Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2433 0 пікір 14 Қараша, 2012 сағат 07:58

Досай Кенжетай. Дін мен террор егіз емес...

Бүгінгі күні ең үлкен бәле - лаң, террор деген жік шықты. Жалпы адамзат ғасырлар бойы бәле атаулыдан құтыла алмай келеді. Бәленің аты  жамандық па, лаң ба, зобалаң ба - бәленің аты бәле. Әйткенмен де терроризмде бір мәселе бар. Жалпы «изм» болған жер мәселесіз болған ба? Алдымен террорист деп адамды ма, топты ма, мемлекетті ме нақты кімді айтамыз? Жай ғана Таяу Шығыс тұрғынының көзімен қарасаңыз, нағыз террорист Америка болып шығады. Ал Американың көзімен, жалпы, Батыстың көзімен қарасақ, бар мұсылман табиғатынан террорист болып танылады. Не болса да терроризмде бір бәле бар. Бәлелер көп, бірақ терроризм бүгінгінің «модаға айналған бәлесі». Құрысын бәле, өзімен кетсін!

Дегенмен, террор бүгін бәленің бәлесі, олай болса, террорды түсіну үшін, бәленің не екенін білген дұрыс. Террор негізінен ұғым ретінде бүгін жүйе, билік, саясат ұғымдарымен көрші тұрады. Қай жерде террор болмайды? Әрине, жүйе, билікке дұрыс саясат үстемдік еткен жерде террор болмайды. Ондай жүйеде ереже, қағида, заң нақты, адамдары да сол ережелерге бас иеді, ол жерде жүйе бұзар лаңкестік жоқ деген сөз.

Енді одан ары қарай тереңірек талдай түсейік. Бір оқиға немесе құбылыстың террор екендігін қалай анықтаймыз? Террор деп тану үшін ол құбылыстың қандай сипаттары болуы керек?

Бүгінгі күні ең үлкен бәле - лаң, террор деген жік шықты. Жалпы адамзат ғасырлар бойы бәле атаулыдан құтыла алмай келеді. Бәленің аты  жамандық па, лаң ба, зобалаң ба - бәленің аты бәле. Әйткенмен де терроризмде бір мәселе бар. Жалпы «изм» болған жер мәселесіз болған ба? Алдымен террорист деп адамды ма, топты ма, мемлекетті ме нақты кімді айтамыз? Жай ғана Таяу Шығыс тұрғынының көзімен қарасаңыз, нағыз террорист Америка болып шығады. Ал Американың көзімен, жалпы, Батыстың көзімен қарасақ, бар мұсылман табиғатынан террорист болып танылады. Не болса да терроризмде бір бәле бар. Бәлелер көп, бірақ терроризм бүгінгінің «модаға айналған бәлесі». Құрысын бәле, өзімен кетсін!

Дегенмен, террор бүгін бәленің бәлесі, олай болса, террорды түсіну үшін, бәленің не екенін білген дұрыс. Террор негізінен ұғым ретінде бүгін жүйе, билік, саясат ұғымдарымен көрші тұрады. Қай жерде террор болмайды? Әрине, жүйе, билікке дұрыс саясат үстемдік еткен жерде террор болмайды. Ондай жүйеде ереже, қағида, заң нақты, адамдары да сол ережелерге бас иеді, ол жерде жүйе бұзар лаңкестік жоқ деген сөз.

Енді одан ары қарай тереңірек талдай түсейік. Бір оқиға немесе құбылыстың террор екендігін қалай анықтаймыз? Террор деп тану үшін ол құбылыстың қандай сипаттары болуы керек?

Міне сұрақ! Жауап жоқ. Бар, бірақ әртекті. Демек ол жауап емес. Дегенмен бүгін қоғамдық санада террор туралы түсініктер беріліп, анықтамасы да жасалынып қойған. Қарапайым бір қазақ, өзін-өзі жарып жіберіп жатқан қандастарын, жастарының әрекетін террор деп анықтауы мүмкін. Бірақ сол қазақ «енді қайтсін» деп жаңағы оқиғаны ақтауға да тырысуы мүмкін! Рас, белгілі кейбір құбылыстар үшін террор дейміз. Бірақ мәселеге саяси немесе социологиялық тұрғыдан емес, философиялық қабаттар арқылы үңіліп көрсек, террор деген бәле адамға тән құбылыс екен. Ол белгілі бір мәдениет немесе белгілі бір уақытта пайда болатын нәрсе емес екен. Жалпы алғанда адамға тән нәрсе. Яғни тек исламда террор бар, тек мұсылмандар террорист деген анықтама түбірімен қате екен. Олай болса, террор тек осы ғасырдың мәселесі ме? Жауапты өзіңіз берсеңіз де болады. Ол сіздің террорға деген көзқарасыңызға байланысты.

Террор ұғымын өте кең, әрқырынан қарастыруымыз керек. Бірақ бұл көзқарас саясатшылар мен социологтарға ұнамауы ықтимал. Мейлі мен бүгінгінің адамын түсінуім үшін де террорды талдап түсінуге мәжбүрмін. Енді сұрақ. Террорды жаратушы адам болса, ол қандай болмыс? Кезінде әуел баста адам жаратыларда періштелер айтқан екен. «Ей Алла, жер бетінде зобалаң тудыратын мақлұқты неге жаратасың», - деп. Адам егер болмысынан террорист болса, біз қандай әлемде өмір сүріп жатырмыз? Тіршілік, мән, ар, жауапкершілік көз алдыңа тізіліп келе қалады. Террорды герменевтикалық тұрғыдан қарасақ, өмірімізге қатысты өте маңызды ескертулер беретін сияқты.

Енді террорды үңіліп әрі қарай оқи түсейік. Террорды «бүгінгінің модаға айналған бәлесі» дедік. Адам әрдайым бәледен арылмаған болмыс десек, өмір дегеніміз де осы мағынаға жақындап қалатын сияқты. Бәлесіз, қиындықсыз ғұмыр кешкен адамды өмір сүрді деуге бола ма? Адамның ғұмыры бойынша уайымсыз, қайғысыз, қиындықсыз өтуі мүмкін бе? Жоқ  Адамның өмірі қым-қиғаш шытырлы орман. Осы қиындықтарды көре-көре, жеңе-жеңе адам болады. Демек, адамды адам қылған қиындықтар және онымен күрес.

Діни тұрғыдан бұл дүние адам үшін жаратылған. Бұл дүниеге адам сынақ үшін келген. Бұл дүние - сәл тереңдеп енсек, бәрі нақты, белгілі. Генетикалық тұрғыдан белгілі бір әке, шешеден туғанымыз, ақыл-ой, мінез, тіл мәселесінде белгілі жерге дейін анық. Белгілі бір мәдениет, уақыт, қоғам, белгілі бір діни негізінде өмірге келеміз. Әрі қарай өмір жалғаса береді. Оған қоса Алла адамға мүмкіндіктер, қабілет, ақыл берген. Сонымен келген дүние белгілі, мүмкіндіктер де берілген. Адам өркениеттерді, құндылықтарды жаратушы. Адам демек, дүниеде нақты дайын нәрселерді қанағат тұта алмайды. Ол өзін, дүниені, қоршаған ортасын оның арғы жағын, мәнін, ақиқатын іздеуші де. Себебі оның мүмкіндіктерінің ішіндегі ең зоры - ақылы бар. Алланы да осы ақылымен іздейді. Өзін қоршаған ортада адам берілген мүмкіндіктері арқылы мәселелерін шешу жолында реалист келеді. Сол арқылы  ол дайыннан неғұрлым көп нәрсе алу үшін технологиялар жасап шығаруда. Бұл тұрғыдан ол өзін шектеген емес. Сонымен адам мүмкіндіктерін, қабілеттерін қолданып, жүзеге асырып, жоспар құрып, ой қуып, физикалық, технологиялық, философиялық мәндегі құндылықты жаратушы, яғни өзін-өзі ашып, шарасынан тасып жататын болмыс. Енді террорды, адамның адамдығына жасалған қастандық демей не деуге болады?Ал енді осындай қастандықты бір адамға, бір мәдениетке таңып қойсаңыз, ол қоғам, мәдениет адамдық санаттан шығып, іштей тұншығып, бір күні наразылық көрсетпес пе? Осындай наразылықтың барлығын террор деуге бола ма? Террор негізінен адамның бар асыл арманын солдыру деген сөз.  Адамға жасалған ең үлкен қастандық - ол адамның күш-жігерін, ақыл-қайратын жетілдіруге қарсылық. Өйткені адам рухы кемелдікті, өзін танытуды қалайды Ал осы мәселеге көңіл бөлінбесе мәселе туындайды, соғыс оты тұтанады. Сондықтан адамның арманы, ұмтылуы, айналасындағылардың да арманына кедергі болмауы керек. Өкінішке орай олай бола бермейді. Міне, жоспарымызды, ой, арманымызды тұншықтыру, кедергі келтіру террордың жатыры. Бірақ кедергісіз дүние бар ма? Адам, қоғам болмаса да, табиғат кедергі жасайды. Уақыт кедергі. Өмірдің түрлі белес, кедергілері бар. Әрине, әрбір кедергіден террор шықпайды. Адам кедергі, қиындықтарды жеңіп адам болады. Ал адам іс-әрекеттерінде, күрестерінде қанағат тапса, ол жерде лаңкестік болмайды. Адамды өзінің нұқсандығы да террорист етпейді. Кедергілердің террор жатырына айналуы үшін, сол кедергілердегі зомбылық және оның тарихымен тікелей байланысты. Сондықтан зорлық-зомбылық террорды ұғынуда ең басты ұғым. Террор негізінен қорқу, үрейді білдіреді. Үрей мен қорқу адамның үміті мен сеніміне қатысты  деген сөз.

Әлемде террор болып жатқан жүйелерді қарасаңыз көптеген мәселелерге тап боласыз. Жүйелер яғни, адамдық қатынастарда, отбасында да болуы мүмкін. Террор әртүрлі қатынастарда болуы ықтимал. Менің адам сияқты адам болуым басқалардың қолдауына байланысты. Яғни, адам ретінде  бағалайтын адамдарға қатысты. Ал бірін-бірі бағалайтын адамдардан тұратын жүйеде махаббат бар деген сөз. Өзін өгейсінбейтін, бөтен көрмейтін қоғамда адам үмітке толы, сенімді жүреді. Ал өгей, бөтен сезінген адамның рухы террордың жатырына, үрейге, қорқуға айналады. Өзі қорыққандықтан да өзгені қорқытқысы келеді. Сонымен террорда зорлық, зомбылық элементі бар. Екінші тарихпен қатысты, яғни өткені бар, аяқ астынан  пайда болмайды. Үшіншіден адамның өзін-өзі дамытуға деген қысым, кедергіге қатысты, төртіншіден, үміт пен сенімге қатысты қыры бар деп есептеймін.

Өзіне өзі сенімін жоғалтқан адам - өлген адам. Сенімсіздік өмірді солдырады. Адамның бұл дүниеде тыныштықта өмір сүруі тікелей сенімге қатысты. Ал террор осы құндылықты қарауылына алып отыр. Сенім - адам үшін ең басты құндылық. Дегенмен сенімнің де екі жағалауы болады. Сенімнің қасында әрдайым ақыл тұруы керек. Ол оны әрдайым «ұйықтап кетуден» сақтайды.

Адамда сенім болуы үшін ең алдымен өз-өзіне деген сенімі болуы шарт. Өзіне-өзі сенімі жоқ адам өзін күнәлі сезінеді, өзіне қол салады. Алдымен өзіне-өзі сенімі жоқтарда, өзіне деген құрмет те жоғалады.

Екінші жағалауы бар дедік, өзіне-өзі сенімді адам бір жағынан ақиқатты көре білуде де қиындықтарға тап болуы ықтимал. Өзін-өзі әлемнің кіндігі есептеуі де ғажап емес. Эгоизмі құтырып шыға келуі де ықтимал. Аяғы фанатизмге апарып соғады.

Ал енді адам сияқты адам болуым үшін өзімді әлемнің  тұтқасын ұстаушы, ақиқатты бір өзі танушы, қағидашыл емес, менің сенімім мен танымым барлық адамдар үшін жалғыз жол деген «діни фанатизмнен» аулақ болуға тырысуым керек. Өйткені менің әлемімнен тыс жерде де әлем бар екендігін, бұл әлемнің әміршісі, иесі емес екенімді әрдайым ұмытпауым керек. Ол үшін зікір қажет! Сонда  мен бар адамға «Алланың көзімен» қарай бастаймын. Әлемде менен басқа да тіршілік иелерінің өмір сүру  кеңістігінің болуынан асқан тепе-теңдік, төзімділік, толеранттылық үлгісі немесе заңдылығын қойған Алланы ұмытпауым керек. Сенімнің негізі жағалауы осыны ескертеді. Ол үшін адам рухани ояу болуы шарт. Ал енді  рухани ояу болу тағы да формаға емес, ішке, арға, жүрекке үңілуді қажет етеді. Мұны, түркі әлемінде, ілім ретінде қалыптастырып кеткен Иасауи бабамыз еді. Оны танымақ, зерттемек, мойындамақ, қабылдамақ сияқты «мақтар» санамақ болып тұр әзірге.

Адам сенімінің жалғасы иманға, иман нұрына ұласады. Имансыз болу мүмкін емес, өйткені сенбеу мүмкін емес. Алдымен адам өзіне сенбесе, Аллаға сене ме? Ал, сенімсіз - өмір тұл. Өмір бар жерде сенім бар, сенім бар жерде иман бар. Діннің болуы-болмауы басқа мәселе. Бірақ енді, иман мен террорды қалайша бір өзеннен шықты дей аламыз.  Себебі иманның адамға беріп отырған бағыты мынау: «Бұл дүние - аманат. Рухың да аманат. Сол аманатты таситын сенімге ие адам - нағыз жауапкершілігі бар мұсылман. Бірақ бұл дүние сенікі емес, егесі сен емессің. Ең кәміл Алла, сен нұқсансың, кемелденуің қажет. Аманатқа қиянат жасауыңа жол жоқ. Өмірден жауаптысың...». Егер иман осылай десе, онда сол өмірді құртқысы келетін террор арасында қандай байланыс болуы мүмкін.

Абай айтпақшы, «Махаббатсыз дүние бос». Махаббаты жоқ адамда қоршаған әлемге деген жеккөрушілік болады. Ол қорқытады, өзі қорқады. Сосын әлемді өзіне қаратқысы келеді, отарлайды. Осыны Батыс христиан әлемі озық технологиясымен жүзеге асырып келеді. Діни тіршілік уақыт өте  келе басқаларға құрмет ететін рухани өзегін жоғалтуда. Дін жай ғана қамсыздандыру фирмасы сияқты болып барады. Мұндай дін, яғни, тек формаға айналған діни тіршілік, түсінік террордың жатырына айналады. Негізінде есеп үшін күніне пәлен сауап алам деген намаз, құлшылықпен шектелетін діни тіршілік бұл нағыз жаттану, рухтан бейхабар қалуды көрсетеді. Дінді осылай қабылдайтын адам басқаларды, өзіне ұқсамағандарды  дұшпан ретінде көреді. Батыс мұсылманға террор көйлегін туған кезінде кигізіп, қауға сақал, зұлым ниетті, қысқа балақты деп сипаттап қойған.  Бұлар ертең сақалсыздарды мен сияқты бол деп зорласа ше? Ал көселер...

Егер адамның адам болып қалуы өзіне қарсы жақты жоюға бағытталса, онда оның арты біртұтам. Ешқандай адам, мәдениет жеке тіршілік ете алмақ емес. Ол үшін басқаларына тәуелді.

Өзінің адамдығына үңілудің жолы - рух тәрбиесі. Адам жеке тұлға ретінде кемелдікке жете алады. Бірақ террор ерік-жігері жоқ, өзіндік аты, шешімі жоқ адамдармен көрші болады. Сондықтан қоғамда ерік-жігері қуатты, рухани тәрбиелі, білімді адам қалыптастыру тек отбасының, мемлекеттің ғана емес жалпы қоғамдық іс, оған қатысу әрбір адамзаттың парызы болуы тиіс.

Д.Кенжетай

Философия және теология ғ.д., профессор

«Abai.kz»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475