Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Алашорда 6166 44 пікір 2 Маусым, 2022 сағат 15:26

Әлихан Бөкейхан ешқашан ораза ұстамаған

НЕМЕСЕ АРАМЗА МОЛДАЛАРҒА ЖАУАП: ҰЛТ КӨСЕМІ ӘЛИХАН БӨКЕЙХАНҒА ЖАЛА ЖАБУДЫ ДОҒАРУ КЕРЕК!

Әлеуметтік желілерде қайта-қайта жарияланып жүрген бір жазбада Әлихан Бөкейхан өз інісі, жан досы әрі адал үзеңгілесі Ахмет Байтұрсынұлына түрмеден жолдаған бір хатында: «Мен ораза ұстадым, бүгін ауызымды қара сумен аштым», - деп жазыпты-мыс.

Бұл Ұлт көсеміне жабылған жала, санаға қонбайтын қиял, барып тұрған өтірік! Бұл жазбаның жұмбақ, инкогнито-авторы «буржуазиялық ұлтшыл», «контрреволюционер», «халық жауы», «жапоншыл» («японофил») сияқты жалған, нақақ айыптармен сотталып, атылған Ұлт көсеміне енді «діндар», «ісламшыл», «оразашыл» дегендей нақақ жала жабады. Осыған орай Ұлт көсеміне жала жапқан жұмбақ авторға айтарым: Қазақта «аруақ атады» деген сөз бар. Осы аталы сөзді білмеген автор, Әлихан бабамыздың өз сөзімен айтсам, «Аңқау елді Алаш көсемінің істемеген ісімен, айтпаған сөзімен алдап-арбауды көздеген – арамза молда».

Ал енді Ә.Н. Бөкейханның дінге, оның ішінде исламға деген көзқарасына тоқталайын. Ең алдымен Алаш көсемінің атағы жер жарған арғы бабасы Шыңғыс хан сияқты діни сенім-нанымға төзімділікпен қарағанын ерекше атап өту керек. Оған, біріншіден, өз жары Елена Севастьянова 1921 жылы Семейде мезгілсіз қайтыс болғанда, оны православие шіркеуінің рәсімімен жерлегені дәлел. Екіншіден, Л.Н. Толстойдың әлемдік діндер туралы «Суратская кафейня» атты шағын әңгімесін қазақшалап, 1900 жылы «Дала уалаяты» газетінде «Сурат кафеханасы», 1913 жылы «Қазақ» газетінде «Дін даласы» деген атаумен жариялады. Сол аудармадан Әлиханның дін атаулыны бір-бірінен не жоғары, не төмен қоймай, діни сенім-наным әртүрлі болғанымен, құдай бір деген көзқарасын айқын аңғартады.

Ал «Қара қыпшақ Қобыланды» эпосындағы әйел бейнесі туралы 1899 жылы «Туркестанские ведомости» газетінің үш санына шыққан «Женщина в киргизской былине» атты фольклорлық зерттеуінде арғы бабасы Шыңғыс ханның табынған тәңіршілдікке деген жылы көзқарасын, керісінше әйел құқын елемейтін исламға деген сыни көзқарасын байқатады. 1913-1918 жылдары Орынборда үзілмей шығып тұрған тұңғыш жалпыұлттық «Қазақ» газетінде оның авторларының бір біріне «Алла жарылқасын!» емес, «Тәңірі жарылқасын!» айтатындарын ескерсек, бір Әлихан емес, жалпы Алаш жетекшілерінің тәңіршілдікке жылы қарағанын байқамау мүмкін емес.

Ал енді тоқсан сөздің тобықтай түйінін атсам, 1917 жылы Алаш ұлттық республикасын жариялаудың қарсаңында Ә.Н. Бөкейханның «Мен кадет партиясынан неге шықтым?» атты мақаласындағы мына жолдарға назар аударайық: «Франсұз, орыс һәм өзге жұрттың тарихынан көрінеді – молла үкіметтен ақша алса, сатылып кетеді, рухани іс аяқ асты болады. Жалование алған моллалар үкіметке жетекшіл болып, еріп кетеді. Біздің қазақ-қырғыз дін ісін көркейтетін болса, үкімет ісінен бөліп қойған оң болады. Орысша оны «отделение церкви от государства» дейді».

Міне осы мақаладан соң Алаш Республикасы құрылып, оның жоғарғы атқарушы билігі – Алаш Орда үкіметінің мүшелері (халық комиссарлары) сайланғанда, 15 қазақ мүшесінің ішінде бірде-бір дін өкілі болмағанын ұмытпайық. Ашығын айтқанда – Алаш елі қазіргі қазақ жерінде дүниеге келген ең алғашқы зайырлы мемлекет болатын.

Осындай тарихи фактылардан кейін Әлиханды «түрмеде ораза ұстап, қара сумен ауыз бекітіпті» деу барып тұрған дақпырт, қума қиял, шылғи өтірік.

Сұлтан Хан Аққұлы

Abai.kz

44 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1533
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3313
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6006