«Антивирустың» бірі де бірегейі – қазақы дүниетаным
Қоғамды сауықтыруда дін төңірегінде қордаланған түйткілдерді тарқатудың маңызы қашан да зор. Ал «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» жаңа Заңның қабылдануы қоғамдағы дін рөлінің айтарлықтай ұлғайғанын айғақтай түседі. Бұл орайда, біз Дін істері агенттігі «Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының» жетекші ғылыми қызметкері Асан ОМАРОВҚА жолығып, тақырыпқа қатысты бірер сауал қойған едік.
- Асан Қайырбекұлы, осыдан бір жыл бұрын қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңның дін саласындағы сан қилы үдерістерді реттеудегі рөлі жөнінде не айтасыз?
- Баршаға аян, 2000-жылдардың ортасында қазақ жерінде аты-заты - дүдамал, болмысы - бөгде, мақсаты бұлдыр дінсымақтардың таралу үрдісі өзінің шырқау шегіне жетті. Бұл жағдайда дін саласында қордаланған түйіндер мен шиеленістерді реттеу, тарқату һәм бір жүйеге салу үшін дін туралы қатаң заң қажеттігі жайлы алғаш рет сөз бола бастады. Алайда, объективті себептерге байланысты заңды жаңғырту, қабылдау кейінірекке шегерілді.
Қоғамды сауықтыруда дін төңірегінде қордаланған түйткілдерді тарқатудың маңызы қашан да зор. Ал «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» жаңа Заңның қабылдануы қоғамдағы дін рөлінің айтарлықтай ұлғайғанын айғақтай түседі. Бұл орайда, біз Дін істері агенттігі «Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының» жетекші ғылыми қызметкері Асан ОМАРОВҚА жолығып, тақырыпқа қатысты бірер сауал қойған едік.
- Асан Қайырбекұлы, осыдан бір жыл бұрын қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңның дін саласындағы сан қилы үдерістерді реттеудегі рөлі жөнінде не айтасыз?
- Баршаға аян, 2000-жылдардың ортасында қазақ жерінде аты-заты - дүдамал, болмысы - бөгде, мақсаты бұлдыр дінсымақтардың таралу үрдісі өзінің шырқау шегіне жетті. Бұл жағдайда дін саласында қордаланған түйіндер мен шиеленістерді реттеу, тарқату һәм бір жүйеге салу үшін дін туралы қатаң заң қажеттігі жайлы алғаш рет сөз бола бастады. Алайда, объективті себептерге байланысты заңды жаңғырту, қабылдау кейінірекке шегерілді.
Сонымен, осыдан бір жыл бұрын солқылдақтың орнына қатаң, нақты тегеурінді тетіктері бар жаңа «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заң қабылданды. Бұл жаңа заң бойынша дін саласын реттеу, яғни Қазақстандағы барлық діни бірлестіктердің іс-әрекеттеріне ортақ тәртіп орнату көзделді. Былайша айтқанда, қоғамымыздың діни сана алаңындағы арамшөпті оруға бағытталды. Зайырлы мемлекет жағдайында реттеудің, тәртіп орнатудың заңнан өзге жолы жоқ. Кез келген заңның өлшемі оның іске асырылу деңгейі екені сөзсіз. Бұл тұрғыдан дәл қазіргі таңда аталған заң өзіне тиісті рөлді толықтай атқарып отырғанын мәлімдеуге құқылымыз.
- Иә, биыл еліміздегі діни бірлестіктер мемлекеттік тіркеу және қайта тіркеу үдерістерінен өткені, осындай қайта тіркеу науқанынан кейін Қазақстандағы діни бірлестіктер қатары 32 пайызға азайғаны белгілі болды. Бұл үдерістің нәтижесіне қандай баға бересіз?
- Еліміздегі діни бірлестіктерді қайта тіркеуден өткізу айтуға ғана оңай, ал шын мәнінде күрделі және қоғам үшін маңызды Әлеуметтік оқиғаның бірі болды. Нәтижесінде, таяуда Дін істері агенттігінің төрағасы Қ.Лама Шәріп мәлімдегендей, Қазақстандағы конфессияларды жіктеу жүйесі жетілдіріліп, олардың нақты саны 46 емес, 17 екені анықталды. Сондай-ақ бұрынғы 4,5 мың діни бірлестіктің орнында 3088 діни бірлестік пен олардың филиалдары қалды. Дін саласын реттеуге жасалған алғашқы қадам үшін бұл екі көрсеткіш аз нәтиже емес. Әрине, Қазақстан үшін дәстүрлі емес конфессиялар мен теріс пиғылды діни бірлестіктердің санын азайту жұмысы әрі қарай да жалғаса береді.
- Діни бірлестіктерді қайта тіркеуден өткізу қоғамдағы діни ахуалға қаншалықты әсер етуі мүмкін?
- Мұны алдағы уақыт көрсете жатар. Мемлекет, әрине, тіркеуден өткен діни бірлестіктер (ДБ) біздің деструктивті идеяларға, экстремизмге қарсы тұру ісіндегі одақтастарымыз деп сенім артып отыр. Өйткені, олардың құрылтай құжаттарын конституциялық және заңнамалық ережелерге сәйкестендіру барысында ДБ өкілдері мен уәкілетті орган қызметкерлері тығыз қарым-қатынаста болды. Мәселен, әрбір ДБ-нің заңдық өрісі мен ұстанатын діни ілімі айқындалды. Жалпы, еліміздегі діни ахуалдың оңалуына бүкіл қоғам болып атсалысуға тиістіміз.
- Қайта тіркеуден өтпеген, түрлі бағытта үгіт-насихат жұмыстарын жүргізетін деструктивті ағымдарға қатысты Дін істері агенттігі тарапынан қандай іс-шаралар қолданылуда?
- Қайта тіркеуден өтпеген ДБ сот тәртібімен таратылуға тиісті. Бұл істі мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын орган - Әділет министрлігі іске асырады. Ал тіркелмей-ақ жастар арасында радикалды көзқарастарды насихаттап жүрген, жұртшылықты алаңдатып отырған діни топтар да бар ғой десеңіз, әңгіме басқа. Бір жағынан, бұлар біреуміздің баламыз, біреуміздің туысымыз дегендей, біздің азаматтарымыз. Екінші жағынан, заңнаманы бұзғаны үшін оларға тартылатын жаза қатал.
Деструктивті топтарға қарсы Дін істері агенттігі тарапынан жұмыс екі бағытта жүргізілетін болады. Бірі - ақпараттық-насихат тобы ел ішіне жиі шыға бастады. Бұл топтар дін негізін, мемлекеттің дін саясатын дұрыс түсіндіре алатын мамандардан жасақталуда. Екінші басты бағыт - жаңағы радикалдардың өздерімен де жұмыс істеу, яғни терең талдау, түсініктемелерге сүйенген арнайы үгіт-насихат жүргізіп, оларды бұрыс бағыттан ортаға кері қайтарып алу.
Әсілі, озық елдердің тәжірибесіне ой жүгіртсек, діни экстремизммен күресудің ең негізгі бағыты ғылыми ағартушылық екенін көреміз. Сол үшін 2013 жылдан бастап халықтың рухани-діни сауатын көтеруге (жастардың имандылық тәрбиесі, сапалы оқулықтар мен діни әдебиеттердің таралуы, діни білім беру жүйесінің реттелуі, үгіт-насихат жұмыстары және т.б.) басымдық берілмек. Міне, таңдалып отырған жалпы сипаты ғылыми насихат жұмысы экстремизмнің алдын алудың басты арқауы боларына сенімдіміз.
- Толеранттылық пен конфессияаралық келісімді насихаттау, нығайту мен сақтау бағытын ұстанған мемлекетіміздегі діннің алар орнына тоқталсаңыз.
- Жаратушы Құдірет пен адам арасын байланыстырушы ілімді дін дейміз. Ол халықтың тәлім-тәрбиелік жолы, әр адамның өмір мақсатын айқындаудың құралы болып табылады. Бұл тұрғыдан дінге балама жоқ. Мемлекет саясатында діннің алар орны қандай десеңіз, Қазақстан халқының татулығы, береке-бірлігі әу бастан-ақ ішкі саясаттың іргетасына айналғаны белгілі. Толеранттылық пен дінаралық келісім осы саясаттың дін саласындағы жалғасы, көріністері екені хақ. Сондықтан мемлекет пен дін бір-бірінен бөлек бола алмайды. Екеуі бір бағытта, бір идеология шеңберінде өзара үйлесе жұмыс істесе, алынбайтын рухани қамал жоқ. Мемлекетіміз бен конфессиялар арасындағы қарым-қатынастың жылдан жылға нығая түсуі осының айқын айғағы.
- Діни көзқарас тұрғысынан бөліну, діни көзқарастың әралуандылығы қоғам үшін, халық үшін қаншалықты қауіпті?
- Діннің қоғамды біріктіру қуаты қандай күшті болса, оны ыдырату қуаты да дәл сондай. Демек, дін өрісіндегі теріс құбылыстар қашанда үлкен қауіп төндіреді. Сондықтан діни сана тұтастығын қалт еткізбей қадағалап отыру - маңызды мемлекеттік мәселе.
Тіркелген діни бірлестіктердің саны жағынан ислам діні -72%, православие - 9%, католиктік - 3%, протестанттық - 14%, қалған конфессиялар 2% құрайтыны анықталды. Мемлекет жаңа діни заң қабылдау арқылы дін саласында белсенді саясат жүргізуге және заңнан жалтарғысы келетіндерге қатаң шара қолдануға мүмкіндік алды. Сондай-ақ шетелден келіп, қоғамдық санаға іріткі салуы мүмкін түрлі діни көзқарастардың бақылаусыз таратылуына тосқауыл қойылып отыр. Діни сананы «вирустың» түр-түрінен қорғаудың, алдын алудың жолдары көп. Сол «антивирустың» бірі де бірегейі - қазақы дүниетаным, Абай, Шәкәрім сынды ойшылдардың ілімдері екенін дәйім ұмытпағанымыз жөн, әсте.
- Дін мен ұлттық мүдде, олардың ұштасуы мен тоғысуы тұрғысындағы ой-пайымыңыз қандай?
- Дін мен ұлттық мүдденің ұштасуы, тоғысуы - руханиятымыздағы орны айрықша мәселе. Мұны мына жаһандану мен урбанизация заманында тарихта қазақ болып қалуымыздың басты шарты десек те артық айтқандық бола қоймас. Қазіргі таңда еліміздің кейбір өңірлерінде әл-салаф идеясын ту еткен ислами топтар (уаххабшы, тәкфірші, хизбутахриршы, т.б.) бар. Олар «Біз қазақ емеспіз, мұсылманбыз» деседі және «таза ислам» идеясы үшін ұлттық құндылықтарды тәрк етуге шақырудан да тартынбайды. Бұл - төнген қауіп емей не?! Егер қазақты қазақ еткен әдет-ғұрыптар (үлкенді сыйлау, аруақты құрметтеу және т.б.) тегіс сыпырылып қалса, олардан айрылсақ, онда не болдық?!
Қорыта айтқанда, қазіргі кезеңдегі қоғамдық діни санамыздың толысуы үш нәрсеге тәуелді. Олар: тұрғындардың білімділік деңгейі (интеллектуалдық әлеуеті), діни сауаттылығы мен дамыған ұлттық сана-сезімі. Азат елдің әрбір азаматы, әсіресе, өзінің тілін, этномәдениетін, отбасылық және діни құндылықтарын көздің қарашығындай сақтауға талпынса құба-құп. Халық рухын сауықтыруға да, экстремизмнің алдын алуға да ең керегі, міне осылар.
- Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»