір көшеге апарып тастай саламын!

- Сен жол жүресің ғой, кесір болмасын. Мұның ажалын Құмар көрінбей жүріп, көшеге шыққанында кездестірмек, тұра тұрсын!..

- Гүлниса мен Сәйда түрмеден шықты ма? - деп сұрадым сонан соң.

- Жоқ, әлі жатыр деп естимін. Әлібек ағай да шықпады. Онымен қатарлас түрмеленген құқық иелерінен ешкім шығарылмай жатыр. Айтпақтайын, сенімен ана жылы бірге келген Тоқты Басит ұрлықты мүлде кәсіпке айналдырып, бірнеше жанкешті ұрымен бірлесіп алған екен. Қолға түскеннен кейін бір жылдан соң атылды. Ұрлап жоғалтқан нәрселері адам шошырлықтай көп екен!

Бұл хабарға ашынып, үнсіз отырып қалыппын. Ақия Ләтипа апай жөнінде сөйлеп кетті: оны Ақия Тарым майданында Биғабілмен бірге болған деп естігені бойынша іздеп тауып танысыпты. Ері кесімді мүддетін бітіріп түрмеден шығысымен, Шанхайға қайтадан жүріп кету үшін Түркия паспортын алып қойған екен. Ері түрмеден осы жазғытұрым шығысымен ерте жөнеліпті. Ақия бұл жөнінде сөйлеп бола бергенде сұрадым.

- Жаубасардың қайда екендігін білесің бе?

- Ол 62-ші жылдан соң Іле облысының басшылық қызметіне тағайындалған екен.  Кейін әпербақан солшылдығын қойып, тәубаға келіп қалыпты деп естіп едік. Былтырдан бері аса жаман ауруға тап болыпты. Қан рагы дейді. Қанын түгел ауыстырып, таза қанмен толықтырса да болмай асқынып, бүкіл денесі шіріп бара жатқан сияқты. Тері тесіктерінен қанды ірің шыпылдап шығып тұрады екен. Өледі десіп жүр. Қазір Үрімжіде ауруханада жатыр дейді.

Жаубасардың бұл халінен сүйініш те, күйініш те сезінбей ауыр күрсіндім. Кімнің ісі дұрыс екендігін сау кезінде көзіне сұға көрсетіп, өз жолыммен кек алсам, қапалығым жеңілдер еді ғой!..

Ақия екеуміз Ізбасарды ортаға алып, кезек сүйе жатып әңгімелестік. Ана жылғыдай қойындасуды ойымызға да алмайтындай, өткен-кеткен әңгімеге ойыса бердік. Ондағы бал жаласқан ашына енді келінге айнала қалмады ма? Оған Құлжанды сүздіруім есіме түсе қалғанда күліп жіберемін. Неге күлетінімді Ақия да сезе қойып сықылықтады.

- Құмар саған Құлжанды сүздірмеді ме? - деп сұрадым бір орайы келгенде.

- Құлжан мені оның некелі қойнынан суырып алып әйелденгенде, енді Құмар сүздірмей қоймақ па, ха-ха-ха-һа-һа...а.., ол тіпті, ашықтан-ашық сөйлеп жатып сүздірді!.. Бұл істеріміз, қайта оралмас, және басқа адамның басына түспегір комедия ғой! - деп күрсінді Ақия. - Оған сен екеуміздің қалай байланысып қалғандығымызды түгел айтсам да, бұл комедиямызды жасырдым. Оған сен де айтпай-ақ қой!.. Кек алу демесек, сондағы өзің айтқандай, адам қорланатын іс қой!

- Басқасының бәрін айттым дейсің бе?

- Ие, Құлжандай иттен бала көргім келмегені, Ізбасарды сенен, көз жасымды төгіп отырып өтініп алғаным рас емес пе!.. Құлжан мен Құмардың өзінен кегімді осылай алғым келгені де рас болатын. Некелі ерім басқа әйелмен үйленіп кеткен соң, соның өзі сияқты нағыз адамнан бала туғаным қате болмақ па!.. Мұны өзі де әділет жолымен, шындығымен мойындап күлді.

- Ол әлі де Тоқсында ма?... Қашан келер екен?

- Ертең келіп қалар. Анау бұзық әйеліне осы жолы «талақ қатын» беріп қайтпақ болып кеткен. Араларынан бір бала туа салып өліпті. Ал, ол әйелдің өзіне обал жоқ екен, себебін толық, өзінен естірсің.

«Өтер іс өтті, - күрсіне ойландым ішімнен. -Онымызда бізге таңылатын қылмыс жоқ делік. Әз досыма енділікте күмән тудырып қойсам, нағыз қылмыс сол болмақ. Айнадай тұнық жүрегіне қара көлеңке түсірсем, ендігі тұрмысына да түн орнамай ма!»

- Ақияш, мен ертең қонақ үйге барып жата тұрайын. Алдыларыңдағы некелі тұрмыстарыңа көлеңке түсірмеу үшін, Құмарға енді бұл үйден көрінбеуім дұрыс! - дедім сол оймен.

- Жоқ, ендігі тұрмысымызға ешқандай көлеңке түсірмеуге ант етіскенбіз. Сенімен аман көрісуді өзі де қатты аңсап жүр. Осында тұра бер, жасырынба! Ендігі ең жақын, ең адал досыңның үйі болсын!.. Жалғыз-ақ, Құлжан көшеде өлетін шақтың алды-артында Құмар екеуің де бұл маңайдан көрінбейтін боласыңдар!..

Ақылдаса келе ертеңіне жер астындағы үйге орналастым. Төсеніш орын, азық-түлік түгелімен сонда көшірілді. Сол күннің түн ортасы ауа бере кілеттегі темір қақпақ ашылды да, біреудің түсіп келе жатқаны естілді.

- Қайдасың, Биға, қайдасың? - деген Құмардың үнін тани қойып, шырақ жағып түрегелдім.

- Мұнда, мұнда!..

- Құшақтаса түстік. Май шырақтың дірілдеген ала сәулесінде бір-біріміздің аппақ шашымызды сыласып, иықтан, арқадан қағысып алып, қайта құшақтастық. Үн де жоқ. Қалшылдаған-дірілдеген құшақтарымыздан ғана жыласып тұрғанымыз, жыласқанда да жай емес, іштен езіліп-егіле, еңірей көрісіп тұрғанымыз белгілі...

- Болды енді, сабыр етіңдер! - деген Ақияның үні естілгенде жалт қарастық. Ақия Құмардың соңынан келіп, бірге жыласып тұр екен. - Сен екеуің аман көрістіңдер ғой, қойыңдар енді!

- Өй, Ақия, Ізбасарға анау шошқаң, - Құмар сөз соңын түсіре алмай солқылдады.

- Есігін құлыптап келдім! - деді Ақия.

Ақия кішкене столға дастарқан жасап, шай құйды да шығып кетті. Құмар екеуміз отыра қалып күлістік. Көз дегенің бұлаудай.

- Қаншалық тергелсем де ешқандай қылмысқа мойындамай келіп едім, Құмаш, - деп күрсіне сөйледім мен. - Сенің алдыңда мойындарлық бір қылмыссымақты, 70-ші жылдың қысында осында келіп таптым. Ол шақтағы Ақия екеуміздің жағдайымыз да ол қылмыс саналу түгіл кемшілік те емес, жеңісіміз болып есептеліп еді. Сені Тоқсыннан үйленіп алыпты деп Ақияның төккен көз жасына, Құлжанда қалған кегімізге-намысымызға шыдамағандықтан тапқанмын!.. Жау қолына өтіп кеткен Ақияға сенің қайтып келетініңді кім ойлаған!.. Саған опасыздық істемек ниетім жоқ еді, кешір!

- Түсінгенмін, толық түсінік тапқанмын!... Ол жайттерің қылмыс емес, ар-ұжданы күшті намыскер адамдардың ортақ жауына өштігінен туылған  жауынгерлік іс. Екеуіңде де маған қастық ниет жоқ! Егер осы бала Құлжаннан пайда болса, Ақиямен қайтадан келісуімнің мүмкіндігі жоқ еді. Ізбасар - сенің де менің де ізбасарым, алалығы жоқ, адал баламыз!

- Ал, кейінгі алған әйеліңнен қалай ажырастың, соны айтшы!

- Ол әйел, бір көрмеге сұлу шөкен еді, - деп бастады Құмар әңгімесін. - Тоқсынның бір коммунасында режим астында істеуге түскенімнен соң, әтірет кадрлары қалпағыма қарамай жақындасып, диктатура жүргізбей, кең ұстайтын болып қалған. Сол шақта бір ерден шыққан шөкен, жалт-жұлт етіп, менен көзін айырмайтын болып жүрді. Ақия Құлжанмен некеленіп алғанын естіген соң мен де көз тіктім оған. Ақияның дертінен сол ғана құтқаратындай көріне берді. Кезі келген бір іңірде алып соқтым. Сөйтіп екі-үш күн өткен соң уәделестік. Зуһыра мен Ләйлінің өзі бола қалды. Менің жолымда өлетіндігіне дейін айтты. Басшымыздың рұқсатымен неке қағаз алып, шекілдеуік-бұршақпен[1] той істедік.

Шөкенім жасану мен безенудің әке-бабасын тойдан соң көрсетті. «Алтын сырға!», «меруерт алқа!», «жақұт жүзік!» деп қыңқылдап жүріп, қарыздандыра берді. Ол кезде құба төбел киінуді жақтап, «буржуйша безену» мен «төртке көнелікке» қарсы ұран көтеріліп тұрғандықтан, мен қорықсам да ол қорықпады. Жібектен-жібек, дүрдіннен-дүрдін болып өрлей жөнелді. Қып-қызыл болып жасанып алып, ал қыдыр сонсоң. «Әкемнің досының үйіне», «басқа байға тиіп кеткен шешемнің үйіне», «әпкемнің үйіне», «нағашымның үйіне», «бөлемнің үйіне», «бөлемнің жиенінің үйіне» деп әр күні жолаушы болды да жүрді. Іздеп барсам, бірде қалың жүгері арасынан, берде шекілдеуік арасынан, қайдағы шытырманнан шығады. Тәрбиеме көнбейтіндігі көрінген соң, түбінде бір шатақ шығарын біліп, тізімдеп жүрдім де, әкесіне, әтірет бастығына айттым. Келіншегім олардан сын-пікір естіп келген күні маған шаңқылдайтын болды. «Мен үйде жалғыз отырудан зерікпеймін бе!», «Мені көне заманның помдарынша[2] қамап қою үшін алып па едің!», «Біліп қой, мен төмен орта диқанның, төңкерісші таптың қызымын!», «Сен біздің бақылауымызда өзгеруге келген кері төңкерісші элементсің! Сен мені бақылай алмайсың, сені бақылау құқығы менде!», «Сені мен өзгертемін, сенің мені шектеу құқығың жоқ!» деген саясатқа сая берді тілі. Сөйтіп жүріп, бір қыз тапты да, көтере жүріп кезіп, үш айға жеткізбей өлтірді. Қол-аяғын солай жеңілдетіп алып, онан сайын жортты. «Ақия» деп қалғанымда көзімнен жас ыршитын, шексіз сорлы халге түстім. Үкімет саясатын өзінің жезөкшелігіне пайдаланған «сүйіктіме» өзім диктатура астында жүріп, не дауа айтармын. Айырылысудан басқа амал жоқ екен.

- Хұп, диктатураңа қарсылығым жоқ. Бірақ, сен менен шекараңды айыр, қалпағы бар адамға бекер тиіп қалыпсың. Бүгіннен бастап ажырастық!» деп үйден шығып жөнеле беріп едім. Етегімнен ала түсті. - Мен «төңкерісшілердің» диктатурасына бағынсам да, жезөкшенің диктатурасына бағынбаймын!» деп қағып тастап шығып кетіп, әтірет штабына бардым да, осы пікірімді баяндадым.

- Төңкерісшіге жезөкше деп жала жабатын ақың жоқ! - деп ақырды біреуі. Шөкенімнің қай күні кіммен байланысқанын жазып жүрген тізімімді ұстата салдым.

Жасы егде тартқан әтірет бастығы тізімді ол жігіттен алып көрді де, өз столының тартпасына тықты. Тексеріп көретіндігін, егер жала болса өзімді жазалайтындығын айтып, салт тұрған қалпақтылардың жатағына апарып жатқызды.

Екі-үш күн өткен соң шөкенімнің тәубаға келгенін айтқан әтірет бастығы үйіме қайтуды бұйырды. «Мен ислам дініндегі адаммын. Арамданған хотынның қасына жата алмаймын!» деп дау айттым. Бұл даудан өзі жеңіліп шықты. Содан бастап хотынның өзі келіп жылайтын болды маған. Жұмыс үстінде де, жатақтарда еңіреп тәубасын үйіре берді де, молда шақырып, некемізді қайта қидырып, адалданып қосылатындығын айтты. Қайта некеленіп, қайта той жасауға ақшам жоқтығын айтып, бармай қойып едім. Шығынты өзі шығармақ болды.

Алтын жүзік, алқа-сырға сатып алып қарыздандырып болған «сүйіктім» сол безенумен-ақ базарын кеңейтіп, көп сомма жиып ала қойған екен. Сонысын біліп алған соң бұл той шығынын әдейілеп молайтып шығындандырдым. Сөйтіп, қайтадан жарастық. Мені өз адалдығына сендіру үшін ғұсыл құйынып жуынып, намаз оқып жүрді. Өзінің «діншілдігіне» қарап, екінші некеленуден соңғы адалдығына мен де сеніп қалыппын. Күндіз жұмысқа кеткенімде саудасын үйде жүргізгенін сезбеппін. Диктаторым сол табысынан бір күні маған жүз юан ақша беріп, қарызымнан біртіндеп құтыла беруге бұйырды. Ішімнен сезсем де, берген ақшасын алып, қарызымның біразынан құтылып қайтып едім. Соның түнінде бауырыма кіріп алып үгіттеуге кірісті. Мені «кертартпалықтан» құтқарып, идеямды түзетпек екен.

«Қазіргі күнде ер мен әйел тең құқықты ғой. Қалпағың болса да мен саған тиіп, әр күні әйелің болып жүрмін. Үкімет бермеген құқықты мен бердім. Оным, сені сүйгендігім. Осы жақсылығымды ұмытпақпысың, маған сен де құқық бер!» деді.

- Менен енді қандай құқық сұрайсың?

- Жүріп-тұру құқығы!.. Өзің ойлап көрші, мен сені қайда бардың, қайда болдың деп тергемеймін ғой. Мені сен де тергеме, ер мен әйел теңдігі деген осы!

- Осы пікіріңді ашық айтшы!.. Сенің қақылы жүріс-тұрысыңды шектеген жерім бар ма?

- Ғажап бір дүт[3] адам екенсіз! Үнемі маған ғана қарап отыр, басқа ешкіммен байланыспа десеңіз, қандай әйел зерікпейді сізден!

- Сонда сенің талабың, басқа еркектермен де байланысуыма құқық бер деген талап болды ғой, солай ма?

- Солай болғанда да былай: екеуміз некелі ер-әйелміз, махаббат деген осы. Осындай махаббатымыз болған соң неден қорқасыз. Менің басқалармен де ойнап, қаражат тауып тұруыма тосқындық қылма, мұндай ойнаудың сізге де ешқандай зияны жоқ екендігін көрдіңіз ғой! Мұнан соң қайда жүрсем де тергемейтін болыңыз, ол жүріс, менің өз құқығым. Кеште сіздің өз қасыңызда болған соң жетпей ме сол!

Мен намыстан булығып, не дерімді білмей қалдым да, басымды көтеріп, дәл осы сөздерінің өзін жазуға кірістім. Ол қузай түсті мені.

- Солай болсын, мақұл ма? Енді түсінген шығарсыз?.. Менің сізден зерікпеуім үшін де жақсы, солай емес пе!.. Сөйлесеңші!

- Менен зеріксең, басқа біреумен некеленуіңе рұқсат, неке еркіндігің бар. Менен ендігі талап ететін құқығың осы ғана. Ал, басқадай арам жүрісіңе рұқсат жоқ! Өз әйелім тұрғанда менің де басқа әйелмен жүретін құқығым жоқ қой!..

- Өй, мақау, сен де басқа әйелмен жүрсең, кім тосты бұл құқығыңды! Жалғыз-ақ ақша шығармай, пәммен ойнасаң болғаны!

- Ей, жәлап, - дегенімде дауысым қаттырақ шығып кетті. - Екеуміз бір үйде ерлі-зайыпты болып тұрып басқалармен шатысамыз деп некеленіп пе едік! Бұл айтып отырғаның адамзаттың махаббаты емес, хайуандардың байланысы. Айтпа мұндай сөзді маған!... Ей, өзің адамнан туғанбысың, есектен бе?

- Өй, дадам, ой, анам! Мына кері төңкерісшінің тілін.. мен емес, сен есек, кері төңкерісші сен! Сендей қалендермен бірге тұра алмайды екенмін! -Осылай бұрқырап жүріп киім-кешек, жылтырар керек-жарағын жиыстырды. - Маған ақша керек, басқаларға ұқшайтын, жақсырақ тұрмыс керек! Мен саған соны ғана айттым. Кәсіпсіз-ақшасыз әйел не күн көрмек, сенің бетіңе қарап қана отыруым керек екен да! Мә, ендеше саған! - Шапалақпен бетіме тартып жіберді «сүйіктім». -Түкірдім сенің еркек болғаныңа! - дей сала шығып жүре берді. Түн қараңғы еді. Соңынан көрінбей еріп, төркінінің қақпасына аман кіргізіп салып қайттым.

Ертеңіне әтірет бастығын жеке шығарып алып, болған ахуалды түгел баяндап шықтым.

- Сіз де еркек адамсыз ғой, дүйжаң, өз әйеліңіз осындай талап қоя ма сізге?

- Олай деме, олай деме! Құдайым жүзін ары қылсын ондай әйелдің! Ондай әйелге біз кеңшілік ете алмаймыз!... Ал, өзің не талап қоймақсың маған?

- Осы пәледен мені құтқарыңыз, қамқорлығыңызға мәңгі борыштар болайын!

- Мақұл, мақұл! Ажырасу туралы коммуна басшылығына арыз жазып, маған беріп қой!..

Осыдан бастап әтірет бастығы қолынан келер жақсылығын менен аямайтын болды. Маған  қайта келіп жараспақ болған жезөкшеге өзі ақырып, қуып тастайды. «Әтіретіміздің, бүкіл ұйғыр әйелдерінің намысын былғап болдың!.. Сенің аузыңнан шыққан сасықты басқа әйелдер иіскемесін, жоғал, көзіме көрінбе!» деп қуалайды. Осы жолы барсам, некемізді мүлде айырып қойыпты.

Биылғы жыл басынан бері сол дүйжаңның қамқорлығымен Үрімжіге жиы келіп тұрдым. Жалақор жендеттерден Ақиядай кек алған ешкім жоқ екен. Менен өзін қорқытып айырғандығы үшін Құлжанды өлтірмей тынбайтындығына ант етіпті. Оны құсадан өлсін деп, қазірге дейін не қилы жазаның бәрін қолданып жүр. Бізге опасыздық істегені, сыртқы көрінісі үшін ғана болыпты. Мұның Құлжанға берілер шағында мені көрісуге шақырғаны, осы сырын айту үшін екен. Сонда бір көрінбей қоюым, менің зор қателігім болып қалды. Қазір менің алдымда Ақияның образы теңдессіз жоғары. Қаншалық зарығып, қаншалық қиналса да, сабыр сақтап күтіп, тұңғыш баласын басқадан емес, мен сияқты адамнан сенен көруінің өзі де соншалық сүйіндірді мені!..

Құмар осылай сөйлеп отырғанда, Ақия тағы да білдірмей келіп, қараңғы корридорда тыңдап тұрыпты.

- Ендігі қалған өмірімде өзіңнің адал күңің болып қана өтермін, Құмаш! - деп қалғанында бір-ақ білдік. Оның сыртқа қайта шығып кеткені естілді де, аздан соң. - Мынаны алып жіберші! - деп дабыстады құдық аузынан. Құмар барып, буы бұрқыраған бір табақ ет алып кірді де, соңынан Ақия екі бөтелке әкеліп, кішкене столдың шетіне отыра сөйледі. - Құмар екеуміздің екінші тойымыз, осы таң алдында, осы зынданда, Биқаңның алдында өтілсе, ұмытылмас той болар деген оймен асығыста дайындай алғаным осы ғана! - деп күлді. Құмар бірге күліп, екеумізге арақ құйды да, Ақияның өз ишарасы бойынша оған сыра құйып, алдына қоя сөйледі.

- Сенің жаңағы антыңа мына Биғаңның алдында мен де антпен жауап берейін. Ендігі қалған өмірімде сенің ғана адал құлың болып өтермін, Ақияш!...

Бұл тостты қайта некеленуші екеуінің анттары үшін көтеріскен соң, екінші тостта құттықтау сөзін мен сөйлеуім шарт болды.

- Құлдық пен күңдікке қарсылық жөнінен екеуің бұл маңдағы маңдай алды азаматтарымыздан едіңдер, - деп күрсіндім мен. - Ал, бұл анттарың бір-біріңе ұзақ жылдар зар болып, ұзақ жалындаған жүректеріңнен қайнап шыққан анттар екендігі түсінікті. Айырамын, құлданамын, әйелденемін деп араларыңа кірген жауларыңның өзі осы ұзақ жылдар бойына табандарыңның астында құл болайын деп те бола алмай жатыр! Жеңіс сендердікі!. Өлімді жеңген махаббат деген осы!.. Көргілікті бізше көріп келе жатқан бір ақынның жаңа дастанындағы мына тұжырым - бізге де лайық тұжырым:

Қайтпайтын нағыз, салсаң да тасқа,

Алмасқа қанық ақ семсер ұқсас,

Көп батқан жүрек улы ыстық жасқа

Жауса да қаһар айнымас, ықпас

 

Бұл сынды саналы махаббаттарыңды шексіз ықыласпен құттықтаймын, достар!

Осы сөзбен көтерілген тостты жұбайлар елжірей қарасып алып, құшырлана жұтты....

Құмар екеуміз таң бозарғанда айырылысып, бір-екі сағат қана ұйықтадық та, сол үңгірде қайтадан бас қосып, кешке дейін әңгіме шертістік. Қоштасар уақытымызға аз қалғандықтан Ізбасарды да түсіріп әкеліп, аймалай отырып сөйлестік.

Әнуар әкелген аттарын қала шетіндегі бір үйге қалдырып келіп, Ақияны қақпадан шақырып хабарлап кеткен екен. Ымырт жабылысымен жөнелдім.

Ауылға таң ата жетіп, ұйқыдан ел оянбай, жат адамға көрінбей, Әнуардың өз үйіне түстік. Тағы да екі сағаттай ғана ұйықтап ояныппын. Омар мен Азат келген соң қайта ұйықтай алмадым. Күләннің өз қолымен жазылған айқын адресін тауып келуім де оның арт жағындағы жап-жақын жерден - өз отанымнан Мақпалым елестеп, нөсерлі бұлттан ашылған аспандай кең ойлы көзін менен айырмай қарап отыруы да сабыр-тағатымды тауысып, ұйқы келтірер емес. Жүрер жолымның жағдайын үш достан сұрап анықтап алған соң, салмағымды бұларға сала беруді де артық көріп, мұнан соңғы жол жоспарымды өзім сөйлеп тұжырдым. Сонда да, жанқұралды азат Құтыбидің желкесіне дейін бастап апарып, жол көрсетіп қайтпақ болды.

Әнуардың сойғызған қонақасы қойы түстік болып тартылып, арақ-шараптың көңілді әңгімесімен кеш батырдық. Қаракерді ерттетіп, азық салынған қоржынды қанжығаға байлаттым да, Азатқа ілесе жөнелдім. 1945-ші жылғы сетік сары зорекер Санжы өзеніне дейін бастап апарған соқпақтың үстіңгі жағындағы бір ат жолына түстік. Тігілдеу өрлеп, тігілдеу құлдайтын күдір жұлмен таң бозара жеттік Санжы тұсына. Өзеннен су ішіп, ат шалдырып қана өтіп, тағы да жорттық та Құтыби өзеніне түс ауа жеттік. Тоғай арасына ат тынықтырып тамақтанып жатып, тағы да ұйықтай алмай аунақши бердім. Жанқалтасында менімен айырылсарда бірге ішуге алып шыққан бір бөтелке арағы бар Азат та сонысын сипалап, ұйықтай алмай жатыр екен. Еңкейіп бара жатқан күнге бір қарап қойып басын көтерді де, ет турады.

- Биға, сіз де ұйықтай алмадыңыз, екеуміздің де айырылысар уақытымыз таяп қалды! - дегенінде басымды көтеріп алдым.

Бөтелке аузынан кезек ұрттап, күйсей отырып күн батарда тауысып түрегелдік. Атқа мініп, өзеннің мен жүретін күнбатыс жағындағы бір биікке шықтық. Ендігі жүрер жолымды Азат сол биіктен көрсетті. 45-ші жылғы біздің құм төсеп ат секіртетін қатерлі қысаңымыз төменірек бір белегір қызыл бұйраттың арасында қалыпты. Құтыби өзеніне осы сапарда оның Жонтау жағынан құлдап келіп түсіппіз. Азат менің тағы да өрлеңкіреп барып, көз ұшынан көрінген бір белдің етегінен өтетіндігімді түсіндірді. Ол тұста қашан Майтауға жеткенімше жол тосатын қарауыл жоқ. Ал, Майтау көріненген соң оның да тау жағына өтуім керек екен. Әйтеуір жол-жөнекей кездескен әр жотадан бір қарауылдап, иенмен жүре берсем қатерсіз болатындығы ұғылды. «Қазір елсіз иенге қарауылшы тоқтамайтын болған» деді соңында.

Азатпен сол жотада қоштастым да, батыс-оңтүстікке қиырлай өрлеп аяңдай бердім. Қараңғыда ол жота көрінбегенімен бағдарымның дұрыстығын бір сүрдек жолға түскенімде білдім. Үш-төрт күннен бергі келмеген ұйқы сол жолға табысыммен басты. Аттың екі жағына кезек ауып келіп, бір шөптесіндеу жырашықты әрең таптым да, ат айылын босатып тұсап, арқанын беліме байлай сала құладым. Жалғыз-ақ ескергенім, қанжарым мен дырау қамшыны дайындап қойып құлауым болды...

Ханзуша «Тұр!» деп зекіген бір дауыстан селк ете түсіп оянып, ыршып тұрдым. Қамшым да қанжарым да жоқ. Пышақпен, шоқпармен қоршап жалаңдаған бір топ ханзудың ортасынан түрегелдім. Атымды әудем жерде біреуі ұстап тұр. Түсі суық, ыңғай қара сұр жат адамдарға қарай бердім. Қыбыр етсем, пышақ пен шоқпар қаптап кеп беретіндей, әскер де, «халық жасағы» да емес. Шоқпар, темір шанышқы, қалақбас білеу темір, пышақ сияқты, аса жабайы-дөрекі қарулармен құралданған қарақшы. «Қолыңды көтер!» деп дүр ете түсті. Біреуінің жеңінен ғана мылтық түтігі көрініп, кезеліп тұр. Ащы өкінішпен қатты күрсіне көтердім қолымды. Екеуі екі жағымнан келіп, өне бойымды тінте бастады. Арқаларына, екі иықтарына асынған дорба, сумкаларынан түсіндім: ішкеріден шыққан қара санақтар екен. Дәрі шөп жиюға шыққандай бейнелері бар. Ханзуша сөйледім:

- Маған тиіспеңіздер, үйім осы тауда, осы жерлік адаммын! Тонаушылық сипаттағы мына істеріңіз, өздеріңізге қырсық болады!.. Сіздер кулиден шыққан жаңа мейман, бұл жерге адал еңбектеріңізбен ғана сіңе аласыздар!.. Олай болмағанда осы таудан да аман құтыла алмайсыздар! -Мен осылай үгіттеп болғанымша жанқалтамдағы қағаздарым мен ақшамды тауып алып, етігімді шешіп тінтті.

Тінтушілерден басқасы дабыр-дұбыр айтыса жөнелді. Жұмбақты сөздерінен мені сақшыға айдап апарып беру мен осы иенде жоғалта салу жөніндегі таластарын ұқтым. Советке қашып бара жатқан қашқын болып табылса, өздерінің осы еңбектерімен жерлік үкіметтің сеніміне ие болып, іске орналасатындықтарын айтқан жағы жеңгендей болып тоқтатты. Бірақ қып-қызыл көзді бес-алтысы бөлініп, атым мен бөктеріншегімді алыстатып бара жатты. Мылтығы бары соларға қосылып кетіпті. Күбірлесіп сөйлесіп сайланған төртеуі менің қолымды қайырып байлап, ылдиға қарай айдай жөнелді аздан соң.

- Құтыби сақшысына барасың. Бізге бұл жақтан өткен адамды ұстау міндеті тапсырылған! -деп қана ұқтырды. Екі боқшам да, ат та, құралдарым да, азық салған қоржыным - түгел қолды болып қалды да, төртеуінің айдауында кете бердім. Тарымнан көтеріп келген үлкен боқшамдағы қанша жыл жазған еңбегімнен айырып әкетіп бара жатқаны жүрегімді жұлмалағандай қатты қинады. Оған қарағанда желкемнен темір шоқпармен түйгілегені мен тепкені пәлендей соққы болып сезілер емес...

Жаяу айдаушылар күн батарда әрең жеткізді Құтыбиға. Аудандық сақшы мекемесіне барған соң үш-төрт сақшы тағы тінтіп, еш нәрсе таба алмады. Тонаушылар алып қалған нәрселерімді түгел тізімдеткендігімнен сапарымның бір бөлім шындығын айтпасыма болмады.

- Мен Шаяр-Тарым майданына орналасқан жұмысшымын. Жол қағазымды мына тонаушылар тартып алды! - дедім. - Үйім осы тауда. Үрімжіден үйімді іздеп келемін. Ат, «Алға» гүңшесіндегі бір досымдікі. Мыналардан бөлініп қалған тонаушыларды неғұрлым тез тауып, осында әкелмесеңіздер, менің ең қымбатты нәрселерім жоғалады! Қашқын емес екендігім анық дәлелді болғандықтан жауапкершілікті ойлаңыздар!

Мені айдап әкелген төртеуін бір бастықсымағы бөлмесіне шақырып кіргізіп әкетіп еді. Олар көп бөгелмей қуана шықты да, әлгі бастыққа алғыстарын тоңқаңдап жаудырып кете берді. Тегі, үкімет санағына орналасу армандары орындалған тәрізді. Тінткен сақшылар мені айдап апарып, ішкі қорадағы абақтысына қамады.

Қатар есікті үш абақты адамға лық толы екен. Гу-гу етеді. Қысылып-қымтырылып әрең сидым. Көбі жолдан ұсталған жолаушы ұйғыр-қазақтар. Қатты жүдеп кірген маған көңіл айтып, демей берді. «Бұл пәледен тез құтыламыз, қайғырма!» дегендей күбірлер екі-үшеуінен естіліп еді. Оның жайын маған жандас жатқан бір қазақ жігіт ұйықтауға жатқан соң сыбырлап ұқтырды. Қабырғалас абақтыда жатқан бір ұйғырдың осы маңайдағы бір туысы тамақ кіргізген болып келіп сыбырлап кетіпті: шекараға Совет одағының сансыз көп танкілері мен аэропландары жиналып жатыр екен. Ауыр зеңбіректері бері қарап құрылып сиыспай кетіпті. Соны естіген қытайлар асығып-үсігіп шығысқа қарай зыта бастапты. Шекараға жақын райондардан ыңғай қытай көшіп, жол бермей жатыр дейді.

Бұл хабарды мен түрменің көп өсегінің біріне санай салып едім, ертеңіне мұндай сөз көбейе түсті. Тамақ әкелуге өз нөмірлерімізден шыққан екеуі аспаздардан естіген сөздерін айтып, растай түсті сол хабарды. Жүгері умаштың тіпті сұйылып, көкпеңбек суға айналып қалған себебін бір аспаз, завхоздың ұрлығына артыпты. «Кулилік завхоз клеттегі ұнды астық билетке айырбастап сатып, умаштық ұнды бүгін тіпті аз берді» депті. «Ол, өзінің ішкеріге қашуы үшін жиып жатқан астық билеті», «Жерлік бастықтарға тез мәлімдеу керек!», «Кулиліктер бізді енді аштан қырып кетпесін!» десіп абақтылар түгел гуілдеді.

Осылай гуілдесе бердік. Сақшы бастықтарынан ешкім келіп, жөн сұрамады. Тергеуге шақырылғандар қайтып келмей жоғалып жатыр. Бәрі де мен сияқты төсенішсіз, сабанға аунап жатқандар. Қайда кетіп жатқаны белгісіз.

Менің қамалғаныма бір апта өтті. Әлі бір тергеу болмағанына ішім қатты кепті. Тергеуге тезірек шақырса тым болмағанда атым мен тоналған нәрселерімнің мұнда келген-келмегендігін сұрап, қузап қояр едім ғой! Бір күнде едел-жедел екі рет арыз жазып, күзеттегі ұйғыр сақшыға тапсырып едім, содан екі күн өткенде шақырылдым. Өз тілімде сұрайтын ұлықтардан ешкім жоқ. Шақылдаған екі ханзу сақшы тергеді. Жүздерінде қан-сөл жоқ, қалшылдап отырғандай. Қисынсыз-ұтымсыз, олақ сұрақтарға сұрақ қоздатпайтын қысқаша жауап қайтара бердім. Бұл сапарда мені састыратын ең қиын сұрақ, үйімнің адресі жөніндегі сұрақ еді. «Әйелім балаларымды ертіп, осы таудағы төркініне алдыңғы жылы көшіп келген» дегенімнен соң ол жөнінде қазбалап, келген гүңшесі мен әтіретін сұрамай қоя салды. Мұнысынан менің мәселемді анықтап, қоя беру ниеттері жоқ екендігін сездім.

Олардың назарындағы мені арандататын мықты сұрақ, екінші іңірдегі сұрағы болды.

- Үш аймақ төңкерісінде соғысқа қатынастың ба?

- 45-ші жылдың күзінде Шихаңзы-Манас майданында бір ай ғана тұрдым.

- Бір ай? Соғысуға келген адам майданда бір ай ғана тұра ма! Неше ханзу өлтірдің?

- Менің қолымнан адам өлмеген.

- Адам өлмеген? Шихудан Шихаңзыға дейін бір түмен неше мың адам өлген! Соның ішінде сенің қолыңнан өлген нешеу?.. Отыз жыл бұрын өтіп кеткен іс. Ешқандай мәселе жоқ, шыныңды айта бермеймісің!

- Гомендаңның қолынан біздің өлген адамның қанша екендігін сұрамайсыздар ма?

- Ханзудан қанша адам өлтірдің деп сұрап отырмыз біз сенен! -деп кіржиді біреуі.

- Мен ол соғыс уақытында Үрімжіде, гомендаң түрмесіндемін. Бірін өлтірмесем де шынын айтайын. Ол жолда ханзу халқы емес, гомендаң жендеттері түмендеп қырылған. Ал, өлген гомендаң жендеттеріне сіз жоқшы болмаңыз, гомендаң тергеушісі емессіз! Және бұл сұрақтарыңыздың қазіргі менен анықтауға тиісті мәселеге ешқандай байланысы жоқ!

- Біз, сенің шыншылдығыңды ғана тергеп отырмыз. Сен бір сұрауға да шындық жауап бермей отырсың!

- Қазірге дейін бір қоян бауыздамай келіп, бәлен адам өлтірдім десем, шындық бола ма? Сіздерден тағы өтінейін, дәлел-фактісі бар мәселені ғана сұраңыздар менен! Үйіне қайтып келе жатқан қарапайым жазықсыз адамды тонап, жолхатыма дейін тартып алған анау қарақшыларды тергеп, атым мен нәрселерімді, ақшамды алып беріңіздер! Олар менің жол қағаздарымды алып қалып не істемек екендіктерін білесіздер ме? Компартия мен халықтың сақшысы болсаңыздар соны тергейсіздер!

- Гүңшандаңның сақшысы болмай кімнің сақшысы екенбіз?

- Кімнің сақшысы екендіктеріңізді мен білмеймін, өз амалияттарыңыз-әрекеттеріңіз ғана біледі. Қайда екендіктерін өздеріңіз біліп отырған сол қарақшыларды қолға алып, менің тоналған нәрселерімді қайтарып әперсеңіздер ғана кім екендіктеріңіз түсінікті болады. Ол қарақшылардың қолында мылтық та бар. Құралды қарақшыны қолға аласыздар ма, алмайсыздар ма?

- Бұл біздің ісіміз, сен өз ісіңе жауап бересің!

- Өзімде мәселе болса, бастан-аяқ жауапкермін! Ал, сіздер де өз істеріңізге жауап бересіздер, әрине, солай емес пе! Ертең де, бүрсікүні де, тіпті ендігі жылы да жауап алып, жауап бере аламын!

- Қайт! - деп бұйырды да үнсіз отырып қалды екеуі. Гомендаңнан қанша адам өлтірдің деп тергеуіне қарағанда, тіпті  де жуастықтары емес, өштік-қастықтары аса тереңде жатқандығын көрсетеді. Ал, қазір не істерін де білмей мәңгіріп қалған сақшы екендіктерін ғана түсініп шықтым. Есік алдында тұрған біреуі айдап апарып, сол абақтыма қайта қамады.

 

Әділетті тергеушім, бізде «сырын білетін әкеңе құранды өзің оқы» дейтін мәтел бар еді. Осы екі сақшыңыздың сырын өзіңіз түсіндіріп беріп өлтірмесеңіз, өлгенде де аузым аңқиып қалатын көрінеді. Гомендаңнан менің құтылғаныма отыз жыл өткенде алдыма мына тартқан сұрақтары, алжығандықтан да, алаңғасарлықтан да қойылып отырған сұрақ емес қой. Гомендаңның тергеушісі ме дейін десем, артындағы дауалда Маузыдұңның суреті, маңдайларында компартияның қызыл жұлдызы, үстерінде соның өзі кигізген модылы киім бар. Ал, гомендаң жендеттері сіздің де, біздің де өлтірген ортақ жауымыз емеспе еді! Егер мен осыларыңыздың алдында гомендаң әскерінен біреуін өлтірдім деп мойындасам-ақ, «ханзу өлтірдің, ханзу халқына, компартияға ежелден тіс-тырнағыңмен қарсысың» деп, айтағы жеткен итше бас салғалы отырмай ма! Алғаш келген кездеріңізде гомендаңға қарсы оқ атқан адамды сыйлайтындарыңыз қайда? Бізден гомендаңшы деген қылмыспен қанша адамды қырғандықтарыңыз, естеріңізден шыға қалған ба!.. Секіріп-секіріп ілгерілеп келіп жеткен жерлеріңіз осы болғаны ма!... Сұрақтарыңызға қарағанда, өздеріңіз 45-ші жылғы Шиху ойпатын қанға толтырып, сол қашқан гомендаңға ұқсай қалыпсыздар. Сол шақта гомендаң әскерін өлтіріп дәніккендерінен қалғаны болса, құрта кетейік деп отырғаннан саусыздар ма? «Көн қураса қалыбына барады» ғой. Басқа қылмыстарыңыз жетіп асып тұрғанда, қанағат етіп, ондай ойды қоя тұрсаңыздар екен. Арттарыңыздан ондағыдай оқ жауа қойған жоқ емес пе!

(Жалғасы бар)

«Abai.kz»

 


[1] «Үшке қарсы әрекеттен» бері үкімет үнемшілдікті мықтап ұстап, тойды шекілдеуік-бұршақпен ғана өткізетін болған.

[2] Помещикті жай ұйғыр диқандары «пом» деп атайтын болған.

[3] Дүт (ұйғырша) - мисыз, ақымақ, қотиын.

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5541