Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2509 0 пікір 13 Қараша, 2012 сағат 09:57

Серiк АҚСҰҢҚАРҰЛЫ. Дүниенi азамат болмай жатып, ақын болғысы келетiндер бүлдiредi

 

(«Шабыт» фестивалi және жастар поэзиясы жөнiнде)

"Шабыт" фестивалi маған қазақ жырының Шалкөде жайлауы секiлдi. Осы көкорай дүниеден жаңа туған құлындай Мұқағалилар кеудесiне жүрегiн ұстап, Алаш-Анасына құсша ұшып келе жатыр. "Шабыттан" шыққан шабандоздарға бiр сәт көз салып қараңыз. Күнi ертең қазақтың қара өлеңiнiң ауыр жүгiн арқалайтын арқалы ақындар, мiне, осылар:

"Қайдасың, мырза көңiл, мәрт күндерiм?! Серт қылып ат құйрығын шарт түйгенiм. Егесiп екi кештiң арасында, Сүргiнге сүрең салып тарттым дедiм. Кiреуке кiрбiң кiлкiп кiрпiгiмде, Қосып бiр құмай Күндi түлкi iңiрге.Түтiгiп тебiнгiмдi тер шiрiтiп, Күңiренiп күнде жорттым Күн түбiнде. Жыра-жар, тұма бастау, құба қырдан, Сағым боп сарнай көштiм сылаң ұрған. Қонақтап Қорқыт-тағдыр тар маңдайға, Жын қуып жылыстадым жұмағымнан. Қырқып бiр қос қанатын қарға түннiң,Тайпылмай, тайғақ кешiп, таңды атырдым. Сере де сере мұзбен шөл қандырып, Қар қарпып, құсаланып қан қақырдым. Күрсiндi ол осыны айтып ақырғы рет, Содан соң соқпай қалды батыр жүрек. Түрткiлеп ердiң тәнiн арғымақ тұр, Жапан­ға ымырт-тарих жатыр түнер. Тартпа бос, тебiнгi сау, терлiк аман, Тек ендi тiл қатпайды шерлi бабам. Күңiренiп Күн түбiнде мен де қалдым, Ей, жалған, не iсте дейсiң ендi маған?!" (Серiк Сағынтай, "Қазақ").

 

(«Шабыт» фестивалi және жастар поэзиясы жөнiнде)

"Шабыт" фестивалi маған қазақ жырының Шалкөде жайлауы секiлдi. Осы көкорай дүниеден жаңа туған құлындай Мұқағалилар кеудесiне жүрегiн ұстап, Алаш-Анасына құсша ұшып келе жатыр. "Шабыттан" шыққан шабандоздарға бiр сәт көз салып қараңыз. Күнi ертең қазақтың қара өлеңiнiң ауыр жүгiн арқалайтын арқалы ақындар, мiне, осылар:

"Қайдасың, мырза көңiл, мәрт күндерiм?! Серт қылып ат құйрығын шарт түйгенiм. Егесiп екi кештiң арасында, Сүргiнге сүрең салып тарттым дедiм. Кiреуке кiрбiң кiлкiп кiрпiгiмде, Қосып бiр құмай Күндi түлкi iңiрге.Түтiгiп тебiнгiмдi тер шiрiтiп, Күңiренiп күнде жорттым Күн түбiнде. Жыра-жар, тұма бастау, құба қырдан, Сағым боп сарнай көштiм сылаң ұрған. Қонақтап Қорқыт-тағдыр тар маңдайға, Жын қуып жылыстадым жұмағымнан. Қырқып бiр қос қанатын қарға түннiң,Тайпылмай, тайғақ кешiп, таңды атырдым. Сере де сере мұзбен шөл қандырып, Қар қарпып, құсаланып қан қақырдым. Күрсiндi ол осыны айтып ақырғы рет, Содан соң соқпай қалды батыр жүрек. Түрткiлеп ердiң тәнiн арғымақ тұр, Жапан­ға ымырт-тарих жатыр түнер. Тартпа бос, тебiнгi сау, терлiк аман, Тек ендi тiл қатпайды шерлi бабам. Күңiренiп Күн түбiнде мен де қалдым, Ей, жалған, не iсте дейсiң ендi маған?!" (Серiк Сағынтай, "Қазақ").

"Ассалаумағалаекум, Бұ дүниенiң қонағы һәм қайырсыз қоғамы! Қан жы­ла­тып сананы, Саудалаңыз бiрiңiздi бiрiңiз, жалықтыңыз құр жылауық ақылдан. Жерiң - көрiң, құндақтаулы сәбиiң... Барлығы да өз қолыңмен сатылған! Ақша - патша. Қалтаңызда - патшаңыз, Қолқаңызда Жан әлемi ластанды....Мен өзiмдi сiзге тегiн берейiн, Өтiнемiн, сатпаңызшы Аспанды...".

(Бауыржан Қарағызұлы).

Дәулеткерей Кәпұлының "Бүлдiрген ағып түскенше" атты кiтабын бiр демде оқып шықтым. Оның әрбiр жырынан қара өлеңнiң бүгiнгi бiр тегеурiндi тұлғасы Тыныштықбек Әбдiкәкiмов айтқандай: "Жұпар Патша Ойдың Алашқа ғана тән аңқымасы" есiп тұр! Ал Алтайдың Азамат Тасқарасы бiрде-бiр ақынға ұқсамайды. Бiр-бiрiне ұқсамайтын мықты ақындар шеру тартқан сайын ұлттық жырдың көкжиегi кеңейiп, көсегесi көгере бередi. Өлеңнiң түбiне бiреуiнен бiреуi аумайтын, бiр дауыспен сайрайтын "бұлбұлдар" жетедi!

ХV Халықаралық "Шабыт" фестива­лiнде Ботакөз Мұхиденнiң өлеңдерi көз арбап, көңiл көншiттi. Оны оқығанда, қазақ жырының Мэтрi Фариза Оңғарсынова апай орнынан түрегеп кеттi... Бұл өлеңдi талдап, зерттеудiң қажетi жоқ. Заманның қасiретi, адамның қасiретi - бұл! Өмiрдiң ащы ақиқаты! Көз жасындай табиғи дүние:

Анам менi алдыруды ойлаған,

Әкемде де мейiрiм жоқ әкелiк.

Дүниеге әлi келе қоймаған

Сәби едiм...

Менiң атым - Қателiк.

Әлди айтар әлемге бұл шыға алмай,

Бұлқынумен тар құрсақта тұншықтым.

Мен жылауды бiлмесем де уанбай,

Тумай жатып қарғыс алған Қырсықпын.

Әкем үшiн әлi ертемiн, дерт едiм,

Алдымда ажал, жан-жағымда бекiнiс.

Ал шешемнiң шерлi өзегiн өртедiм,

Шикi өкпемiн...

Менiң атым - Өкiнiш.

Жарып шығып жан анамның жатырын,

Жарық жалған, сенi көрсем бiр шығып.

Жанталасқан бiр жетiмге жасырын,

Төрiңдi бер, ей, тәкаппар тiршiлiк!

Әлсiз әке, ақылсыздау анама,

Тiлiм де жоқ айтар сыртқа теппе деп.

Сөнiп барад бiр Шарасыз Шарана,

Өгейсiткен өмiрiне өкпелеп.

Келмей жатып кең дүниеге сыймаған,

Бiр ананың құрсағына сыйса да.

Мен - бәрiне мұң мен қайғы сыйлаған,

Жақындары жатырқаған Бейшара!

Бауыр етi бөлшектеген, безiнген,

"Екеуiне" ел өсегi жоғары.

Селкiлдеген бiр-ақ сәттiк сезiмдер -

Бiр бейкүнә Жетiмектiң обалы.

Естiмеген тiрi пенде, бiр адам

Iңгәламай iштен тынған шерлiмiн.

Мен Анамның Көз жасы боп құлағам,

Ал Әкемнiң Күрсiнiсi мендiк үн.

Есiк көрмей анам ашқан етегiн,

Маңдайымның соры болды сол менiң.

Мешiт көрмей менменсiген әкенiң,

Баласы боп, мен де бесiк көрмедiм.

Уын таттым өзiм бiлмес ғаламның,

Маған жабық бұл әлемге Бөтенмiн.

Мендiк өмiр - ащы Өксiгi Анамның,

Ал қабiрiм - Қателiгi Әкемнiң.

("Қателiк").

Ботакөздi айтыстың аламанынан көрiп қалғаным бар едi. Бұл бала бұдан кейiн қолына домбыра ұстай ма, қалам ұстай ма? Домбыра ұстаса, жағдайын жақсартып алуы мүмкiн. Қалам ұстаса, қазақ жырын бiр қырқаға көтерiп тастайтындай қабiлет-қарымы көрiнiп тұр. Мен оның жырынан Юнна Морицтiң әуен-ырғақтарын естiгендей болдым. Бұл - қазақ құлағына әлi шалына қоймаған дыбыс-әуендер. Бiзде өлеңнен өлең жасайтындар көбейiп барады! Ботагөз өмiрден өлең тудырған. Өкiнiшке қарай, осы жолы бәйгеге түскендердiң арасынан Ботагөзше қара үзiп шыққандар некен-саяқ.

Он алты жастағы Қарлыға Темiрғали­дың алғашқы адымы аршынды болатындай. "Шабыттан" ши шықты..." деп жүр­гендер оны Атырауда туған соң бәйгеге Ф.Оңғарсынова қосты деп жүр. Бұл баланың өлеңдерiн ғаламтордан талай оқығам, үмiткерлердiң арасынан көргенде, қуанып кетiп, жүлдегерлер сапына қосқан мен едiм. Талантты тауып алып, "қойшыға - сөз, жылқышыға - жыр" болып шыға кел­дiк...

Осы жас буынның дидарына қарасам, көзiме өзiмнiң перiштедей балауса бала күнiм, кеудемде жыр тулаған, қайран, жиыр­ма бесiм елестейдi. Әлi есiмде, Ресейде, Пенза қаласында әскери борышымды өтеп жүрген кезiм. Бiр күнi шешемнен қалың хат келдi. Ашып қалсам, алтынмен апталғандай әп-әдемi кiтап - "Көктем тынысы"! "Жазушы" баспасынан жарық көрiптi. Көлемi он баспа табақтай! Ол кезде бұл бiздiң түсiмiзге де кiрмейтiн дүние. Қырық шақты ақынның жыры. Бейне бiр антология секiлдi! Несiпбек Айтұлы, Исра­йыл Сапарбай, Жұматай Жақыпбаев, Заида Елғондиева, Иран Ғайып алғаш рет оқырмандарымен осы кiтап арқылы жүздестi. Дәуiт ағам (Дәуiтәлi Стамбеков) кiтап құрастырушыларға жылынып-жалбарынып жүрiп, менi әзер қосыпты. Беташарын қазақ әдебиетiнiң классигi Тұмағам (Молдағалиев) жазған. Екi-үш ақынмен қоса менiң де аты-жөнiмдi атаған екен. Жүрегiм лүпiлдеп, жүрелеп отыра қалғаным есiмде. Бұл - 1975 жыл. Мен жиырма бес жаста едiм.

Бiрiншi кiтабымды шығару мен үшiн азап болды. "ХХ ғасырдың жиырма сәтiн" алты жыл арпалысып жүрiп, отыз төрт жасымда, жалғанның жарығына әзер шығардым. Көлемi бiр баспа табақтай. Цензураның қатал тезiнен өткен. Редактор шимайлаған... Өлеңдерiмнiң нобайы бар да, өзi жоқ!

Қазiргi жас ақындардың алғашқы кiтабы - Мұқағалидың тұңғыш таңдамалысы "Өмiр өзендей" бiр том! Тәңiрi жарыл­қаған Тәуелсiздiктiң арқасы бұл!

Дәуiтәлiнiң есiмiн естiген сайын әлi күнге дейiн егiлiп отырамын мен. Алматыда туған-туысым, арқасүйер көкем, ат басын тiреп түсетiн үйiм жоқ. Дәуiтәлiнiң үйi - Сарыарқаның алтын бекетiндей. Алаштың бүгiнгi айтулы ақындары Абзал Бөкен, Ғалым Жайлыбайлар осы үйден шығып, Коммунистер даңғылындағы 105-шi үй - Қазақстан Жазушылар одағына имене кiрген-дi...

Ол Қасым мен Пушкиндi өле-өлгенше пiр тұтып кеттi.

Дәуiтәлi Стамбековтiң мына жарық дүниеге ақын болып келмеуi ақылға сыймайтын дүние десе болады. Кiндiк қаны там­ған топыраққа қараңыз: Алашорданың үш бiрдей арысы Әлихан Бөкейхан, Ақпайдың Жақыбы, Әлiмхан Ермековтiң туған жерi.

"- Совет өкiметi Ақтоғайды неге жек көредi?! Бiлесiңдер ме? - деушi едi кейде Дәукең ашуына мiнген бiр кезiңде, - Совет өкiметiн иттiң етiнен де жек көрген қазақтың үш боздағы осында туған!".

"Ассалаумағалейкум, Ақырзаман!" - деп жазды ол сол кезде.

Бiреулер заманның балын жалап жат­қанда, ол уын ғана iшiп жүрдi...

"Достарым менiң - ұрылар!

Достарым менiң - бандиттер!" - деп жазды ол 70-жылдары. Кеңес өкiметiне ерегiсiп айтқаны!

"Алаш" сыйлығына ұсынғанда, ол өлiм аузында жатқан. Лауреат болғанын естi­мей кеттi марқұм. Соңғы кiтабы - "Жұмағым мен тамұғымды" қолына ұстай алмай да кеттi.

Ол маған бiр өзi бiр әдеби ортадай бол­ған тұлға едi. Алматыға келсем, ат басын Дәуiтәлiге тiреймiн. Буырқанып Қазақстан Жазушылар одағының үйiне келемiз.

- Қашан келiп едiң? - дейдi Қадағам (Қадыр Мырзалиев).

- Келгенiме 2-3 күн болды, - деймiн күмiлжiп.

- Ендеше, өзiңе-өзiң келiп ал...Сонан соң маған келесiң ғой!

Әдеби ортаға алысқанмен алысып, жұлысқанмен жұлысып жүрiп, менi сүйреп әкелген - сол! "Менiң пiрiм - Сүйiмбай" деген Жамбыл жарықтық. Менiң пiрiм - Дәуiтәлi! Алдында Дәуiтәлiдейiн адуынды азамат ағасы болмаса, мына дүниеде мендей Серiк Ақсұңқар деген басы жұмыр пенде болар едi. Бiрақ ақын болмас едi! Алматыға келсем, көзiме Дәуiтәлi елес­тейдi. Бәрi бар. Дәуiтәлi жоқ...

Ақынның алдында Алла, арқасында Аруақ болуы керек! Екеуiнiң ортасында - Алаш! Басқа ешкiм болмауы керек!

Мен Мұқағали жарықтықтың "Алдымда көз тоқтатар қара жоқ, артымда сендер болмасаңдар..." дегенiн өз құлағымен естiп едiм. Кейiнгi толқынға деген керемет сенiм ғой бұл! Замандастарынан көңiлi қалып айтқаны. Бұған қарап, жас ақынның бәрi жасын болады, Қасым болады деген ұғым тумайды! Ақынға Алла берген дарын аздық етедi. Гомерден бастап, Танакөзге дейiн түк қоймай, оқып шығу керек! Ұлттық эпос пен әлемдiк философия - өз алдына. Сонда ғана "ең жас ақын - ұлы ақынға " (Ұлықбек Есдәулет) айналуы мүмкiн. Қазiр бiзде жөнi түзу әдеби сын жоқ. Жастардың бәрi дерлiк өлең техникасын әбден меңгерiп алған. Мұның да күнгейiнен гөрi көлеңкесi көп болады. Маманданып, машықтанудың соңы ақынды халтураға сүйреп апаратынын Александр Блок та айтқан. Бұл өлеңдерге қарасаң, сарт-сұрт ұйқас, жылтыраған сөз, дыбыс қуалап дырылдау, қызыл-жасыл бояу дейсiң бе, поэзияға керектiң бәрi бар. Бiр-ақ нәрсе жоқ... Поэзия!

Жүлде алу - басты мұрат емес. Бәйгеге қатысып, оны өз көзiңмен көргенде, содан арқаң қызса, ақынға Алланың берген несiбесi сол болады. 1979 жылы, 29 жасымда шығармашыл жастардың республикалық "Жiгер" фестивалiне қатыстым. Лауреат деген марапаттау қағазын бердi. Ол кезде, қазiргiдей, ақша бермейдi! Бiз соған мәз-мәйрам болған едiк.

Кiмнiң "бiрiншi" екенiн маңайыңда қиқулап жүрген қара тобыр бiлмейдi. Уақыт пен ұрпақ бiледi! Заманында Сеньковский деген сарай ақыны Пушкиндi менсiнбеген! Демьян Бедный бөленген iлтипат-құрметке Борис Пастернак бөленген жоқ!

Поэзия - Құдайдың құпиясы. Пушкин­нiң: "У жизни есть любимцы. Мне кажется, мы не из их числа" дегенi бар ғой. Көшедегi көрiнгеннiң сүйiктiсi болу Абайдың да, Мағжан, Қасым, Мұқағалидың да маңдайына жазылмаған нәрсе. Ақын елдiң бәрiне ұнауға тиiс емес. "Всем нравятся только стиральный порошок "Новость" или дубленки. Каждому - свое" (А.Вознесенский). Осы ақынға өзiмен тұстас бiр әдебиет сыншысы Роберт Рождественскийдi түсiнуге жетi жылдай уақыты кеткенiн айтыпты. "Ендi он шақты жылдан кейiн, - деп жазды А. Вознесенский, - оның басқамызды да түсiнуге өресi жетiп қалар..."

Темiрхан Медетбектi түсiнуге қазақтың тағы бiр жүз жылы кете ме деп қорқамын! Қандай ақынның болсын, ақындық арынының өлшемi - азаматтық лирика. Қу қарақан басын күйттеген пендеден ақын түгiлi, жөнi түзу азамат та шықпайды. Әдебиеттi Перiштеден сәл төмен, пенде атаулыдан әлдеқайда биiкте тұрған, Тәңiрiнiң тiзесiнен келетiн тұлғалар жасайды! Орыс поэзиясында Афанасий Феттiң дәуiрi деген жоқ. Пушкин дәуiрi болды! Қазақта да - солай: эпос дәуiрi, жыраулар дәуiрi, Абай дәуiрi, Қасым дәуiрi, Мұқағали дәуiрi!

Мағжанның дәуiрi ендi басталайын деп тұр!

Есенин интимдiк лирикасын - азаматтық лирикадай, азаматтық лирикасын - интимдiк лирикадай жазған! Мықты ақынның "Менiнен" ошағы - Отанындай, Отаны - ошағындай болып, айқұлақтана көрiнiп тұруға тиiс! Абайға қараңыз: "Қайран, елiм, қазағым, қалың жұртым...". Мағжан: "Ұзын Орал - күн мен түн шекарасы, бiр жағы - Күн, бiр жағы - Түн баласы. Арғы жағы - Көк көздi жын ұясы, бергi жағы - Түрiктiң сардаласы... Ұзын Орал - Күн мен түн шекарасы, Өлiм - Түн, өмiр - гүлдi Ғұн даласы. Өмiр менен өлiмнiң шекарасын, Ұйықтап озбақ ежелден жер баласы. Екi дүние: Күн мен Түн - өмiр - өлiм, Бiрi - бесiк, бiреуi - даяр көрiң, Бала болып жата бер бесiгiңде, Сардаланың еркесi - қазақ елiм!". Қуандық (Шаңғытбаев) Атыраудан Алтайға дейiнгi даласын қалай жырлайды: "Сол даланың сызы емес пе, Арқаға алғаш тигенi? Сол даланың қызы емес пе, Жүрек алғаш сүйгенi!".

Көрiнгенге көз түрткi болған, қайран, Өтежан Нұрғалиев не дейдi: "Бес баласын жүрегiне бөлеген, Бұл арадан жүрiп өттi Төлеген... Болдырмастан, қиналмастан қартайып, Жасынмен бiр жарқ ете ғап жөнеген!..".

"Бүгiнге дейiнгi қазақ жыры түкке де тұрмайды, жаңа жырды жасайтын - бiз!" деп, кеуде керетiн жастар да бар деп естимiз. Ақтамбердi, Қазтуған, Махамбет, Абай, Мағжан, Қасым, Қадыр, Мұқағали, Фариза, Кеңшiлiктердi аттап өтiп, Алаш руханиятына ат шалдырғысы келетiн бұлар кiм?! Көктен түскен бе?! Мұндай көкетантықтықпен көсегесi көгерсе бiр сәрi? Көктей солып жүрмесе!

Алашқа айтары болмаса да, Жазушылар одағының есiгiн жұлқып ашып, әдебиеттiң төрiне шыққысы келетiндердiң қарасы көбейiп барады. Ұлтының ұлы, ұяты болмай жатып, "ұлы" болғысы келетiн сорлы пенде қолына қалам алып, ала қағазды шимайлайтын болса, Алаштың көзiне ақ, көңiлiне кiрбiң, жүрегiне дерт түседi!

Жас ақын Дәурен Берiкқажыұлы "Алтын қыран" халықаралық қайырымдылық қорында (президентi Исламбек Салжанов) жұмыс iстейдi. Өзiнiң том-том дүниесiн шығарам десе, қолынан ешкiм қақпайды. Биылдың өзiнде алты жас ақын-жазушының кiтаптарын шығарып бердi. Қазақ руханиятының осындай қызғыш құстары көбейе берсе, қазақ мемлекетiнiң ғаламдағы орны елден ерекше болар едi! Осы фестивальда лауреат болған Iлияс Мұқай Балқашта бiр өзi бiр әдеби орта жасап отыр. Әдебиетке қызмет ету - қасиеттi iс. Егер жас қаламгердiң жан дүниесiн әдебиет маған қызмет етсiн дейтiн пенделiк пасық ой жаулап алса, оның Алашқа айтар сөзi, ағытар сыры да болмайды! Халтурщиктер осындай типтерден күшiктейдi!

Ақындық - Рух. Алладан келiп, жұдырықтай жүрекке ұя салады. Оған қылау түссе, бiттi, дүниенi азамат болмай жатып, ақын болғысы келетiндер бүлдiредi! Құдай солардан сақтасын бiздi!

Шығармашылық жастардың ХV Халықаралық "Шабыт" фестивалi жүлдегерлерiне бөлiнген қаражат қарын аштырады. Талант - көп, бәйге - аз. Қазақ экономикасымен елдiң алдына түскен жоқ. Бiрақ қара өлеңiмен бәсекеге қабiлеттi елу елдi қара үздiрiп тұр ғой! Инновацияны, мiне, қайда салу керек? Қазақтың қаңқу сөзiнде айтатынындай: "Оны бiлетiн бала қайда?!"

Құланаяң Құлмамбет ХIХ ғасырдың басында "Екейде елу бақсы, сексен ақын, Жын соққандай гулейдi кешке жақын" деген едi. Содан берi бiр ғасыр өтiп, екiншi жүз жылдықтың жүзi көрiндi. Басымызға ойран салып, қазан төңкерiсi кеттi. Екi өкпенi қысып, нарық заманы келдi. Қазақ әлi өлең жазып жатыр!

Мұндай топырағы тектi, рухы қуатты елдiң жер бетiнен iз-түзсiз жоғалып кетуi мүмкiн емес. Мәселе осында ғой! Ғаламтордағы өсек-аяң, қаңқу-саңқуда емес...

«Жас Алаш» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5493